Сиқыршылар мен дуақандар сайысы
Біз жатқан қонақ үйдегі жүзден аса емшілердің көбі бір күнге жетпей-ақ, лоқсу, әлсіреу және өзін-өзі еркін басқара алмау жағдайына душар болды. Бұны алғашында біз түсінбедік. Кейін білдік. Біздің қарсыластарымыз сол кездегі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық халық медицинасы Орталығының басшысы (Е.А) мен осы орталықтың емшілер қауымдастығының төрағасы, бүгінде өмірде жоқ (А.Е.) және оның жандайшап көмекшілері (емшілер: Тоқаш Махамбетова, Жақсыгүл Бейсембаева марқұм болғандар) Қазақстандағы өте мықты деген бақсылар мен сиқыршыларды (тараздық В.Мынбаев, шымкенттік бақсы Заманбек, түркістандық Құсайын т.б.) жинап, бізге қарсы кері дұғаларын жіберіп жатқаны әшкере болды.
Қызылордадан келген төрт адам біз жатқан қонақ үйде орын болмай басқа қонақ үйге кеткен болатын. Олар бізден өте алыс емес «Турист» қонақ үйіне орналасады. Содан, бізге қарсы топты көріп, олардың бөлмесіне кіреді. Кіргенде-ақ, әрбір дуақанның қолынан менің суретімді көрген. Олардың біреуі менің көзімді ойдым десе, біреуі бауыр, бүйрек, т.б. дене мүшелерін зақымдадым деп басшыларына баяндап, қуанып жатқандарын көреді. Бұны көрген екі әйелдің дауысы қалай шыққанын өздері де білмейді. Ал, ішіндегі жастауы оларға қарсы сөз айтып, сендерге бұл адам қандай жамандық істеп еді деп ренішін айтады. Шын мәнінде осы сұмдықты көргендер бұдан былай мені тірі қалмас деген ой түйеді. Бірақ, мен ешқандай кері күштің әсерін сезбедім. Десе де, жанымдағы емшілер сезіп жатқанын жоғарыда баяндадым.
Шымкенттен, Тараздан, Түркістаннан, Алматылық татар молда т.б. ұлт өкілдерінен сиқыршылар жинаса да, аталған Орталықтың әрекеттері іске аспады. Біз конференциямыздың жұмысын табысты аяқтадық. Жиналыстың үшінші күні жиналыс өтіп жатқан жерге тараздық дуақан сиқыршы бақсы Мыңбаев Виктор марқұм келіп, менімен амандасып құшақтап, арам ойын асырмақ болды. Мен оған: «Аға, саған рахмет! Сен болмасаң мен осылай жүрмес едім», – дедім.
Ол сыртқа шығып, біздің бөлімше бастығы Ержанға: «Мына Қожалымовты Құдай жеңбесе біз жеңе алмадық, бастықтарымыздың алдында масқара болдық. Осы жиналысқа 150-ден аса діни ілімі бар шәкірттерді кіргізіп, кері дұға оқытсақ та, Қожалымовқа ешқандай әсер етпеді. Әттеген-ай, алдандық. Алда не боларың бір Алла білер», –деп қатты күрсініп қоштасады.
Кейін естідік, бір жылдың айналысында кері дұға оқығандардың бәрі о дүниелік болыпты. Ал, ұйымдастырғанның біреуі бұл өмірде жоқ. «Біреуге ор қазба, өзің түсесің»