ІІІ ТАРАУ - ӨЛМЕЙТІН МҰРА

 

 

главная                                         вернуться

 

 

Елге сыйлы емшілік

Қазақстан халық емшілері қауымдастығы жұртшылыққа кеңінен танымал қоғамдық бірлестіктердің бірі. Халық емшілері қауымдастығы өзі құрылған ширек ғасыр ішінде ғылыми медицинамен қатар ем-домның халықтық әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы жұртшылыққа лайықты қызмет етіп келеді. Таяуда қоғамдық бірлестік өзінің құрылуының 25 жылдығын салтанатты түрде атап өтпек. Емшілер қауымдастығы бұл мерзімде кездескен көптеген кедергілер мен қиыншылықтарды жеңе алды. Қоғамнан өз орнын тапты. Ең басты мәселе тылсым, құпия қабілет белгісі бар емшілер қоғам мүшелігіне қабылданып, олардың табиғи қабілетін жетілдіруіне мүмкіндік беріледі.

Зиядан Қожалымов, «Қазақстан халық емшілері» қауымдастығының төрағасы.

Халық емшілері құрамының сапалық жағына ден қойылуда. Қызметінің түрін рухани шипагерлікпен жалғастырып, оны ғылыми жүйеге қосу бағытында да көптеген ізденістер қолға алынып отыр. Жоғары оқу орындары, сондай-ақ ғылыми-зерттеу мекемелері ғалымдарымен бірлесе отырып ұлттық емшілік тарихы зерттелуде. О баста ғылыми медицина халықтық медицинадан бастау алғаны анық. Ол алғашқы қауымдық құры-лыстан бүгінге дейін үлкен жолдан өтті. Осының нәтижесінде бірнеше ғылыми монографиялық еңбектер мен ғылыми талдамалық мақалалар жазылып, баспасөз беттерінде жарияланды. Жеке-жеке жинақ болып жарық көріп жатқандары да баршылық.

Қауымдастық осынау 25 жыл ішінде адамдарды түрлі дерттерден сауықтыру, саламатты өмір салтын орнықтыру бағытында ұшан-теңіз жұмыстар атқарды. Алланың ақ жолын, имандылықты тұрақты насихаттап отырды. Айталық, 2004-2015 жылдар аралығында Алматы, Шымкент, Түркістан және Тараз қалаларында «Халық медицинасының өткені, бүгіні және болашағы», «Халық медицинасының Орта Азия мен Қазақстанда өркендеуі», «Қазақтың көріпкел және болжампаз бабалары», «Қазақтың ғалым шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы» т.б. әртүрлі тақырыптарда халық емшілігінің халықаралық конгресстері мен форумдары өткізіліп, көптеген шетел ғалымдары мен емшілері қазақтың халық медицинасының тарихымен танысты.

Ары қарай өзара ынтымақтасып осы салада ынтымақтастығын жақындастыруға, ортақ тақырыптарды бірлесіп зерттеуге қол жеткізілді. Конгресс кездерінде қатысушы емшілердің теориялық, тәжірибелік жақтары мен білімдерінің жақсаруына зор мүмкіндік туғызылды. Бұрын өз шеберліктерін кең аудиторияда көрерменге көрсетуге ниет еткендер шынайы мақсаттарына жетіп, өзара тәжірибе алмастыратын болды. XV ғасырдың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегі негізінде тұңғыш рет қысқа сахналық көріністің Тараз қаласында көрсетілуі емшілер қауымын ғана қуантып қана қоймай, республика көлемінде радио торабы мен телеарналарынан көрсетіліп, көпшілік көрерменнің ризалығына бөленді.

Қауымдастықтың төралқасы қоғамдық бірлестіктің жарғылық мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес өзінің мүшелері мен емшілерінің қызметіне тұрақты қамқорлық жасап отырады. Қауымдастық тарапынан қойылған қатаң талап пен тәртіп істің алға басуына ықпал жасап келеді. Жақсы жақтарынан көрініп жүрген филиал директорлары мен емшілер саны да баршылық. Алматы, ОҚО, Қостанай облыстық және Астана, Қарағанды, Шымкент, Түркістан, Жетісай, Тараз, Кұлсары қалалық филиалдарының қызметтерінің жетістігін атап өткен жөн. «Жақсылыққа көреалмаушылық жасау – надандықтың белгісі», «Өнегелі іс – оңға бастайды», «Адамгершілік пен имандылық», «Емшілік мәдениеті», «Жауапкершіліктің өлшемі» т.б. тақырыптардағы лекциялар, дөңгелек үстелдер, әңгіме-сұқбаттар өткізіп жүр.

Мұндай іс-шаралар халық медицинасы туралы дұрыс ұғым-түсініктер қалыптасуына ықпал етеді. Қауымдастық төралқасы өзінің филиалдары директорларының қызметі мен емшілерінің білім жетілдіруін, сапалық деңгейінің көтерілуін тұрақты қадағалап отырады. Адамгершілік қағидаларының ұсталуы қадағаланады. Сол арқылы филиал мен емшінің қызметі бағаланады.

Осынау 25 жылда бірлестікке мүше халық емшілері «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», – дегендей өздерін кәсіби, психологиялық тұрғыда білімділік пен имандылық жағынан өздерінің биік адамгершілік бейнесін көрсете алды. Өкінішке қарай арасында атаққұмарлыққа ұрынып, алаяқтыққа бой алдырып жүргендері де жоқ емес. Ондай фактілер орын алған жағдайда қауымдастық оларға батыл тойтарыс береді.

Осынау жылдар ішінде Құрылтай қаулысымен қоғамдық бірлестіктің Ақтөбе, Қарағанды облыстық, Шалқар, Балқаш, Талдықорған, Есік, Ақсай қалалық, барлығы 8 филиалының қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ емші мәдениетімен сыйыспайтын әрекеттері үшін 40-тан аса мүшесі қауымдастықтан шығарылды. Ашық жариялылықты басшылыққа ала отырып қауымдастықтың қызметінің барысы «Шипагерлік баян» газеті мен қауымдастықтың сайты арқылы (www.anck.kz.) ай сайын оқырманға баяндалып отырылады. Бір сөзбен айтқанда, қауымдастық атқарар жұмыстар ұшан-теңіз.

«Президент және Халық» газеті,

№29-30 (567-568)

15 шілде, жұма, 2016 жыл

 

 

 
 
В начало