Жасан Зекейұлы м.ғ.д., профессор, «Жас-Ай» медициналық орталығының Бас директоры
Алматы қаласы
Құрметті Құрылтайға жиналған қауым, құрметті Зиядан Қожалымов мырза! Сіздерді «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» РҚБ-нің құрылғанына 25 жыл толған торқалы мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Қасиетті тәуелсіздігіміздің 25 жылдық торқалы тойымен тұспа-тұс келген қауымдастықтың бұл мерекесі ең алдымен тұтас қазақ халқының ортақ қуанышы екенін айтқым келеді. Ұлтымыздың ғасырлар бойы емшілік өнерін, дәстүрлі емшілік өнерімізді бір жүйеге келтіріп, ғылыми айналымға енгізіп отырған қауымдастықтың ең әуелгі мақсаты, қасиетті парызы – ұлт денсаулығы екені баршаға аян. Қаншама ғасырлар бойы атаусыз келген, ұмытылып, түп-тамырымен жойылуға шақ қалған, көне мұраларымызды қайта жаңғыртуда академик Зиядан Қожалымовтың сіңірген еңбегі шексіз.
Ұлттық медицинамыздың тарихындағы қара үзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегін ғылыми айналымға енгізгені, Қазақстанда кеңінен таралуы, рухани тәрбие құралына айналуына Зиядан қажы Қожалымов мырза өзінің өлшеусіз үлесін қосты. Сөйтіп, мұның өзі ұлттық құндылығымыз емшілік өнерін, ғылыми медицинадан бөлек қарап, оған теріс баға бере бастаған жүйесіз көзқарасқа, теріс пікірлерге негіздемеленген нәтижелі жауап болды.
Жалпы қазақ ұлтының ғасырлар бойы денсаулығын қорғау, емдеу жолындағы сара жолы ретінде қалыптасып, дамып келе жатқан емшілік өнеріміздің болашағы хақында, оның ғылыми негіздері жөнінде көптеген құнды шығармалар жазып, ғылыми ізденістер жасап келе жатқан Қазақстанның халық емшілері қауымдастығының президенті Зиядан қажы Қожалымовқа айтар алғысымыз шексіз. Ұлттық құндылығымыздың жанашыры, жоқтаушысы ретінде жасаған әрбір сауапты еңбектеріңіз болашақ жастарымыз үшін таптырмас асыл қазына болары анық. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен қатар келген қауымдастықтың VI Құрылтайы табысты өтуіне тілектеспін. Мереке мерейлі, ұлт денсаулығы әрқашан мығым болсын!