Емшілерді бостандыққа шығарған – жаңа Заң
Ұзақ жылғы «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі шонжарларының арасындағы 20 жылдан аса уақытқа созылған күрестің жеңісі бір күнде қауымдастық пен емшілер тарапына ауысқанына өте қуанышты болдық. Бұл 2012 жылдың 10 шілдесі болатын. Оған себепкер ҚР Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңы негізінде ҚР «Халқының денсаулығын жақсарту жөніндегі» заңының 54 бөлімінің 4 бөлімшесі алынып тасталды (10.07.2012 жылғы №36-V(т.8-8)). Осыған байланысты қауымдастыққа ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінен арнайы хат та жолданды (01.03.2013 ж. № 3Т-347).
Қысқасы, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан өзінің мекемелерінде алты ай емшілерді арнайы тексеруден өткізу мен бақылау және сертификат беру құқы тоқтатылды. Мен басқарған қауымдастық пен оның емшілері қандас қаракөздерден тозақтың азабының талайын көргенін енді жасыруға болмайды. Алғашқы қарсылық ұйымдастырған шенеуніктер бұл күнде баяғы жылы жайлы орындарынан көбі кеткен. Бұл шенеуніктер болса, қауымдастықтың өз ұясынан тәрбиелеп шығарған кейбір сатқын емшілерді пайдалана білді. («Шапағатты рух ордасы» А., 2001, 14-15 бб.) ашық, анық және аттарын да атап көрсеткенмін.
Бір-ақ, аталған министрліктің Алматыдағы “Халық медицинасы Орталығынан” сынақтан өткен 20 мыңнан аса емшілердің ешқайсы да зерттеліп және жазба түрде аттарының тарихта қалмауы өте өкінішті-ақ. Бүгінде қауымдастықтың мүше-емшілері саннан сапаға көшті. Емшілер еркіндікпен өздерінің халыққа рухани сауықтыру саласындағы қызметтерін нәтижелі атқарып, емделушілердің ықыласына бөленуде. Бойларынан үрей, қорқыныш және секемдену сияқты жаман сезімдерден айрылып, ұйқылары тыныш, отбасы аман, қызметтері нәтижелі және ешкімге тәуелсіз өмір сүргендеріне Алла тағалаға шүкіршілік етіп, қауымдастықтың Төралқасына алғыстарын білдіруде. Ұзақ жылғы екі жақты қарсылықтың нәтижесі қауымдастықтың басшылары мен мүше-емшілерін біріктіре түсті. Шыңдалды. Ақ пен қараны айыра білді. Кім дос, кім қас екендігіне көздері жетті. Жығыла, сүріне жүріп, қауымдастықтың қызметінің алға басуына еңбектендік.
Бүгінде қауымдастықтың қадамы алға жылжып, ісі нәтижелі болып, ұйым бірлігі артып, емшілер мәдениеті мен білімі және имандылығы артып келеді. Бірлік бар жерде бақыт, жақсылық болатынын сездік.
Қорыта келгенде, біздің қарсыластарымыз бізді болаттай берік, нағыз халықтық шипагерліктің жанашырлары екендігімізді көрсетуге жеткізе білді. Егер біздің қарсыластар болмағанда, мүмкін, біз осындай мәртебеге жетер-жетпесіміз белгісіз еді. Біз де қарсыластарымызға рахметімізді айтамыз.