Қауымдастықтың қызметін қорғауда алғашқы кезде сол кездегі қауымдастықтың вице-президенті журналист Бақтыбай Айнабеков пен Бас директоры Тұрсын Бекеновтың үлестері зор болды. Олар өздерінің құнды мақалаларымен бірі журналист ал, екіншісі медицина ғалымы ретінде халық емшілігінің қажеттілігін дәлелдей білді. Б.Айнабековтың «31 жыл көмілген бұлақ» («Халық емі» газеті. Ашық хат. №5 1993) т.б. және Т.Бекеновтың «Қауымдастықтың қадамы» («Өркен» газеті. 10.06.1993), «Халық емі – ел игілігі» («Заман Қазақстан» газеті. 18.06.1993) т.б. Сондай-ақ, белгілі журналист Нури Муфтахтың «Халық емшілігінің қасіреті» («Егемен Қазақстан». 27.03.1992) және «Күн астындағы орын» («Егемен Қазақстан», 06.06.1992) т.б. игілікті мақалалары қауымдастықтың қанатының кең жайылуына, халыққа танылуына, емшілердің рухының көтерілуіне зор әсерін тигізді. Қазақ радиосы мен теледидарындағы журналисттердің хабарлары мен сұхбаттары да қауымдастықтың қызметінің өркендеуіне және абыройының асқақтауына ерекше үлес қосқандығын ризашылықпен атап өтемін. Тек бір ғана қауымдастықты сақтау мен қолдау жөнінде қаламгерлердің мыңға жуық мақаласы жарияланыпты.
Бүгінде қауымдастықтың тарихы том-том кітап болып оқырмандарға, ғалымдарға, зерттеушілерге және емшілерге тарап кеткенін зор мақтанышпен айта аламын. Жоғарыда аттары аталған қарсыластарға: «Ішін күйсе тұз жала, сыртын күйсе мұз жала», – деген бабалардың даналық сөзін тарту етемін.