І ТАРАУ - ӨЛМЕЙТІН МҰРА

 

 

главная                                         вернуться

 

 

«Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 2016 жылдың 22 желтоқсанында – 25 жыл толды. Осы өтпелі кезеңде жүріп өткен жолдарымызды хатқа түсіріп, қауымдастықтың тарихында қалдыруды басты міндетім әрі парызым деп, оқырманға ұсынуды жөн көрдім.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының соңында Кеңес одағының құрамындағы сол кездегі Қазақ елінде «жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай» қаптап шыққан емшілердің санына жету өте қиын еді. Бірақ, ұядан жаңа шыққан балапан сияқты оңы мен солын әлі түсінбеген Қазақ елінің емшілеріне бірден емдік қызметін бастау өте қиын болды. Білім алу мен жеке мәдениетін көтеруде республикада жеке өздерінің қоғамдық ұйымдары болмағандықтан, біз мықтымыз, білімдіміз дегендерге жалтақтап қарап, солардың мардымсыз ілімдеріне таңғалды, бас иді, мойындады. Сол кезде Мәскеуде халық емшілерінің қауымдастығы құрылып, оның емшілерді оқыту орталықтары өз қызметтерін атқара бастаған-ды. Мәскеуден қалыспаған Украинаның Киев және Белоруссияның қалаларында осындай ұйымдар мен оқыту орталықтары жеке қызметтерін жалғастырып, бұрын болмаған бір кезең басталған болатын.

Славян халқының жоғары сезімталдық қасиетке ие адамдары құпиялы түрде астыртын арнайы тексерулер мен оқыту жүйесінен өтіп жатқанын ешкімде білмейтін. Бұл мемлекеттік құпия болатын. Мен 1993 жылы 2-9 қазанда Украинаның (Қырым) Гурзув қаласында өткен «Нетрадиционная медицина» атты әлемдік конгреске қатысып, «Роль творческого наследия казахской народной медицины в естественном целительстве», – деген тақырыпта алғашқы баяндамамды жасадым (З.Қожалымов. Орындалған аманат. А., - 2012. 145-147 бб.). Осы конгресте орыстардың кейбір емшілерінің Филипин халқының пышақсыз жай қолмен денедегі сырқатқа ота жасаудың әдісі мен тәсілін сонау ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарынан бұрын игеріп алғанына куә болған едім. Коммунистік партия халықты дінсіздікке айналдырғанымен билік басындағы ұлттардың дарындыларын демеп, өз қажеттеріне пайдаланғаны және үш әріптік мекеме жанынан арнайы көріпкелдер мен бақсылар және емші-болжампаздар мен уфолог т.б. дарындылардан жинақталған арнайы басқарма құрғаны, олардың алды генералдық әскери шенге дейін жеткені де мәлім болды.

Аяқ астынан ақырып та, бақырып та шыққандар: “Мен бәрін білем, көрем және менен мықты ешкім жоқ”, – деген мықтылар, әулиелер мен аспанға ұшып барып, қайта оралғандар көбейе бастаған жаңа кезең келген болатын. Бұған біреу сенсе, енді біреулері сенбеді. Заңдылығы мен заңсыздығын түсіну заң орындары мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшылары мен мамандарына терең ой тастады. Бірақ, Қазақ елінің емшілерінің жоғарыда аттары аталған славян елдеріне барып сонда білім алып, елге оралуы кең өріс алды. Мен де жұбайым Түймекүл екеуміз 1991 жылдың мамыр айының соңында Мәскеуге барып, әр түрлі бағыттағы емшілік мектептерінен білім алдық. Сол кезде емшілерінің қауымдастығы мен мектептері бар славян халықтарының жетістіктері мен әрекеттері бізге қолымен аспаннан айды алып келіп жерге қондырғандай сезілетін.

Алғашқы Джунаның биоқуатпен емдеу әдістерінен кейін, Одақтық теледидар арқылы емдік сеансын бастаған дәрігер-экстрасенс Анотолий Кашпировскийдің және Алан Чумактың су мен әртүрлі заттарды магниттеу(зарядтау) тәсілдері сол кездегі Кеңес Одағының халқын ғана емес, бүкіл әлем халқын да таңғалдыра бастаған адамзат тарихындағы жаңа кезең басталған еді. Сол кезде бұндай тылсым сырлы құбылыстар өзінің үстемдігін сездіре бастаған. Біз Мәскеуде жүргенде Алматыда өтетін емшілердің халықаралық форумына қатысу үшін, Мәскеу-Алматы бағытына ұшаққа билет алып қойғанбыз. Осының алдында Мәскеуде бірнеше күн қатты жауын болды.Ұшақтардың ұшуы да қиындады. Енді Алматыға бара алмайтын болдық деп ренжідім. Міне, Алла тағаланың құдіреті осы шығар. Ертең жолға шығамыз деген түні таңға жуық түс көрдім. Түсімде өз үйімнің шыға беріс ауласында күтпеген жерден аппақ шар жарылып, одан кейін ақ пудралы тозаңға айналып барып қоюланып аспанға көтерілді де ұзап кетті. Бұл түсімді жақсылыққа жорып, жұбайыма бүгін күн ашылады, кеттік әуежайға деп жинала бастадық. Біз «Демодево» әуежайына жеткенде аспан шайдай ашылып, бірнеше күнгі сіркіреп жауған жаңбыр да басылды.

Мәскеуден ұшақпен жұбайым Түймекүл Құлмаханқызы екеуміз Алматыға келдік. Мен Мәскеуде білім алып жүргенімде көп ойландым, себебі бойымдағы дарындылығымды басқалармен салыстырғанда ешкімнен кем еместігін және олардан да жоғары дарындылыққа ие екендігімді сездім. Ал, мәскеуліктер менің бойымдағы дарынды қасиетіме таң қалып жоғары бағалады. Сонда мен біз кімнен кембіз деп ойладым. Тарихта аттары жазылған және халықтың ауыз әдебиетінде сақталған саны белгісіз дарындылар мен киелі қара суды кері ағызған бабалардың ұрпақтары саналатын көріпкел, болжампаз, құмалақшы, жұлдызшы, бақсы мен халық емшілерін бір ортаға жинап оны құруды өзіме міндеттегендей сезімде болдым. Егер бұл арманым іске асса өзіміздің ұлттық бағыттағы емшілік мектебін неге ашпасқа деген ойға келдім. Әр нәрсенің себеп-салдары болады.

Қазақ елінің емшілерінің алғаш рет бас қосуы мен танысуы және тәжірибе алмасуына 1991 жылдың 26-29 қыркүйегінде Мәскеулік ғалымдардың ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен «Үшінші мың жылдық» атты халықаралық форумының әсері зор болды. Осы форумның алғашқы күні кешке менің қазақ емшілері тарихында бірінші рет халықаралық дәрежеде сапалы, әрі ерекше емдік сеанысым өте нәтижелі өтті. Форумдағы көріпкелдердің баяндауынша осындағы арам ниеттілердің бойындағы он тоғыз дию мен он жеті шайтанның қашуы форумға қатысушыларды таңғалдырып, біздің қасиетімізді асқақтатып, әрі мойындатқан еді. Осы нәтижелі жетістіктен кейін, бұрынғы армандаған ойларым орындалатындай сезімге бөлендім. Осы форумдағы жетістігімді өз көздерімен көрген қазақ елі емшілері маған: «Сіз, біздің елде халық емшілерінің қауымдастығын құрыңызшы», – деген адал тілектерін білдірді. Бұндай адал тілектер мен ұсыныстарын халықтың ұлттың тылсым сырларына деген патриоттық сезімінің ояна бастағаны деп сездім және ол маған күш-қуат бергендей болды. Маған өте күрделі әлі негізі қаланбаған ауыр да жауапты қызметтің кезеңі басталғалы тұрғаны анық сезіле бастады. Шынында емшілердің маған шын сенім артқаны олардың көздері мен өңдерінен сезіліп тұрды. Емшілердің: «Сіз, бізді басқалардың құлдық бодауынан құтқарыңызшы», – деген жүрек дүрсілдерін, менің де жүрегім сезіп жатты. Мен де мұны көптен армандаған тілегімнің орындалуынын жақсы нышаны деп қабылдадым. Бұл қазақ халқының халық емшілігі саласында болмаған жаңа тарихи кезеңнің жеткен уақыты болатын. Біз де ешкімнен осал, әрі кем еместігімізді дәлелдейміз деген нақты сенімге келдік. Бірлік болса армандаған тірлік те орындалатынын түсіндік. Осы форумның соңғы күні форумға қатысқан қазақ емшілері арнайы келісім бойынша келесі күні 30-қыркүйекте белгіленген орынға жиналысқа келетін болып тарастық. Басқаға қол қусырып қол жаулық болмай, жеке еркіндікке шығу үшін елде Қазақстанның халық емшілері Ассоциациясын құруға келістік. Бұл зор ұлттық патриоттық сезімнің оянып, тектік тылсым сырлары құпиясына сара жол салу уақытының алғашқы кезеңі болатын...

 

 

                                           

 

 

 

 

 

 

 

       

  

 

 

 
 
В начало