ІІІ ТАРАУ - ӨЛМЕЙТІН МҰРА

 

 

главная                                         вернуться

 

 

ШИПАГЕРЛІК ТЕ – МӘДЕНИ МҰРА САЛАСЫ

З.Қожалымов – профессор, Өтейбойдақтанушы-ғалым

Қазақтың халықтық шипагерлігі тарихының тамыры біздің жаңа дәуірімізден арырақ басталады. Оның өзіндік ерекшеліктері, ұлттық формасы қалыптасқан. Оның жинақталған жүйесі, тарихи анықтамалық еңбектер болмауынан ғылыми зерттеу мен талдауға енбеді. Сондықтан да, халықтық қарапайым шипагерлік өнерінің емдік халықтық сипаты мен оның түрлері алғаш рулық тайпалық сипатта дами бастады. Кейін бірыңғай ұлттық қалыптасу дәуірінен кейін бір ұлттық түрде дамып және өркендеп келеді.

Халықтық шипагерлік дәстүрлері мен бақсылық өнері жөніндегі алғашқы анықтамаларды қазақ даласын кезген басқа елдердің саяхатшылары мен зерттеушілері және қазақ ғалымы Ш.Уәлихановтың қолжазбаларынан байқауға болады. Бұл мәліметтер бүтіндей бір қазақ ұлтының шипагерлік дәстүрі туралы сұраныстарды толық қанағаттандыра алмайды. Қазақтың халықтық шипагерлерінің көрегендігі мен білімділігі, жинақтылығы мен іздемпаздығы ұлттың көшпелі өмірімен де байланысты болды. Олар табиғаттың құбылыстық өзгерістерінің адам денсаулығына өзгеріс әкелетініне ерекше бақылау жасай білді. Жылдық төрт мезгілдік өзгерістерін, жыл он екі айдың құбылымдық әрекеттерін, аспан әлеміндегі жұлдыздық айналымды нақты болжай білуінің шеберлігінің нәтижесінде денсаулыққа зиянды жақтарын бақылады, халыққа ескертті, сырқатты емдеп жазу жолдарын қарастырды. Бұл жөніндегі нақты мәліметтерді анықтадық, зерттедік, ғылыми тұжырым жасадық.

Қазақтың шипагерлері сырқат адамның ауруының пайда болу себептері мен сыртқы түрін анықтау, шипалық ем қолдану әдіс – тәсілдерінде ұлттық мәдени стилді сақтай отырып, психологиялық және философиялық ой-талғамдары арқылы жүзеге асыруға әрекет етті. Қазақтың шипагерлік емінің мәдениеті мен дәстүрлерін халқының ұрпағына жеткізу, оның азаматтарының дендері сау болуына, өсіп-өркендеуіне тигізер пайдасын зерттеу қажеттілігі, ғылымның жаңа бірқырынан танылғандығы – халық шипагерлігі болашағына жаңа жол ашады. Өміршең елдің ұрпағының намысшыл, еңбекқор болуы, оның ұлтының мәдени салаларының тарихының таза болуы мен дәстүрлерінің өркендеуіне демеу болады. Ал, тарихы жазылмаған халық шипагерлігі күрделі зерделеу мен зерттеуді асыға күтуде. Халық емшілігінің өрлеу кезеңдері жазба деректердің жоқтығынан әлі зерттеліп біткен жоқ. Қазақтың халық емінің де тамыры көне дәуірден ғасырлар бойы жоғалмай келе жатқан, халықтың мәдени мұрасының бір саласы. Халық емі жоқ ұлттың бүгінге дейінгі өмірі де, болашағы да болмасы анық. Қазіргі медицинаның негізі мен ірге тасын қалаған сол халық емі, яғни халықтық шипагерлік дәстүрі екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Адамзат тарихының эволюциялық өзгерістері мен ғылымның дамуы, халықтық шипагерліктің емдік әдіс-тәсілдерінің ғылыми жолмен дамуына әсер күшті болды. Қазақтың шипагерлік өнерінің тез әрі ғылыми тұрғыда дамуына, Орта Азия мен қазақ жерінен шыққан ғұлама ғалымдар, есімдері бүгінде әлемге белгілі Әбу Насыр әл-Фараби, әл-Бируни, әл-Разани, әл-Хорезми, Әбу Әли ибн Сина, Жүсіп Баласағұни тағы басқа да ғұламалардың медициналық еңбектері емдіктің халықтық шипагерлік сипатының өркендеуіне және ғылыми ілімдік маңызына жақындауына бағдармалық әсері зор болды. Халық шипагерлігінің өткен дәуірлік тарихындағы қарапайым емдік сипаттары азайып, біртіндеп дәстүрлі ілімдік ғылыми бағытта жұмыс істей бастаған кезеңі ХV ғасырда даланың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының жеке зертханалық ілімдік ғылыми тұжырымдамалары арқылы жүзеге асты. Академик Б.В.Петровскийдің: «Шығыс медицинасының тарихы Тибет, Монголия, Индия, Қытай, Жапония да осыдан мыңдаған жыл бұрын дамыды. Емдеу әдіс-тәсілдері болды. Бұл осы заманғы медицинаның дамуына өте қажет», – деген тұжырымы тарихы тереңнен басталатын шипагерліктің де тамыры тереңге жайылып, жапырағы жайқалып, шығыстық шипагерліктің өркендеу дәуірінен анықтама береді.

Бүгінде ғылымда екінші Ибн Сина атанған, ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы жоғарыда аттары аталған Орта Азиялық және қазақ жерінің ғұламаларының емдеу тәсілі мен медицина саласы бойынша жазылған еңбектерін одан ары қарай жалғасырушы, дамытушы, халықтың игілігіне пайдалануда өзінің жеке талғамдық-танымдық қабілетін жүзеге асырушы болды. Ғұлама шипагердің «Шипагерлік баян» еңбегінің жүйелі жазылуы мен ұлттық тілдік таным бойынша баяндалатын, медицина тілімен нақты анықтама беретін Кіріспе және «Қанықталғы», «Нарықталғы», «Дарымдалғы» атты үш бөліміндегі дәлелдемелер осы заманғы медицинамен үндесіп, бірлесіп, араласып жатқан сипатта екенін медицина ғалымдары мен зерттеушілері бір ауыздан растайды. Одан емделу дәстүріндегі медицина ғылымы тұрғысында сабақтастық анықталды. Өзіндік терең психологиялық және философиялық танымы мол ғұлама шипагер Өтейбойдақ адам бойындағы қанды: «арам қан», «адал қан», «құтырған қан», «қанды ірің» - деп төрт топқа бөлген болжамдық ойының, грек ғұламасы Гиппократтың адамның организміндегі төрт шырын анықтамасы болжамымен сәйкес, үндес келетінін аңғартады.

Сондықтан да, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегі қазақ ғылымында энциклопедиялық медициналық жаңа жүйелі бағыттың ашылуына өте пайдалы ықпал ете алады. Бұл еңбектің ғылымдағы құндылығын бізден бұрын зерттеп, әділ ғылыми бағасын берген көрші Шығыс еліндегі қандастарымыздың еңбектері және «Шипагерлік баянның» Қытай мемлекетінің жоғары мемлекеттік силығына ие болуы, қазақтың халықтық шипагерлік мәдени дәстүрінің осыдан бес жарым ғасыр бұрын, іліми негізі толық қалануын білдіреді. Бұл ұлттық шипагерліктің мәдени мұраның бір саласы әрі терең зерттеуді қажет ететіндігін ескерте алады.

Бүгінде қазақ шипагерлігінің дамуы мен өсуі өте жоғары дәрежеде екендігін, осы саланың ұлттық және шетелдік ғалымдар мен шипагерлері ғылыми танымдық еңбектері арқылы өздерінің адал бағаларын беруде. Шипагерлік өнері – ол мәңгілік және ұлттық тектік қасиеттің жойылмайтын және адам денсаулығы үшін қызмет ететін өнер саласы екендігін мойындау азаматтық парызымыз.

«Шипагерлік баян” газеті, № 11, 2016 жыл

 

 
 
В начало