Халық емшілері мектебі қалай ашылды?
Тірі адам тірлігін жасайды демекші, біз тірлігіміздің негізі болған, жаңадан заңды тіркеуден өткен, қауымдастықтың қызметі халық емшілерінің білімін жетілдіру мен білімін көтеру мектебін ашу деп шештік. Бас директор Т.Бекенов екеуміз қолда бар мәліметтер мен құжаттар негізінде емшілерді оқытудың 120 (66 сағаты теориялық ал, 54 сағаты тәжірибелік) сағаттық бағдарламасын жасадық. Бағдарламаны қауымдастықтың Жарғысы негізінде Төралқа мүшелерінің қатысуымен қарап, 1992 жылдың 25 ақпанында бекіттік.
Оқыту бағдарламасында: діни білім, ғылыми және халық медицинасы тарихы, адам анатомиясы мен физиологиясы, биоқуаттерапиясы, астрономиялық, көріпкелдік, телепатиялық, парапсихология, фитотерапия, табиғи реттеу тәсілі мамандықтары қамтылды. Алғаш Ассоциацияның мекенжайы Алматы қаласындағы Чапаев көшесіндегі №22 «Қазақстан Бүркітшілер қоғамының» ғимаратының кішкентай ғана 16 кв.м. жалданбалы бөлмесіне орналасты. Қаражат жоқ. Ары қарай не болары да белгісіз болды. Сонымен, өзім бастап сол мекеменің үлкен залында халыққа емдік сеансымды бастадым.
Жанымыздағы Фарым фабрикасында оның қызметкерлеріне жұбайым халық емшісі Түймекүл Құлмаханқызы емдік сеанс жасады. Екеуміздің тапқан табысымызды Ассоциацияның жеке есеп шотына құйдық. Емшілерді оқыту бағдарламасын үйрету үшін, мамандық түрлеріне қарай Президент З. Қожалымов, вице-президенттер А.Чокин, Т.Бекенов, Б. Айнабеков, заңгер К. Батталов және арнайы дін, фармация, т.б. мамандарды басқа ұйымдардан шақырдық. Емшілер мектебі де өз жұмысын бастады.
Алғашқы курсты 60-тан аса емші бітірді. Қауымдастықтың жаңа өмір жолы басталды. Біз қуандық. Біз білетін және білмейтін қарсыластар шыға бастады. Біздің құқылы атқаратын ісімізге сол кездегі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Емдеу басқармасының бастығы Е.М. Мусин, министрліктің жанынан құрылған «Республикалық Халық медицинасы Орталығының» (1990 жылы мамырда құрылған. РХМО) Бас дәрігері Е. Абылқасымов және олардың сатқын шабармандары қауымдастықтың басшыларына нақақтан қара күйе жаға бастады.
Заңды тіркелген қауымдастықты заңсыз, емшілерді оқытуға құқылары жоқ. Бағдарламаны біз бекітеміз деп, қоғамдық ұйымның құқын таптап, он қайнаса сорпасы қосылмайтын аталған шенеуніктер атынан әлде біреулер сол кездегі «Халық Кеңесі» т.б. газеттерге ойына келгендерін жазды. Бұларға қарсы қауымдастықтың вице-президенті, журналист Бақтыбай Айнабеков пен Бас директор, м.ғ.к., доцент Т. Бекенов т.б. халық емшілігінің жанашырлары баспасөз беттерінде жеке мақалаларын жапалақтап жауған қардай жаудырып жатты.
Біз көшті алға жылжыттық. Емшілер мектебінен екінші және үшінші толқын емшілер де білім алып үлгерген болатын. Бұл наурыз айының орта кезі еді.