ІІІ ТАРАУ - ӨЛМЕЙТІН МҰРА

 

 

главная                                         вернуться

 

 

ШИПАГЕРЛІК ДӘСТҮРДІ ЖАЛҒАСТЫРҒАН ҚАУЫМДАСТЫҚ

Сұхбаттасқан – Азат Мұсаұлы

Жақында Қазақстан халық емшілері қауымдастығының шаңырақ тіктегеніне 25 жыл толады. Осыған орай ел игілігі, халық денсаулығы үшін аянбай еңбектеніп келе жатқан қауымдастықтың президенті, академик Зиядан қажы Қожалымов пен журналист Азат Мұсаұлының сұхбатын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Зиядан аға, еліміздің тәуелсіздік алуымен қатар құрылған, сіз жетекшілік ететін Қазақстан халық емшілері қауымдастығына 25 жыл толып отыр. Қауымдастықтың қазіргі жай-күйі қалай?

– Көпшілікке белгілі, «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» 1991 жылдың 22 желтоқсанында еліміз тәуелсіздігін жариялаған күннен кейін тұп-тура бір апта өткен соң құрылды. Қауымдастықтың қызметін насихаттауда және халықтың рухани байлығын өркендетуде қауымдастықтың «Халық емі» (1992-1994) және «Шипагерлік баян» (2002 жылдан) газеттеріндегі танымдық мақалалар мен «Шалкөде» баспасынан шыққан көптеген ғылыми еңбектеріміз оң нәтижесін беріп келеді. 2006 жылы қауымдастықтың жеке сайты ашылып, тұрақты жұмыс істейді. Онда біздің еңбегіміз жайлы толық мәліметтер беріледі. Бүгінде қауымдастықтың құрамындағы бізбен тікелей байланыстағы 5000-ға жуық мүше-емшілеріміз қызмет етеді. Құрылғанына 25 жыл толып отырған қауымдастықтың көрген қиындықтары мен жақсылықтары бірдей болды, көреалмастар жасаған зияндарға қарамастан, оның шаңырағын шайқалтпады. Ширек ғасыр уақыт ішінде атқарған жұмыстарымыз ұшан-теңіз десем, артық айтпаспын. Нақтырақ айтсам, қауымдастықтың ұйымдастыруымен 2004-2015 жылдары аралығында халық медицинасы жөнінде әр түрлі тақырыптар аясында көптеген халықаралық конгрестер, форумдар және конференциялар өтті. Онда Қазақстанның халық емшілігінің өткені, бүгіні және болашағы жөнінде жасаған арнайы ғылыми еңбектер мен көптеген жинақтар шығарылды. Сонымен қатар осы жылдар ішінде қауымдастықтың басшысы мен көптеген емшілер бірнеше шетелдік симпозиумдарға қатысып, қазақ халық медицинасының рөлі мен болашағы жөнінде баяндамалар жасады және шеберлік емдік тәжірибелерін көрсетті.

Мақтанып-ақ айтайын, қауымдастықтың 2013-2016 жылдары жеткен жоғарғы көрсеткіштеріміз үшін халықаралық рейтинг Одағының «Қазақстан данқы» мен «Экономика мақтанышы» ордендерімен 4 мүшесі, «Еңбек жолындағы тиімділігі үшін» және «Кәсіби саладағы сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен 30 мүшесі және емшілерден «Жыл маманы» ұлттық сертификатымен 45 мүшесі марапатқа ие болды. Қауымдастығымыз алтын жалатқан қабырға медалімен және ұлттық сертификатымен марапатталды.

– Еңбектеріңіз елеулі екен, десек те жолдың даңғыл болмайтыны секілді қауымдастықтың өсіп-өркендеу жағдайында кездесукен қиындықтар жайында да айта кетсеңіз.

– Қауымдастық қисайғанға тіреу, құлағанға сүйеу, жүйкесі тозғандарға қамқоршы және ақылшы бола білді. Шипагерлік дәстүрді жоқ қылу үшін көптеген адамдар бізге қысым жасап, істемегені жоқ, бірақ әділдік женді. Көптеген қиындықтарды басымыздан өткерсек те, Аллаға шүкір, дін аманбыз. Қауымдастықтың басшылары мен мүшелері жиырма бес жылдан бері өмір сүріп, өсіп өркендеп, қауымдастықтың қызметін жалғыстырып келеді. «Аққа Құдай жақ» деген осы шығар. 25 жылдық ғұмырымыз ғасырға тең болғанымен, қауым мүшелерінің ынтымағы, білімділігі, имандылығы мен қайсарлығы өсіп келеді. Қазіргі күнде республика көлемінде қауымдастықтың қызметін қуаттайтын, қорғайтын және дем беретін ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының мамандары мен қарапайым халықтың қатары көбеюде. Бұған тек ғана шүкір дейміз.

– Зиядан аға, ұлы Жамбыл жыраудың «Менің пірім Сүйінбай» дегеніндей, шипагерлік жолддағы барлық емшілердің пірі Әз Жәнібек ханның өзі «қараүзген шипагер» деп ат берген Өтейбойдақ баба екені белгілі. Шипагердің еңбегін насихаттауда, есімін әйгілеуде сіздердің қауымдастықтың игі істерінен хабардармыз...

– Халқымызбен сан ғасырдан бері бірге жасасып келе жатқан мәдени мұрамыздың бір саласы – шипагерлік-емшілік өнерінің өркендеуіне, сөз жоқ, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы қалдырған «Шипагерлік баян» еңбегінің қосқан үлесі өлшеусіз. Дұрыс айтасыз, бұл ұлы еңбектің тарихына анықтамалар беруде, зерттеу жүргізуде біздің еңбегіміз орасан. «Шипагерлік баянды» ғылыми жақтан зерттеуіміз жақсы нәтижесін берді. Шипагер баба медицина саласындағы үлкен ғалымдардың, оқымыстылардың ұсынысымен «Екінші ибн Сина» атанды. Осылайша, қазақ халқының денсаулық саласындағы білімі мен ілімі сонау XV ғасырда-ақ өркендегені ғылыми дәлелденді.

Көпшілік сізді емшілік, шипагерлік саласынан ілімі мол ғалым ретінде таниды. Тек денсаулық қана емес, оған тікелей қатысты жан, тән, рух, биоқуат, жұлдыздар жүйесінің адам тәніне, денсаулығына қатыстылығы жайлы жазылған жүздеген малаларыңыз, том-том ғылыми еңбектеріңіз Қазақстан жұртшылығына ғана емес, әлемге де кеңінен танымал.

– Менің қауымдастыққа басшылық жасай жүріп, соңғы 25 жыл көлемінде жазылған, нақтырақ айтсам, халықтық шиапгерліктің ғылыми айналымға енуіне тікелей қатысты жазылған ғылыми зерттеулерім мен мақалаларыма талдау жасаған әрі жетекшім болған философия ғылымдарының докторы, профессор Ж.Молдабековке айтар алғысым шексіз. Сонымен қатар, қауымдастықтың жұмысының өркендеуіне, еңбегімнің еленуіне, ғылыми жұмыстарымның жарыққа шығуына толымды үлестерін қосқан философия, медицина, биология, филология, психология, тарих, педагогика т.б. ғылымдарының ғалым профессорлары: Қ.Жарықбаев, А.Құлсариева, Б.Абирова, Г.Сарсенбекова, А.Жаханов, Т.Төлендиев, Ш.Сарыбаев, С.Ғаббасов, марқұмдар, Т.Бекенов пен Жандарбектің Ермаханы т.б. ғалымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне де қауымдастықтың атынан үлкен рақмет айтамыз.

Сонымен қатар қауымдастықтың ширек ғасырлық қызметінде оны өркендетуде, қорғауда, қаражаттық көмек көрсетуде және қауымдастық ұйымдастырған шараларға қатысуда белсенділік көрсетіп жүрген жүздеген мүшелеріне алғысымыз шексіз.

– Зиядан аға, қауымдастықтың 25 жылдық торқалы мерекесі құтты, ғұмыры ұзақ болсын. Жылдан-жылға өсіп-өркендеп, ел игілігі үшін қызмет ете беріңіздер!

«Қазақстан-Zaman» газеті,

№28 (1105) 14 шілде 2016 жыл

 

 

 

 
 
В начало