І ТАРАУ - ӨЛМЕЙТІН МҰРА

 

 

главная                                         вернуться

 

 

Қауымдастықты қайта тіркеу

Жоғарыда атап өткен ҚР Әділет министрлігінің бұйрығынан кейін (№ 10-22-264 санды, 15 желтоқсан 1992) қауымдастықтың сол кездегі облыстық филиалдары толық қызметтерін тоқтатты. Емшілерді қарсы күштер жан-жаққа таратып жіберді. Қауымдастықта басшылары ғана қалып, қауымдастықтың кезектен тыс Құрылтайына дайындалып, оны 1993 жылдың 23 қаңтарында Алматыдағы Онкология институтының мәжіліс залында өткіздік. Осы Құрылтайда тағы да ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу басқармасының орынбасары қатысып, қауымдастықтың заңды Құрылтайында өзінің басшыларының тапсырмасын айта келе, қауымдастық Жарғысына өзгерту жасауды ұсынды. Құрылтайға қатысқан делегаттар қауымдастықтың Жарғысын өзгерістері мен толықтырулары бойынша бекітті. Қауымдастық басшылары жаңа Жарғыны ҚР Әділет министрлігіне тіркеуге тапсырды. Сонымен 1993 жылдың 19 наурызында ҚР Әділет министрлігі қауымдастықты қайтадан тіркеді (Куәлік № 0080. 19 наурыз 1993 жыл).

Бірақ бұған дейінгі қауымдастықтың 16 облыстық (Алматы, Жамбыл, Талдықорған, ОҚО, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, БҚО, Арқалық, Ақмола, Қарағанды, Көкшетау, СҚО, Жезқазған, ШҚО) және Алматы қаласындағы бөлімшелері тегіс жабылып, жұмыстары тоқтатылған болатын. Сөйтіп, азулы қасқырлар тиіп жан-жаққа бытырап кеткен қой отарындай естері шығып, бастарына үрей туған, қуанышынан қайғысы басым, айтқанға көнбейтін, ешкімге сенгісі келмейтін емшілердің басын қайта біріктіру басталды. Қаражаты жоқ, мекенжайы жоқ және қолдаушысы жоқ қауымдастыққа милиондаған материалдық, моралдық, психологиялық зиян келгені айтпаса да түсінікті еді. Қисайғанға сүйеу, шөлдегенге сусын беретін жандар сирей бастады. Сыртқы қарсыластармен қатар қауымдастықтың өзінен шыққан қарсыластар да күшейе бастады.

Десе де, киелі шаңырақты шырмауықтардың торынан шығарып, оны қайта гүлдендіруге еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен қызметкерлері сүбелі үлестерін қосқанын ризалықпен атап өтемін. Мысалы, бір бөлмеде Қазақ радиосы торабында бір журналист қауымдастықты құлатуға тырысып жатқанда, келесі бөлмедегі «Зәке, қорықпа! Біз бармыз» деген иманжүзді журналистер шынында да бүгінде тарауға аз қалған қауымдастықты құздың шыңырауынан алып шығып, әлемдік дәрежеге дейін көтерілуіне үлес қосты (З.К. «Шапағатты рух ордасы» А. Сөздік-словарь, 2001. 75-80 бб.). Сонымен, қауымдастықтың барлық бөлімшелерін облыстық Әділет Басқармаларына қайта тіркетуге жол сапарына шықтық.

Әсіресе, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола т.б. облыстарындағы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басқармалары басшылары қауымдастықтың филиалдарын қайта тіркетпеуге белсене қарсылық көрсеткендерімен, бұл арам пиғылдарынан ешқандай нәтиже шығара алмады. Кеңес үкіметі заманында халық емшілерін мойындамай, арнайы есі ауысқандар есебінде есепке қойып бақылауға алған. Соның ішінде медициналық орта және жоғары оқу орындарының оқулықтарында қазақ халқының халық емшілігі жөнінде жазылмағанын ескерсек, тегі таза ұлтты рухы төмен, киелі қасиеті жоқ деп көрсетуі білсе де, білмегендей болған сол кездегі Кеңестік солақай саясатының кері әсері болатын.

Осы қиын кезеңдерде қазақтың халық емшілігінің тарихын және емдік қасиеттерін зерттеген медицина ғылымдарының докторы, профессор Естөре Оразақов болса, ал сол кездегі ҚР Денсаулық сақтау министрі м.ғ.д., профессор Сағидолла Қарынбаев 1962 жылы қараша айында Алматыда Бүкіл дүниежүзілік «Дәстүрлі емес халық емшілігінің» І конгресін өткізген. Осы конгресс материалдары негізінде әлемдік дәстүрлі емес халық медицинасына жол ашылған. Екі ғалымның да еңбектері сол кезде еленбесе, екеуінің арманы бүгінде ғылыми негізде осы қауымдастықтың ғалымдары арқылы орындалды.

Ал, бүгінде қазақтың халықтық емшілігін және қазақтың ұлы ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (XVғ.) «Шипагерлік баян» атты медициналық-энциклопедиялық еңбегін елімізден тысқары шет елдердің де ғалымдары мойындағанын мақтанышпен айта аламыз. «Сабыр түбі сары алтын» деген халқымыздың асыл сөзін өнеге еттік. Дарынды киелі жандардың тылсым сырларын қорғап ғана қалмастан, ғылыми зерттеулер жүргізіп, ғылыми айналымға енгіздік. Ширек ғасырға созылған күресіміз нәтижесін берді. Халық тілегі қабыл болды. Киелі шаңырақты шырмауықтардың торынан шығардық. Қазақтың халық емшілігінің қайта гүлденуіне сабырлықпен жасаған еңбегімізді Жаратушымыз қорғап қалды. Бүгінде бұрынғы қарсыластардың үні өшті. Қарсыластардың құлдық пен күңдік әрекеттерінен емшілер құтылды. Бұған да тәубе дейміз.

 

 

 

 

 

 

 
 
В начало