Уақыт жылжып, жылдар өткен сайын заман да өзгеріп, қоғамдағы ұжымдардың тарихында және жеке адамдардың өмірінде әр түрлі жағдайлар кездесіп жатқандығы өмір шындығы. Өзінің құрылғанына 25 жылдық мерейтойын атап өткен Республикалық қоғамдық бірлестік «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы», осы ширек ғасырлық тарихында қауымдастықтың басшылары мен мүше-емшілері бір ғасырға жуық ауыр жағдайларды бастарынан өткізгендігі осы еңбектің бірінші тарауында толық баяндалады. «Адамның басы – Алланың добы», – деген даналық сөздің бекер айтылмағандығы осының дәлелі. Қысқасы, қауымдастықты сақтап қалу үшін, аталған қауымдастықтың құрамындағы мүшелері мыңдаған қарсыластармен әдептілік пен сабырлық сақтай отырып, аянбай күресті. Халықтық шипагерліктің негізін дамытумен оны ғылыми айналымға енгізу жолындағы күресінің нәтижесін бүгінгі қауымдастықтың жеткен зор жетістіктерінен көруге болады.
Ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық шипагерлік өнері ұзақ уақыт өзінің мәнді және абыройлы орнын таба алмады. Кеңестік заманда қазақтың халықтық емшілігі тарихқа енбек түгілі аты да аталмады. Еліміздің тәуелсіздігінен кейін халықтық шипагерліктің бақытты күндері туып, өзінің шипагерлік жүйесін қалыптастыра бастады. Осыдан ширек ғасыр бұрын емшілердің, бақсылардың, болжампаздардың, көріпкелдердің, телепаттардың және сынықшы т.б. тылсым құпия сырларының өкілдерінің жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, көріне бастаған кезеңі болды.
Қазақ халқының тылсым құпия сырлары жөнінде XVII-XIX ғасырларда орыс офицері Н.П.Рычков, дәрігер C.Большой, генерал-майор В.Б.Броневский, саяхатшы А.И.Левшин, штабс-лекарь С.А. Яроцкий, әскери дәрігер А.Ягмин және қазақтың ғалымы Ш.Уәлиханов т.б. саяхатшылар халықтық шипагерліктің ұлттық ерекшеліктері туралы қолжазбаларын қалдыруы, қазақтың ұлттық шипагерлігінің тарихта қалуына септігін тигізді. XV ғасырдың дала жаһангері, ғұлама ғалым-шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өзінің «Шипагерлік баян» атты медициналық-энциклопедиялық еңбегі арқылы халықтық шипагерліктің дәрежесін дәстүрлі емес түрінен дәстүрліге және дәстүрлі сипатын ғылыми медициналық сатыға дейін көтергендігі, бүгінде қазақ ғылымына қосылған зор үлес ретінде танылып, теориялық және тәжірибелік жақтан да зор абыройға ие болуда. Ө.Тілеуқабылұлының аталған еңбегі философиялық және психологиялық таным бойынша осы кітаптың авторының (З.Қ.) зерттеуінің нәтижесінде ғылыми айналымға еніп, қазақтың «Ибн Синасы» атанды. Әр түрлі ғылым саласының мамандары бабаның бұл еңбегіне өте жоғары баға беруі және ғылымдағы орнының ірі тұлғалық сипатын дәлелдеуі біз үшін зор мақтаныш дей аламыз.
Кеңестік сиқырлы саясаттың кезінде халықтық емшілікті зерттеу, ғылыми айналымға енгізу және тәжірибеде емдік жүйеге пайдалану медицина ғылымдарының докторлары, профессорлар С.Қарынбаев пен Е.Оразақовтың армандарына айналған еді. Халықтық шипагерліктің қазіргі жетістіктері осы ғалымдарымыздың армандарының орындалғанының дәлелі. Қазақтың шипагерлік емдік жүйесін және басқа да тылсым құпияларын елімізден тысқары елдердің де ғалымдары мен мамандарының тануы мен мойындауы ұлттық өнеріміздің зор жетістігі. Басқа елдерде өздерінің халықтық емшілік жүйесін өркендетуге жол ашылып жатқанда, осыдан ширек ғасыр бұрын «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» құрылғанда өзіміздің медицина саласындағы ірі шонжарлар өздерінің заң саласындағы сыбайластарымен бірігіп, қауымдастыққа моралдық, психологиялық және материалдық зияндарын келтіріп, қауымдастықты түп-тамырымен жоюға әрекет еткенмен, арам пиғылдары жүзеге аспады. Әр түрлі айла-тәсілдерді пайдаланған жоғарыдағы шонжарлардың кейінгі жалғасы да қауымдастықтың ішінен сатқындарды іздеп, оларға барлаушылық жасаған екі вице-президентін қауымдастықтың басшысы мен ұжымына қарсы қойғанынан ешқандай нәтиже шықпады. Тапсырма беруші арнайы тапсырмаларын орындата алмаған соң, екі вице-президентті де, өзінің жалданбалы жендеттері арқылы о дүниеге аттандырып жіберді. Қолдарынан келсе әлі де аяйын деп тұрған жоқ. Бір-ақ, қарсыластар өздерінің қатарларының азайғанын, абыройлары төгілгенін білмесе, бұдан былай іштері өртеніп өкінерлері анық. Осы азаматтардың бүгінде жағдайлары мәз емес және көбі бұл өмірде жоқ.
Қазақтың халықтық шипагерлік жүйесі – ертеден ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан, осы заманғы ғылыми медицинамен ұштасып, адамдардың денсаулығын жақсарту мен келбетті ұрпақтардың өсіп-өркендеуіне үлесін қосып келе жатқан ұлттық мәдени мұраның бір саласы. Қилы-қилы замандарда халықтық шипагерлікті жоюға әрекет еткендер көп болғанына қарамастан, ұлттық шипагерлікті шонжарлар да және тағы басқа билеушілер де жоя алған жоқ.