І ТАРАУ - ӨЛМЕЙТІН МҰРА

 

 

главная                                         вернуться

 

 

ХАЛЫҚ ЕМШІЛЕРІНІҢ ТҰҢҒЫШ ҚҰРЫЛТАЙЫ

Қазақ елінің тарихында жазылмаған халықтық өнердің бір саласы халық емшілерінің тұңғыш Құрылтайы 1991 жылдың желтоқсан айының 20-23 жұлдызында Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік медицина институтының жиналыс залында өтті (Сейфуллин-Киров көшесі). Құрылтайға Республиканың оннан аса облыстары мен Алматы қаласынан 250-ден аса халық емшілері және ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен басқа да саланың мамандары қатысты.

Басты ұйымдастырушы әрі жауапкер мен болғандықтан Құрылтайдың дұрыс өтуіне сақтықпен мән бердім. Алдын ала өз адамдарымнан бақылаушылар мен Құрылтай делегаттарын тіркеу жөніндегі адамдарды жинап, атқаратын жауапты қызметтерін жеке-жеке бөліп бердім. Қарсыластар көп болды.

Маған Құрылтай делегаттарының тізімін жасатпа, өзіңнің өмірбаяның мен жеке бағдарламаңды ілме, оның қажеті не деп, мені заңсыз әрекетке иландырмақ болды. Мен жарайды сендердікі дұрыс деп, өз шешіміммен заң бойынша Құрылтай делегаттарын жеке мекенжайлары бойынша тіркеттім. Өзімнің жеке өмірбаяным мен қауымдастықтың президентігіне кандидаттық бағдарламамды екі тілде (қазақ, орыс) жаздырып керегеге ілдірдім. Менен басқа ешкім жеке өмірбаяны мен бағдарламасын Құрылтай делегаттарына таныстырмады. Құрылтай тартысты өтті. Бұрын соңды бұндай емшілердің басын біріктірген жиналыстың болмағаны талайды таңғалдырды. Төрт күнге созылған емшілердің Құрылтайы несімен құнды болғанын оның қабылдаған қаулысының шешімі және бүгінгі қауымдастықтың жетістіктерінен көруге болады. Құрылтайда қауымдастықтың Жарғысы мен Ережесі талқыланып, бекітілді. Ұйымдастыру мәселесі де өз шешімін тапты.

Құрылтай делегаттарының ашық дауыс беруімен халық емшісі З. Қожалымов – Қауымдастықтың президентігіне ал, І вице-президентігіне м.ғ.д., профессор А.Р. Чокин, вице-президентігіне журналист Б. Айнабеков ал, Бас директорлығына м.ғ.к. Т.Б. Бекенов және бес адам Төралқа мүшелігіне сайланды. Құрылтай делегаттары бір-бірін қимай ақ тілектерін білдіріп қоштасты.

Келесі күні қазақ, орыс тілдеріндегі республикалық және облыстық газеттерде Республикалық халық емшілерінің Ассоциациясы құрылғаны жөнінде, «өлгеніміз тірілді, өшкен отымыз қайта жанды» – деп, халықтан сүйінші сұраған мақалалар қаптап шықты. Қауымдастықтың қызметіне табыс, ғұмырының ұзақ болуына тілектестіктерін білдірді. Алда не күтіп тұрғанын болжап айту пендешілік болар еді. Дегенмен, біз білмейтін қарсыластар бізге қарсы қылышын қайрап, мылтықтарын оқтап, сатқындарды баптап жатқан болатын...

Осы бір кез қарапайым халық пен білімді саналы азаматтар үшін, қазақ халқының тарихында жазылмаған және арнайы басқосуы болмаған халық емшілігінің өмірге қайта келіп, өзінің өмірлік бағдарламасын жасауы қуаныш болды. Ал, оны өркендету жолындағы іс-әрекеттері өте абыройлы болды. Бұл ұлтының тілін, дінін, дәстүрін, тылсым өнерін ұнатпайтындарды түн ұйқысынан шошытып оятып, тітіркену мен тістену кезеңін оятқан уақыт болды.

 

 

       

  

 

 

 
 
В начало