ӨЗІНІҢ КИЕЛІ БАБАЛАРЫның РУХЫНА ҚАРСЫ ШЫҚҚАН
Аллаға шүкіршілік, бүгінде ұлтымыздың барлық үлкенді-кішілі азаматтары жасына, жынысына, біліміне, дәрежесіне, ғылыми атағына т.б. ерекшеліктеріне қарамастан ислам дінінің шариғат заңдарын құрметтей бастады. Сабырлық пен тәубесіне келуде ірі мәдени ортаны қалыптастыруда діни сенімнің пайдасының молдығы анық айқындалуда. Бұрын тарихта аттары аталмаған, ерекше тылсым құпия сырларының неше алуан ғаламаттарын меңгерген әрі дәлелдеген киелі рухты бабалардың да есімдері аталып, еңбектері зерттелумен ұлт тарихының ортасынан орын алып ұлттық мақтанышқа айналуда. Халқымыздың азаттығы үшін күрескен дана, кемеңгер, ғұлама, батыр бабаларымыздың ішінде ерекше киелі қасиеттері барлары көптеп саналады. Бірақ, бұл бабалардың бір бойында адамгершіліктің көптеген ұлы қасиеті болғаны тарихтан мәлім.
Дегенмен, олардың ақындығы, шешендігі, көсемдігі, батылдығы мен батырлығы жөнінде азды-көпті зерттеулер болғанымен кейбіреулерінің тылсым құпия сырларының шеберлері екендігі жөнінде, қажетті толық танымдық материалдардың жетіспеуінен әлі зерделеп зерттеу толық басталған жоқ. Егер қазақ халқының тарихына зер салатын болсақ осы заманның басында өмір сүрген Майқы би болашақтың төрт мың жылын болжап, бүгінде аты әлемге әйгілі француздың дәрігер-болжаушысы М.Нострадамус болжауынан ары екі жүз қырық жылды асырып болжап айтқан. Әйгілі Асан Қайғы бабамыз өмірінің соңында Алтын орда орнына пайда болған хандардың жойылатыны жөнінде айтқаны дәл келген. Ол қазақ даласын желмаямен желіп жүріп, айтқан көрегендігі мен болжампаздығы ерекше ғылыми зерттеулерге жол ашады.
Ұлы жүз ұрпағы Өтеген батыр Абылай хан түсін дәл жорыса, Әлмерек абыз өзінің ұрпағының болашағы жөнінде айтқандары шындыққа айналды. Пір Бекет бабаның көрегендігіне де таңғалмасқа шара жоқ. Қазақтың Бұхар жырау, Қашаған, Қабан жырау, т.б. ақындарының жыр-толғауларында болжампаздықтың ерекшелігі байқалады.
Өткен айдың ортасында туғанына 150 жылдығы Павлодар мен Баянауылда республика көлемінде ерекше аталып өткен ғұлама ғалым, ақын, жазушы және көріпкел-болжампаз Мәшһүр Жүсіп Көпеев өзінің қолжазбасында: «Ораздының баласы – он бесінде бас болар... Кембағал байғұс баласы, жиырма бесте жас болар...», – деген болжамы да өмір шындығына ұласады. Мәшһүр Жүсіп Көпеев бабаның көрегенділігі ол көзінің тірісінде қайтыс болардан бір жыл бұрын асын берген, бір жылдан кейін о дүниеге қайтатыны жөнінде айтқаны да дәл келген.
Ал, XVII ғасырда Ақтөбе өңірінде дүниеге келген елінің биі, шешені, көсемі және болжампазы Мөңке би Тілеуұлының атағы алты алашқа әйгілі болған. Мөңке бидің тылсым құпия сырлары жөнінде ғалымдар, ақындар, жазушылар А.Жұбанов, С.Негимов, Ә.Кекілбаев, А.Байтұрсынов, М.Ж.Көпеев, Б.Омаров, Ш.Мұртаза, Н.Байғанин, т.б. еңбектерінде және Ақтөбелік газеттер «Шалқар», «Ақтөбе» және республикалық «Ана тілі» газеттерінде көптен жазылып келеді. Кейінгі кезде Мөңке би туралы үш-төрт кітап та баспадан шықты.
Осындай халқы таныған киелі рухты бабалардың ерекше тылсым құпияларын халқы танып, кешегі табынып таңғалып келген М. Нострадамус пен Болгариялық Ванга әжейдің қасиеттерінен де кем емес, бабалардың ұрпағы екендігімізді ғылыми негізде дәлелдей отырып, олардың тылсым құпиялы ерекшеліктерін танитын уақыт жеткен сияқты. Иә, өз бабаларының осындай қасиеттеріне бас иіп, мақтаныш етіп зерттеушілерге ризалығын білдіріп жатқан ұрпақтары да аз емес. Олардың қатарына Оңтүстік Қазақстан, Түркістан, Тараз, Павлодар аймағының әкім-қараларын атауға болады. Соның дәлелі Павлодар облыстық және Баянауыл әкімшілігінің басшыларының қауымдастықтың басшысын арнайы Мәшһүр аталарының мерей тойына құрметті қонақ етіп шақыруы да, бабаның тылсым құпиясын зерттеудегі еңбегімізді бағалағандық деп түсінеміз.
2008 жылдың шілде айының 25-27 жұлдызында Ақтөбеде жоспарланып, бес айға жуық дайындалған «Қазақтың көріпкел және болжампаз бабалары құпиялары» атты республикалық форумның мақсаты батыс өңіріндегі тарихта ерекше орны бар Мөңке би мен Бекет атаның болжампаздық және көріпкелдік қасиеттерін ғылыми негізде насихаттау болатын. Төрт ай бұрын Ақтөбе облысы әкімшілігімен келісілген іс-шарамыз басталуға жиырма күндей уақыт қалғанда аяқ астынан тоқтатылды. Қауымдастықтың басшысы (З.Қ) өте ауыр толғаныстық жағдайға ұшыраған болатын. Құдайсыз және өз ата-бабасының рухын құрметтемеген және халқының алдыңда ұятын сезінбеген Ақтөбе облыстық әкімінің орынбасары Жеткерген Оралмахамбетовтың көшедегі емші мен қараның сөзіне еріп, Бас әкімге жасаған жалған ақпаратымен жоспарлы форумды тоқтатты /мамыр айында хат арқылы келісілген/. Бұл тарихта болмаған опасыздық болатын. Мен ауыр жағдайда тұрып, Жеткерген Оралмахамбетовке: «Өз аталарың Бекет пен Мөңке бидің аруағы тыныштық бермесін», – дедім.
Форумды қалай да өткізуді жоспарладым. Өзімнің Оңтүстік Қазақстандағы сенімді азаматтарыма (Б.Туребеков, Т.Анарбаев және Ұ.Байділдаева) хабарластым. Олар форумды өткізуге Түркістандық әкімдер екі сағатта келісімін беріп, форумның өз уақытында жоспарлы бағдарламасы бойынша өтуіне жағдай жасағандығын хабарлады. Форум нәтижелі өтті. Қатысушылар риза болды. Бірақ, Ақтөбелік әкім-қараларға деген реніш форумға қатысушылар мен қауымдастықтың тарихында мәңгілік «қара дақ» болып қалды. Емшілер мен қауымдастық бірнеше миллиондаған қаражаттық шығынға ұшырады. Жалданған мейрамханаға, қонақ үйлерге, жеке үйлерге төленген кепілдеме қаражат қайырылмады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетін емшілер мен шетелдік меймандардың екі жақты барып қайтуға алған билеттері күйіп кетті. Өздерің туған бабасы санайтын Мөңке бидің «Ежірей ұрпақтары» енді өз халқының алдында арсыздығы мен қоғамдық ұйымға жасаған қиянатын біз кешіргенмен, Мөңке би мен Бекет ата рухтары кешірі қоймас. Амандық болса, бабалар рухының қарғыстық қасіретін тартары анық.
Бүгінде Мөңке би мен Бекет ата рухтары бізге аян беруде. Жеткергендей жетесіздерге Мөңке бидің рухын ұрандап барғандарға жасаған қиянатын Алла тағала да кешірмес. Кейін жыл ақырына қарай Ақтөбеде әр жерде жазықсыз жандарға оқ атқандар мен опасыз діншілдер көбейді. Әлі де талай жылға созылары анық. Бұл өңір тынышталу үшін аталған екі бабасына ас беріп, Құран бағыштағанда ғана саябырлауы мүмкін.
Бұны түсінетін жалғандардың жетегінде кеткен Ақтөбе облысының әкімінің орынбасары Жеткерген Оралмахамбетов түсіне қоймас. Алла тағала мен аруақтар осындай опасыздардан елімізді, халқымызды қорғасын. Мен асықпаймын. Алла тағаланың әділдік жазасы опасыздарға болатынына сенемін. Сөз соңында, Түркістандықтардың төңірегіне жиналайық, Павлодар мен Баянауылдықтардан үлгі алайық. Өз атасы Мөңке бидің рухының киелі қасиетін сыйламаған Ақтөбелік әкім-қаралардан жиренейік. Алла тағала өз бағасын берсін!
«Шипагерлік баян» газеті, № 9, 2008 ж.