Денсаулық сақтау министрлігіндегі шонжарлардың шабуылы
Алғашында бізге қарсы бір ғана Денсаулық сақтау саласындағы шонжарлармен арадағы әрекеттер тоқталады деп жүрсек, олар қанатын кең жайып, мемлекеттік басты орындардағы өзінің туыстары, жекжаттары, таныстары арқылы жаңадан қарсылық күштерді ұйымдастырып, қауымдастықты біржола жоюға әрекет еткендері 1992 жылдың желтоқсан айының ортасында белгілі болды. Қауымдастықтың қызметін үш айға тоқтату жөніндегі ҚР Әділет министрлігінің 10-22-264 санды 15.12.1992 бұйрығы шығып, қауымдастықтың басшылары мен мүше-емшілерін Республикалық жеті министрліктер мен банк жүйелері бақылауға алды.
Қауымдастықтың есеп-шоттары жабылды. Бұл мақсатты бағдарламаны жүзеге асыру сол кездегі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу басқармасының бастығы Е.М.Мусин мырзаның бақылауында болды. Ол қауымдастықтың Уставына өзгеріс жасату туралы ҚР Әділет министрлігіне жазған хаты себепкер болған (№5-1-38-178 санды хаты 21.01.1993).
Сөйтіп, Е.Мусин мемлекеттік заңымызды аяққа таптап, әділ тіркелген және ҚР Әділет министрлігінің мамандары тексеріп бекіттірген қауымдастықтың Жарғысын заңсыз деп шығарды. Оның ұсынысын сол кездегі ҚР Әділет министрлігінің жауапты басшылары басын изеп, қабыл алғаны күлкілі болатын. Қысқасы, бұл заңгерлер өз қолдарын өздері кескенмен бірдей еді.
Біз Әділет министрлігінің бұл шешімін бір айдан кейін ғана естідік. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің шонжарлары Әділет министрлігіндегі таныстары арқылы қауымдастықты жою жөніндегі бұйрықты мемлекеттік бақылау және банк орындарына жіберткізген. Қауымдастық тарапы бұдан хабарсыз болатын. Қауымдастықтың басшысынан бастап, емшілеріне дейін заң орындарында сұралып, жауапқа тартыла бастады. Біз түсінбедік. Қауымдастыққа ҚР Әділет министрлігінің бұйрығын хабарламай-ақ тергеушілер өз жұмыстарын бастап кетіпті. Сонымен, сол кездегі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу басқармасының бастығы (Мусин Е.А) қауымдастықтың Жарғысына өзінің жеке ұсынысымен Әділет министрлігі тіркеген (22.01.1992) қауымдастықтың Жарғысына өзгерістер енгіздірткен.
Осы себептен Әділет министрлігіндегі қоғамдық ұйымдар қызметіне жауаптылар өз қаулыларын өздері бұзған. Қауымдастық басшыларына хабарламаған. Міне масқара. Қаражатсыз, мекенжайсыз қауымдастықтың мүшкіл халі басталды. Заң орындары қауымдастықтың басшысы мен жеке емшілеріне тергеуін де бастап кеткен сұрқиялар заманы оңынан туып, енді ғана қанатын қаға бастаған жас қауымдастықтың басына ауыр күндер де жеткен еді.