Республика емшілерінің ұйымдастыру жиналысы
1991 жылы қыркүйектің 30 жұлдызында түстен кейін республиканың барлық облыстары мен Алматы қаласынан келген екі жүзге жуық емшілер мен ғалымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Қазақстан Республикасы ғылым академиясының «Ғалымдар үйіне» жиналды.
Күн тәртібінде: Қазақстан Республикасында тұңғыш рет «Халық емшілерінің Ассоциациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігін құру туралы қаралды. Бұл Қауымдастықтың қажеттілігі жөнінде жиналысқа қатысушылар жеке ойлары мен ұсыныстарын білдірді. Әр түрлі айтыс-тартыс болды. Кейбіреулер өздерінің күдіктерін де жасырмады. Дегенмен, республикалық халық емшілері Ассоциациясын құру жөніндегі ұйымдастыру комитетінің құрамын да бекіттік. Жиналысқа қатысқандар Ұйымдастыру комитетінің төрағасына: халықаралық «Жаңа өрлеу» Ассоциациясының вице-президенті, халықаралық дәрежедегі халық емшісі және ҚР «кәсіби халық емшісі» Зядан Қожалымовты ал, орынбасарлығына м.ғ.д., профессор Елтай Заркешовты сайлады. Қауымдастықтың құрылымын іске асыру ұйымдастыру комитетіне тапсырылды. Қуанышымызда шек болмай, құттықтасып көңілді жағдайда жиналыс соңында ақ тілек тілесіп қоштастық. Мен Мәскеудегі оқуымды жалғастыруға баратындықтан жиналыс қаулысы мен қатысушылар тізімін профессор Е. Заркешовке қалдырдым.