Қауымдастықты Мемлекеттік тіркеуден өткізу
Қазақстан Республикасының Заң талаптарына сәйкес республика емшілерінің Құрылтайының халық емшілерінің Ассоциациясын құру жөніндегі шешімі мен қажетті құжаттарын жинақтап 1991 жылдың соңында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің тіркеу басқармасына тапсыруға бардым. Министрліктің мамандары апарған құжаттарды тексеріп, көбін қайтадан толықтыру енгізіп жазып шығуға кеңес берді. Құжаттарды қайтадан түзеп, мінеп әрі редакциялап шығу заң талабы. Оны орындамасаң құрған қауымдастықты Әділет министрлігінің мамандары тіркеуден өткізбесі де анық еді. Бұл өте қиын болды.
Баяғы үйренген жер, сол Т. Бекеновтың кабинеті кеңсеме қайтадан айналды. Аңдығандар да, басшысы да тексеріп келгендерінен ештеңе шығара алмады. 1992 жылдың басында қайтадан Әділет министрлігінің тіркеу басқармасына қауымдастықтың құжаттарын өткіздім. Құжаттардағы азды-көпті кемшіліктерге Министрліктің мамандары көмектесіп, түзеп тіркеуге өткізуге қабылдап алды.
Сол кездегі ауыр кезеңде аталған министрліктің қоғамдық бірлестіктерді тіркеу бөлімінің басшысынан бастап мамандарына дейін, қауымдастықтың Жарғысы мен Ережесін түзетіп және оны қол машинасына басып, өздері жасағаны әлі күнге дейін көз алдымда және есімнен кетпейді. Осы мамандардың біразы бүгінге дейін сол министрлікте жауапты қызметте болса, ал кейбіреуі еңбек демалысында. Бұл адал ниетті жандарға Алла тағаланың рақымы жаусын. Жаным жай тауып, көңілім де көтеріле бастады. Ендігі арман Қауымдастықтың ҚР Әділет министрлігінен тіркеуден өткен мемлекеттік куәлігін алу еді.