ІІІ ТАРАУ - ӨЛМЕЙТІН МҰРА

 

 

главная                                         вернуться

 

 

ХАЛЫҚТЫҚ ШИПАГЕРЛІК ДӘСТҮРІНІҢ БОЛАШАҒЫ

З.Қожалымов – профессор, Өтейбойдақтанушы-ғалым

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2030» бағдарламасында еліміздегі азаматтардың денсаулығын сақтау проблемасында «Мәдени мұра» бағдарламасының бір саласында шипагерлік өнері де қамтылған. Халықтық шипагерлік дәстүрі ұлттық мәдениеттанудың бір саласына жатады деуге толық негіз бар. Шипагерлер емнің негізін қалаушы, адамның тәні мен жанының бақылаушысы, халықтық мәдениеттің, дәстүрлі шипалы өнердің, этика мен эстетиканың қалыптасуына ықпал етушілердің бірегейі болып саналады.

Халық шипагерлігі тарихы б.д.д. басталып, адамзаттың өмірімен бірге жалғаса, қатарласа өзінің шипалық қасиетімен ерекшеленіп келеді. Кез-келген нәрсенің тарихы себеп-салдарсыз тумайды. Әлі күнге дейін тарихы жазылмаған, зерттелмеген, бір жүйеге түсірілмеген ұлттық мәдениеттің дәстүрлік өнеріне халықтық шипагерлік те жатады.

Шипагерлік – ол халықтық дүниетанымның, ақыл-ой даналығының, денсаулықты қорғау мен емдеудің және мәдени дәстүрлік өнерінің негізгі басты тірегі. Ол рухани тәрбиенің, шипалы емнің, адамдар арасындағы өзара дұрыс қатынастың, терең танымдық білімнің, адамгершіліктің, қайырымдылықтың қалыптасуына ұйтқы болатын кеңесуші, денсаулықты сақтауға, қорғауға бағыт беретін мәдени ортасы. Қазақ ұлты мәдениетінің дәстүрлі саласы «Халықтық шипагерлікті» мәдениеттану және тарих тұрғысынан талдау өте құнды. Халқымыздың шипагерлік дәстүрінің қалыптасқан жүйелерінің тарихта алатын орны мен атқаратын құнды рөлі айқындалып келеді.

Халық шипагерлігі өзінің жеке тарихы бар халықтың ұлт мәдениетінің дәстүрлі өнері екеніне ХV ғасырда ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы анықтама берген. Қазақтың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өзінен бұрынғы ғұламалар Әл-Фараби, Баласағұни т.б. ізгі мақсаттары мен ниеттері бір екендігін ұлттық философиялық және психологиялық танымда мәдениетті, сауатты түрде баяндайды. Бұл сыйластық пен мойындауы бар шындыққа ұласады. Шипагерліктің өзіндік емдік мәдениеті мен емдеу әдіс-амалдары қалыптасқан. Шипагер Өтейбойдақтың «Шипагерлік баянын» әлемдік ғалымдардың медициналық жаңалықтарынан да бұрын жазылғанын аңғаруға болады. Мәселен, әлемдік тіршіліктегі материалды алмасу мен дамуын Ф. Энгельстің «Анти-Дюрингте» /1870/ жазылды деп келсе, қазақ шипагері Өтейбойдақ өзінің еңбегінде сау адам өзінің денесіндегі он түрлі ыстық-суық, кебір-суық, сіңірім-шығарым, қатаң-босаң, ояу-тынығу сияқты он түрлі материалдық қозғалыстың бірлігі нәтижесінде құрылып: кеңістік, тұрақ, жарық, қараңғы, ыстық, суық алты тұғырға тұрақтанады. Олар іркіліссіз, толассыз, шашаусыз кезектесіп бір-біріне орын беріп, бірін-бірі айналып отырады деуі оның тіршіліктің материалдық ұғымына Ф. Энгельстен 400 жылдай бұрын өз ұғымымен тұжырым жасағанын білдіреді. Сондай-ақ, шипагер Өтейбойдақ «шешекке» вакцина егуді ағылшын шипагері Эдуард Женнерден /1796/ 360 жылдай бұрын қолданғаны және дүниежүзілік ғылымда адамның қан айналымы, жүрек пен ми қызметтеріне тұжырымдамаларды Да Винчи, В. Гарвей, Галилей ашты деп келсе, ал қазақ шипагері олардан бір ғасырға жуық бұрын далалық зертханасынан тәжірибеден өткізгені шипагердің еңбегінде баяндалады. Адамның биоқуатының ауытқуын теңшеу үшін, кейбір сырқат жандарды суық суға жатқызып емдеу тәсілін Ө. Тілеуқабылұлы, бүгінде кең өріс алған П. Иванов әдісінен бес ғасыр бұрын емдік жүйеге енгізгені шипагердің еңбегінде баяндалады. Ғұлама шипагердің бұл жетістігінен қазақтың шипагерлік мәдениеті мен оның тарихының ұзақтығы мен ғылыми даму жолының өркендеуін аңғаруға толық негіз бар деуге болады.

Қазіргі мәдениеттанудың өзекті мәселесі – халықтық шипагерлік тарихы алғашқы рет қазақ мәдениеті контекстінде қарастырылып, қазақ дүниетаным үрдістерінде тек шипалық үлгі ретінде қолданылмай, одан этномәдени қисын іздестіріліп, емдеудің жоғарғы өнері – шипагерлік туралы түсінікті байытуда. Шипагерліктің ұлттық негізінде халықтық емдіктің қалыптасу кезеңдері мен түрлері (емші, бақсы, балгер, болжаушы, жауырыншы, жұлдызшы, құмалақшы, тамыршы, сынықшы т.б.) тылсым құпияларына талдау берілуде.

Кеңес заманында қазақ халқының емшілік жүйесін арнайы медициналық оқулықтар мен анықтамаларға енгізбеді. Ұлттық шипагерлік жүйесінің, дүниетанулық қалыптасу заңдарын, ерекшеліктерін анықтауда, оларды түсіндіруде көтерілген мәселелердің өзіндік қосар үлесі мол. Біздің ғылыми зерттеуіміздің барысында алынған ғылыми нәтижелер мен тұжырымдар осы тың тақырыпқа қатысты болашақ зерттеулер үшін әдістемелік негіз бола алады. Сондай-ақ оларды философия тарихы мен мәдениеттануға қатысты оқу орындарында қосымша және арнаулы оқу орындары мен емшілердің білімін көтеру мен жетілдіру курстарында негізгі оқу құралы ретінде пайдалануға ұсынылды.

Қазақ елінде ұлттық тілді, мәдениетті, тарихты, дәстүрлі өнерлерді дамытуға, тарихын қалпына келтіруге барынша қолдау жасалуда. Әр халықтың өзіндік ерекшелігіне сай, қазақ халқының да өзіндік мәдениеті, тәрбиелік ортасы, әділ қазылық заңы, дамып отырған өнері, тарихы, әдебиеті, ілімі, ой-пікірі, философиялық талғамдағы шешімі, халықтың денсаулығын қорғау мен жақсартудың шипагерлік емдік дәстүрі болды. Осы мұралардың көбінена анықтамалар беруде, зерттеуде қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» алда келеді.

Ұлттық намыс, киелі тектік қасиеттің құпиясы қауымдастықтың емшілерінің жігеріне – жігер, қайратына – қайрат қосып, ұлттық тектік қасиеттік намысын оята түсті. Қазақ халқының “Сегіз қырлы, бір сырлы” қасиетінің ояну кезеңіне ел тәуелсіздігі мүмкіндік берді. Халқымыздың халықтық шипагерліктің өркендеуіне мүмкіндік жасалып жатқан уақытта оның ғылыми және мәдени емдік жүйесі саласын дамытуға әрбір зерттеуші ғалымдар мен жеке емшілер өз үлестерін қосады деп сенім білдіруге болады. Бұл мақсат пен бағыт алға қарай ұлт пен болашақ ұрпақ үшін өз қанатын кеңінен жая бермек.

«Шипагерлік баян” газеті, № 10, 2016 жыл

 

 
 
В начало