І ТАРАУ - ӨЛМЕЙТІН МҰРА

 

 

главная                                         вернуться

 

 

ҚҰЖАТТАР ҚАЙТАДАН ЖАСАЛЫНДЫ

Алдымнан қандай қиыншылық болса да көне отырып, өзімде қалған құжаттың негізінде емшілердің қауымдастығын құруға кірістім. Ол үшін маған көмек көрсететін және осы ісімді ғылыми негізде қорғай алатын адал жандарды іздедім. Халықтық емшілікті оң пиғылымен бағалайтын оның құндылығы мен қажеттілігіне нақты жауап беретін медицина саласының ғалымдары да табылды. Олар менің жоспарым мен ойымды түсініп, адал ықыластарымен қабылдады. Алдымда талай көлденең кедергілер боларын да ескертіп, жеке көмектерін беретінін де ашық айтты. Сен бастаған ісіңді орта жолға тастама, алға жылжыта бер, ісіңе сәттілік деген ұлт жанды, халық емшілігіне жанашыр ғалымдардың ақыл кеңестері әлі де құлағыма естіліп тұрғандай. Бірақ, сол кездегі нағыз халық емшілігінің ұлттық өнерінің адал жанашырлары бүгінде арамызда болмағанымен, қауымдастық құрылған күннен бастап өмірлерінің соңына дейін қауымдастықта жауапты қызметтерін атқарды, жетістігімізге қуанды, басымызға ауыр күндер туғанда қарсыластарға бірлесе тойтарыс беруде білімділіктері мен күш жігерлерін аямады. Мен өзімнің іс жоспарымды тоқтатпауға белсене кірістім.

Бүгінде бұл дүниеде ортамызда бірге болмағанымен, алғашқы кездегі қауымдастықты құруды бастарда маған ағалық ақылын айтып идеям мен іс жоспарымның орындалуына көмектескен, кейін емшілердің І-Құрылтайында оның бірінші вице-президенті болып сайланған, сол кездегі Қазақ мемлекеттік Алматы медициналық институтының «Халық медицинасы тарихы» кафедрасының меңгерушысы м.ғ.д., профессор Чокин Әлихан Ризаұлы мен сол кездегі Республикалық туберкулез ғылыми зерттеу институтының директорының бірінші орынбасары-Бас дәрігері болған, кейін Ассоциация құрылғанда оның Бас директоры қызметіне сайланған м.ғ.к., доцент Бекенов Тұрсын Балғынбекұлының және сол кездегі “Алатау” телеарнасының қызметкері, журналист Бақтыбай Айнабековтың баспасөз беттерінде жарияланған еңбектерін ерекше атаймын және ризашылығымды білдіремін.

Бүгінде алдыңғы ардақты екі тұлға арамызда болмағанымен, бұлардың адал еңбектері қауымдастықтың тарихында мәңгі сақталады. Жандары жаннаттың төрінен орын алсын! Шіркін дүние-ай, осы ірі екі тұлғаның бүгінгі Қауымдастықтың құрылғанына 25 жылдығында қуанышымызға ортақтасып отыруын Жаратушымыз оларға бұйырмағаны өкінішті-ақ. Профессор А.Р. Чокин өзіндегі халық емшілігі жөніндегі мәліметтерді басшылыққа ала отырып, қауымдастықты құрудағы ұйымдастырушылардың құрамын қайта жасақтауға менімен келісті. Алғаш рет кездескенде профессор А. Чокин мені өзінің жақынындай қабылдағанына өте риза болдым.

Сонымен қауымдастықты құру жұмысын бастап кеттік. Алдағы өтетін емшілердің тұңғыш Құрылтайына дайындық жоспары жасалынды. Бұл Құрылтайға ең қажетті құжат Ассоциацияның Жарғысын дайындау болатын. Бұрын бұндай бағыттағы ұйымның республикада болмағаны Қауымдастықтың Жарғысын өте сауатты әрі еліміздің Конститутциясының талабына сай жазу қиын болды. Бастаған істі тоқтатпай тез бітіру үшін өзімдегі қолда бар құжаттар негізінде, м.ғ.к. доцент Т.Бекенов екеуміз қазақ елінің халық емшілері Ассоциациясының тұңғыш Жарғысын жазып шықтық.

Бұл жұмыстар Т. Бекенов мырзаның өзінің Республикалық ғылыми зерттеу туберкулез институтындағы қызметтік кабинетінде орындалды. Кабинет іштен жабылады. Екеуміз жазуды бастаймыз. Жазылғандар жасырын түрде институттың басу машинкасына хатшыға жіберіледі. Т.Бекеновтың қызметі институттың өте ауқымды саласына жататындықтан оған келушілер мен іздеушілер көп болатын. Мен он күннен аса уақыт Т. Бекенов мырзаның кабинетінің тұрақты мейманы болдым. Келіп кетушілер бір күні Т.Бекеновтың кабинетінде бір бөтен адам ұдайы отырады деп, институттың директорына жеткізсе керек. Осыдан кейін институт директоры өзі Т.Бекеновтың кабинетіне жиі келетін болды. Маған сен кімсің, неге бұнда күнде боласың дейді. Менен бұрын Тұрсын ағамыз өзі жауап береді. Өте қиын жағдай туа бастады. Сонда да Тұрсын ағамыз бағытынан таймады. Маған: “Мен бұл орыннан кетемін, қауымдастыққа қызмет етемін”, – дейді. Мен іштей бұнысы қалай, мына үлкен лауазымды орынды тастап, ештеңесі жоқ, әлі нақты құрылып жұмысын бастамаған Ассоциацияға неге келеді, – деп аң-таң боламын.

Кейін білдім осындай таза, қызметінде міні жоқ, зейнеткерлігіне де екі жыл қалған Т.Бекенов ағамызға институттың қытымыр басшысы тыныштық бермеген екен. Ғалым Т.Бекенов ақыры өзі армандаған және құруға ат салысқан Ассоциациясының басшылық құрамына келген болатын. Содан кейін өмірінің ақырына дейін қауымдастықтың қызметінің өркендеуі мен мүшелерінің білімділігі мен мәдениеттілігінің дамуына үлкен үлесін қосып, ағалық ақылын әрі ғалымдық адамгершілігін үйретуден жалыққан емес. Білімді адамның жанымызда болғанына шүкіршілік етеміз. Бекенов Т. мырза өзінің ғылыми маңызды мақалаларымен халықтық емшіліктің қажеттілігі жөнінде және оны өркендету мен мәңгілік қорғау жөнінде көптеген ғылыми танымдық және психологиялық әрі философиялық еңбектерін оқырмандарына ескерткіш ретінде қалдырды. Құндылығы жоғары, тәрбиелік мәні зор қайталанбас еңбектердің авторына рақметімізді айтамыз.

Бүгінде өзінің көзі жоқ болғанымен Т.Бекеновтың еңбектері әр оқырманның қолында күнделікті сүйіп оқитын маңызды еңбекке айналды.

 

 

 

       

  

 

 

 
 
В начало