Бұл жаймашуақ жаз айының салқын самалы соққан, аспаны ашық, жер беті неше алуан гүлге бөленген адамдардың бойында ерекше бір қуаныш сезімі оянған мезгіл еді. 1992 жылдың маусым айының 5 жұлдызында Алматыда өткен қауымдастықтың кезектен тыс ІІ Құрылтайынан кейін есімізді әрең жия бастаған мезгіл болатын. Маған атақты журналист Н.Муфтах пен атыраулық Алматыда тележурналист болып қызмет істейтін азаматша келіп: «Сіздің көмегіңіз керек», – деді. Не болды дедім? Олар: «Сіз білесіз, халық «сары әулие» деп атап кеткен атыраудағы Марат Есенбаевты және оның жанындағы емшілерді заң орындары сұраққа алуда. Біз көмек сұраймыз», – дегені. Мен: «Иә, Марат Есенбаев бізге мүше болғалы бір айдан асты, мен оның құқын қорғамасам, еліміздегі бүкіл емшілер 37-нің кебінін киері шыңдық», – деп тәуекелге барып Атырауға баруға келістім.
Сонымен, 1992 жылдың 16 маусымында (бұл күн 1941 жылы орыстың ғалымдарының Ақсақ Темірдің мүрдесін ашуға кіріскен күн болатын) Бас директор Т.Бекенов екеуіміз Алматы-Атырау-Стамбұл бағытындағы ұшақпен Атырауға аттанып кеттік. Сағат күндізгі үш шамасында Атыраудың әуежайына келдік. Қарсы алғандардың ішінде облыстық әкімшіліктің сол кездегі Мәдениет басқармасының бастығы (кейінгі орынбасары) Кадырғали Танкиев бастаған азаматтар және Сары әулиенің тобы бар. Біз аман-саулықтан кейін, әкімшіліктің өкілі К.Танкиевпен бірге «Ақжайық» қонақ үйіне келдік. Азаматтар жақсы жайларды дайындап және демалу жағын да толық қарастырған екен. Қонақ үйге келгеннен кейін жігіттермен біраз әңгімелестік те, сіздер қайта беріңіздер біз демалайық дедік.
Бірақ К.Танкиев мырза келіп: «Сізді Махамбет Өтемісұлы атындағы театрдың алдында халық күтіп тұр», – дегені. Біз киініп, далаға шықтық. Жеңіл машинаға отырып, аталған орынға жеттік. Қонақ үй мен театрдың арасы өте жақын екен. Театр алаңының алдына жиналған халықтың қарасы көп және театрдың сыртын 300-ден аса ОМОН қызметкерлері күзеткелі үш тәуліктен асқан. Мен мінбеге көтеріліп: «Халыққа тынышталыңыздар, заңды құрметтеңіздер және әкімшіліктің қызметкерлерің сыйлаңыздар, бұл не 99% бәріңіз қазақсыздар. Атырауда бір мықты емші шықты деп мақтануға болмайды. Газеттердің өткен сандарында «Сары әулиенің» киесінен бір жас бала мен қалалық әкімшіліктің бір белді басшысы қайтыс болды деп жазды. Ол кімнің баласы, ол кімнің әкесі айтыңдар», – дегенімде ешкім үндемеді.
Қысқасы, облыстық әкімшілік басшыларына қарсы ұйымдасқан топтың мұндай теріс әрекеті әшкере болды. Оң жағымда тұрған денелі, ел ағасы бір уақытта елімен қоштаса бастады. «О, халқым, қош! Мені Сары әулие 42 күнде өлесің деген, екі күндік өмірім қалды және зейнеткерлікке шығуға бір ай қалып еді. Сенсеңдер мен о дүниеге аттанардағы қажет болатын малымды, нан-тоқаштарымды және дастархан дәмдерін дайындап қойдым. Мен сендермен қоштасамын», – дегені. Мен бірден оның сол жақ қолының иығына оң қолыммен сарт еткізіп ұрып: «Сен өлмейсің, жасың тоқсаннан асады», – деп үрейінен шығарғаным әлі есімде. Халық дана ғой. Осы сөзден кейін әлгі ел ағасының бетіне қан жүгіріп, екі иығы көтеріліп, көзі нұрлана бастады. Ол ел ағасы тоқсаннан асып, жүзге жақындағанда о дүниелік болды. Иманды болсын. Бұл кісі сол кездегі Махамбет Өтемісұлы атындағы театрдың директоры Кененбай Өтегенов деген ел ағасы болатын. Мен оң жағымда тұрған Марат Есенбаевқа (Сары...) қарап: «Сен айтшы, мен қашан өлемін», – дедім ол ештеңе айта алмады. Алаңға қарасам, барлық адамдар «Сары әулие» деген жазуды матаға жазып, маңдайларына таңып алған. Мен айттым Атыраудың палуанын Қызылорданың палуаны жеңуі мүмкін ал, боксшысын Жамбылдың боксшысы ұтуы мүмкін, бір адамды ел заңын сыйламай, мадақтауға болмайды деп, енді Атырауда тыныштық орнайды дедім де сөзімді аяқтадым.
Жаныма азаматтық киім киген орта жастағы ер адам келіп: «Ақ үйді (әкімшілік үйі) бірнеше айдан бері облыстық әкімдікті мыналардан қорғап, танкпен солдаттар тұр. Сонда біз ештеңе тыңдыра алмаған мынадай тәртіпсіздікті сен қайтіп тоқтата аласың», – дегені. Мен: «Сен кімсің», – дедім. Ол: «ІІД полковнигімін», – деді. Қасында тұрғаны да полковник екен. Ол да оның сөзін қайталап, мен арнайы орынның полковнигімін дегені. Сонда менің жотам көтеріліп, сендер ештеңе шығара алмасаңдар, мен тоқтатамын. Обалдарың әкем Д.Қонаевтың жағасынан алып, Колбиннің қолтығынан ұстаған, желтоқсан көтерілісінде қазақтың жастарын қырғызуға дейін әрекет еткен сендердің сол кездегі мемлекеттің басшы қызметтерін атқарған азаматтарына болсын дедім (онда аттары аталды). Қозғалып тұрып: «Қайдасың 362 әулиенің әулиесі Бекет ата! Райымбек! Райымбек! Райымбек!», – деп, ұрандағанымда алаңда тұрған халықтың көбі көтеріліп, жел соққандай теңселіп кетті. «Тараңдар!», – деген менің дауысым әсерлі болды ма, әлде үрей туғызды ма, алаңда тұрған халық тарай бастады.
Алаңда тұрған қолдарыңда дубинкалары бар сақшыларға қарап: «Бұл не деген сұмдық, бір қазақтың балалары түкке тұрмайтын бір адамның қасиеті үшін былай заңға қайшы әрекет етуге болмайды деп, сақшылардың бастығына мыналарды қайтарыңыз. Енді бұл театр алаңына шыбыннан басқа ештеңе келмейді», – деп нақ айттым. Айтқаным келді. Содан бері 25 жыл өтсе де, театр алаңында тыныштық орнаған. Бүгінде сол кезде көздері көрген, өмірде бар азаматтар мені көргенде де, көрмегенде де маған рахметін айтып, шыңдықты аңызға айналдырғанына да ширек ғасырдан асты. Театр директорының бөлмесіне облыс әкімінің орынбасары Ә.Бейсенов бастаған жиырмадан аса адам кірдік те, жиналыс өткіздік. Мен, қауымдастықтың Бас директоры Т.Бекенов және мүшесі Марат Есенбаев қауымдастық атынан жиналысқа қатысып, өз ой-пікірлерімізді айттық. Тыныш тарастық. Келесі күні күндізгі сағат 12-де облыстық әкімшілікте кездесетін болдық.
17 маусым 1992 жыл. Аспан ашық. Атыраудың самал желі соғып, оның ыстық лебі еркін демалуға әсер етуде. Кешегі белгіленген уақытта қауымдастықтан жоғарыдағы үш адам облыс әкімінің орынбасары Әнес Бейсенов кабинетіне жиналдық. Жиналысқа облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы, Әділет басқармасының бастығы (Ирак Елекеев), облыстық Ішкі істер мен Қауіпсіздік басқармаларының және облыстық Мәдениет басқармасының (К.Танкиев) т.б. мекемелердің жауапты басшылары қатысты. Жиналыста облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы (Тұрар Шакриков) бірден емшілерді балағаттап, әр түрлі заңдарды айтып, бізге өктемдік жүргізе бастады. Онымен қоймай, балағаттауға дейін барды. Мен де оған қарсы өз жауабымды бердім. Ал, Т.Бекенов өзінің медицина ғылымының ғалымы екенін айта келе, халық емшілігінің халыққа, ғылымға және қоғамға қажеттілігін атап айтқанымен, мына құдайсыздар өздерінікін дұрыс деп, біздікін бұрысқа шығара бастады. Біз ҚР Әділет министрлігінен тіркелген Жарғы, Ереже және тіркеу куәлігін (№ 0080, 22.01.1992) көрсеткенімізбен мына ұятсыздар бәрін жоққа шығарып, емшілердің ар-ұжданына, адамгершілігіне лағынет сөздер айтып, оларды Кеңес үкіметі заманындағы арнайы жүйке ауруханаларында жататын есі дұрыс емес адамдарға дейін теңеді. Біз де алған бетімізден қайтпадық.
Сондағы бір азаматқа ерекше риза болдым. Ол бүгінде Республикаға танымал заңгер, қоғам қайраткері Астанада тұратын, сол кездегі Атырау облыстық Әділет басқармасының бастығы Ирак Елекеев мырза. Ол бізге: «Емшілердің облыстық жиналысын өткізіңдер. Мен облыстық филиалдарынды тіркеуден өткіземін, сендер заңды ұйымсыңдар», – деген бір ауыз сөзі біздің қайратымызға қайрат қосып, рухымызды көтерді. Біз де тездетіп облыстағы емшілердің жиналысын өткізіп, құжаттарымызды тіркетуге И.Елекеевтың басқаратын Әділет басқармасына тапсырдық. Әділет басқармасы материалдарды қарағаннан кейін, қауымдастықтың Атырау облыстық филиалын тіркеуден өткізіп берді (тіркеу куәлігі № 0038. 06.10.1992). Ирак Елекеев мырза Алланың шапағатты нұрына бөленсін! Келесі күннен бастап (18.06.1992), Атыраудағы алғаш «Строитель» кейін «Мұнайшы» мәдениет үйлерінде менің емшілерді оқыту мен емдік сеансым шілде айының 5 жұлдызына дейін өтті. Еммен бірге, 70-ке жуық халық емшілерін оқытып, қажетті құжаттарын бердік. Осы екі орында ем жүргізу мен оқыту кезінде облыстық Денсаулық сақтау басқармаларының күнде бір маманы маған келіп: «Сеанс өткізбеңіз, оқытпаңыз біздің бастық осылай бұйырды», – деп көздерін аларттып кететіні әлі есімде. Бұлардың теріс әрекетін тыңдағаным да жоқ.
Оларға мен Алматыдан адам әкеліп емдеп немесе оқытып жатқан жоқпын. Естерің дұрыс болса, барлығы осы жердің адамдары деп анық айтып, келген іздерімен кері қайтарған күндерде болды. О, дүние-ай, Кеңес заманында қазақтың халық емшілігін түп-тамырымен жойса, дарындыларды жан-жаққа қуып және арнайы есепке алса, мына еліміздің Тәуелсіздігі кезіндегі менің қаракөз қандастарымның арам пиғылдарына болашақ ұрпақ оң шешімін беретініне сенімім мол.
Осындай күндестік күрес қауымдастықтың тарихында жиырма жылдан астам уақытқа созылды. Алла тағала бізді қолдады, қарсыластардың үні өшті, қауымдастықтың қадамы алға басып келе жатқанына тәубе дейміз.