Шипагерлік – мәдени бағдарламаның бір саласы
– дейді «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» президенті, Нострадаумс атындағы тылсым құпиялар академиясының, халықаралық экология және космоэнергетика академиясының академигі, Қазақстан Республикасының халық емшісі Зиядан қажы Қожалымов.
Сонау тоқсаныншы жылдардың басында ел арасында емші, көріпкел, құмалақшы, экстрасенс секілді ерекше қасиетке ие адамдардың қатары көбейді. Олардың адамдардың сеніміне кіргені соншалықты, басы ауырып, балтыры сыздағандар дәрігерлерді аттап өтіп, емшілерге қаралуды дәстүрге айналдыра бастады. Қазірде көп жұрт халық арасындағы сол ерекше қасиет иелеріне иек артқанды жөн көреді. Сол көптің сеніміне ие болып жүргендердің қатарында «Қазақстан халық емшілері қауымдастығына» біріккен халық шипагерлері бар дер едік. Бүгінде бұл қауымдастық екінші мүшел жасына аяқ басып, қауымдастықтың құрылғанының жиырма бес жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Біз осы ретте қауымдастықтың президенті, тек өз елімізде ғана емес, ерекше қасиетімен халықаралық деңгейде тылсым әлемнің білгірі атанып жүрген Зиядан қажы Қожалымовпен әңгімелескен едік.
– Зиядан қажы, еліміздің Тәуелсіздігімен түйдей құрдас «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» өткен өмірі жөнінде әңгімелеп берсеңіз?
– «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» 1991 жылдың 22 желтоқсанында халық емшілерінің, ғалымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен құрылған еді. Құрылды дегеніміз болмаса, оның аяғынан тік тұрып, жұмыс істеп кетуіне бірден мүмкіндігі бола қойған жоқ. Қауымдастыққа кірген әрбір емшінің бойындағы қасиеттері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, басқа да осы салаға қатысты ғалымдарының қатысуымен тексеруден өткізіліп, тіпті, екі жыл 1992-1993 жылдары жұмысымызды мүлде тоқтатып қойғандары бар. Бірақ, «аққа Құдай жақ» демекші, қауымдастықтың қызметінің адалдығы болар, бізбен қатар шыққан кейбір «шипагерлердің» аты-жөндері қазір ұмытылып та қалды, ал Құдайға шүкір, біз ширек ғасыр бойы халыққа қызмет етіп келеміз.
Қазір адамдардың көзі ашық, кез келген нәрседен хабардар, біздің қызметімізден шикілік тапқан болса, біз жиырма бес жыл бойы шипагерлік іспен айналыспаған болар едік. Қазір, қарап отырсақ, кезінде бізге қарсы шығып, қауымдастықтың жұмысына күмәнмен қараған кейбір азаматтардың өздері халық емшілігімен айналысып, ассоциация құрып жұмыс істеп жүр. Жиырма бес жыл дегеніңіз айтуға оңай болғанмен, жұмыс бабында оңай бола қойған жоқ. Бірақ, қауымдастықтың қызметін қуаттап, дем беретін ғалымдардың маман-дәрігерлердің, бұқаралық ақпарат құралдарының, ең бастысы, халықтың қолдауымен қиындықтарды жеңіп, қызметімізді жалғастырып келеміз.
– Сіз басқарып отырған қауымдастық мүшелері халық емшілігімен айналысып қана қоймай, халық медицинасын Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабын негізге ала отырып, ғылыми тұрғыда кеңінен зерттеп келеді. Енді сол жұмыстарыңызға тоқтала өтсеңіз.
– «Заманына қарай талабы» деген емес пе, кезінде халық медицинасын ескіліктің көзі, жын-шайтан араласқан тірлік деп келсе, ал қазір рухани дүниемізді зерттеп жүрген ғалымдарымыз және философтарымыз шипагерлікті «Мәдени мұраның» бір саласы ретінде, оны айрықша қасиетті өнер деп бағалап отыр. Шипагерлік өнерінің өркендеуіне, тарихына анықтамалар беруде Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегінің үлесі зор. Өтейбойдақ бабамыздың кейбір шипагерлік тәсілдерін қазір дәстүрлі медицина өкілдерінің өздері де біртіндеп қолданып келеді. «Шипагерлік баянды» ғылыми жақтан зерттеуіміз жақсы нәтижесін беріп отыр.
Қазақ халқының білімі мен ілімі сонау XV ғасырда-ақ өркендегенін ғылым жүзінде мойындаған әлемнің ғалымдары, дәрігерлері мен халық медицинасының өкілдері Өтейбойдақ бабамызға «Екінші ибн Сина» деген мәртебе беріп отыр. Халық емшілігін насихаттау мен рухани сауықтыру саласындағы қызметін жетілдіруде қауымдастық біршама шараларды жүзеге асырып, тылсым құпия сырларынан сыр шертетін 50-ден аса кітап шығарды. Облыс орталықтарында халықпен осы саланы дамыту жөнінде арнайы жиналыстар өткізіліп тұрады. Қауымдастықтың қызметіне шетелдік әріптестеріміз де қызығушылық танытып, талай шипагерлеріміз халықаралық басқосуларда өздерінің бойындағы айрықша қасиеттерін дәлелдеп, халықаралық деңгейдегі халық шипагері атағын иемденді. Қауымдастықтың қызметінің тұрақтылығына осы жылдар ішінде 1992 жылы шығарылған «Халық емі» және 2002 жылдан бері үзбей шығып келе жатқан «Шипагерлік баян» газеті мен «Шалкөде» баспасынан жарияланған еңбектеріміз де куә бола алады. 2006 жылдан ғаламторда қауымдастықтың жеке сайты ашылып, онда қауымдастық туралы толық мәліметтер беріліп тұрады.
– Емшілеріміздің халыққа көрсетіп отырған қызметінен толық хабардар дейсіз ғой.
– Қандай жұмыстың болсын, көптің көз алдында болғаны жақсы ғой.
– «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» өркендеуіне үлес қосқан ғалымдарымыз көп дедіңіз, мүмкін болса, ол кісілермен таныс болсақ.
– Қуана-қуана таныстырып өтейін. Кейінгі кезде халық медицинасы – шипагерлік өнердің тұңғыш рет ғылыми айналымға енуіне үлес қосқан ғалымдардың бірегейі деп мен философия ғылымдарының докторы, профессор Ж.Молдабековтың есімін ерекше атап өтер едім. Менің осы саладағы барлық ғылыми еңбегіме жетікшілік еткен осы Жақан Жамбылұлы. Шипагерлік саласын одан әрі дамытуға философия, медицина, психология, тарих, педагогика, т.б. ғылымдарының өкілдері, ғалым-профессорлар: Қ.Жарықбаев, А.Құлсариева, Б.Әбірова, Г.Сәрсенбекова, А.Жаханов, Т.Төлендиев Ш.Сарыбаев, С.Ғаббасов, Е.Заркешев, М.Мырзахметұлы, Т.Құлмаханов, Т.Жанақұлов, О.Қауғабай, Ә.Тарақов, Ж.Әлдибеков, С.Құрбанқожа, З.Жандарбек, А.Шаяхмет, А.Өмешұлы, А.Сбанбаев, Ж.Зекейұлы, Ө.Мырзағалиұлы, марқұмдар Т.Бекенов, Төтенайдың Базарбегі мен Жандарбектің Ермаханы, т.б. ғалымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қауымдастықтың қызметінің өркендеуіне қосқан үлестері зор. Біздің қауымдастықтың жиырма бес жылдық тарихында осы аты аталған ғалымдардың есімдері алтын әріппен жазылады және шипагерлеріміздің еңбегіне ғылыми баға беріп, оларға бағыт-бағдар беріп келе жатқан сол ғалымдарымызға алғысымыз шексіз.
– Сайттарыңызды ақтарып отырсақ, «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» Елбасының «Алғыс хатына» ие болыпты.
– Бұл біздің қызметімізге берілген ең үлкен баға , әрі жоғарғы марапаттардың бірі деп бағалаймын. Адал еңбек қашанда өз бағасын алады. Жиырма бес жыл ішінде қауымдастыққа мүше болған емшілеріміздің көмегімен талай адам денсаулығының жақсарып, адасқандар тура жолын тауып, өз қатарына қосылды десеңізші. Қаншама тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарға демеу болдық. Жылағанды жұбатып, мұнайғанға қуаныш сыйлай білдік. Ол еңбектеріміз зая кеткен жоқ, ең алдымен, көптің алғысына бөленсек, одан кейінгі кезекте қоғамнан өзімізге бағамызды алдық.
Қауымдастық 2011 жылдан бастап Біріккен Ұлттар ұйымының Денсаулық сақтау департаментіне тіркеуге алынды. Менің бес кітабым (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде) осы департаменттің қорына қабылданды. Қауымдастық қызметінің 2013-2015 жылдарында жоғары көрсеткішке жеткені үшін, халықаралық рейтинг одағының «Қазақстан данқы» мен «Экономика мақтанышы» ордендерімен 4 мүшесі, ал 45 емші «Жылдың үздік маманы» Ұлттық сертификатына ие болып, қауымдастық алтын жалатқан қабырға медалімен және Ұлттық сертификатымен марапатталды. Халықаралық марапаттарға ие болғандар да аз емес.
– Халықаралық марапаттар деп қалдыңыз ғой, демек, шетелдік әріптестеріңізбен де тығыз байланыстарыңыз бар болып тұр ғой.
– Әлбетте, «бармасаң, келмесең, жат боласың» демекші, емшілік, көріпкелдік қасиеттері ғылыми тұрғыда дәлелденіп, зерттеліп отырғандықтан, бұл салаға енгізіліп отырған жаңалықтар, пайда болып отырған жаңа көзқарастар көп болғандықтан, біз оны тек өз ортамызда ғана зерттеп қоймай, әлемдік деңгейдегі зерттеулерге де ат салысып келеміз. АҚШ, Ресей, Венгрия, Қытай, Австрия, Италия, Англия және басқа да алыс-жақын шет елдердегі мамандармен тығыз қарым-қатынас орнатқанбыз. Бүгінде қауымдастықтың 14 облыста, Астана мен Түркістан қаласында бөлімшелері жұмыс істейді. Бес мың мүшесі бар. Емшілер мектебі тұрақты жұмыс істейді.
Қауымдастықтың ұйымдастырумен 2004-2015 жылдар аралығында халық емшілігі туралы әр түрлі тақырыптарда халықаралық конгрестер, форумдар және конференциялар өткізіліп, халық емшілігінің қажеттілігі мен өткені, бүгіні және болашағы жөнінде арнайы ғылыми теориялық-тәжирбелік жинақтар шығарылды. менің көп жылғы тәжірибемнен түйгенім, біреуге ор қазбай, адал еңбек етсең, мақсатына жетесің. Халықтан өз бағасын алып, көптің сеніміне ие болған, ынтымағы мен бірлігі жарасқан, көп ұлтты ұйымдардың бірі. Өйткені, өнердің ұлт тандамайтыны сияқты емшілік, шипагерлік қасиет те ұлт тандамайтындықтан, бізде әр ұлттан шыққан емшілер көп.
– Зиядан қажы, Елбасының алғысына бөленген қауымдастығыңыздың еңбегі жанып, халық медицинасы да дәстүрлі медицинамызбен иықтаса дами берсін дегіміз келеді.
– Ықыласыңызға рақмет.
Әңгімелескен – Нұржан Қоңыр
«Алматы ақшамы» газеті, №89 (5282) 28 шілде 2016 жыл