"

БАТА – АҚ НИЕТ, КИЕЛІ СӨЗ

 

 

  главная                                        вернуться  

 

БАТА – АҚ НИЕТ, КИЕЛІ СӨЗ

MoldabekovЖақан МОЛДАБЕКОВ

 

Философия ғылымдарының докторы, профессор

 

  

Бабалар сөзінің көне бір қайнауын – бата деп жатамыз. Екі мың жылдық тарихы мен дәстүрі бар батаның мақсаты не? Адам мен ғалам жаратылысының тылсымы мен тазалығын іздеу. Осы мақсатқа жету үшін адам Жаратқан Иемнен рұқсат сұрап ниетін түзеп, дұғасын оқыды, салауатты тілегін тіледі. Бата беру – түркі тілдес халықтардың киелі қасиеті. Батадан халықтың адал жаны, биік рухы, ашық тілегі, киелі сөзі көрініс табады. Осы қасиеттер рәсім-салт арқылы адамның жан-тәніне, мінез-құлқына сіңеді, күш-қуатқа демеулік етеді, жақсы іс-әрекеттің нышанын құрайды. Біздің халқымыз үшін, ақ бата:

 

– рухы жоғары Ой, Ниет, Тілек, Істің жиынтығы;

– адам мен ортаның қуанышына орай адал ниет, жақсы тілек білдіру;

– күллі сенімнің бірлігін білдіретін, тіл, көз сұғынан сақта деген асыл сөз;

– бастамақ істің тұсаукесері және қасиетті тұмары;

– Құдай алдында берілген серт, айтылған уағда, сұрап алған үкім.

 

Қазақ үшін батадан асқан тілекті ниет болмаған. Бата адамның ісіне, іскерлігіне, ізетіне, ілігіне берген түйінді тілегі. Адамның қылығына, қызметіне және кісілігіне орай батаның түрлері толықтырылған. Өйткені ол таным тұнығының, ойлану шоқтығының, бағалау өрнегінің, түсінік тереңдігінің, сана-сезім серпілісінің нәтижесі, әрі өлшемі. Ол сонысымен ақыл-парасаттың азығы, оны мәнерлейді. Мәнді де нәрлі ақыл-парасат қимыл-әрекет қозғалысына ұйытқылық етеді, ойды оятады, ой қозғалысын реттейді. Сергек сана-оянған ой шырқын келтіретін түйін-нұсқау. Ой-сана – тұтас та тура көзқарас, түрлі мәліметтің, толғаныстың, өмірлік тәжірибенің қисынынан туындайтын тоқтам-түйін. Қазақ батаны көкіректе тазалықты баптаудың түрі деп ұққан. Байламның астарында: «Жауынменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деген нақты шешім жатыр. Батаның түбірі тереңде. Сапарға шығатындарға ақсақалдар бата берген. Мысалыға, киеліліер жолына Гильгамештiң былайша кеңес айтқан:

 

Гильгамеш, күшiңе сенбе өзiңе сен,

Ұрғанда дәл ұр, сабырлы болсын жүзiң,

Алдында келе жатқан адам құтқарады жолдасын:

Кiм бiледi жолдарды, сол сақтайды досын:

Қол ұстасайық та, кел барайық, досым менiң!

Сенiң жүрегiң шайқасқа жансын!

Ұмыт өлiм туралы – өмiрге жетесiң!

Сақ та ержүрек адам,

Жүрсең алда, өзiңдi де сақтап, досыңды да құтқарар едiң, – Алысқа олар даңқын шығарар ма едi өз есiмдерiнiң!". Батаның бастапқы түрлерінде шамандық мәтіндер, яғни қауымдық мінәжаттар, рухқа құрбандық шалу, сырқатты айықтыру үшін істелінген рәсімдер айқын. Бастапқы батада ырымдық, құдіретке табынушылық сарыны басым. Мысалы, аспанға құрбандық шалу мәтінінен үзінді келтірелік:

Өмір үшін тоқтамас!

Киіз үшін қирамас!

Ұлы баба салтымен,

Еңкейеміз біз иықтарымызбен,

Ант етеміз бастарымызбен!

Айтқанымыз жетсін Аспанға,

Біздің жалғыз Құдайымызға –

Ақ Жаратушыға барлық тіршілікті!

Құдірет пен Құдайға табынудың түрлері көп. Бірақ олар тұрмыста ортақ дәстүрді қалыптастырды. Ол – бата сөзді тыңдау, сөзді әрекеттің нұсқауы ретінде қабылдау. Жағымды сөздерден кейін адамның жүрегі нұрланды, дос іздеді, жарасқандар құшақ жайысып татуласты.

 

Бата дәстүрін сақтаған халықтың діттегені: ел-жұртының бір-біріне деген мейірімін жеткізу, сүйіспеншілігін айту; ұзақ сапар алдында ақ жол тілейтін жақындықтың рәсім салтын ілтипатпен сақтау; ақсақалдар мен кемеңгерлердің дуалы аузынан шыққан өсиет арқылы береке-бірлікке шақыру; ағайын-туғандықтың айғағы ретінде жақсы іске бас болу, үлкен-кішінің жолын ашу; мұсылмандықтың дәстүрін сақтай отырып бірлесе топтасып, аруақтарға ниетін арнау және бағыштау. Алғашқы көне тілектердің астарына үңіле ойланарлық:

Ғұмырың сенің, жолың сенің игі болсын!

Болмысың сенің, қара шашың сенің ағарғанша!

Өмір сүр, ақ қатары тістеріңнің сарғайғанша?

Өмір сүр қадірлі, болсаң да жалғыз сен!

Өмір сүр, күлкі-келемеж болмау үшін сен!

Осындай ақ та ізгі ниеттпен жақсылыққа жайылған алақан, ниет тілекті қисындау ғана емес, алдағы өмірге мақсаттар белгілеу де еді. Бата-тілектер көп арасында арналып айтылған. Оны бағыштайтын объекттер немесе оның арналған тақырыптары бар. Мысалыға халықтың тілектері – нәресте-сәбиге, жас отауға, ер-азаматқа, отбасы мен шаңыраққа, дастарқанға, той-томалаққа арналады. Объектінің ыңғайына орай халықтың тілегі мен өсиеті айтылады. Мысалға батаның мына түрлеріне назар бөлелік. Тұсау кесерге :

Тұсауың кесілді құлама,

Тізеңді жаралап жылама.

Құлындай құлдырап жүгірші,

Қанеки, өзіңді сына да....

Немесе Сүндет тойға:

Ұзақ болып өмірің,

Өміріңнің түйінін,

Өз қолыңмен шеше біл,

Адам болып өсе біл!...

Немесе Жас отауға:

Қосылып тұрған қос ұлан,

Игілікті, алаулы болыңдар.

Халыққа қалаулы болыңдар.

Өмір бойы біріңді-бірің,

Жамандыққа қимаңдар,

Мейірманды махаббатпен,

Үлкендерді сыйлаңдар!...

Немесе Шаңыраққа:

Уа, Құдайым!

Ұл берсең, білікті қып бер,

Қыз берсең – көрікті ғып бер.

Мінер ат берсең, желісті қып бер!

Е, Құдайым оңдасын,

Қызыр Баба қолдасын.

Бас аман, мал түгел боп,

Береке бірлік орнасын!

Дастарқаның бай болсын,

Пейілің соған сай болсын!...

Немесе Дастарқанға:

Дастарқандарыңа береке берсін,

Бастарыңа мереке берсін.

Астарыңа адалдық берсін.

Бастарыңа амандық берсін.

Немесе Ер-азаматқа:

Әумин десең, міне, бата,

Қолдасын Қыдыр Ата.

Қыдырың қияласын,

Періште ұяласын.

Ел шеті жаусыз болсын,

Ел іші даусыз болсын!

Өрісің мықты болсын,

Қонысың құтты болсын!.. Немесе:

Жақсының қадірін біл,

Кәрінің әділін біл!

Өнгеңді қазық ет,

Ақылыңды азық ет!

Сағың сынбасын,

Бағың нұрлансын! – деп басталатын немесе аяқталатын ақ ниеттер халық өресін, орта өнегесін білдіреді.

 

Бата – халықтық талғам мен даналықтың бір тармағы. Сондай-ақ бата – үлкендердің нұсқауы, ұрпақтардың ұстанымы боларлық өсиет. Батаны белді, беделді, иманды адам ғана қайырған. Себебі:

Қол жайса дұға қабыл батасына,

Қанбайды сөздің қулық қатасына, (Ғаяр қатын, 105) деп ұққан.

Батаны жандандыратын, батаны беретін таңдаулы тұлғалар, көреген кісілер, қалаулы рухани бапкерлер болған. Оқығаны да, тоқығаны да мол зиялы жандардың ойы көсем, сөзі шешен. Олар халықтың осы дәстүрін өздерінше жалғастырды, жетілдірді, оған жаңа тыныс ендірді. Елде Төле бидің, Қыбырай бидің, Абыздың, Абайдың, Сүйінбайдың, Жамбылдың, Әсеттің, Бауыржан Момышұлы сияқты ұлағаттылардың батасы деп, жатқа және жиі айтылатын тың тілектер молшылық. Мысалға, Төле бидің:

Атасызға ата бол!

Батасызға бата бол!

Арып-ашқан қаріптің,

Жел жағына жота бол!,

Аллаға жағайын десең,

Азанды бол, балам!

Халыққа жағайын десең

Қазанды бол, балам! - дегенін,

Немесе Абыздың:

Әуелгі байлық – денсаулық,

Екінші байлық – еркіндік,

Үшінші – тіл байлық,

Төртінші байлық – қайрат-күш,

Бесінші байлық – ақ жаулық,

Алтыншы байлық – балаңыз,

Жетінші байлық – жүз саулық, – дегенін,

Немесе Жамбылдың:

Ел үшін туған ерлердің,

Алды-арты дария, кең болар.

Артықша туған азамат,

Халыққа үлкен бел болар.

Абыройға ие бол,

Ағат баспа бір қадам.

Атақ берген ата-ана,

Ел қадірін біл, балам!, – дегенін,

Немесе Бауыржан Момышұлының:

Я, Алла тағалам!

Өмір берсең, жайлы ғып бергін,

Дәулет берсең, сайлы ғып бергін,

Еңбегіміз өністі болсын,

Қамбамыз астыққа толсын.

Көсегеміз көгере түсіп,

Мыңғырған мал өріске толсын,

Әйел берсең, әдепті,

Жанға тыныш жайлы ғып бергін.

Келін берсең келісті ғып бер,

Ағаш берсең жемісті ғып бер...

Осы айтқандарымның барлығын

Үйіп-төгіп бір-ақ бер,

Аллоһу әкбар! – дегенін зерде таразысынан тағы да өткізсек, бұлардың бәрі де заман талабынан туындаған жаңа ниет екенін аңғарамыз. Бата өмірдей ашық, ұрпақтың ұлағатының жалғасы. Келешек ұрпақ өз ұстанымы мен қажетіне орай тағы да мәнді баталар ойлап шығарары күмәнсіз. Бата – өнердің түрі, ұлағаттың бірі, жаңғырған дәстүрдің жүрекжарды санасының серпілісі. Бата осы қызметімен қызықты, өзіне тартады. Батаның кейбір үлгілерін ұсындық.

Халқымыздың бұл рухани қазынасы шағын үзінділермен шектелінбейтіні онсызда әйгілі. Не демелік, өз еліне сүйінген, өз жерінде күйінген, домбыра күйінен түңілмеген ана тілінде сертін түйіндеген жансеріктен ел жақсылық күткен. Ондайлар өзіне де, елге де құт. Құдіретті күй бар жерде өр рух болады, рухы биік әлеумет дастандарға бай орта болып келеді, өнеріне сақшы болып келеді.

Сонымен қазақтың ақ Батасы, С. Дәуіт, Ә. Көпіштің оралымды тілімен айтқанда, «Жаратқан Алламен шын жүректен байланысу арқылы бар жақсы тілегін ұрпағынан-ұрпағына жеткізіп, бір Алланың ғана қолдауымен қиналғанда көмек беріп отыратын, бүкіл кедергі-тосқауылдарды қақ жара өтіп келе жатқан ұшқыр мұрасы, қасиетті тұмары, асыл қазынасы».

«Жақсыны» дәріптеу, көтере көркемдеп көрсету, халықтың арман-мүддесінен туындаған ықылас. «Жақсының» бейнесі қазақ жұртының танымы мен моралінде қалыптасқан түсінік десекте, суретті сөздер «жақсының» тұлғасын сомдайды. «Жақсы адам» кейпіне кедергі келтіретін ұсақтық, қаға беріс қалтарыста кемшін емес. Әйтседе, батада адам өмірінен қымбат ешнәрсе жоқ екендігі, адамшылықтың көзі – адамның қанағаты мен ынсабында, татулығы мен бірлігінде екендігі үнемі еске салынады. Осындайда:

Ас береміз ата-анаға арналған,

Дұға оқып, иман тілеп Алладан.

Риза болып, артта қалған ұл-қызға,

Қолдап жүрсін аруақтар әрқашан, деген тілектер айтылған.

Қазақ халқында адамның көптеген әдет-ғұрпына кешіріммен қарап, жеңілдіктер беретін қайырымдылығы қасиет пен дәстүрге айналды. Қазақтың адами және халықтың қасиеті, қайырымдылығы, дәстүрі, бір сөзбен айтқанда, оның мәдени және әлеуметтік байлығы тілмен жеткізілді. Тілдегі тілмәштік пен ниеттегі тілектестік мінездегі, іс-әрекеттегі жамандықтан сақтандыруға үнемі арналады. Мұндай тілектер дастандарда да жиі кезігеді:

«Жігіттер жамандықты қылмаңыздар,

Ханбибінің қылғанын ойлаңыздар.

Жамандық өз басыңа келіп қалса,

Байқамай қапылдықта қалмаңыздар». Баталы сөз – зерделі, деректі ойлар уыты. Батагерлер – еліне тілектес жандар. Тілектестер болса, олар, біріншіден, «жақсы адам» бейнесін жасауға белсенді араласқан, екіншіден, жақсылыққа жақсылық жасауға үйреткен, соны істеуге тұрған. Содан батаны кез келген адам бермеген. Ондай құрметті рәсім топ ішінде жас тоқтатқан, көпті көрген, көпті тоқыған, сақа адамның үлесіне тиген, яғни жұрттың ойынан шығатын адамға сенім білдіріп, соның аузынан естуге ықылас танытқан. Олар адам болу, ұлтжанды болу, ел-жұртты ұлағаттау, отанын сүю мәселелерін әрдайым тілге тиек еткен. Содан елін ертеңіне еліктіретін, ерін естілікке желіктіретін халқымыздың осы даналығының тәлім-тәрбиелік маңызы қашанда бәсеңсімейтіні хақ. Айтарымыз, ел тілегін ұғатын бәтуалы жандарымыз өсе берсін, елін еліктіретін салауатты батагерлеріміздің тобы тола берсін!

 

БАТА ТІЛЕКТЕР

Уа, жаратқан, жарылқа,

Бақ-дәулетін аумас қыл!

Жарылқағанмен жалғас қыл,

Ала ауызды алас қыл,

Қарғағаннан алыс қыл!

 

Ниеттері ақ болсын,

Бейнеттері пәк болсын,

Мұраттарын асыл қыл!

Қолқасын шаң қаппасын,

Жүрген жерін жасыл қыл!

 

«Шипагерлік баян» газеті, желтоқсан, 2017 жыл.

«Шипагерлік баян» газеті, қаңтар, 2018 жыл.

 

Алматы қаласы 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 



вверх