ҚҰРЫЛТАЙҒА ДЕЙІНГІ БАҚТАЛАСТЫҚ Қазақстан Республикасы Халық емшілерінің тұңғыш Құрылтайы өтетін күнді, өткізетін орнын және өзіміз құрған арнайы ұйымдастыру комитеті мүшелерін белгіледім. Өзім басты жауапты әрі демеуші болғандықтан «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» т.б. газеттерге емшілердің І-Құрылтайы 1991 жылдың 20-23 желтоқсанында Алматы қаласында өтеді деп хабарлама бердім. Осы аралықта ұйымдастыру комитеті құрамындағы әйел адамдар өздері келісіп, Ассоциация президентін дауыс берумен сайлауда А. Чокинды президенттікке ал, З. Қожалымовты вице-президенттікке сайлаймыз және оның емдік сеансынан түскен қаражатқа бәріміз қарық боламыз деп өздерінше шешім қабылдайды. Ауыздарынан бұл сөзді шығармауға уәделесіп, анттарын беріседі. Ақыры іштерінен бүлік шығып олардың біреуі араларындағы құпияны маған жеткізді. Мен оларды жинап ешнәрсені сездірмей, егер мен Ассоциацияның президенттігіне сайлансам сендер мынандай үлкен мәртебелі орындарға отырасыңдар деп көңілдерін мәз-мейрам етіп, Құрылтайға дайындықты күшейтуді тапсырдым. Өзім арамдардың арасынан алшақ болу мақсатында 1991 жылдың желтоқсан айының 8-15 аралығында Целиноград қаласында (кейінгі Ақмола, бүгінгі Астана) болып халыққа емдік сеансымды жүргіздім. Емдік сеанс бұрынғы проект жасау институтының бес жүз адамдық залында (кейінгі парламенттің алғашқы мәжіліс залы) өте тамаша өтті. Күніне кем дегенде үш рет жалпы сеанс өткіземін. Зал лық толы, емім де жақсы нәтиже беріп, көптеген сырқат жандар ауруынан айыға бастағандарына өте риза болды. Қазақ жерінде бұл қазақ емшісінің үлкен залдағы Целиноград қаласындағы бірінші сеансы болатын. Менің емімді бірінші сеанста-ақ, басқа ұлт өкілдері менсінбегендей пиғылдарын танытқандай болды. Мен олардың арам ойларын байқап: «Саспаңдар мен сендерге қазақтың емін танытамын әрі мойындатамын», – деп өзімді қамшылай түстім. Осы залда отырған ірі денелі басқа ұлт өкілі тұрып: «Сен қандай әдіспен емдейсің, Каспировскийше ме, Джунаша ма немесе Руцкойше ме?», – дегені. Бұл сөз маған төбемнен жай түскендей әсер етті. Мен бірден, өз тілімде: «Қазақша, қазақша және қазақша», – деп жауап бердім. Ол малғұн: «Не понимаю», – деді. Мен оған сен қазақ елінде тұрғаныңа қанша жыл болды дедім. Ол, я здесь родился деп жауап берді. Мен оған және залда отырғандарға қарап, сендер қазақ болмағанда бұл өмірде болмас едіңдер, болғанда да өздеріңнің ата-аналарыңның сүйегінің қайда жатқанын білмес те едіңдер, сондықтан енді қазақ еліне қызмет ететін және ұлтқа құрмет көрсететін, тілін үйренетін уақыт болды ғой, ойланыңдар дедім. Ем аяқталды. Мен келесі күні ертеңгі сеансты өткізуге келгенде, залда емге жиналған бес жүзден аса емделушілер орындарынан тік тұрып: «Сәлеметсіз бе!» ал, сеанс аяқталғанда «Рақмет!» қайтарда, «Сау болыңыз!», – деген үндері солдаттың өз командиріне есеп бергеніндей болған сол оқиға, әлі де менің құлағыма естіліп және көз алдыма келіп тұрады. Иә, қазақ емшілігінің құдіретін басқалар осылай танып, мойындаған еді. Бұл жөнінде менің еңбектерімде толық сипаттап жазылған болатын (З.Қ. «Өмірімнің тағдыры». Алматы, 2013. 24-26 бб.). Целиноград қаласынан ел астанасы Алматыға көңілді оралып, жоспар бойынша жаңадан құрылатын халық емшілерінің республикалық Құрылтайына дайындық басталды. Құрылтай өткізу уақыты жақындаған сайын сақтыққа көңіл бөліп, өткіздірмеуге әрекет еткендерге мүмкіндік бермедік. Қарсыластардың менің әр сөзім мен қадамымды аңдығандықтары тайға таңба басқандай білініп тұрды. Халқымыздың «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің», – деген даналық сөзін басшылыққа алып, емшілердің Құрылтайын өткізуге де әупірім деп жеттік-ау... |