І ТАРАУ - ӨЛМЕЙТІН МҰРА

 

 

главная                                         вернуться

 

 

ДӘРІГЕРЛІКТІ ҚАЛҚАН ҚЫП, САЛЫҚТАН ЖАЛТАРЫП ЖҮР

«Халық медицина орталығының» мемлекет бюджетіне төленбей келген салығы 26 миллион 495 мың 170 теңге болыпты.

Республикалық «Халық медицина орталығының» бас дәрігері Ерасыл Абылқасымов, бұл қызметке 1991 жылы келген еді. Ол осы орынға отырған соң бір жыл өтпей жатып өзін болашақта бай миллионер болатынын халықтан жасырмады. Ақ жүректігін білдіріп «Казахстанская правда» газетіне «Будет ли у Қазахстана свой Федоров?» (11.04.1993г. авт. Куц) деген мақала жариялатып, жанашыр ұйымдарын әбден моралдық масқаралады. Мемлекеттік Әділет министрлігі тіркеген заңды ұйымды заңсыз, Жарғысы маған ұнамайды деп, заң орнын сыйламады.

Сол кездегі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіндегі оның қолдаушылары «Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту» заңына бір тармағы етіп халық емшілерін екі айлық тексеруден өткізу бабын жазып, оны халыққа, қоғамдық ұйымдарға жария етпестен сол кездегі өздерінің сенімді Жоғарғы Кеңестегі депутаттарына бекіттірді. Құдай берді. «Женген итті желкеле» дегендей, Е. Абылқасымов алғаш өз құрығын Қазақстан халық емшілері Ассоциациясына арнады.

Ақыры ол алыса жүріп, Ассоциация басшысына ескерттірместен ұйымды уақтылы жаптырды. Бірақ бұның бәрін Е. Абылқасымовтың сыбайластары атқарып отырды. Ол ашық көрінбеді. Біз бәрін сездік. Білдік. Амал қанша, Ассоциация қайтадан тіркелгенімен оның мүшелері быт-шыт болды. Орны толмас ондаған, миллиондаған теңгелік моралдық-материалдық және психологиялық зиян шектік. Сонда да ұйымды құлатпай келеміз. Арсыздыққа адалдықпен қарадық. Артынан жақсылық күттік.

«Халық медицинасы орталығын» алғаш 1990 жылы танымал маман дәрігер, ірі ұйымдастырушы, медицина ғылымының кандидаты Тұрарбек Төлендиев басқарған.

Ол өзін нағыз адал, шын халық емі жанашыры екенін бір жылда-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында таныстырып үлгерді.

Халық емі жөнінде ана тілімізде екі-үш кітап шығарды. Ал ғылыми-танымдық мақалалары да жетерлік. Т.Төлендиевтің бұл адалдығы әрине жоғарыда отырғандарға ұнамады. Оның орнын Е. Абылқасымов басуымен, әйгілі журналист, халық емінің нағыз жанашыры Бақтыбай Айнабеков ақыры осы басшыдан жақсылық болмады, ауыстырыңдар деген бірнеше жыл шырылдап жазған мақаласына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі басшылары да көңіл бөлмеді.

Содан болар «қой дейтін қожа» болмаған соң Е. Абылқасымов өз құқылық дәуірін бастап кетті. Емшімін дегеннің бәрін бір орталыққа жиып, оларға «кәсіби халық емшісі» деген куәлікті екі жылға бере бастады. Сөйтіп бұл орталықтан емшілік байқауынан 1991-1998 жылдары аралығында 3500-ге жуық емші тіркеліп тексерілсе, олардың 1000-нан астамы «кәсіби халық емшісі» екен.

Әйтеуір, сауаты бар да, жоқ та орталықта сырқаттарды қабылдап та, қабылдамай да немесе құрылыс жұмысына көмектесіп те, жең іші, қол асты т.б. тәсілдермен де «кәсібилер» атанғандар да рухани ем және адамгершілік жағынан күлкіге айналды. Халық оларға сенуден қалды.

Десе де, Ерасылдың 1992 жылдан бері Республиканың 18-19 қаласында орталығының филиалдары жұмыс істеуде. Емге қызмет көрсететін емшілерінің бір жолғы бағасы 500 теңгеден жоғары. Құмалақ салу мен тұмар жазу бұдан да жоғары («Жас алаш». 21.08.1997). Сондағы таңғаларлық осы бағаға экономикалық есептеудің өлшемін қайдан алғаны күмәнді. Осы бағалар арқылы орташа есеппен орталық пен филиалда жұмыс істемейтін, жеке үйінде істейтін «кәсіби халық емшісі» жылына «Халық медицинасы орталығына» 50000 (елу мың) теңге құяды екен. Осы санды «кәсібилер» санына көбейтсе, ондаған миллиондар шыға келеді. Сонда орталықтың кіріс көздерінен, екі айлық сынақтан, емшілер мектебінен, қосымша тексеру түрлерінен, конференция жарнасынан, лицензиялардан т.б. орындардан түсетінін есептесе, бір жылдық табыс кірісі 55-65 миллион теңгеден кем болмайды. Осы кіріс қаражаты жиналғанымен, бірақ толық кіріске алынбайтындай.

Осыған да қанағат етпеген Е.Абылқасымов өзіне ұнамайтын ұйымдарға қарсы күресін, өзінің оң қолы «кәсіби халық емшілері» ассоциацияның төрағасы, емші Әділқан Ермановтың көмегімен жалғастырып келді.

Әйтеуір емшілік қасиеті бар дегендердің үйлеріне Ә.Ерманов бастаған орталық «кәсібилері» баса көктеп кіріп, айыппұл салып өздері «заңгер» болғалы қашан. Қолдарында Е.Абылқасымов қол қойған бұрынғы Қаз ССР Қылмыстық Кодексінің №209 бабымен соттаймын деген хатын көрген, сауатсыз «емшісымақтар» Ерасылдың торына топ-топ болып түсуде. Емтиханнан өте алмағандар «псих» екен де, ал өткені «пысық-кәсіби» екен. («Қазақ елі». №21, 22-28.05.1998ж. Е.Абылқасымовтың газетке сұхбатынан). Бұл қалай? Емшілерді «псих» деу моралдық қорлау ғой?

Ерасыл Абылқасымов пен Әділқан Ерманов 50 жылдықтарын Алматыдағы Байзақов атындағы көше бойындағы «Мейрамханада» 1998 жылдың 23-қыркүйегі күні өткізді. Екеуі егіз емес таңғалмаңыз, бірақ ішіп жеуі бір. Ә. Ерманов Қызылордалық болса, ал Е. Абылқасымов Талдықорғаннан. Той шығынын Е. Абылқасымов өзінің еңбегін 1993 жылы «Ата-Мұра» баспасынан қазақша әрі орысша 250000 данамен шығарған (оның бір данасын 100 (жүз) теңгеден сатқызған, бір емшіге 50-70 данадан беріп ақшасын дәл санап алған). «Сто народных целителей Казахстана» анықтамасының 18-20 миллион теңгелік табысынан, ал Ә. Ерманов өзінің құны таудай ал мезгілсіз мүшелік куәлігі мен бағдарламасыз оқытқан куәлігінен (сабағының аты жоқ) түскен миллиондары есебінен төлеген шығар десек, олай болмағандай. Баяғы «кәсіби емшілер» асылып, шашылып, біреуді арбап, алдап сый-сыяпаттарын шашыла жүріп жасапты. Сонда халықтың байлығын бұлар қайда шашқан?

Е.Абылқасымов мырза бұндай ірі кірісіне риза болмай, өз жұмыс орнына «Халықаралық «Қазақ елі» тілшілерін шақырып, газетіне жазыламыз деп, сұхбат алуға көндіреді. Теңгеге риза болмаған бас дәрігер, шетелдік қандастардан «доллар» дәметсе керек. «Халық емшілеріне қаралыңыз!». («Қазақ елі», №21, 22-58.05.1998.) сұхбатында тілші Е. Абылқасымовқа сауал қояды. Тілші сауалы:Арнайы құжаты бар емшілер Сіздерге салық төлейді-ау деймін, естуімше?

Е.АБЫЛҚАСЫМОВТЫҢ ЖАУАБЫ: Ол бекер. Бізге салық төлемейді. Бірақ жоспар береміз. Бізбен еңбек шартындағы ауылдық жерлердегі емшілер ай сайын 3000, қаладағылар – 5000, ал осы орталықтағы емшілер 25 мың төлейді. Осы жоспарды салық деп түсіндірген шығар сізге. Заң бойынша емшілер салықты жергілікті салық инспекциясына ай сайын не мезгілімен төлейді. Өйтпесе патент алады.

1991 жылдан бірде-бір емші өз табыстарынан жергілікті жерге салық төлемеген. Орталық басшысы оларға салық төлеу туралы ескертпеген. Жалғанды жалпағынан басқан «кәсібилер» өзінің енді куәлік алған уағынан бастап жергілікті жерге салық төлеуі заңды.

Сонда, емшінің құқын қорғамайтын, еңбек мерзімін сақтамайтын, салығына жауап бермейтін, тек ғана «кәсібилерінен» ақша алуды білген орталықтың бас дәрігері Е. Абылқасымов мырза «келісім шартпен» ақша алуды қай заңға жатқызады? Осы сұхбатты оқыған газет оқырмандары мен халық еміне жанашыр қоғамдық ұйымдар жарты жылдай ойланды. Бұл неткен судай шашылған ақша?

Осыған байланысты «Халық медицинасы орталығының» (кейінгі ел біле бермес аты: – «Шығыс және қазіргі медицина жөніндегі ғылыми практикалық Республикалық орталық?») 1995-1998 жылдары аралығындағы қаражаттық кірісінің есебінен, мемлекет бюджетіне салық төлеуін Алматы қаласы бойынша салық комитетінің Бостандық ауданы бойынша салық комитеті қызметкерлері тексеріп, 1998 жылдың 29 желтоқсанында аяқтады.

Орталықтың жасырып/төлемей келген салығы мөлшері 26 495 170 теңге (жиырма алты миллион 495 мың 170 т.) болды. Акт жазылды. Е. Абылқасымов қол қойды. Мемлекет бюджеті кірісіне алынды. (хаттар: №8. 1-6-2) 674.28.01.99 жыл және №3-8 (1796.22.02.99 жыл. Қалалық және ауд. Салық көмитеттерінен) және ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігі хаты NДНП-4-22/1527 29.03.1999 ж.

1999 жылдан бастап орталықты ЖШС (ТОО) етем деген бас дәрігер ойы, өзінің аузынан шығатын сөзінен жаңылуынан іске асарына көлденең болды. Салық миллиондарын мемлекетке төлеуде Е. Абылқасымов тағы да «құртам, жоям» деп, «кәсібилеріне» салық салды. Олар қайдан тапсын. Бұрынғы бергендері далаға кетті. Бұған шыдай алмаған жасы орта жастан асқан, орталықтың тірегі, шөппен емдеуші «кәсіби халық емшісі» Сейтхамза Қалиев жүрегі қысылып ауруханаға түсті. Есінен танып, жүрегі шаншыған басқа «кәсібилерде» көбейгендей? Осы кезде Ә. Ерманов та қаңтар және ақпан айы басында отаны Қызылордада болып 15 адамға өз құжатын беріп, облыс қаражатынан қомақты қаражатты қымқырып, «досы» Е.Абылқасымовтың көңілін басса керек. Міне біреуі тексеріліп жатса, екіншісі (Ә.Е) сауатсыздардан емші жасап, халықты алдауда?

«Кәсіби халық емшілері ассоциациясы» төрағасы Ерманов Әділқанның білімі арнайы орта. Жетісай мәдениет-ағарту орнын бітірген. Біліміне қарамай ол өзін танымайтындарға «профессормын» деп таныстырады. (07.1998 жыл. Арқалықта) Қалай осындай білімі бар адам емшілерді оқытады? Ол оқытпай-ақ, өзінен басқаларды «жойылды, құрыды, тарады» деп делдалдық жасап, өзінің мерзімсіз мүшелік куәлігі мен бағдарламасыз оқыту куәлігін аңқау «емшісымақтарға» қорқытып беріп, барған облыс қалаларына қаражатынан қайтып қайырымы болмайтын, 350-500 мыңға дейін қаражатын алып тайып тұрады. Оны кіріске алып, мемлекетке салық та төлемейді. (Арқалық, шілде 1998, Орал, қараша 1998, Манғыстау, 1998 және Қызылорда, қаңтар-ақпан, 1999 ж. т.б.). Ерманов «Профессор» «кәсіби емшілердің» миллионері десек артық емес. Өйткені бұның да жылдық табысы үш миллионнан кем емес. Енді осы екі серке мен еркеге бір қысым таялғандай.

Елбасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңды жарлығы шешімін бұлжытпай орындайды деп сенеміз.

Бүгінде жасы жетпістен асқан, атын елі мен көршісі де білетін оташы Айтмұхамбет Демесінұлы: «Халық емшілері орталығында бес жылдай жұмыс жасап, ондағы әртүрлі күйтұртқы қылықтарға көзім жетті. Ел ішінде шалажансар тәуіптер көбейіп кетсе немесе халық емшілерге дейтін сенімнен айырылып қалса – ол аталмыш орталықтың күнәсі», – дейді «Заман Қазақстан» газеті тілшісімен сұхбатында. (11.12.1998ж. авт. Н.Лақан).

Дегенмен ел ішінде жаны таза, пейілі ақ, сауаты мол, қайырымды емшілер баршылық. Білімі, жасы, жынысы, ұлты, мінез-құлқы, психологиясы, ойлап талғам жасау қабілеті әртүрлі емшілерді (киелілерді) бір ортаға жинап, халықтың қалтасын қаққызу нарық заманының алдампаз пайдагерлерінің ойлап тапқан амалы болғанымен, оның ақыры жазылмас жара бетке дақ, әркімнің өз ұрпағына жасаған қиянат, кесапат екенін Жаратушымыз халыққа білдіре бастады.

Алла тағала бәрін көреді, біледі, сынайды, бақылайды деген осы екен ғой. Ал емшілерді жергілікті әкімшілік бақылап, сыртқа рұқсатсыз жібермей оның табыс салығын өз қорларына құйғызатын уақыт талабы болмақ. Жергілікті салық комитеттері енді алматылық әріптестерінен үлгі алып, «кәсіби халық емшісі» куәлігі, лицензиясы барлардан құқылық алған уақытынан бастап, салығын құйғызу мемлекеттік салық туралы заңын орындағандық болар еді.

Жоғарыда бұл орынның қаражаттық қылмысын ҚР ҰҚҚ мен ҚР Кіріс министрлігінде бақылауда ұстағандықтан, орталықтың республиканың қалаларындағы филиалдарында тексеруді осы екі ұйымның департаменттері мен салық комитеттері қолға алғаны жөн. Ұзақ жыл бойы «кәсіби халық емшілері» күш-қуатын пайдаланып халық қалтасын қаққан, мемлекетке де салық төлеуін жасырып келген «Халық медицинасы орталығы» басшыларының өрескел қылығына ҚР Бас Прокуратурасы әділ баға береді деген сенімдеміз.

Редакциядан: Газетке өз қолымен әкеп тапсырған З. Қожалымовтың сын мақаласының стилдік жағына көп тимей, толық беріп отырмыз. Автор бұл мақала жөнінде тиісті құжаттарын қоса тапсырды.

«Қылмыс пен жаза» газеті, №7-8, 13.03.1999 ж.

 

 

25

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 
 
В начало