«Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» құрылғанына
25 жылдық торқалы тойына арнайы түсірілген деректі фильм
Авторы – Зядан Қожалымов
Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, халық медицинасының профессоры, академик
Тілші: Қазақ елінің тәуелсіздігінен кейін құрылған Қазақстан халық емшілері қауымдастығы Республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 25 жылдығы аталып өтуде. Қазақ халқының тарихи еңбектерінде Кеңес үкіметі заманында медициналық арнайы орта және жоғары оқу орындарындағы оқулықтарда қазақтың халық емшілігі жөнінде жазылмаған. Қысқасы қазақ халқы халық емшілігі жоқ ұлт ретінде көрсетілді. Ел тәуелсіздігіне дейін орыс пен басқа ұлттардың халық емшілерінің қасиеттеріне таң қалумен болған қазақ ұлтының өкілдері бүгінде халық емшілігін әлемге танытқан Қазақстан халық емшілері қауымдастығының қызметі мен емшілердің шипагерлік шипасына риза болуда.
Алғашқы құжатты жоғалтқандар қауымдастықты құрғызбауға әрекет етті. Дегенмен Зядан Қожалымов өзінің жанына м.ғ.д., профессор Әлихан Чокинды, м.ғ.к., доцент Бекенов Тұрсынды тауып, бірлесе отырып халық емшілерінің тұңғыш бірінші Құрылтайын 1991 жылдың 20-23 желтоқсанында Алматы қаласында өткізді.
Қазақ елінің тарихында тұңғыш емшілер ұйымы дүниеге келді. Құрылтайда қауымдастықтың президенттігіне Зядан Қожалымов, І вице-президенттігіне Әлихан Чокин, вице-президенттігіне журналист Бақтыбай Айнабеков, Бас директорлығына Тұрсын Бекенов және ғылыми хатшылығына Елтай Зәркешев сайланды.
Зядан Қожалымов
Қазақстан халық емшілері қауымдастығының
президенті, академик
Бисмилахир рахманир рахим. Қазақ елінде халық емшілігі мәселесі жөнінде айтуға Кеңес заманында тоқтам салған болатын. Кеңес заманының медициналық оқулықтарында да көрсетілмеген. Бірақ, түрікмен, қырғыз елдерінің халық емшілігі аз да болса көрсетілген. Мұнда саяси астар жатқан шығар. Десе де сол замандарда осыны сөз еткен м.ғ.д., профессор әрі жазушы болған ағамыз Естөре Оразақов., содан кейін Қарынбаев Сағидолла ағамыз екі рет Денсаулық сақтау министрлігі болған, екеуі осы мәселені көтергенмен, ештеңе шығара алмай өз еңбектерінде: «Шіркін дүние-ай, халық емшілігін ғылыми медицинаға енгізе алмадық-ау солақай саясаттың әсерінен», – деп жазды. Бүгін олардың армандары орындалды.
Тілші: Қауымдастық ҚР Әділет министрлігінен 1992 жылдың 22 қаңтарында тіркеліп № 0080 тіркеу куәлігі берілді. 1992-1993 жылдары қауымдастықтың құрамында 17 облыстық және қалалық бөлімшелері облыстық Әділет басқармаларынан заңды тіркелді. Қауымдастықтың жанынан халық емшілерінің білімін көтеру мен жетілдіру мектебі ашылды. Бүгінге дейін бұл мектептен 2500-ден аса емші білім алды.
1992-1994 жылдары қауымдастықтың жанынан «Халық емі» газеті шығарылды. Ал 2002 жылдан бастап «Шипагерлік баян» газеті тұрақты шығарылуда және «Шалкөде» баспасы тұрақты жұмыс істейді. 2006 жылы қауымдастықтың жеке сайты ашылып, оның оқырмандарының саны 500 мыңнан асты.
Бүгінде қауымдастықтың құрамында 16 филиал заңды тіркелсе, оның 14 облыстық 2-і қалалық. Қауымдастыққа жалпы тіркелген мүшелер саны 5200-ден асты. Оның ішінде 200-ден астамы шетелдік азаматтар. Қауымдастықпен тікелей байланыстағы мүшелері 1500-дей. Қауымдастықтың қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттауда, рухани қызметін үгіттеуде және тәрбиелік жұмыстарын жетілдіруде 1000-ға жуық мақалалар жарияланып, сұхбаттар өткізілді. Қауымдастық тарапынан оның басшылары мен емшілері 50-ден аса кітаптар шығарды. Мамандардың мақалалары 60-қа жуық газет пен 15-ке жуық журналдарда жарияланды.
Зядан Қожалымов, Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, академик:
Рухани байлық дегенде мынау Қазығұрт деген жерден 1994 жылы діни медресе ашқанмын. Қазір бізде бірнеше бағыттағы тұрақты халық емшілерінің мектептері жұмыс істейді. Ғылым саласына келсек, егер XV ғасырда өмір сүрген дала жаһангері, қараүзген шипагер бабамыз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы болмағанда ілімге ілеспес едік. Ең басты піріміз де табынатынымыз да сол кісінің ілімі. Сол кісі айтқандай көргенімді, білгенімді, оқығанымды, көңілге түйгенімді, естігенімді жинақтай келе түйіндей келе еңбек жаздым десе, менде сол бағытта еңбек жазып келе жатқан жайым бар.
Тілші: Қауымдастықтың тарихында кезекті 5 рет ал кезектен тыс он рет Құрылтай өткізілді. Кезектен тыс Құрылтайлардың өткізілуіне тікелей ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты қызметкерлерінің қауымдастықтың қызметін тоқтатуға жасаған әрекеттері себеп болды. 2001 жылы қауымдастықтың 10 жылдығы, 2006 жылы 15 жылдығы және 2011 жылы 20 жылдығы аталып тарихи еңбектер шығарылды. Философия ғылымдарының докторы, профессор Жақан Молдабековтың басшылығында қауымдастықтың басшысы Зядан Қожалымовтың ғылыми жұмысы нәтижесінде зерттелген «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты ғылыми монографиялық еңбегінде XV ғасырдың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық-энциклопедиялық еңбегі зерттеліп, қазақ халық емшілігі тарихта ғылыми айналымға енді. Шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы туралы сценариі мен музыкасын Зядан Қожалымов жазған спектаклі 2009 жылдың тамыз айынан Жамбыл облыстық драма театрының әртістері көрсетіп келеді.
Бүгінде қауымдастықтың басшысы Зядан Қожалымов 30 кітаптың авторы болса, оның 11-і халық медицинасы жөніндегі ғылыми-монографиялық еңбек. Кейінгі кезде халықтық шипагерліктің тұңғыш ғылыми айналымға енуіне ғылыми зерттеулер мен талдаулар жасаған ғалым З. Қожалымовтың еңбектеріне тікелей ғылыми жетекші болған философия ғылымдарының докторы, профессор Ж. Молдабековтың басшылығында жүзеге асқандығын және одан ары дамытуға үлес қосқан философия, медицина, биология, филология, психология, тарих, педагогика т.б. ғылымдардың ғалым профессорлары: Қ. Жарықбаев, А. Құлсариева, Б. Абирова, Г. Сәрсенбекова, А. Жаханов, Т. Тулендиев, Ш. Сарыбаев, С. Ғаббасов, Е. Заркешов, М. Мырзахметұлы, Т. Құлмаханов, Т. Жанақұлов, О. Қауғабай, Ә. Тарақов, Ж. Әлдибеков, С. Құрбанқожа, З. Жандарбек, А. Шаяхмет, А. Өмешұлы, А. Сбанбаев, Ж. Зекейұлы, Ө. Мырзағалиұлы, марқұмдар Т. Бекенов пен Төтенайдың Базарбегі және Жандарбектің Ермаханы т.б. ғалымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қауымдастықтың қызметінің өркендеуіне қосқан үлестерін жоғары бағалаймыз.
Зядан Қожалымов, Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, академик:
2009 жылы «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» деген ғылыми еңбегімнің тұсаукесері болған. Сонда филология ғылымдарының докторы, профессор абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов ағамыздың маған айтқаны мынау: «Мына Зядан Өтейбойдаққа із салды, біз жол салайық. Бұл ғылымның елу пайызын ғарыштан алады екен. Елу пайызын өмірдегі ғылымнан алып екеуін қазақтың ұғымымен қазақтың философиялық танымымен жазып шыққан. Мұның мына еңбегі Орта Азиядағы Әл-Фарабидің трактатынан кейінгі екінші еңбек. Ал қазақ тарихындағы бірінші еңбек», – деді. Осы ағама мен өмірбақи қарызбын. Менің сырымды ашқан сол кісі. Сондықтан мен екі дүниенің ортасында жүрген әрқайсында байланыспен тек ғана жақсылықпен жүрген пендемін.
Тілші: Қауымдастық тарапынан халық емшілігі туралы халықаралық конгрестер мен форумдар және конференциялардың бағдарламаларын жасалынып өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылып өткізілді. Арнайы жұмыс бабы бойынша дәстүрлі халық медицинасының симпозиумдарында қатысу үшін қауымдастық президенті арнайы шақыртумен шетелдерде атап айтқанда: Украина (Гурзув, Қырым 03.10.1993), Австрия (Вена, 14-19.04.2011), АҚШ (Вашингтон,17-22.08.2011), ҚХР, Құлжа (12-20.05.2011), Венгрия (Будапешт, 23-28.03.2012), АҚШ (Гавай аралдары, 23-30.04.2013), Италия (Сардиния, 29.05-04.06.2013), Украина (Одесса, Киев, 15-18.07.2013) т.б. елдерде болды. Бұдан басқа Англия, Швейцария т.б. Еуропа елдерінің ғылым саласы бойынша симпозиумдарына құрметті мейман ретінде қатысуға шақыртулар көптеп келуде.
Қауымдастықтың жеке қызметіндегі жетістігі жыл сайын 2013-2015 жылдары аралығында Халықаралық Ұлттық бизнес-рейтингілердің халықаралық рейтинг одағының (Әзербайжан, Беларусия, Грузия, Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Украина) арнайы “Алтынмен қапталған қабырға” медалімен және “Ұлттық сертификаттарымен” марапатталды. Осы аталған ұйымның атынан қауымдастықтың басшылары мен емшілері “Қазақстан даңқы” және “Экономика мақтанышы” ордендерімен 4 адам, “Еңбек жолындағы тиімділік үшін” және “Кәсіби саладағы жетістіктері үшін” медалдарымен 30 адам және қауымдастықтың басшысы “Жылдың үздік басшысы” сертификатымен және емшілерден “Жыл маманы” Ұлттық сертификатымен 45 адам марапатқа ие болды. Қауымдастықтың қызметін тоқтатамын дегендер тоқтата алмады. Ғалымдар мен халықтың және бұқаралық ақпарат құралдары мамандарының көмегімен және жеке емшілерінің еңбекқорлығы мен бірлігі ынтымағы нәтижесінде қауымдастықтың қызметі ілгері жылжып, 2016 жылдың 30-31 шілдесінде Алматы қаласында өзінің құрылғанына 25 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атап өтуге дайын.
Зядан Қожалымов, Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, академик:
Алла тағала өзінің жақсы көретін құлдарын сынайды дейді. Құдайға шүкір күліп ойнап жеттік. Табысымыз мол бірінші Құдайға ризамын. Екіншіден, мені қуаттаған ұжымыма, халқыма және жанашыр ғалымдарға ризамын. Бұл тойды қазақ халқының тойы деп ойлаймын. Халық мұрасының қалпына келіп әлемге танылған тойы. Қауымдастықты қолдаушы қауымды Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығының республикалық қоғамдық бірлестігінің 25 жылдық торқалы тойыменен шын жүректен құттықтаймын. Алла тағала қазақ даласына шапағат нұрын шашып елімізді бақытты етсін. Адамдар ауырмасын.
Тілші: Қауымдастықтың 25 жылдық мерекесі құтты болсын. Ғұмыры ұзақ болсын.
Алматы қаласы, шілде, 2016 жыл