ЕМШІЛЕРДІҢ ҚАТАРЫНЫҢ АЗАЮЫ НЕДЕН?
  главная                                        вернуться  



Зядан Қожалымов - мәдениеттанушы.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңынан бастап бұрынғы Одақ аймағында ғана емес, қазақ еліне де «жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай» – халық емшілерінің қатары көбейе бастағаны бәрімізге мәлім. Сол уақыттағы емшілік саласындағы ғылым мен жеке емшілердің түсініктерінің нашарлығынан, әр емшіде болып жатқан құбылыстармен жалған ақпараттарға сенушілік басым болды. Небір ғаламат иелері өмірге келді деп баспасөз бен ақпараттарда жарыса жазылды және хабарланып көрсетілді. Баспасөз беттерінде мұндай құбылыстарға ие емшісымақтар жеті қабат аспан әлеміне де ұшып барып оралды десе, ал кейбіреулері неше түрлі әулиелердің (сары, ақ, қара, көк тақиялы, ана, алып ана, үлкен ана т.б.) аттарын иеленгені былай тұрсын, пайғамбарлардың қатарына өздерін теңеді. Тіпті, қасиетті Түркістан жерінде емшісымақ әйелдер болса өздерінің түсінде Қожа Ахмет Яссауи бабасы қолдарынан ұстап демеп жүргендерінде республиканың бас газеті арқылы жариялатты. Әулиелердің басқан ізіне аунап Алладан емес, жалған әулиелерден көмек сұрағандар аз болған жоқ. Қолдан құдай да жасалынды. Құдайды атақты жазушының Түрік еліне белгілі газеті арқылы жариялау, ұлттық намысты таптап қана қалмастан өмірден өткен бабалардың киелі қасиеттерінің тылсым сырларын жоққа шығарумен бірдей еді. Республиканың телеарналарында арнайы кездесулерде әйел емшілерден бата алу әдетке айналған-ды. Қысқасы, қазақ елінде бата беруге жарайтын ер азаматы жоқтай насихаттаудың ақыры, емшілердің бұрынғы пірлері атанғандардың қасиеттерінің өмірлерінің қысқа екендігі бүгінде толық айқындалды. Аңғармай сөйлеген ауырмай өледі – дегендей байқамай, зерттемей насихатталғандардың кесірінен халықтың тектік халықтық емшілікке деген сенімі азая бастады. Бүгінде сол уақыттардағы үгіттелген, мақталған құдай да, әулиелер де, үлкен-кіші аналар да іздесең біреуінде таппайсын. Ал құдаймын дегеннің өзі де жер басып жүрген жоқ. Сонда құдайда өле ме екен?  Бұған оларды үгіттегендер қашан жауап берер екен. Сөзімізді дәлелдесек, өткен ғасырдың соңында Оңтүстік Қазақстан облысында үш жүзден аса, Қызылордада үш жүзге жуық, Атырауда екі жүздей, Батыс Қазақстан облысында жүз елуден аса, Жамбылда үш жүздей, Алматыда екі жүзден аса ал Талдықорғанда жүз елудей емші болса, ал бүгінде қалғаны жеті-он емшіге жетпейді. Бүгінде қызметі тоқтатылған Республикалық халық медицинасының Орталығында есепте тұрған төрт мыңға жуық кәсіби емшінің де екі-үш ғана пайызы қалған. Бұл қалай? Себебі неде екеніне ешкім мән беріп жатқан жоқ. Асыра мақтампаздық пен мансапқорлық, пайдакүнемдік, сауатсыздық, рухани білімнің таяздығы және алдампаздықтың ақыры емшілердің қатарының азаюына әсер еткендігін мойындаған жөн. Халқымыздың: ат шаппайды, бап шабады – деген философиялық талғамы шындыққа жанасқандай. Емшілік мәдениетінің төмендігі халықтық тектік қасиеттіміздің қадірін әлсіретеді, білімділік қана алға жетелейді. Осы бағытта халыққа шипагерлік қызметін сыйлап келе жатқан халық емшілері қатары әлі де жарыстан қалмай өз үлестерін қосуда. Шипагерлік саласына ғылыми зерттеулердің енді ғана кең құлаш жая бастағанын ескерсек, тек қана аз мөлшердегі емшілер арқылы әлі де тылмыс құпияның ашылмаған сырларын ашуға болатындығы және бұл зерттеулер жалғасқан сайын жаңа ғылыми тақырыптарды туындайтындығы, ғылыми тұжырымдардың сапасының артатындығы айқын болмақ. Бұл жөнінде қауымдастық тарабынан игілікті ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Мәселе емшілердің қатарының азаюында емес, оның сапасының артуында екендігі айқындалуда.                     

 Шипагерлік баян № 11 Қараша 2010 ж.