Ширек ғасырлық аманат орындалды
З.Қожалымов – Қауымдастықтың президенті, академик
Қазақ халқы ежелден текті, мейірманды адал жүректі және киелі халық. Ешкімнің барына жаманшылық жасамаған және тек ғана бойында қайырымдылықтың құндылығы мәңгі жалғасып келе жатқан халықтың біз ұрпағымыз. Осыған қуанамыз әрі мақтанамыз. Тылсым дүние сырларының (бақсылық, емшілік, балгерлік, көріпкелдік, жұлдызнамалық, болжампаздық, телепатиялық т.б.) терең құпияларын меңгерген бабаларымыз аз болған жоқ. Бұл ел тарихында да айқындалса және ауыз әдебиеті бойынша да ғаламат иелері туралы өте көп деректер сақталған. Бүгінгі емші, балгер, бақсылар т.б. осы жоғарыдағы киелі бабалардың ұлы қасиетін жалғастырушы ұрпақтары. Әлем елі бойынша кейбір статистикалық ғылыми дәлелдемелер негізіне сүйенсек, біздің халықтың киелілерінің тылсым құпия сырларының ерекшеліктері өте жоғары бағаланады. Бір-ақ, Кеңестік кері саясаттың әсері қазақтың бұл ұлы қасиеттері жөнінде ешқандай медициналық оқулықтар мен баспасөз беттерінде жазбады. Айтуға шектеу қойылды. Осының нәтижесінде біздің бір облысымыздың халқындай ғана халқы бар Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан т.б. халықтардың емшілік жүйесі Кеңес дәуірі тарихына енсе, ал қазақ халқы киесіз, сезімталдығы жоқ, тылсым құпия сырларынан хабарсыз халық ретінде саналды. Еліміздің тәуелсіздігінен кейін киелі жандардың ұрпақтары өздерінің бойындағы құпияларын ашып, халықтың денсаулығын жақсарту мен рухани байлығын арттыруда қызмет ете бастады. Бірақ, әр жерден шыққан емшілердің басын біріктіретін бір ұлттық ұйымның қажеттігі айқындала түсті. Осындай қажеттілікті жүзеге асыруда осыдан ширек ғасыр бұрын құрылған “Қазақстан халық емшілері қауымдастығы” Республикалық қоғамдық бірлестігі өзінің өткен тарихында көрнекті әрі өте жоғары қызметімен халық емшілігі саласын өркендетуде зор үлес қосып келеді. Аталған қауымдастықтың басшысы мен ғалымдары ғылымға қосылмаған қазақтың халық емшілігінің ғылыми негізін жасады. Қазақ ғылымында халық емшілігі өзінің орнын тапты. XV ғасырда өмір сүрген қазақтың ғұлама ғалым шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” атты медициналық-энциклопедиялық ғылыми монографиялық еңбегі қазақ ғылымының ғана емес, әлем ғылымы алдында үлкен абыройға ие болды. Еңбек зерттелді. Бабамыз “Екінші Ибн Сина” атанды. Бұл көшпенді халықтың ғылымының іліми негізі осыдан бес ғасырдан астам уақыт бұрын негізі қаланғандығы және Өтейбойдақ бабамыз дәстүрлі емес халық емшілігін дәстүрліге және дәстүрліні осы заманғы ғылыми медицинаға дейін негізін қалады. Ғұламаның еңбегіндегі ұлттық философиялық және психологиялық талдамалары осы заманғы ғылыми медицинаның тұжырымдамаларына сәйкес келуі ұлттық мақтанышымыз. Қауымдастық ширек ғасырда өте қиын белестерден өтті. Неше мыңдаған қарсыластарына адамгершілікпен қарап, байсалдылықты басшылыққа алып, қайсарлықпен жігерлене отырып өзінің ізгі армандарына жетті. Халық пен емшілер және жақтаушы ғалымдар қуанды. Қауымдастықты жоюға жиырма жылдан астам уақыт әрекет еткендер бастары салбырап, өкініштері өзектерін өртеп бұл күнде өздерімен өздері күңіреніп өмір сүруде.
Қазақ халқының Кеңес заманындағы медицина ғылымдарының докторлары, профессорлар С.Қарынбаев пен Е.Оразақовтың халық емшілігін ғылымға енгізе алмадық деген армандары да орындалды. Өте қиын кезеңдерде бастарына қиыншылық келген қауымдастық ұжымы шілде айының соңында өзінің 25 жылдық торқалы мерекесін Халықаралық деңгейде 400-ге жуық емшілер мен меймандардың қатысуымен атап өтуі, халық емшілігіне жанашырлар мен ғалымдарды қуанышқа бөледі. Емшілердің еңсесі көтерілді. Емшілер еркіндік бостандығында қызметін жалғастыру құқығына ие болды.
Қауымдастықтың қызметін үгіттеу мен насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдары өздерінің көмегін аяған жоқ. Әсіресе, “Қазақстан-Заман”, “Айқын”, “Егемен Қазақстан”, “Президент және халық”, “Алматы ақшамы”, “Тамаша”, “Ақбаян”, “Жас Алаш”, “Ана тілі” т.б. газеттерімен “Хабар”, “Қазақстан-1”, “СТВ” телеарналарымен олардың облыстық бөлімшелерінің көрсеткен көмектеріне қауымдастықтың Төралқасы атынан рахметімізді айтамыз. Алматыда Ұлттық Ғылым академиясының “Ғылым ордасы” ғимаратында өткен қауымдастықтың 25 жылдық торқалы мерекесінің Құрылтай жиналысының қаулысы алдағы қауымдастықтың қызметінің бағыт-бағдарламаларына жаңа міндеттерді жүктеді. Қауымдастықтың алдағы іс жоспары халықтық шипагерліктің ғылыми негізін дамыта отырып, ұлттық шипагерліктің философиялық және психологиялық ой-талғамдарын өркендету жолына арнала бермек. Алғашқы қадамның аманаты сәтті орындалып аяқталғанына жаратушы Алла тағаламызға мың да бір шүкір дейміз. Ақ ниеттілер көбейіп, қара ниеттілер қатары азая берсін. Ұлттық шипагерліктің даңқы әлемдік деңгейде көріне берсін деген тілектер қабыл болсын!
«Шипагерлік баян” газеті, № 9, 2016 жыл