ІІІ ТАРАУ - ӨЛМЕЙТІН МҰРА

 

 

главная                                         вернуться

 

 

ҚАЗАҚТЫҢ ХАЛЫҚ ЕМІ – ҰЛТТЫҚ ШИПАГЕРЛІК ДӘСТҮРДІҢ ТҮПҚАЗЫҒЫ

Сұхбаттасқан – Арай Сахариева

Зиядан қажы ҚОЖАЛЫМОВ, «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті:

Негізі шариғат жолымен дұға арқылы емдеу, тіл-көзден ұшықтау, отпен аластау, булау, алақанмен уқалау, сынық салу, хиджама жасау, ине арқылы белсенді нүктелерді тітіркендіру әдістерін санамалар болсақ, бұлардың бәрі сонау заманнан бері тәжірибе арқылы дамып-жетіліп, нәтижесін беріп келе жатқан халықтық емдеу мектебінің өміршең үлгілері.

Соғыстан кейінгі жылдары елімізде көзі қарақты зиялы қауым тарапынан халықтық емнің мәртебесін сіңіруге бағытталған шаралардың бірі – 1962 жылы министр С.Қарынбаевтың бастамасымен Алматыда өткен халық медицинасының І дүниежүзілік конгресі. Өкініштісі сол, Қарынбаевтай қарымды азаматтардың көзі кеткеннен кейін халықтық емдеу жүйесі үкіметке де, дәстүрлі медицинаға да қажет болмай қалды. Тек еліміз тәуелсіздікке бет бұрған 1990 жылы елімізде тұңғыш рет Денсаулық сақтау министрлігі жанынан жұмыс істейтін Республикалық халықтық емдеу орталығы ашылды. Бұл да – баламалы медицина жолының даңғыл болуына жасалған бір мүмкіндік. Алайда ол кездері шипагерлердің емдеу жүйесіне емші түгілі, Аллаға сенбейтін түрлі кәсіп иелері баға беретін болды да, көп ұзамай емшілер «емдеуден еш хабары жоқ» деген айыппен орталықтан аластатыла бастады. Осылайша, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанынан ашылған, түрлі сала мамандары басқарған халық медицинасы орталығы 20 жылға жетпей жұмыс істеді де, артынша жабылып қалды. Еліміз егемендік алып, емшілерге де еркіндік берілген тұста, өз қабілеті мен мүмкіндігіне сенетін жандарға арналып ашылған «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұстанған жолы олармен мүлдем тоғыспайды. 1992 жылдың 22 қаңтарында ресми тіркеліп, куәлігін алған бірлестіктің құрылғанына биыл – 25 жыл. Біз мерейтой қарсаңында осы қауымдастықтың төрағасы ҚР Құрметті халық емшісі, халықаралық дәрежедегі парапсихолог Зиядан Қожалымовпен жолығып, аз-кем тілдескен едік.

– Зиядан қажы, қауымдастықтың екі мүшел ғұмыры – 25 жыл аз уақыт емес. Осы мерзім аралығында еліміздегі халық емі жүйесі өз бағытын нақты айқындай алды ма?

– Бүгінгі таңда біздің ұйымда еліміз бойынша 5000-нан астам мүше бар. Алайда жарғылық негізде жұмыс істейтін бұл ұйымның Алматыдағы орталығында 1200 адам тіркелсе, олардың қазірде бізбен үнемі байланыста жүргені 600 адамнан аспайды. 20 жыл бойы емші-тәуіптер халық емшілері орталығында сынақтан өткізіліп, лицензия беріліп келді. Соңғы жылдары бұл лицензияға ҚР заңдары негізінде бірқатар өзгерістер енгізілді.

Мәселен, соның бірі – 2012 жылы 10 шілдеде ҚР Денсаулық сақтау заңының 54-бабының 4-тармағына сәйкес, «емшілер жарты жыл бойы медициналық мекемеден тексеруден өтуі тиіс» деген қаулы алынып тасталды. Содан бері біздің бірлестіктің әр облыстағы бөлімшелері өз емшісіне өзі жауап беретін болды. Енді біздегі шипагерлердің емдеу әдіс-тәсілдерінде анағұрлым алға жылжушылық бар екенін айта аламын. Біздің орталықта еңбектенетін қасиет иелері науқасқа Құран сүрелері арқылы үшкіру мен немесе тіл-көз тию мен дуаның құрсауына шырмалған жандардың тәнін аластаумен ғана шектелмейді. Олар ота жасауды қажет ететін небір күрделі дерттің алдын алуда, тері, сал аурулары мен жүйке жүйесі қалыпты емес жандарды қатарға қосуда, ішімдікке салынғандар мен есірткіге еліткендерді емдеп, айықтыруда жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Бүгінде емшілер отандық дәрігерлер пышақ арқылы жүзеге асыратын күрделі отаны скальпельсіз, науқастың астралдық денесіне ену арқылы энергетикалық әдіспен сылып тастайтын деңгейге жетті. Сырқаттың жан әлемін мазалаған тұқымқуалаушылық сабақтастығы тізбегінде қордаланып, күрмеуі шешілмей қалған қарғыс түйінінен туындаған психосоматикалық ауруларды емдеуде әріптестеріміз филиппиндік хиллерлер мен тибеттік емшілерден қалыс қалмайды. Әр емшінің емдеу тәсілі бір-бірін қайталамайды және ол сонысымен де құнды.

– Елімізде халық еміне деген сұраныс қандай? Халық медицинасының озық үлгілері бүгінгі таңда дәстүрлі медицинамен бәсекеге түсуге қабілетті ме?

– Бүгінгі күні баламалы медицина Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде кең қанат жайып отыр. Қазіргі уақытта емдеудің бұл түріне Азия мемлекеттері тұрғындардың 75 пайызы жүгінеді. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, халық медицинасына сұраныс біздің елде ғана емес, аса дамыған Еуропа елдерінде екі есе арта түскен. Бүкіл әлем халықтарының 65 пайызы түрлі сырқаттарының дауасын осы халықтық емнен тапқан. Халық медицинасына жүгінетіндер санының жылдан-жылға артуының себебін зерттеушілер шипагерлік өнердің шыңдала түсуімен және оның қауіпсіздігімен байланыстырады. Емшілер пайдаланатын дәрумендер экологиялық жағынан таза, сапалы өнім болуымен бірге ағзаға дәрілер құрамындағы химикаттар секілді зиян келтірмейтіндігімен ерекшеленеді. Айталық, дәрілік өсімдіктерден тұнба жасау, омыртқа, сегізкөзге жиналған тұзды еріту мен белдің құяңын тарқату үшін қайың, самырсын суына булау, денеге түскен жаралардағы іріңді тарту үшін мал терісін пайдалану, энергия көздерінің бітеуін ашу үшін қолмен сылау тәсілдері сан жылғы тәжірибе жүзінде мойындалып, оң нәтижелерін берген методикалар. Сүйегі сынған адамның жарықшақтанған жерлерін қалпына келтіру үшін де көбінесе кәнігі сынықшылар жылқының майын жағып, сылап барып, орнына салады. Халықтық емнің дәстүрлі медицинадан бір ғана айырмашылығы – жұқпалы дерттерге екпе жасап, пышақпен ота жасамайды, басқа жағынан одан қалыс қалып жатыр деп айта алмаймын.

– Дәріптеуге тұрарлық дәстүрі бар халық емінің жылдар бойы қағажу көріп, ғылымнан шеттетілуінің басты себебі неде?

– Кеңестік идеологияның қылышынан қан тамып тұрған сәтте де орайын тауып халық емінің нұсқаларын дәстүрлі еммен қатар қолданған дәрігерлер болған. Соның бірі – медицина ғылымдарының докторы Естөре Оразақов. Ұлы Отан соғысы кезінде осы Естөре ағамыз Алатаудың бөктерінде әскерлерді халықтық еммен сауықтырды. «Қазақ халық медицинасы» деген еңбегінде: «Мынау солақай саясаттың салдарынан халық емі құлашын кең жая алмады-ау, өзінің ғылыми арнасын таба алмады-ау», – деп ашына жазды. КСРО-ның ең соңғы Денсаулық сақтау министрі Б.Петровскийге сол кездегі одақтас елдер арасында халық медицинасының атасы деп танылған Я.Гальперин: «Халық медицинасынан неге ғылыми диссертация қорғамасқа?», – деп сауал тастағанда, шенеунік бұл ұсынысты өз мансабы үшін жоғарғы жаққа жеткізе алмайтынын өкінішпен айта отырып, «халық медицинасы нағыз зерттеу нысанасы болуға лайықты сала, бірақ мұны мен бақилық болғаннан соң тек бір ғасырдан кейін жүзеге асыр» деген екен. Дәл осы сауалға Кремльдегілердің бәрінің «жаназасын шығарған» дәрігер-академик Чазов та «баламалы медицина бағалауға тұрарлық, десек те оны «ғылым» атты өрісті өткелге мені жерлеп келгеннен кейін ғана өткізулеріңді сұраймын» депті. Мұның бәрі өз заманының саясатынан аса алмаса да, сөзі – дуа, емі – дауа емшілер еңбегінің елеулі екендіктерін мойындап, оны ғылыми айналымға енгізудің дұрыстығын айтып кеткен медицинаның озық ойлы ғалым мамандарының пікірі. Шынында да, кешегі кеңес заманындағы емдеу жүйесінің төменгі институттарын алып қарайықшы, көршілес жатқан қырғыздардың да, түркімендердің де халық емшілігінің мұрты бұзылмаған. XIV ғасырдан бергі мұрағаттарды тексерсек, аса бай рухани ілімдерге негізделген қазақтың халықтық емдеу мектебінің нұқсалары бірде-бір жерде кездеспейді. Мұның бәрі біздің еліміздегі баламалы медицинаға теріс көзқарастың қалыптасуынан туындаған келеңсіздіктер.

– Өзіңіз жинақтаған Ө. Тілеуқабылұлы мұраларын қазақ халық емінің әу баста қаланған іргетасы деуге негіз бар ма?

– Ұлттық шипагерлік мұраларының көзден таса болуы, менің қазақ даласындағы халық емін дәстүрлі медицинаның ұтымды тұстарымен орайластырып, шипагерліктің 3 шыңы мен 12 кезеңін және 6 сатысын жасаған дала ғұламасы Өтейбойдақ мұраларын зерттеуіме түрткі болды. Ғылым-білімнің әлі де кенже қалған тұсында XV ғасырда дәстүрлі емді қолданушы әрі зерттеуші ретінде Ө.Тілеуқабылұлы бес мың беттен тұратын «Шипагерлік баян» атты қолжазба еңбегін жазып, ұрпаққа аманат етіп қалдырғанымен, бізге оның тоз-тоз болып жеткені, небәрі 1095 бет қана. Үсігенді тірілтіп, суға батқанға жан бітіретін, шиқанға қарсы егетін бірегей дәрумен ойлап тауып, оны әуелі өзіне қолданып, өзін-өзі «жеке ғылыми зертханасының» тірі жәндігіне айналдырған бабамыз әз Жәнібектің оң қолы болған атақты уәзірі Жиренше шешенді емдеп, ажал аузынан алып қалмағанда, бұл еңбек жарыққа шықпас па еді, кім білсін? Ойы озық, санасы сергек, сөзі түзу Жиреншенің Өтебойдақты ханмен таныстыруы, 1467–1474 жылдар аралығында ханның «Ақ ордасында» отырып, оның жетпіс сегіз жасқа таяған шағында, осы еңбекті жазуы, бабамызға Жаратқанның өзі берген бір мүмкіндік болғаны рас. Бұл еңбекте ол, адам баласының бойындағы дерттің пайда болу себептері, қайғы-қасіреттен, жоқшылық тан, көреалмаушылықтан, ағза биоқуатының ауытқуынан, сиқыр мен дуадан, тіл-көз бен қарғыстан деп, сипаттай келе, оны шариғат жолымен, Құран сүрелерімен, дәрілік өсімдіктермен емдеудің түрлі тәсілдерін түсіндіреді. Жеке тәжірибесінде емші 758 дәрілік шөптен, 318 жан-жануар мүшесі мен 60-қа жуық металлоид құрамынан 1050 түрлі дәрі-дәрмек жасаудың қыр-сырын меңгеріп, оның 4577 рецептісін ұсынған. Кітапта ол имандылық негіздерінің дәстүрлі медицинамен астасып жатқан тұстарын егжей-тегжейлі баяндап, аспан денелері мен жантану ілімінің жан иесіне қатысты жақтарының Құранның құпия иірімдермен ұштасатынын зерделей отырып, оны емдеу жүйесіне енгізуге болатынын жеткізген. Мұның бәрі Ө.Тілеуқабылұлының жеке ізденісі аясында қағазға түсіріліп, небір қилы кезеңде қолдан-қолға тиіп, там-тұмдап болса да бізге жеткен, қазіргі қолданыстағы қазақ халық емінің әу баста қаланған іргетасы. Баламалы медицинаның ғылымда орны бар екенін дәлелдеу мақсатында осы еңбекті басшылыққа ала отырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының жетекшілігімен «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты ғылыми-монографиялық еңбек жазып шықтым. Бүгінгі күні бұл еліміздегі ғалымдардың, емшілер мен парапсихологтардың, астролог, теолог-ғалымдардың танымына тірек, іс-тәжірибелеріне арқау болатын еңбек болып отыр.

– Сіздіңше, дәстүрлі медицина мен халық емін бір арнаға тоғыстырудың жолдары қандай?

– Халықтық емдеу жүйесіне үкімет тарапынан жасалған қамқорлық, қолдау ресми медицинадағыдай емес. Емшілер емдеуге арнайы сертификат алғанымен, үкіметтен жалақы алмайды. Әрқайсысы өздері ашқан немесе жалға алған орындарда отырып, адам қабылдап, күнделікті нәпақасын табады. Емшілердің дәрігерлермен теңестірілмеуінің басты себебі, бүгінгі қоғамда әлі де болса, адам санасындағы имандылықтың таяздығы, олардың миссиясына күдік-күмәннің сейілмей отырғандығы. Дәрігерлердің ішінде де дарындылары мен орта деңгейдегі мамандар болатыны белгілі. Кейбір жағдайларда психосоматикалық аурулар мен тіл-көзге ұшыраған сырқаттарды емдеуде дәрігерлердің қолынан келмейтін шаруа қасиет иелерінің еншісіне тиесілі екенін естен шығармауымыз керек. Өркениетті елдерде баламалы медицина әлдеқашан дәстүрлі емдеу жүйесінің теориялық, іс-тәжірибелік айналымдарына енгізілген. Емшілер мен ғалым-дәрігерлердің «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» еңбектенуі өлім мен өмір арасындағы науқастардың «екінші демінің» ашылуына негіз болуда. Алысқа бармай-ақ, Аспан асты елі – Қытайды алайық. Оларда емшілік, емдеу жүйесінің негізгі бөлігіне кіреді және науқастың қандай да бір сырқатын анықтауда дәрігер мен емші бірлесіп жұмыс істейді. Басқаны айтпағанда, адамның физикалық денесі тек тәннен ғана тұрмайды, оны жаны толықтырады. Сондықтан да ол – біртұтас ағза. Әсіресе, осы адам жанының дауасын іздеуде ақ халаттылар дәрменсіз екенін атап өткім келеді. Тағы бір айтқым келгені, сынықшылық – айрықша өнер. Неге қазіргі кәсіби травматологтарға қазақтың ежелгі сынықшылық мектебін жетік меңгерген оташылардан сабақ алмасқа? Айналып келгенде, бұл екеуі де адам тәні мен жанының саулығы үшін қызмет етеді. Ендеше, емші мен дәрігердің бір-бірін жатсынбай, қоян-қолтық еңбектеніп, бір-бірін толықтыруы, отандық емдеу мектептерінің іргетасының одан ары қатайып, беки түсуіне негіз болмақ.

– Әңгімеңізге рақмет!

«Айқын» газеті, №10(3082)

24 қаңтар, 2017 сейсенбі

 
 
В начало