ІІІ ТАРАУ - ӨЛМЕЙТІН МҰРА

 

 

главная                                         вернуться

 

 

Жүрек сезімінің тамыршысы

Серікжан ҚАЖИ - Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Алматы қаласы

Бір қалада тұрсақ та, Зиядан ағаны көрмегеніме көп болған. Сонау Хан-Тәңірінің етегінде Нарынқол өңірінде қызмет атқарып жүргенде жиі жолығатынбыз. Содан бері 20-25 жылдың жүзі болыпты. Осы жылдарды есептемегенде, сол кездерде қатар жүрген Зиядан ағамыз 45-46 жастың мол ішінде екен. Ауданда жауапты басшылық қызметтер атқарды. Ел ішінде аракідік кездесіп жататын «ішті-жедіден» аман болды. Болмаса, қолында билігі барлардың қонышынан басқан сәттері орын алып тұратын. Айтпағым – Зиядан ағаның тазалығы. Сірә да осы тазалық қасиеті оның бойында «бұғып» жатқан емшілік қасиетін оятқан болар. «Жылы сөз – жанға дәру» демекші, жылы сөзімен де, бойындағы емшілік қасиетімен де талай сырқат жандарды өмірге қайта әкелді. Ол туралы кезінде сан түрлі басылымдарда жазылды да. Оған тоқталу қажет те емес шығар. Менің мақсатым – мерейлі жетпіс жасқа жетіп отырған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, мәдениеттанушы ғалым, өтейбойдақтанушы, Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті Зиядан Қожалымов ағамыздың өзім байқаған ерекше қырларын сөз ету.

Зәкең, біріншіден, іскер ұйымдастырушы. Олай дейтініміз, сонау өткен ғасырдың 90-жылдарындағы әлеуметтік тұрмыс жағдайының қиын кездерінде ел ішінде жалған ем-домшылар қаптап кеткені белгілі. Олар өздері жандарын әрең бағып отырған қарапайым халықты алдап, өтірік ем-дом жасап, халықтың қалтасын қаға бастаған тұс болатын. Осы кезде Мәскеуде емшілік мектебінен тәжірибе жинап келген Зәкең осы келеңсіздікпен күресудің жолын қарастырды. 1991 жылы «Қазақстан халық емшілері қауымдастығын» құрып, ел ішіндегі емшілердің басын қосып, олардың шын немесе өтірік емші екенін арнайы ғалымдардың сұрыптауынан өткізді. Содан кейін-ақ ел ішінде еркінсіп кеткен «емшісымақтар» аяғын аңдап басатын болды. Содан бергі 23 жылдай уақыттың ішінде бұл жүйе бір ретке келді деуге болады. Емшілердің жауапкершілігі көтерілді. Мұның бәрі, айтқанға оңай болғанмен, іске асыруға келгенде талай «тар жол, тайғақ кешуден» өткені айтпаса да түсінікті. Екіншіден, Зәкең ХV ғасырдың ғұлама ғалым-емшісі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының тарих қойнауында жатқан «Шипагерлік баян» атты құнды еңбегін ұлтымызға қайта әкелді. Ғасыр ғұламасының еңбегін жұртшылық арасында насихаттаудан жалыққан емес. Көрнекті ғалым ағамыз, профессор Мекемтас Мырзахметовтің сөзімен айтқанда, «Зәкең қазақтың Ибн Синасын» қайта оралтқан жан. Оның осынау еңбегі халқымызға алда талай жылдар қызмет жасай береді. «Шипагерлік баян» атты оқырмандарға аса қажет газет шығарып жатқанын да осы еңбектеріне қосып қойыңыз.

Мен осы жолы оның өнерге, әсіресе, көркем сөзге деген еңбегіне азды-көпті тоқталмақшымын. Иә, «Өлеңге әркімнің де бар таласы» демеп пе еді ұлы Абай бабамыз. Иә, қазақтың екеуінің бірі – ақын. Тіпті болмағанда, сүйген қызына екі ауыз сөзді өлең жолымен өрнектеп жеткізбегені жоқ. Оған дәлел келтіріп, анықтама беріп жатудың қажеті шамалы болар. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген сөзді де данышпан бабаларымыз бекер айтты деймісіз?! Өмірге алуан-алуан жүйріктер келіп те, кетіп те жатады. Біреулердің жұлдызы жарқырай көрініп, мәңгілікке қол жеткізбейтін биікке шарықтап кетсе, бәзбіреулері қоламтадағы қызыл шоқтай өз жылуын бойына сақтап, маздайды да жатады.

Әдеби ортаға есімі соншалықты танымал болмаса да, жерлес әрі жасы үлкен ағам болатын Зиядан Қожалымовтың бірнеше кітабы қолыма тигенде осындай ойда қалдым. Жоғарыдағы қазақтың екеуінің бірі ақын деген сөзімді осы Зиядан ағам тағы да дәлелдей түскендей.

Шынында да, бұл күндері өлең жазбайтын жан кемде-кем. Бұл жақсы ма, жаман ба?! Әрине, жақсы. Өйткені, қолына «періште-қаламды» ұстап, қараңғы түндерде шамның жарығындай сәуле іздеп, жыр жазған жаннан кімге жамандық келсін?! Керісінше, жүрегі жаралы жандарға жылы сөзімен дауа іздейді, сауықтырады. Ақындықтың басты парызы да осы емес пе!

Менің басты мақсатым – жерлес, есімі алты алашқа мәшһүр ағамның өзіме жақын қыры – ақындығы жайлы аз-кем сөз қозғамақпын. Бірден айтайын, Зәкең әлдебір қаламдастарымыз секілді ұзақ түнді сарп етіп, саусағын сорып, жыр жазатындар санатынан емес. Ол тек жанын тебіренткен жәйттерде ғана қолына қалам алады. Жүрек сырын жыр жолдарымен өрнектейді. Өз жүрегінің дүрсілін өз оқырмандарына алғаусыз ұсынады.

Дәлел керек пе. Онда Зәкеңнің 2012 жылы Алматы қаласындағы «Шалкөде» баспасынан жарық көрген «Ақ гүлім» атты ән-саз және жаңа өлеңдері жинақталған жыр жинағын парақтап көрелік. Аталмыш жинақ белгілі сазгер Темір Тайбековтің «Зияданға ақ жол тілеймін» атты алғысөзімен ашылған. Сөз жоқ, ақындарға ең ауыры – әнге өлең тексін жазу екені белгілі. Сазгер ағамыздың айтуынша, Зекең жай ғана ақын емес, осынау әнге сөз жазатын ауыр жанрдың жүгін бір кісідей арқалап жүрген азамат. «Зияданның туындылары сонылығымен, әуезділігімен, мәңділігімен ел арасында шырқала берері сөзсіз», – дейді белгілі сазгер. Айтса айтқандай, Зәкеңнің сөзіне жазылған сазгерлердің әндері эстрада жұлдыздарының орындауында сахна төрінде шырқалып жүргеніне де 20 жылдың жүзі болды. Тағы бір артықшылығы, сазын да, сөзін де өзі өрнектейтін керемет қасиеті де бар.

Расында да, оның өлеңдерін оқып отырып, әнге сұранып тұрғанын бірден байқайсыз. Аталмыш жинақтағы алғашқы бөлімдегі туындылардың дені осылай көрінді бізге. Сөйтіп, Зәкең – әрі ақын, әрі сазгер. Менің шамалауымша, осы жинаққа кірген-кірмегені бар, отыздан астам ән-өлеңдері жұртшылық арасына кеңінен тарап кеткен. Айталық, «Халқыма айтар жан сырым», «Ашылсын бағың, қазағым», «Тәубеге келу» атты әндері жұртшылық арасында кеңінен орындалып жүр. Белгілі жыршы-термеші Төлеу Қосан, әншілер Эльмира Жаңабергенова, шымкенттік Гүлзина Шорабекова, алматылық Диана Шик, Шарбану Әлмешова, Байдоллақызы Сайран, тараздық Зәуре Сатыбалдиева, термешілер Сыпатай Жақып, Үсенов Алтай, Еркебұлан Оразымбетов, Зәкеңнің өз қызы марқұм Ләззат та кейіпкеріміздің өнерінің жанашырлары, халық арасына насихаттаушылары. Бұл туралы белгілі ғалым, Жазушылар одағының мүшесі, ақын Әнуар Тарақтың пікіріне ризашылықпен қосыласыз. Ол: «Жаны да, тәні де рухани жағынан кемеліне келген Зиядан Қожалымов секілді жаңдардың шығармашылығы халық ортасынан қайнап шыққан «тас бұлақтың суындай, таза да, мөлдір». Осы ойға сөзсіз келісесіз. Көркем әдебиеттен ауылы алыста жүрсе де, ұлтымыздың рухани әлеміне елеулі үлес қосқан оған риза боласыз. Жырларын сүйсіне оқисыз. «Ақ гүлім» атты жинағындағы мына төмендегі жолдар оның туабітті ақын екендігін айқындай түседі.

Бір Алла ғой сезім беріп, жүрегімнен сезгенім ,

Бар адамға тек жақсылық тілейтұғын қарапайым пендемін.

Адасқанды ақ жолға сап, ізгіліктің нұрын сеуіп,

Жаратқанның құлы ғой деп мен ешкімді бөлмедім…

Шынында да, осынау дүрбелең дүниеде бай мен кедейге жіктеліп бара жатқандарға, ақыретті күндерді ойламай, Алла жолынан адасып бара жатқандарға ой салады.

Қандай күштің құдыреті, қайтармаған алдымнан,

Айналайын демеу болған мені сүйген халқымнан.

Киелі рух жебей берсін, жақсылығын дарытып,

Айырмасын дінін, тілін, өнері мен салтынан.

Бұл да бүгінгі күндегі ең өзекті мәселе. Ақын жүрегі оған да алаңдаулы. Ұлы бабалар рухынан жәрдем сұрай­ды, халқына жақсылық тілейді. Рас, осы жинақтағы жыр жолдарының бәрі дерлік «тайпалған су жорға» деп айтуға келмес. Дегенмен, бұл – ақынның адамзатқа деген жан сыры, жүрегінің үні. Ұлы Абай бабамыз да «Тіл өнері дертпен тең» деп бекер айтты деймісіз. Зәкеңе оңашада қалам алдырып, ой кештіретін де осы дерт, періште сезім. Осы уақытқа дейін 22 кітаптың және екі жыр жинағының авторы Зиядан ақынның бүгінгі талғампаз оқырман­дардың рухани сұранысына жауап беретін туындылары аз емес екені анық. Осы жыр жинақтарындағы дүние­лерді әбден сұрыптап, сығымдап, өзінің талғам таразы­сынан қайта өткізіп, бір туынды ретінде қайта ұсынса, тіптен оңды болар еді. Жасыратыны жоқ, әр жерден жылт еткен тұшымды дүниені іздеп, теріп оқығаннан, басы бүтін бір жинақтан оқығанға не жетсін?! Бұл да болашақтың бір ісі болуы тиіс.

Зәкең ақын, сазгер ғана емес, арагідік прозалық туындыларды жазуға да ден қойып жүр. Оның өткен 2013 жылы жоғарыдағы «Шалкөде» баспасынан жарық көрген «Өмірімнің тағдыры» атты кітабы осы ойымызға дәлел бола алады. Кітаптың алғысөзінде көрсетілгендей, әлемдегі тылсым дүниедегі болып жатқан құбылыстарды өз жанымен сезген сәттерін көркем тілмен өрнектейді. Сонымен бірге, бұл жинақтағы оқырмандарды ойға жетелейтін Зәкеңнің «түйінді ойларын» да ерекше атап өткеніміз жөн. Мұнда ақын-сазгер, дінтанушы ғалым ағамыз өз өмірінен туындаған ойларымен сыр бөліседі. «Басыңа ауыртпашылық түскенде қайғырма, қуан. Ол – Жаратушының саған сынағы» немесе

Жалғанды жалпағынан басқандарды,

Көрсетті кеудемсініп, асқандарды.

Өтуде бұл тірлікте бастан бәрі,

Байлықтан басыайналып тасқандарды, – деген жолдар оқырмандарды ойға жетелейді.

Қаламдас әрі жерлес інісі ретінде ақын әрі сазгер Зиядан Қожалымов туралы аз-кем айтпағым осы бола­тын. Жетпістің желкенін керген Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, мәдениеттанушы ғалым, өтей­бойдақтанушы, Қазақстан халық емшілері қауымдасты­ғының президенті, Райымбек ауданының құрметті азаматы Зәкеңнің алар асуы бұдан да асқақтай берсін деген тілектеміз.

Алматы ақшамы” газеті, 31 шілде, 2014 жыл

 

 

 

 

 
 
В начало