Қызылордада естіген суыт хабар
Мамыр айының ақырында жанымда қауымдастықтың жауапты қызметкері Сәркеев Қайырбай Дайырманұлы екеуіміз қауымдастықтың екінші бөлімшесін ашу үшін Қызылорда қаласына келіп, емшілерді жинап, оқытып және халыққа емдік сауықтыру сеансымды бастағанмын. Барлық жұмыс А.Тоқпанбетов атындағы Мәдениет үйінде жалғасты. Шымкенттегі емдік сауықтыру сеансымда емге келген адамдар қандай ризалыққа ие болса, бұнда да сондай нәтижеге жеткенімізге Аллаға шүкір дедік. Әдеттегідей денсаулық саласының жандайшаптары бұл облыста да алдымыздан шықты. Қауымдастықтың облыстық филиалын ашу үшін емшілердің жиналысын өткіздім. Құжаттарын тіркеу үшін Қызылорда облыстық Әділет басқармасына тапсырдық. Десе де, бұл қуанышымыз ұзаққа бармады. 1992 жылдың маусым айының 4-жұлдызында Алматыдан қауымдастықтың Бас директоры Бекенов Тұрсын телефон соғып: «Біздің қауымдастықты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Алматыдағы Орталығының басшысы (Е.А) жапқызайын деп жатыр тез жетіңіз», – деді.
Сонымен түнгі ұшақпен таңға жуық Алматыға жеттім. Үйіме де бармадым. Бірден сол кездегі «Алатау» телеарнасының машинисткалар бөліміне келіп, өтініп баяндамамды бастырып алдым. Сондағы көмектескен машинистканың: «Ой, Алла ештеңеге қарамай осынша баяндаманы жатқа айтып отырған адамды бірінші рет көріп отырмын. Бұрын бір ұлы жазушы ештеңеге қарамай баяндама және еңбектерін жаздырады деп естіп едік», – дегені әлі есімде.
5 маусым күні күндізгі сағат 12-де Алматы Медициналық институтының жиналыс залында қауымдастықтың кезектен тыс ІІ Құрылтайын өткіздік. Құрылтайға 250-ден аса емшілер мен жанашырлар қатысты. Бұл жиналыс түнгі сағат 24-ке дейін жалғасты. Қаулы қабылданды. Арамдардың пиғылына тойтарыс берілді. Сол кездегі Қауымдастықтың І вице-президенті м.ғ.д., профессор А. Чокин мен Бас директоры м.ғ.к., доцент Т.Бекеновтың ой-тұжырымдары мен дәлелдері қарсыластардың арам пиғылдарын тоқтатқан болатын. Кейін білдік, аталған Орталықтан тексеруден өткен емшілердің «кәсіби халық емшілері қауымдастығын» ашқан екен (төрағасы емші Әділхан Ерманов). ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сол кездегі ақылгөй басшыларының арам ойлары осы қауымдастықты қалдырып, біздің қауымдастықты жоюға әрекет жасау жоспарларын құрған. Бұл әрекеттер жыл соңына дейін жалғасқан болатын...
Мен Қызылордаға қайта оралып, жұмысымды жалғастырдым. Қауымдастықтың қызметіне қарсы жауларымыз да кездесті. Сол кездегі облыстың басшысының мәдениет және денсаулық саласындағы орынбасары болған әйел адамның кабинетінде жаңа сайланған қауымдастықтың бөлімшесі басшысы үшеуіміз отырғанбыз. Кенеттен кабинетке жасы алпысқа жақындаған ер азамат кірді де, аман сәлемі жоқ мені балағаттап, азаматтық арыма тиіп, қауымдастықты заңсыз деп көзің алартып, жұдырығын көрсетіп маған жақындай түсті. Екі әйел аң-таң. Ол маған қолың жақындатқанда мен де көтеріліп оның қолын қағып жібердім. Арғы жағы белгілі ғой. Екі әйелдің қатты дауысы әкімшіліктің біраз қызметкерлерін жинап жіберді. Екеуімізді екі жаққа ажыратып, тыныштандырды. Сөйтсем бұл малғұным облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы екен.
Мұндай жағдайлар кейін Атырау (шілде) мен Орал (қыркүйек) облыстарының Денсаулық сақтау басқармаларының бастықтарымен де болып еді. Міне, менің жауларым осылай да қарсылықтарың танытқан болатын.
«Жалғыздың жары Құдай» – демекші, біздің көш алға жылжуын тоқтатқан жоқ. Бұл көреалмастар мен ұлтсыздардың да жындана түскен заманы туған кезең болатын.