Қауымдастықтың тұңғыш бөлімшесі
Шымкент. Көктемнің жайма шуақ мезгілінің салқын самалы көңіл-күйіңді көтергендей әсер етуде. Бұл қаланы бұрыннан білгеніммен енді одан да молырақ білуге болатындай бір мүмкіндік туды. Бұрын көрмеген, танымаған және ешқандай хабарсыз адамдармен (емшілермен) және халықпен кездесу күтіп тұрды. Мені бұрын білетін азаматтар күтіп алып, Отырар алаңындағы қонақ үйге орналастырды. Танысым кейін жаңадан құрылған қауымдастықтың ОҚО бөлімшесінің директоры болған дәрігер-емші Әбішев Ержан менің жанымда бірге болды.
Ержан жай ғана дәрігер емес, бұған дейін ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының бастығының орынбасарына дейін қызметте болған, түсінігі мол, емшілік саласына қарай қызметін бұрған азамат болатын. Бізге қарсы жергілікті Облыстық және қалалық Денсаулық басқармасының жандайшаптары тыныштық берер емес. Құдды бірдемелерінің құны бардай аталған медицина ұйымының өкілдері қауымдастықтың жиналысы мен емшілерді оқыту және емдік сеанс жүргізетін орындарына сүмеңдеп келіп, аш қасқырдай атылып: «Сіздің әрекетіңіз заңсыз және сіздің құрған қауымдастық қызметін тек ғана Денсаулық басқармасының рұқсатымен жүргізе алады», – деген дәрігерлер мен медбикелердің сол кездегі әрекеттері бүгінде таза күлкіге айналды.
Бастықтарының бұйрығын орындауға және оған жағымпазданған дәрігерлердің іс-әрекеттері бейшаралық болатын. Бұдан кейін Шымкент қаласында сол өңірдегі жүзден аса емшілер қауымдастықтың жиналысына қатысты. Сонымен 1992 жылдың сәуір айының 8 жұлдызында жаңадан қауымдастықтың ОҚО бөлімшесі ашылды. Емшілерге қауымдастықтың Жарғысы таныстырылып, бөлімшенің Ережесі жиналыста дауыс берумен бекітілді. Бұл құжаттар бөлімшені тіркеу үшін ОҚО Әділет басқармасына тапсырылды. Бөлімше ОҚО Әділет басқармасынан 1992 жылы маусым айының 18 жұлдызында тіркеліп, заңды №0068 куәлігін алды. Қауымдастықтың тұңғыш бірінші бөлімшесі осы өңірде ашылған болатын.