МӘДЕНИЕТТАНУШЫ ҒАЛЫМ, ХАЛЫҚ МЕДИЦИНАСЫ ҒЫЛЫМЫНЫҢ АКАДЕМИГІ ЗЯДАН ҚОЖАЛЫМОВТЫҢ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ «ХАЛЫҚ МЕДИЦИНАСЫНДАҒЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ МЕН МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯДА ФИЛОСОФИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ МОЛДАБЕКОВ ЖАҚАН МЫРЗАНЫҢ БАЯНДАМАСЫ
| ||
главная вернуться | ||
Мәдениеттанушы ғалым, халық медицинасы ғылымының академигі Зядан Қожалымовтың еңбектерінің «Халық медицинасындағы құндылығы мен маңыздылығы» атты халықаралық ғылыми конференцияда философия ғылымдарының докторы, әл-фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры Молдабеков Жақан мырзаның БАЯНДАМАСЫ Алматы қаласы, 2 тамыз 2014 ж. Құрметті конференцияға қатысушылар ! Қадірменді меймандар! Ғалымдар үйіне келбеті шырайлы, көздері нұрлы, көңілдері ашық жандар мен елеулі емшілер республикамыздың әр аймағынан жиналыпты. Сіздердің бір-біріңізді сағынып қалған күйлеріңізді аңғарамыз. Залдағы таңдаулылар мен төрдегі ірілердің құрметіне қол шапалақтап, өзара ілтипатымызды білдірелік... Әңгіме үш бағытта өрбиді. Оған арқау – Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығы, шипагер ғұлама Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мұрасы және Зядан қажы Қожалымовтың шығармашылық еңбектері. Үш бастау бірі-бірімен тоғысады, үш бастама өзара қатысты. Емшілер қауымдастығының тұлғалы тұңғышы, зерделі қолбасшысы бар. Ол – Зиядан қажы Қожалымов. Керекті істің қара нарына жарарлық қуат пен қабілет танытып келе жатқан тынымсыз да, тыңғылықты жан. Қане қошаметтеріңіз... Өзі азулы, намысты, шақар мінезді, арқалы жан. Зекеңнің мінезін таныстары, шәкірттері өзінше білер, өзінше бағалары хақ. Бірақ өмірлік жары Түймекүл Құлмаханқызынан, ұл-қыздары – Гүлзат, Мақсат, Аршат, Гүлшат және Нұршаттан артық білетіндер шамалы, тіптен жоқ та шығар. Кәне осы тіреніштерге құрмет көрсетелік... Рахмет. Қазақ халқының шипагерлік өнері ұлттық мәдениет саласының бір тармағына жатады. Халықтық шипагерліктің (емшіліктің) өзіндік жеке зерттелуі және оның тарихта арнайы аталуы еліміздің тәуелсіздігіне дейін арнайы басылымдарда жазылмады, тіпті оны атауға да тыйым салған ғасырлық кезеңдер артта қалды. Ертеден адам денсаулығын қорғау мен жақсартуға қызмет ететін халықтық шипагерлік қызмет жүйесі төмендеп өзінің қажеттілігі мен құндылығын жоғалта бастады. Еліміздің дербес тәуелсіз ел болуы құндылықтарымыздың көзін ашты, қайта гүлденуіне сара жол салды. Осындай түп тамырымен жоғалуға аз қалғанның бірегейі адам жанының шипалы шипагері болған халық емшілерінің де дарынды тылсым қасиеттері ашылып, шипалық қызметтерін сырқат жандарға емдерін қайтадан бастады. Еліміздегі халықтың саны өсіп, өмірі ұзарып жатса, бұл игі іске дәрігерлердің, соның ішінде халық емшілерінің қосып келе жатқан үлесі айқын, қомақты. Халықтың сіз бен бізге деген сенімі, құрметі, ықыласы – емшілердің бүгіні мен болашағына деген мекем өлшемі екенін ұмытпалық, естен шығармалық. 1991 жылдан бері “Қазақстан халық емшілері қауымдастығы” емшілерге нақты қамқорлығын көрсетіп келеді. Зиядан Қожалымовтың түйінді ойын еске алайық: «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы – қазақ елінің тарихында дарынды, киелі құпиялы тылсым күш иелерінің басын қосқан, тылсым сырлары мен халық емшілігін тұңғыш ғылыми айналымға енгізген бәйтерегі; Қауымдастық емшілер арасындағы ақылы жетпегендерге – ақыл, қиналғанға – қамқор, әлсірегендерге – қуат, жолдан адасқандарға – жарқын жол, діннен безгендерге – имандылық шуағын үйретіп, қисайғанға – сүйеу, құлап бара жатқанға – тіреу болды». Осындай нысаналы, көп салалы және тиімді жұмыстары үшін қауымдастыққа деген халықтың сенімі еселенуде. Қазір қауымдастықтың мүшелерінің саны 5000 мүшеге жетті, барлық өңірде оның 16 филиалдары жемісті еңбектенуде. Халық емін ту етіп көтергендердің ел алдындағы борышы өтеліп жүргенін және олардың көп құрметіне бөленіп жатқанын көріп те, қызықтап та жүрсіздер. Қауымдастық талаптылар мен тәжірибелілердің бас қосатын, бір-бірінен тәлім-тәжірибе алатын ортасы; құдай жолын ұстанып, таза жүретін ұлағаттылардың үйлестігі мен үндестігін, шипагерлік дәстүрді ардақтайтын емшілер бірлестігінің қолдаушысы, қамқоршысы. Бұл оң жетістікті қанағаттана айтуға тұрарлық. Емшіліктің өз қиыншылығы мен жауапкершілігі бар. Кәсіптегі сол қиыншылықтарды жеңе білген, емделушілердің ризалығына ие болғандардың озықтары ортамызда. Сіздерге бақтың сол биік тұғырынан түспеңіздер, емдік өнерді ширата берулеріңізге тілектеспін. Емдеріңізге өзіңіздің діттегеніңіз нық, емделушілердің көңілі тоқ болсын демекпін. Қауымдастық өзін-өзі қаржыландыратын мекеме. Қауымдастықтың істері заң негізінде сәйкестендірілді. Көптің бұл сауатты негізге көзі жетті. Сауаттылық пен сабақтастық емшілер бірлігін, белсенділігін, беделін айғақтауда. Үлкен офисте өз жұмысын жалғастыру – бұл да үлкен жетістік. Медицина мен шипагерлік өнерін дұрыс бағалай алмайтын, дінді жақсы біле қоймаған, адамгершіліктің күш-қуаты мен имандылықтың ықпалын нық ұқпаған емшілер арасында адасушылық, арамзалық сияқты кертартпалыққа ұрыну орын алып отыратыны да шындық. Өзіне келетін ұятты өзі біле немесе ұға бермейтін жайлар кем емес. Өзімізді де, өзгені де күйзелтетін белеңдерден асатын сәттің де келетініне сенелік. Оған Өтейбойдақ Тілеуқабылыұлының шипагерлік өнері, әрқайсымыздың кәсіпке деген қабілетіміз, бүгінгі мерейтой иесінің өмірлік жолы кепілдік болмақ. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының рухымен, шипагерлік даналығымен бірге өссек, өзіміз де елімізде көгеретіні, өсіп-өнетіні даусыз. Шипагерлік өнер – ежелден дәстүрлі ілім, халыққа жақын ұғым; «Мәдени мұраның» бір саласы; ғылыми айналымға енген жүйе. Бұл ескертпе көп нәрсенің астарын ашады, түрлі қағиданы ширатады. Ендігі емшілік дәстүрін халықтың мәдени тәжірибесімен толықтыру, шипагерлік өнердің ғылыми негізін қалыптастыру – осы сауатты да салмақты, парасатты да пайымшыл қауымдастықтың іргелі міндетіне жатады. Бұл міндет те қауымдастықты төрге тартатын ұстаным, тартылыс күш-қуаты қабаттасуда. Емшілер бір-біріне қамқоршы болу, қамқорлық жасау мәдениетін игеруде. Халық емшілігі – шипагерлік өнер мен текті мұрагерліктің иегері. Ақ жүзді, ақ ниетті сауаттылар, ежелден ел-жұртына бағалылар. Емшілік қауымын баптау – ел үмітін ақтау. Ел үмітін елеу - өзін өнермен теңеу. Осындай игілікті бағытты бедерлеген иманжүзді емшілер өмірде өз орнын еншіледі, шипагерлігін ешнәрседен кемсінбеді. Ел ішінен сағынып келген елеулі емшілерге қойылатын талап: Алдымен, емші – мәдениетті, сауатты, иманды және қайырымды болу керек». Жасандылығы жоқ, рухани парасаттылығы жоғары, кәсібіне адал қарайтын тынымсыздарға айтарымыз: «Іске ассын бабалардың аманаты, Емшілердің шықпасын жаман аты». Осыдан халықтың емшілігі өркендеді, емшілер өнері кемелденді. Осы орайда Өтейбойдақ Тілеуқабылыұлының «Шипагерлік баян» атты іргелі еңбегі көңілге оралады. «Шипагерлік баян» адамзатты әдептілікке, таза этикалыққа, саналы эстетикалық танымға үйретеді. Адамды жамандыққа бармауға, ислам діні тыйым салғанға тиіспеуге тәрбиелейді. Бүгінгі таңда исламның 91-ді жеуден тыйым, һарам мен мен халалды ажыратуды, жетіге тиіспеу, 41-ге жұғыспау, 12-н айырылмау, керісінше 41 ырысқа жақындау, оны жұғыстыру ережелерін білім мен тәрбие саласына ендірудің өмірлік маңызы анағұрлым артуда. Өтейбойдақ Тілеуқабылыұлы бабамыз этикалық ілімнің жүйесін, ғылыми негізін қалыптастырған ғұлама шипагер. Осы бағытта атқаратын міндеттер мен іс-әрекеттер жетерлік. «Шипагерлік баянның» беймәлім әлемін ашуға тікелей атсалыса араласқан, өзіндік ғылыми үлесін қосқан іздемпаз-ғалым арамызда. Мереке иесі туралы әркімнің ойып айтары мол. Иә, Зядан қажының көңіл тасытар еңбектері бір ұрпаққа жетерлік. Осы орайда, бәрімізде пендеміз, Үміт қуып келеміз. Үдеден шыққан уәжбен, Жүрекке, жұртқа енерміз, деген тоқтам-түйін ойға оралады. Өмір мен өнердің осы ережесін бетке ұстай отырып, ойымызды түйіндеп, сөзді зерделеп айтқанды жөн көрдік. Екі жасынан жетім қалса да бүгін емші, жетекші, қажы, журналист-жазушы, сазгер-ақын, ғалым Зиядан Қожалымов кім ол? Өткен ғасырдың 80-жылдары емшілікке бет-бұрған Зекең туралы емші әріптестері мен қауымдастықтың өз айтары бар екені және оның алуан екені хақ. Оны өздеріңіз жеткізерсіздер. Бірақ: «Емшілікке ширек ғасыр өмірімді арнадым, Адалдықты сақтадым, бағытымнан таймадым» дегені жүрекжарды сөз ғана емес. Өткен ғасырдың 80 жылдарынан бергі өмірлік белсенді позициясының арнасы және ағымы. Осы ұстанымның ұтқырлығы мен ұтымдылығына күмәнданатындар бола қоймас. Емшілердің арасында шипалық емінің оң нәтижесін тұжырымдап, таныта және ғылымға қарай жақындата алғандар болды. Сондай топтың ішінде бірегейдің бірегейі, шоқтығы биігі, бүгінде мәдениеттанушы ғалым атанған, осыдан ширек ғасырдан бұрын халық емшісі болған зерттеуші Зядан Қожалымов болатын. Халықтық шипагерлікті зерттеуші Зядан ғылымға орта жастан асқанда оралды. Оның шипагерлік саласы бойынша ғылым жолындағы ізденістері мен зерттеулеріне қарсы пікірлер, арнайы зерттеудің қажеті жоқ дегендер де аз болмады. Зядан бәріне шыдады, көнді, зерттеуін одан ары жалғастыра берді. Мен Зядан қажының ғылыми жетекшісі болдым. Зерттеудің орта жолда қалмауына өзімнің пікірімді айтып, ұдайы ескертіп келдім. Емдеу тәсілдерінің 40-қа жуығын білу – іргелі іздемпаздықтың куәсі. Ал оларды тән сырқаты мен жан сырқатына орай топтастыру, жүйелеу және іріктеп қолдану - өз кәсібіне біліктілікпен қарайтындардың ғана қолынан келеді. Сондықтан Зядан қажыны өз рухын жоғары ұстап, үдемелі үмітін ту етіп келе жатқан сарбаз, барарын барлауымен толықтыратын іздемпаз ғалым-емші демекпін. Зерттеуші Зядан қажы өзінің алғашқы зерттеуін дәстүрлі емес және дәстүрлі халық медицинасынан бастады. Бұл зерттеуге негіз болатын ғылым көзін іздеді. ХХ ғасырдың ақырында қазақ халқының тарихында аттары жазылмаған, белгісіз ірі тұлғалардың аттары пайда болды. Солардың ішіндегі шипагерлік ілімін ғылыми айналымға дейін көтерген, «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбектің авторы, ХV ғасырдың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы есімін еліне және ғылымға таныта бастағандардың қатарында Зядан қажы Қожалымовтың өзіндік биік орны бар. Мен өзім халықтық шипагерлік пен ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбегін зерттеуді бірнеше ізденушілер мен аспиранттарға ұсындым. Басталуы болғанымен, ізденістер аяқсыз орта жолда қалды. Зерттеушілердің іргелі де кешенді тақырыпқа шамалалары жетпеді, терең түсінігі қалыптаспады. Мақсатты ізденіс бүгінгі ғылыми конференцияда еңбегі бағаланып жатқан, сол кездегі парапсихолог, шипагер, Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті Зядан Қожалымов мырзамен жалғасын тапты. Оның ғылыми зерттеу тақырыбы: «Халықтық шипагерліктің мәдени бастаулары және емдік дәстүрлері» деген атаумен бекітілді. Бірге ғылыми зерттеу барысында: «Шипагерлік дәстүрі мен философиясы» немесе (Целительская традиция и философия) деген атпен монографиялық еңбек қазақ және орыс тілдерінде, сегіз ғылыми мақалалар жарық көрді. баспадан шықты. Монография ғалымдар тарапынан: «Шипагерлік саласындағы философиялық-мәдениеттанымдық алғашқы жұмыс екендігіне күмән келтіруге болмайды. Бұрын зерттелмеген, кең ашылып, толық бір арнаға түспеген тың тақырыптардың қатарына жатады» – деген оң баға алды. Монографиялық еңбек шипагерлік өнердің ғылымға құндылығын алғаш анықтап берген іргелі ізденістердің санатында еді. Зядан қажы іздемпаз ғалым. Оның 7 монографиясы «Мәңгілік құпия шежіресі», «Шапағатты рух ордасы» (А.2001), «Тылсым дүниенің құпия емдері», «Рухани емшілік ғаламаты», «Киелі шаңырақ» (А.2006), «Ғаламның жұмбақ сырлары», «Қазақстанның дарынды емшілері» (А.2010), «Денсаулықты жақсарту тәсілдерінің жолдары», «Халықтық шипагерліктің бәйтерегі» (А.2011), «Орындалған аманат» (А.2012), «Өмірімнің тағдыры»(А.2013) шипагерлік салаға арналған. Айтарымыз, мәдениеттанушы және өтейбойдақтанушы ғалым, ұлттық шипагерліктану немесе халық медицинасы ғылымның негізін қалаушы әйгілі тұлға. Егер біз мәдениеттанушы ғалым Зядан Қожалымовтың бір ғана ғылыми жағына тоқталсақ ол аздық етеді. Мен білетін, менің замандасым Зядан қажының көп салалы талант иесі екені сіздерге мәлім. Зядан Қожалымов мырза ширек ғасырға жуық өзі құрған Республикалық қоғамдық бірлестік «Қазақстан халық емшілері қауымдастығын» басқарып келеді. Басқарудың да нәтижелі және нәтижесіз жағы болады. Зядан ұдайы жаңашыл, еңбектенуден шаршамайтын, нағыз халықтық шипагерліктің жанашыры бола білді. Автор өзінің, қауымдастықтың өткен жолы туралы 90 жылдары: Тиістік қарсыласқа құйын болып, Көріндік, мықтыларға тиын болып. Сонда да алған беттен біз қайтпадық, Болса да бір сәттерде қиын жолым. Бұл ісіне адал жанның, тиянақты әрекеттің кәсіптік қызметке және еліне қажеттігін ұққан кісінің қайсар мінезі дерлік. Әр кезде тірегі де, қорғаны да халық деп ұққан автор: Халқым тіреу, панам әрі әркез сенен табылам, Ұлыңмын мен мәңгі сүйген, қасиетіңе табынған. Туған елінен, өскен ортадан қуат алып, күш жинаған Зекең осы ұстанымнан тайды деп, сірә, ешкімде айта алмас. Зекеңнің өмірлік кредосы: Адамдықты сақтайды бір-ақ нәрсе, Жан-тәніңнің тазалығы, иманы, ар. Бұл өз кәсібіне адал жанды жетелеп жүрген құдірет дерлік. Имандылық, ізгілікті молынан дарыта жүргендер жамандық жолынан сақтанады, сақтанып та жүр. Имандылық ордасы – Зекеңнің етене елі, көңілдегі мерейі. Осындай ірі бірлестіктің басынан өткен қилы-қилы кезеңдердің қиыншылықтары мен қаражаттық тапшылығы, тұрақты мекенжайдың жоқтығы және қарсыластардың көптігі Зяданды жасыта алмады, қызметін тоқтатпады. Ол тыңнан жол тауып, ақыры бүгінде өзінің ізгі жоспарлық арманының биігінен көрінді. Ірі ұйымдастырушы таланты мен қабілеті жоғары екенін қоғамымызда да және халықаралық ұйымдар алдында таныта білді. Үлкен беделге ие болған тұлғаға айналды. Мен өзім мәдениеттанушы ғалым Зядан Қожалымовпен он бес жылдан бері ғылыми байланыстық қатынаста болғандықтан, оның жұмыстағы таза жауапкершілігіне, емшілердің білімін, мәдениетін, аралық қатынасын, ғылыми танымдарын өсірумен қатар, шет елдік мамандардың да іс тәжірибесін үйренуіне үлкен мән бергенін де бақыладым. Зяданның басшылығында оннан аса халық емшілігі саласы бойынша әр түрлі тақырыпта өткізілген халықаралық конгрестер, форумдар және конференциялар бұл жүйенің емшілерге ғана пайдалы емес, ғылымға да, зерттеушілерге де пайдалы екенін көрсетті. Оны сіздерде жақсы білесіздер. Денсаулықты жақсартудың дәстүрлі жолдарын, емшіліктің сан-қырлы ерекшеліктерін, емдеу тәсілдерін, денсаулықты күту өнегесін, табиғатпен тілдесу және рухани тазару үлгісін талдады, жинақтады. Онда өмірлік қажеттіліктен, емдік тәжірибеден туындаған ақыл-кеңестер әрі тәсілді тәжірибелер таратылуда. Ойымды сіздердің, емшілердің шумақтарымен саралайын. Қиындықта қиналмай жол табатын, Емші, ғалым һәм журналист әрі ақын. Алдында оның сапары көп баратын, Аспанында жұлдызы мол жанатын. (ақын, профессор Әнуар Тарақ) Ақын, сазгер, ғалым адам, зиялы, Қадірлеген туған елді, ұяны. (Бақтыбай Төребеков) Елім деп, ертеңім деп елеңдеген, Бабамның бай дәстүрін көрем деген, Ұрпағын ұлылыққа жетелеген, Біргеміз қайсар жігіт-кемеңгермен. (Қализа Құттыбаева) Ордаңыздың рухы еш өшпесін, Қайырымдылық, имандылықты қорғап тұрған. (Метжанова Анаргул) Шындыққа ұдайы құмар жаны, Алға қарап жетелеп тұр арманы. Емшілердің рухани жан байлығы, «Шипагерлік баянды» шығарғаны. (Сейітқұл Жұманов) Жолдан өтіп, ілім жолы оқу менен тоқудың, Ендігі сәт кең дүниеде қайда самғау үлкен сын. Ата-баба жолын қуып нысанаға жетуге, Тұрды алда тер төгетін қыраттанған биік шың. (Үмбет Әбназарұлы) Құттықтаулар мұнымен шектелмейді. Жеке филиалдар мен адамдар атынан 12 газетте, үш телеканалда, екі радио торабында айтылды, әлі де айтылатыны хақ. Елдегі емшілер, естілер бұл Зекең отбасының қуанышына халықтық сипат ендіруде. Зядан орта жастан асқанда ғылымға кеш келсе де, емшілік өнері мен ғылым оның төл еңбегіне айналды. Зядан қажы елуден аса газетпен оннан аса журналға және қазақ энциклопедиясына енген 500-ден аса танымдық тәрбиелік, рухани және шипагерлік мақалалардың авторы. Қазақ теледидары мен радиоторабында 1990 жылдан бері екі жүзден аса әр түрлі тақырыпта тұрақты сұхбаттар берген рухани сауықтыру саласының маманы. Зядан қажы 15-ке жуық ғалымдар мен діни зерттеушілердің және ақын т.б. әдеби еңбектерге пікір жазған. Ең қызығы, Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық бірлестігінің 23 жылына орай 23 кітабы жарық көрген. Бұның ішінде әйгілі академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Әлиевтің «Қазақтың халық медицинасының ғылыми көкжиектері» (Алматы. Атамұра, 2003) ғылыми монографиялық еңбегі де бар. Шипагер ғалым Зядан Қожалымовтың есімі 10-нан аса еңбектерге енген. Мәселен, Р.Әріпов «Нұрлы өңір – Нарынқол» (А. Қайнар,1985), Ө.Ақыпбеков «Халық емінің құдіреті» (А.1993), «Қазақстан қажылары», 2том(А. 2004), «Жетісу»энциклопедиясы (А. 2004), «Қазақ жерінің Зиялы азаматтары-Почитаемые люди земли казахской» (А. 2005), «Албан Ата шежіресі» (2003, 2011, 1 және 2 том, Алматы. Атамұра), «Хантәңірінің ұландары – Ұлылардың ұрпақтарымыз» (А. 2014) т.б. Ғалым З. Қожалымов шежіреші. Ол Батыр баба Әлмерек (2002), Албан Ата шежіресі (2003, 2011 екі томдық) еңбектерінің авторларының құрамына енген. Қазақстан халық емшілері қауымдастығының атынан алғаш «Халық емі» (1992) ал, 2002 жылдан бері «Шипагерлік баян» рухани-танымдық газетін шығарып және оған басшылық етуде. Шипагер ғалым Зядан Қожалымов өнерге де жақын тұлға. Бұл жөнінде осы саланың мамандары өз ойларын білдіреді деген үміттемін. Тау баласы тауға қарап өседі. Құдай берген талант пен дарын, бақ пен білім қатар қонған, біртұтас өрбуде. Шабыты шалғыған шақта жыр да жазды, әнге көңілі құштарланды. Мұндайда ақын Зекең: Өзгерді оңға сана да, Сыйын қазақ Аллаға! Ашылсын бағың алдыңнан, Дұшпанға қалма табаға! Жан мен ерікті ширатар ұстаным. Солай емес пе?! Шипагер ғалымның еңбектерінде көпсалалы ғылымдардан мәлімет беріледі, әрі халықтық шипагерлік ілімінің дамуына үлес қостыру идеясы толық қарастырылған. Зядан қажы іздемпаз, жаңашыл, ғылыми талдауы құнды, еңбектерінің тілі жатық ғылыми ұлттық пәлсапалық талдаумен жазатын ғалым. Оның еңбектерін қарапайым оқырмандар мен ғылым саласының ғалымдары да оң қабылдайтын туындыға айналды. Ерен еңбегі бағалана бастады. Қазақстан Республикасының президенті Н.А. Назарбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталған (2005). Халықаралық рейтинг Одағының ұсынысымен “Қазақстанның данқы” Орденімен және “Сіңірген еңбегі мен жетістіктері үшін” медалымен марапатталған (2014). Алматы облысы, Райымбек ауданының «Құрметті азаматы» (2004). 1991 жылдың 22-желтоқсанынан бастап өзі құрған «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» РҚБ президенті қызметін атқарып келеді. Халық медицинасы саласының Халықаралық, Ресей және Республикалық ұйымдардың медалдарымен, мақтау қағаздарымен марапатталған. Зядан Қожалымов мырза «Қазақстан Журналистер және Психологтар одағының мүшесі. ҚР Халық медицинасы және космоэнергетика академиясының президенті – академигі, Халықаралық дәстүрлі халық медицинасы мамандары, психологтар және емшілер қауымдастығының президенті. Халықаралық Экология академиясының академигі. Халықаралық М.Нострадаумс атындағы тылсым ғылымдар академиясының академигі (Париж). Әлемдік рухани және халық емшілері академиясының академигі (Мәскеу). «ЖАС-АЙ» Шығыс-Тибет медицинасы журналының редколлегия мүшесі. «Шипагерлік баян» газетінің Ақылдастар алқасының төрағасы-Бас редакторы. Әлем емшісі, халықаралық дәрежелі парапсихолог. Зядан қажының әндері мен толғаулары Қазақ радиосының «Алтын қорына» 1997 жылдан бастап сақталған. Жұбайы Түймекүл Құлмаханқызы екеуі алты баланың ата-анасы (2 ұл, 4 қыз), бәрі жоғары білімді жанұялы және ұрпақты Ата мен әже. Қорыта келгенде, бүгінгі халықаралық ғылыми конференцияның өтуіне себепкер әрі арқау болған мәдениеттанушы ғалым, отандық халық медицинасына тыңнан сара жол салған, осы саланың ғылымға енуіне тұңғыш өз еңбегімен танылған, ХV ғасырдың ғұлама ғалым емшісі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының медициналық энциклопедиялық еңбегі «Шипагерлік баянын» ғылыми айналымға енгізген замандасым, шипагер ғалым Зядан қажы Қожалымов мырзаға ғылыми шығармашылық табыс, деніне саулық, жанұясына амандық тілеймін. Жазарыңыз көбейе берсін, өрісіңіз жаңа ұрпақпен бірге кеңейе берсін демекпін! Ал Сіздер мен бізге: Жаратқан қорғасын жамандықта, Кездесейік сіздермен амандықта, демекпіз. Емшілік кәсібін сөзбен ширатып, мінез-құлықпен өрнектеп, жағымды әрекетімен дәлелдеп дәйектейтін шеберлер саны, санаты артсын, еңбектері жарқырай берсін! Тыңдағандарыңызға көп рахмет! КӨҢІЛ СЫРЫ Жақан МОЛДАБЕКОВ – ақын Шипагерліктің емі артық, демі ыстық, Қарайласым жадырап құшақ қыстық. Құрдасым да сырласым үзеңгілес, Ұстаз-шәкірт өмірде тұнық тұстық. Иман жолы - адамдыққа адалдық, Игі жақсы үлгілерден не алдық? Кісіліктің игерсек ұлағатын, Сыйластыққа сіресер ишаралық. Алла берген күш-қуат, бойға біткен, Өнегелі құтқа лайық жігер жеккен. Жастықты, жарастықты еске салар, Тамашаны тұлғалау мақтан неткен. Өмірге ғашық жігіттің аңсары көп, Еліне жұғысты Зеке жетеңе жет. Ширақ қарай ертеңге емшілермен, Құрмет тұтар халқыңа ән-күйіңді шерт.
Жиналыстың Төралқасы Қазақстан Республикасының ән ұраны орындалуда
Залдан көрініс Ғылыми конференцияның меймандары
| ||