Қазақстан халық емшілері қауымдастығының 25 жылдығына арналған қауымдастықтың кезекті VI-Құрылтайында қауымдастықтың президенті, Академик Зядан Қожалымовтың БАЯНДАМАСЫ(Алматы қаласы, 30 шілде 2016 ж.)

 главная 

 

 

ХАЛЫҚ ШИПАГЕРЛІГІ – МӘНДІ ДЕ МӘҢГІ ӨНЕР

 

 

фотоҚұрметті Құрылтай делегаттары!

Құрметті меймандар!

Мырзалар мен ханымдар!

Бүгін қазақ елінің тәуелсіздігінен кейін құрылған «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 25 жылдығы аталып өтуде. Мереке құтты болсын!

Қазақстан Республикасында халық емшілерінің басын біріктіретін оның қауымдастығын құру мәселесі жөнінде 1991 жылдың 30 қыркүйегінде Алматы қаласында жиналыс өтті. Алматы қаласы мен облыстардан 200-ден аса емшілер мен ғалымдар және бұқаралық құралдары өкілдері емшілердің қауымдастығын құру жөніндегі ұйымдастыру комитетінің жиналысына қатысты. Жиналыста ұйымдастыру комитетінің Төрағалығына Халықаралық «Жаңа өрлеу» Ассоциациясының вице-президенті, халықаралық, Ресей және Қазақстанның халық емшісі Зядан Қожалымов, ал оның орынбасарлығына м.ғ.д., профессор Ертай Заркешов сайланды. Емшілердің Құрылтайын өткізуге дейін көптеген қиыншылықтардан өтуге тура келді.

Алғашқы құжатты жоғалтқандар қауымдастықтың құрғызбауға әрекет етті. Дегенмен, Зядан Қожалымов өзінің жанына м.ғ.д., профессор Алихан Чокинді, м.ғ.к., Бекенов Тұрсынды тауып бірлесе отырып, халық емшілерінің тұңғыш бірінші Құрылтайын 1991 жылдың 20-23 желтоқсанында Алматы қаласында өткізді. Қазақ елінің тарихында тұңғыш емшілер ұйымы дүниеге келді. Қауымдастықтың президентігіне Құрылтайда Зядан Қожалымов, І вице-прзиденттігіне Алихан Чокин, вице-президенттігіне журналист Бақтыбай Айнабеков және Бас директорлығына Тұрсын Бекенов және ғылыми хатшылығына Ертай Заркешов сайланды.   

Қауымдастық ҚР Әділет министрлігінен 1992 жылдың 22 қаңтарында тіркеліп, нөмір № 0080 тіркеу куәлігі берілді. 1992-1993 жылдары қауымдастықтың құрамында 17 облыстық және қалалық бөлімшелері облыстық Әділет басқармаларынан заңды тіркелді.

Қазақтың шипагерлік өнерінің ерте заманнан-ақ, жеке тарихы бар ол халықтық ұлттық мәдениеттің бір саласына жатады. Адамзат тарихының эволюциялық өзгерістері мен ғылымның дамуы, халықтық шипагерліктің емдік әдіс-тәсілдерінің дамуына әсері күшті болды. Халықтық қарапайым шипагерлік өнерінің емдік халықтық сипаты мен оның түрлері де қалыптасып, атадан балаға жалғасып келеді. Осы жүйенің іліми-ғылыми негізін қалаған XV ғасырдың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы болатын. 

Халықтық шипагерлік дәстүрлері мен бақсылық өнері жөніндегі алғашқы анықтамаларды, қазақ даласын кезген орыс пен басқа елдердің саяхатшылары мен зерттеушілері және қазақ ғалымы Ш.Уәлихановтың  қолжазбаларында айқын жазылды. Бұл мәліметтер бүтіндей бір қазақ ұлтының шипагерлік дәстүрі туралы сұраныстарды толық қанағаттандыра алмады. Қазақтың шипагерлерінің көрегендігі мен білімділігі, жинақтылығы мен іздемпаздығы ұлттың көшпелі өмірімен байланысты болды. Шипагерлер табиғаттың жылдық төрт мезгілдік өзгерістерін, жыл он екі айдың құбылымдық әрекеттерін, аспан әлеміндегі жұлдыздық айналымды нақты болжай білуінің шеберлігінің нәтижесінде денсаулыққа зиянды жақтарын бақылады, халыққа ескертті, сырқатты емдеп жазу жолдарын қарастырды. Қазақтың шипагерлері сырқат адамның ауруының пайда болу себептері мен сыртқы түрін анықтау, шипалық ем қолдану әдіс-тәсілдерінде ұлттық мәдени стилді сақтай отырып, жеке ұлттық психологиялық пен философиялық ой-толғамдары арқылы жүзеге  асыруға  әрекет етті. Бүгінде, Қазақтың шипагерлік емінің мәдениеті мен дәстүрлерін халқының ұрпағына жеткізу, оның азаматтарының дендері сау  болуына, өсіп-өркендеуіне тигізер пайдасын зерттеу қажеттілігі, ғылымның жаңа бірқырынан танылғандығы – халық шипагерлігінің болашағына жаңа жол ашты. Ал, тарихы жазылмаған халық шипагерлігі де күрделі зерделеу мен зерттеуді асыға күтті. Халық емшілігінің өрлеу кезеңдері жазба деректердің жоқтығынан әлі зерттеліп біткен жоқ. Халық емі жоқ ұлттың бүгінге дейінгі  өмірі  де, болашағы да болмасы анық.  Қазіргі медицинаның негізін қалаған сол халық емі, яғни халықтық шипагерлік дәстүрі екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Қазақтың шипагерлік өнерінің тез әрі ғылыми тұрғыда дамуына, Орта Азия мен қазақ жерінен шыққан ғұлама ғалымдар, есімдері бүгінде әлемге белгілі Әбу Нәсір әл-Фараби, әл-Бируни, әл-Разани, әл-Хорезми, Әбу Әли ибн Сина, Жүсіп Баласағұни және қазақтың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы т.б.  ғұламалардың медициналық еңбектері халықтық шипагерлік сипатының өркендеуіне жол ашты. Халық шипагерлігінің өркендеуінің ғылыми-іліми және емдік сипаттық дәуірі кезеңі ХV ғасырда даланың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының жеке зертханалық ілімдік ғылыми тұжырымдамалары  арқылы жүзеге асты.    

 Орыстың академигі, м.ғ.д., профессор Б. В. Петровскийдің: «Шығыс медицинасының тарихы Тибет, Монголия, Индия, Қытай, Жапонияда осыдан мыңдаған жыл бұрын дамыды. Емдеу әдіс-тәсілдері болды.  Бұл осы заманғы медицинаның дамуына өте қажет», –  деген тұжырымы шипагерліктің тамыры тереңде жатқанынан анықтама береді.

Құрметті Құрылтай делегаттары!

Қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы жоғарыда аттары аталған Орта Азиялық және қазақ жерінің ғұламаларының емдеу тәсілі мен медицина саласы бойынша жазылған еңбектерін одан ары қарай жалғастырушы, дамытушы, халықтың игілігіне пайдалануда өзінің жеке талғамдық-танымдық қабілетін жүзеге асырушы болды. Ғұлама шипагердің «Шипагерлік баян» атты медициналық-энциклопедиялық еңбегінің жүйелі жазылғандығы мен ұлттық тілдік таным бойынша баяндалып, медицина тілімен нақты анықтама беретіндігін кітаптың «Кіріспе» және «Қанықталғы», «Нарықталғы», «Дарымдалғы» атты үш бөліміндегі дәлелдемелер осы заманғы медицинамен үндесіп, бірлесіп, араласып жатқан сипатта екенін медицина саласының мамандары да бір ауыздан растауда. Одан емделу дәстүріндегі медицина ғылымымен сабақтастығы анықталуда. Өзіндік терең философиялық танымы мол ғұлама шипагер Өтейбойдақ адам бойындағы қанды: «арам қан», «адал қан», «құтырған қан», «қанды ірің» – деп төрт топқа бөлгендігі, грек ғұламасы Гиппократтың адамның организміндегі төрт шырын анықтамасымен сәйкес, үндес келетіні бізді қуантады.

Сондықтан да, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық-энциклопедиялық еңбегі қазақ ғылымында жаңа жүйелік бағыттың ашылуына өте пайдалы ықпал ете алды. Бұл еңбектің ғылымдағы құндылығын бізден бұрын зерттеп, әділ ғылыми бағасын берген көрші Шығыс еліндегі қандастарымыздың еңбектері және «Шипагерлік баянның» Қытай мемлекетінің жоғары мемлекеттік сыйлығына ие болуы, қазақтың халықтық шипагерлік мәдени дәстүрінің осыдан бес жарым ғасыр бұрын, іліми негізі толық қаланғанын білдіреді. Ұлттың "Мәдени мұрасының" бір саласы шипагерлік өнерінің өркендеуіне, тарихына анықтамалар беру мен зерттеуімізге қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» кең жол ашты. "Шипагерлік баянды" ғылыми жақтан зерттеуіміз жақсы нәтижесін берді. Шипагер баба ғалымдардың ұсынысымен "Екінші ибн Сина" атанды. Қазақ халқының білімі мен ілімі сонау XV ғасырда-ақ, өркендегені ғылым жүзінде дәлелденді. Бұл қазақ ғылымының жаңа бір саласын дүниеге әкеліп, тарихқа енгізді. Қысқасы шипагер еңбегі  ілімсіз, тарихсыз қазақ халқын ғылымды, білімді халық екеніне жол ашты. Кейбіреулердің еліміздің тәуелсіздігіне дейін «Қазақтың халықтық шипагерлік өнері болмады» – деген кертартпа әрекеттеріне Ұлы шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» жүректеріне оқтай қадалды.    

Қорыта келгенде, халықтық шипагерліктің іліми-ғылыми негізі ХV ғасырда ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбегі нәтижесінде қаланды. Ол шығыс медицинасымен жалғастық тауып, ұштасымдық тудырды, әрі осы заманғы ғылыми медицинаға толық сілтемелік жол ашты. Ғұлама әлем ғылымы алдында 15-тен аса жаңалықтар ашты. Кеңес заманында қазақтың халықтық емшілігі тарихы медициналық оқулықтарға арнайы енгізілмесе, бүгінде ғылыми негізі қаланып, шетелдер де таныды және мойындады. Бұл ел тәуелсіздігінің емшілерге деген үлкен рақымдылығының нәтижесі болатын.

 

Құрметті Құрылтай делегаттары!

«Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» РҚБ тылсым құпия сырларының (емшілік, бақсылық, болжампаздық, жұлдызшылық, телепатиялық, сынықшылық т.б.) қоршауында қалғандарға қисайғанына – сүйеу, құлағанына – тіреу, есеңгірегендерге – ес беруші, ақ жолдан тайғандарға – тура бағыт беруші, білімсіздерге – білім беру мен адасқандарды – тура жолға салуда ширек ғасырлық ғұмырында нәтижелі еңбек етіп келеді. Ол жалғаса бермек.

Осыдан жиырма бес жыл бұрын (22.12.1991 ж.) құрылған «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі сол кезде өз қандастарымыздың төбесінен жай түскендей болып, ұйқысынан шошытып оятты. Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты қызметкерлерінің тарапынан жасалған (Е. М. Мусин, Е. Әбілқасымов, Ш. Шинтаев т.б.) қысымдар мен теріс үгіт-насихат әрекеттері 20 жылдан астам уақыт қауымдастық қызметінің ілгері жылжуына қарсы кері әрекеттерін жалғастырып келді. Осылардың  ұйымдастыруымен қауымдастықты жоюда республикалық жеті министрлік пен комиттеттердің мамандары жанын сала кірісті. Қауымдастықтың қызметін екі рет тоқтаттырды (1992-1993). Қысымдарын күшейтті. Қауымдастықтың басшысы мен оның мүше-емшілеріне тыныштық бермеді. Күндіз күлкі мен түнде ұйқыдан айырды. Дегенмен, қауымдастықтың басшылары мен оның мүше емшілері және жаңашыр ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдары мамандары мен қуаттаушылар қауымдастықтың қызметінің алға жылжуына, құлағанда тіреу, сүрінгенде сүйеніш бола білді. Қысқасы, қауымдастықтың басшысы мыңдаған қарсыластарымен жалғыз күресті (З. Қ.). Қауымдастықтың қадамы алға жылжып оның қарсыластары артында қала берді. Бүгінде қауымдастықты республикадан тысқары елдер танып білді. Қауымдастық өз тарихын жасап, өз орнын анықтады. Ғылыми жұмыстарымыз өз нәтижесін берді. Тарихы жоқ, тарихта аты жазылмаған халық емшілігінің ғылыми негізі қаланды. Қазақ ғылымы ортасынан шипагерлік ілімі өз орнын тапты. 2011 жылдан бастап қауымдастық Біріккен Ұлттар Ұйымының (АҚШ, Вашингтон) Денсаулық департаментінің есебінде тұрады. Ал, қауымдастықтың басшысы (З.Қ.) менің бес кітабым (орыс, ағылшын тілдерінде) осы департаменттің қорына алынды. Бұл Кеңес заманындағы халық емшілігін ғылымға енгізе алмай армандаған артына аманат хат жазып қалдырған, медицина ғылымдары докторлары, профессор марқұмдар  Естөре Оразақов пен Сағидолла Қарынбаевтың армандары орындалды.

 

Құрметті Құрылтай делегаттары!

Қазақтың XV ғасырдағы ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық-энциклопедиялық еңбегі мен халықтық шипагерліктің ғылыми айналымға енуіне қауымдастықтың басшы зерттеуші-ғалым З.Қожалымовтың еңбектеріне ғылыми жетекші болған философ. ғ.д., профессор Жақан Молдабеков мырзаға өз атымнан және қауымдастықтың ұжымы атынан үлкен алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, әр уақытта қауымдастықтың жетістігі үшін қуанған, қиыншылығында демеуші болған, ғылыми кеңестерін ұсынған ғалым-профессорлар Құбығұл Жарықбаев, Айтолқын Құлсариева, Батима Абирова, Гүлнар Сәрсенбекова, Амангелді Жаханов, Тұрғанбек Құлмаханов, Тұрарбек Тулендиев, Шора Сарыбаев, Советхан Ғаббасов, Ертай Заркешов, Мекемтас Мырзахметұлы, Тәуекел Жанақұлов, Ораз Қауғабай, Әнуар Тарақов, Жапар Әлдибеков, Сансызбай Құрбанқожа, Зікірия Жандарбек, Ақылбек Шаяхмет, Әбдісабыр Өмешұлы, Аманбек Сбанбаев, Жасан Зекейұлы, Өтеп Мырзағалиұлы, марқұмдар Тұрсын Бекенов, Төтенайдың Базарбегі мен Жандарбектің Ермаханы т.б. ғалымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қауымдастықтың қызметінің өркендеуіне қосқан үлестерін жоғары бағалаймыз және қауымдастықтың Төралқасы мен өз атымнан алғысымды білдіріп, ғылыми еңбектеріне табыс тілеймін.

 

Құрметті Құрылтай делегаттары! 

Бүгінде қауымдастықтың 14 облыста және Астана мен Түркістан қалаларында бөлімшелері өз қызметтерін жалғастыруда. Қауымдастық мүшелері мен емшілерінің ішінен абыройлы, білімді, тәрбиелі, діни сауатты, мейірманды және таза шипагерлер қатары көбеюде. Еңбектері ерекше бағаланған қауымдастықтың емшілері Халықаралық дәрежелі емші, ІІІ мыңжылдықтың үздік емшісі, Шығыс, халықтық және рухани емшілік магистрі атақтарымен қауымдастықтың әр түрлі медалдарына, сертификаттарына және алғыс хаттарына ие болып марапатталғандар саны арта түсуде.

Қауымдастықтың тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарында 900-ден аса сұхбаттар, мақалалар жарияланып, 45-тен аса кітаптар (700 баспа табақтай) баспадан шығарылды.

Қауымдастық қызметі мен халық медицинасының маңыздылығын ұдайы оқырманға таныстыруда қауымдастықтың төл газеті «Халық емі» (1992-1994) мен «Шипагерлік баян» (2002) және «Шалкөде» баспасы және қауымдастықтың жеке сайты үздіксіз қызмет етуде.

«Шипагерлік баян» оқырмандардың сүйіп оқитын газетіне айналды. Қауымдастықтың жеке сайтындағы оқырмандар саны 500 мыңнан асты.

 

 Құрметті Құрылтай делегаттары!

Қауымдастықтың ұйымдастыруымен 2004-2015 жылдары аралығында халық емшілігі туралы әр түрлі тақырыптарда Халықаралық конгрестер, форумдар және конференциялар өткізіліп, халық емшілігінің қажеттілігі мен өткені, бүгіні және болашағы жөнінде арнайы ғылыми теориялық-тәжирбелік жинақтар шығарылды. Қауымдастық басшысы мен көптеген емшілер бірнеше рет шетелдік Симпозиумдарға қатысып, қазақ халық медицинасының рөлі мен болашағы жөнінде баяндамалар жасады және шеберлік-емдік мамандық тәжірибелерін көрсетті.

Қауымдастық Елбасының "Алғыс хатымен" марапатталған (2005).    

Қауымдастықтың қызметінің 2013-2015 жылдарында жоғары көрсеткішке жеткені үшін, Халықаралық рейтинг Одағының "Қазақстан данқы" мен "Экономика мақтанышы" ордендерімен 4 мүшесі, “Еңбек жолындағы тиімділік үшін ” және “Кәсіби саладағы сіңірген еңбегі үшін” медалдарымен 30 мүшесі және емшілерден “Жыл маманы” Ұлттық сертификатымен 45 мүшесі марапатқа ие болды.  Қауымдастық алтын жалатқан қабырға медалімен және Ұлттық сертификатпен марапатталды.

Құрметті Құрылтай делегаттары! 

Қиын кезеңдерде өзінің киелі шаңырағының ордасына түкірген, қауымдастықты таратуға кіріскен топқа қосылған, киелі орданың «сатқын» мүшелері де бүгінде тарихтан аттары өшіп, абыройларынан айырылды. Арам ниеттерінің талқаны шықты. Мәдениеттілік пен адамгершіліктен және имандылықтан жұрдай емшісымақтар ұятты қойып, өздерін «түрлі-түсті және тақиялы әулиелер», «Алып апа, ана, әулие ана» және «Жаратушы мен пайғамбарлар», «Пархат ата», «Ақ ананың шәкірттері», «Аққулар», «Ата жолы», «Ордалар», т.б. сияқты жалған атаққұмарларды бүгінде арнайы эфир мен баспасөзден іздеп, сыйлық жарияласаң да таба алмайсың. Бұл «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» – деген халқымыздың даналық сөзінің нақты дәлелі бола алады. Бұлар жөніндегі өз уақытында баспасөзде әртүрлі тақырыпта құнды мақалалар жаздым. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған емшілердің жиырма бес жылда небәрі он пайызға жетпейтіні ғана қалады деген болжамым бүгінде толық дәлелденуде. «Жүздің жүйрігі мен мыңның тұлпары» – деген халықтың қанатты сөзі дәлел бола алады. Мысалы, Алматы қаласы бойынша тіркелген 1200 (мың екі жүз), ОҚО-дағы 400 (төрт жүз), Жамбыл облысындағы 300 (үш жүз), Қызылорда облысынан 280 (екі жүз сексен), Атырау 200 (екі жүз) және Ақтөбе облысынан 180 (жүз сексен) т.б. аймақтан қауымдастыққа тіркелген мүше-емшілердің тікелей қауымдастықпен байланыс жасайтыны 5 (бес) пайыздан аспайды. Бүгінде «жасампаз емшісымақтар» өмірде бар болғанымен енді халық та оларды қажет етпейді. Себебі адамдардың рухани танымы мен білімдігі артуда. Осыларды  мадақтап асқақтатқан үгітші орны ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық халық медицинасы Орталығы» мен осы Орталықтың сенімді көмекші ұйымы «Кәсіби халық емшілері қауымдастығы» – өздерінің қызметтерін неге тоқтатқаны белгісіз? Өздерін емшілерге «мәңгілік құтқарушы, жарылқаушы» атаған бұл екі ұйымның шаңырақтары қысымсыз-ақ ортаға түсті. Осы екі ұйым дайындаған жиырма бес мыңнан аса «Кәсіби халық емшілері де» ортамыздан ғайып болды. Халқымыздың: «Өз балаң өзектен тепсеңде кетпейді, кісі баласы кісеңдесеңде тұрмайды» – деген даналық сөзін енді емшілер түсінгені дұрыс болады.

 

Құрметті Құрылтай делегаттары!

Ендігі сөзімді қауымдастықтың құрамына енетін вице-президенттер мен филиал директорлары және жеке емшілердің тәртібіне тоқталуға рұқсат етіңіздер. Жоғарыдағы баяндамада айтқандай кейінгі кезде осы қауымдастықты таратуға және менің өміріме қауіп төндіруге әрекет еткендер де болды. Күнәнің ең ауыры «сатқындық». Осы сатқындықты қауымдастықтың вице-президенттері А. Бодров пен Е.Мырзагельдиев біздің қарсыласымыз Ш.Шинтаевтың қолтығына кіріп (2010-2011), оның айтқанын орындауға кірісті. Ш.Шинтаев өзінің сенімді орынбасары Өзбекстан азаматы, қарсы барлау қызметі подполковнигі Ануар Ниезовты жақсы пайдаланды. Оған Өзбекстаннан арнайы бұзақыларды алдырып, оларға Ш. Шинтаев өз қолымен "Халық емшісі" құжаттарын берді (теледидарда көрсетілді). Сонымен өзінің арам ойын А.Ниезов арқылы орындатуға Ш. Шинтаев тікелей кірісті. Бір-ақ, бұл имансыздық әрекеттерін біз алдын-ала білдік. Жоғарыдағы А.Бодров пен Е. Мырзагельдиевке өздерінің бастары кететінін айттым және қауымдастыққа ешқандай қатер болмайтынын ескерттім. Біздің болжамымыз дәл келді. Арнайы тапсырманы орындамағандары үшін А. Бодров болса Ш. Шинтаевтың бандиттерінің қолынан ауыр қылмыспен өлтірілді (17.02.2011). Ал, Е.Мырзагельдиев болса ол да дәрі әсер етпейтін қан қысымы ауруына ұшырап, дүниеден өтті (26.04.2013).

Ал бүгінге дейінгі он жылдан аса вице-президенттер С.Құрбанқожа мен К.Кумаров өз қызметтерін қауымдастықтың Жарғысы талабына қарай өте төмен орындағанын сіздерден жасыра алмаймын.  Бекітілген аймаққа К.Кумаров бір рет те бармақ түгелі, қосымша атқаратын Астана қалалық филиалындағы 50-ден аса мүшесінің бүгінде 4-5 қалғанына өзі ұялмайтын сияқты. Осы Құрылтайға ол басқаратын филиалдан үш ғана емші қатысуда. Мұндай жауапсыз әрі ұятсыз адам басқаратын Астана қалалық филиалының қызметін тоқтату жөніндегі Төралқа ұсынысын Құрылтай делегаттарының бекітуін сұраймын.

 

Құрметті Құрылтай делегаттары!

Енді қауымдастықтың филиалдарының қызметіне тоқталайын. Қарағанды облыстық филиалының директоры Д.Шәкіржан өз қызметіне жауапкерсіздікпен қарап, қауымдастықтың құжаттарын жасап емшілерге таратқан. Қызметінен алынды. Оның орнына А.Қалауов тағайындалды. Қостанай облыстық филиалын он жылдай басқарған Б.Нисамбаева (Дарибаева) коллективінде жеке абыройын төмендетіп, он айдан аса мүшелер арасында қауымдастықпен ешқандай қатысы жоқ қоғамдық және мемлекеттік ұйымдар атына бір-бірінің үстінен арыз жазып, ымыралық келісімге келмеді. Б.Нисамбаева (Дарибаева) қызметінен босатылып, оның орнына М.Хакимов тағайындалды. Манғыстау облыстық филиалының (дир. Б.Сералиев) қызметі де қанағаттанарсыздық жағдайда. Дегенмен,  Қауымдастықтың филиалдарының директорларының ішінде қызметін жақсы атқарып жүрген Қ. Бесембаев (Атырау), Б. Туребеков (ОҚО), Ғ. Әділбаев (Ақтөбе), А. Есенгельдиева (Жамбыл), Б. Ахметова (Ақмола), А. Шахмарданова (Павлодар), Ұ.Байділдаева (Түркістан) сияқты филиал директорларының қызметіне Төралқа алғысын білдіріп, табыс тілейді. 

Қауымдастықтың жеке емшілерінің ішінде өте абыройлы, білімді, сабырлы, иманжүзді, сауаттылары жетерлік. Бұған қуанамыз, мақтанамыз. Десе де, «Бір қарын майды, бір құмалақ шірітеді» демекші қажы атағын иеленген Мақсұтбаева Гүлмира қажы, Наурызбаева Рая қажы (Алматы), Сәденова Гүлдария қажы (Астана), Мырзагельдиева Гаухар (Алматы қаласы) т.б. қауымдастықтың тарихынан терең орын алғаннан кейін, себепсіз тайып тұруын нағыз сатқындық дей аламыз. Қауымдастықтың Жарғылық міндеттері мен талаптарын орындамаған және себепсіз хабарсыз кеткен, бірақ қауымдастықтың құжаттары арқылы халықты алдап, арбап жүрген 202 мүше-емшілерді қауымдастықтың құрамынан шығару жөніндегі Төралқаның шешімін Құрылтай делегаттарының бекітуін сұраймын (тізімі бар, № 5 протокол, 15.07.2016).

Құрылғанына 25 жыл болған қауымдастықтың тізіміндегі 5000-нан аса мүшелерінің бүгінде нақты байланыста қалғаны – 1200-дей екенін Құрылтай делегаттарынан жасыра алмаймын. Қауымдастықтың құрамын сандық емес, сапалыққа көтеруге қызмет етудеміз. Бұл халқымыздың «Жүздің жүйрігі мен мыңның тұлпары» деген даналық сөзін дәлелдеп тұрғандай.

Қауымдастықтың тұрақты мекен-жайы жоқ. Демеушісі де болған емес. Қауымдастықтың қаражаттық негізі оның мүшелерінің оқу мен жарна және ерікті жарнадан құралған. Бұған да тәубе дейміз.

 

Құрметті Құрылтай делегаттары!  

1988-1998 жылдары аралығында бұқаралық ақпарат құралдарында емшісымақтарды үгіттегендер де, бүгінде бұл пиғылдарынан қайтқан сияқты. Ұлы шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы: «Жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады» – демекші, бізді көреалмай күндес болғандардың қарғысынан Жаратушымыз бізді қорғады. Бізге аманаттың жүгі ауыр әрі қарызың сияқты сезіледі. Сондықтан болар XV ғасырда жазылған «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбектің авторы, менің ауылдас бабам ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы: «Жаз, жаз, балам, жаза бер, балам, тағы да жаз!..» – деп ХХ ғасырдың ақырындағы аян берді. Ал, анам еліне «Ақ апа» атанған Өзипа Сыбанбекқызы бұл дүниеден қайтарында: «Балам, жалғызым, әке атандың, енді халықтың ұлы бол», – деп өсиетін қалдырды. Өткен ғасырдың ақырында «Түркістан» газетінде біздің қандастарымыз «Пархат ата» дегенді Құдайға теңегенде, білімді азаматтар және дін мамандары наразылық білдірді. Осыған байланысты мен өлілер аманаты мен тірілердің тілектерін  орындаудамын.

Мен ұстазсыз ұстазбын. Мені ешкім де үйреткенде және ықыласын білдірген де емес. Өз құпиямды іште сақтай отырып, жеке танымдық ойларымды баспасөзде жариялап келемін. Менің құпиямды білген фил.ғ.д., профессор Мекемтас Мырзахметов десем артық болмайды.

 

Құрметті Құрылтай делегаттары!

Қауымдастық пен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің арасындағы ұзаққа созылған 20 жылдан аса күресі 2012 жылдың 10 шілдесінен бастап тоқтатылды. Оған себепкер ҚР Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңы негізінде ҚР «Халқының денсаулығын жақсарту жөніндегі» заңының 54 бөлімінің 4 бөлімшесі алынып тасталды. Қысқасы, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан емшілерді бақылау мен сертификат беру тоқтатылды. Мен басқарған қауымдастық пен оның емшілері қандас қаракөздерден тозақтың азабының талайын көргенін енді жасыруға болмайды. Алғашқы қарсылық ұйымдастырған шенеуніктер бұл күнде баяғы жылы жайлы орындарынан кеткен. Бұл шенеуніктер болса, қауымдастықтың өз ұясынан тәрбиелеп шығарған кейбір сатқын емшілерді пайдалана білді. Олардың аттары «Шапағатты рух ордасы» кітабымда (А., 2001, 14-15 бб.) ашық, анық және аттарын да атап көрсеткенмін.

 

Құрметті Құрылтай делегаттары!

Қауымдастықтың ширек ғасырлық қызметінде оны өркендетуде, қорғауда, қаражаттық көмек етуде және қауымдастық ұйымдастырған шараларға қатысуда белсенділік көрсетіп жүрген жүздеген қауымдастықтың мүшелеріне алғысымызды білдіреміз. Қауымдастық алғаш құрылған кездегі қарсы шенеуніктердің: "Сендерді екі ай да өмір сүргізбейміз", – деген сөздері жүзеге аспады. Емшілер құлдықтың бұғауынан құтылды. Ұлы ғұлама Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегі мен тылсым құпия сырларының ерекшеліктерін ашуда қауымдастықтың басшылары мен емшілері аянбай еңбек ете береді. Шет елдермен өз мамандығымыз бойынша тұрақты қатынаста боламыз. Жаратушы Алла Тағаламыз өзінің қалауы бойынша қауымдастықтың қызметіне дем беріп, сақтап қалды. Халық шипагерлігі – ол өнер және мәңді де мәңгілік өмір сүре береді. Оны ешкім де жоя алмайды. Бұл өміріміз бен тарихымыздың шындығы.

 

Құрметті Құрылтай делегаттары!

Қадірменді меймандар!

Емшілер қауымдастығының армандаған 25 жылы да келді. Қауымдастықтың ғұмыры ұзақ болғай. Ел аман болсын! Қауымдастықтың 25 жылдық торқалы мерекесі құтты болсын! Барлығыңызға зор денсаулық, қызметтеріңізге табыс тілеймін! Тағы да мерейтой құтты болсын!

Тыңдағаңдарыңызға рахмет!

 

 
 
В начало