"Халық емшілігінің өркендеуі мен емшілердің жауапкершілігі" атты республикалық конференциясы

Республиканская конференция "Развитие народного целительства и ответственность целителей"

(г. Шымкент, 22-23.07.2017 г.)

 

  главная                                        вернуться  

 

Халық емшілігінің өркендеуі мен емшілердің жауапкершілігі

доклад

 

Құрметті конференцияға қатысушылар! Құрметті меймандар! Мырзалар мен ханымдар!

Сіздер мен біздер «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің 25 жылдығын атап өтіп, өте қуанышты жағдайдан кейін тағы да емшілердің республикалық конференциясында бас қосып отырмыз. Қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тектік қасиетінің киелілігіне білетіндер мен білмейтіндердің де көздері жетті. Таныды. Білді. Қазақ ғылымы да оң қабылдап, ел тарихынан ұлттық «Мәдени мұраның» бір саласы есебінде жеке орын берді. Қауымдастықтың мүшелерінің өткен кезеңдеріндегі қиыншылықтары мен азапты күндері артта қалды. Қилы-қилы жолдардан өткен тарихы «Өлмейтін мұра – өшпейтін тарих» ретінде арнайы монографиялық еңбек болып баспадан шықты. Ширек ғасырдан астам еңбегіміздің бүгінде өз жемісін беруі, шындықты айтып, арамдықтан аулақ болып, қарсы күштерге табандылықпен қарсы тұрып, қайсарлық көрсеткеніміздің нәтижесі. Яғни, қауымдастықтың бірлігі мен парасаттылығының нәтижесі екенін қуанышпен айта аламыз.

Адам баласының көне дәуірінен бастап бүгінге дейін жалғасып келе жатқан бақсылық, емшілік, көріпкелдік, болжампаздық, жұлдызшы, сынықшы, тамыршы, бал ашу, жауырыншы, діни жолмен сауықтырушы, уқалаушы, халықтық қарапайым ем-дом жасайтын т.б. қасиет иелері еліміздің тәуелсіздігінен кейін жақсы нәтижелерге көтеріліп, ұлттық дарындылардың мәртебесін көтеруде.

Қауымдастық алғаш құрылған күннен бастап рухани тәрбие, имандылық пен таза емдік саласында жеке емшілеріне олардың тұрақты білімдерін жетілдіру мен көтеруде әр түрлі мамандық бойынша оқыту мектептері жұмыс істеп келеді. Жыл сайын филиал басшылары бұл мақсаттағы бағдарламаларды түсіністікпен атқаруда.

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Қауымдастық құрылғалы бері жеке-жеке алдыңғы қатарлы емшілерге арнайы анкеталар толтырту нәтижесінде тектік киелілердің отыздан астам тектен дарыған қасиеттерінің және сырқат жанның ауруын емдеудің 50-ден астам емдік тәсілдерінің анықтамалық тізбесі жасалынды. XV ғасырдың ғұлама ғалым шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы 1250-ден аса дәріні 858 түрлі дәрілік өсімдіктерден, 318 жан-жануардың мүшесінен және 70-ке жуық металл-металлойдтардың қоспасынан жасап, 13000-нан аса шипалық дәрілер рецептін ұсынуы адамның сыртқы және ішкі денесінің тұлғалық, анатомиялық, физиологиялық 430-ден аса атауын беруі, ғұламаның «Шипагерлік баян» атты медициналық- энциклопедиялық еңбегінде анық көрсетілген. Бүгінде бұл еңбек ғалымдар мен зерттеушілердің және емшілердің зерттеп және пайдалануына кең жол ашты.

Емшілердің бүгінгі көне емдеу әдіс-тәсілдерді жаңа емдік жүйенің әдістерімен байланыстырып қолдануы баяу дамып келеді. Қазақтың аса көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров 1919 жылы жазған «Айтыс» дастанында халық емшілері мен олардың шипасы жөнінде:

Мен айтсам сар даламның емшілерін,

Оларды жаратпаған Құдай тегін.

Қонғызған тәуіптілікті тұқымына,

Талайға өмір берген қолы жеңіл.

Оқымаған, тоқымаған дарып кеткен,

Еш қазақ жамандамас қылған емін.

Себебі, оларды емдейді басшы болып,

Өткендердің өмірі бергендердің.

Ел оны сыйламайды тіпті жайға,

Келмейтін болса егер ешбір пайда.

Теңей жаздап сөйлейтін кейбіреуін,

Ауруды жазуында бір Құдайға, – деп ерекше ықыласпен жырлайды.

Дәрігер-жазушы Зейін Шашкин туберкулез ауруын қымызға антибиотиктер қосып емдесе, м.ғ.д., профессор Естөре Оразақов Ұлы Отан соғысы кезінде жаралы солдаттарды өсімдіктердің көмегімен, минералды балшықтар және сулар арқылы емдеген. Шұбаттың емдік қасиетін ғылыми негізінде анықтап емге ұсынған. Ал, фармакологияның ірі маманы ғалым м.ғ.к., доцент Сәлкен Суханбердин халық емінің құпия сырларын ғылыми негізде дәлелдеді. Сонымен бірге халық емінің өміршеңдігі мен мәңгілік екендігін бағалаған Қазақ ССР денсаулық сақтау министрі м.ғ.д., профессор Сағиғатулла Қарынбаев 1961 жылы Алматы қаласында бүкіләлемдік «Дәстүрлі емес медицинаның бірінші конгресін» өткізіп, әлем елі бойынша дәстүрлі емес халық медицинасының дәстүрліге одан осы заманғы ғылыми медицинаға қарай жақындауына жол ашып берді. Қысқасы, қазақ халқының ғұлама ғалымы, м.ғ.д., профессор С.Қарынбаевтың әлем елінің баламалы медицинасының «Атасы» аталғанына да 56 жылдан асты.

Халық медицинасының өркендеуіне үлес қосып келе жатқан философ.ғ.д., профессор Жақан Молдабеков, м.ғ.д., академик Төрегелді Шорманов, м.ғ.д., доцент Тұрарбек Төлендиев, м.ғ.д., профессор марқұм Керімбектің Ермаханы, психология ғ.д., профессор Құбығұл Жарықбаев, фил.ғ.д., профессор Мекемтас Мырзахметов, м.ғ.д., профессор Амангелді Жаханов, марқұм м.ғ.к., доцент Тұрсын Балғымбекұлы, пед.ғ.д., профессор Құрбанқожа Сансызбай т.б. ғалымдар халық емшілігінің өркендеуіне ғылыми зерттеулер арқылы үлес қосуда. Ал, баспасөз беттерінде ұдайы ғылыми танымдық мақалаларын жариялап келе жатқан фил.ғ.д., профессор Әнуар Тарақ, жазушы-профессор Ораз Қауғабай, заң ғ.д., профессор Жапар Әлдибеков, м.ғ.д., Жасан Зекейұлы, медицина және педагогика ғ.д., профессор Совет-хан Ғаббасов т.б. ғалымдардың сіңірген еңбектерін ерекше атап өтемін. Халық бар жерде оның халықтық медицинасы өшпей дами береді. Оның маңыздылығы жөнінде ғалымдарымыздың және қауымдастықтың ғалымдарының зерттеген еңбектері осының дәлелі болмақ. Мәңгілік елдің халық емшілігі де мәңгі дамып өркендей береді. Бұған дәлел орыстың академигі, м.ғ.д., профессор Б. В. Петровскийдің: «Шығыс медицинасының тарихы Тибет, Монғолия, Индия, Қытай, Жапонияда осыдан мыңдаған жыл бұрын дамыды. Емдеу әдіс-тәсілдері болды. Бұл осы заманғы медицинаның дамуына өте қажет», – деген тұжырымы шипагерліктің тамыры тереңде жатқанынан анықтама береді.

Денсаулықты жақсарту тәсілдерінің емшілер білетін түрлерін: биоэнергетикалық, психологиялық, халықтық және діни жолмен емдеу, уқалау, сынық салу, медитациялық, ән мен емдеу, балмен емдеу, хош иіспен (аромотерапия) емдеу, балшық пен минералды сулармен емдеу, жүгіру, таза ауада жүру, сумен емдеу, әр түрлі дене қимылын жасату, орман тоғайлардағы адамның биоқуатын тепе-теңдікке келтіретін ағаштардың көмегімен, қымызбен, айранмен, жан-жануардың мүшелерін емге пайдалану, қан алу, сүлік салу, қоныс аударту, ұшықтау, қорқыту, шошындыру және қасиетті саналатын құрал саймандармен т.б. әдіс-тәсілдермен қатар осы заманғы медициналық құрал саймандарды пайдалануды емшілер өз тәжірибелеріне енгізу керек. Заман өзгеріп, техника дамып келе жатқанда емшілер өзінің білімділігін және емдеу әдіс-тәсілдерін өркендету басты міндетіміз деп қабылдау керек.

 

Құрметті конференцияға қатысушылар!

«Қазақтың ибн Синасы» атанған XV ғасырдың ғұлама шипагері, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы емшілерді "шипагер" деп атаған. «Шипагер сырқаттың себептерін анықтау, ауруының диагнозын табу және емдеу арқылы сырқатты емдеп жазу керек. Шипагер ауру адамды өзінің жақынынан да артық көріп, жылы шыраймен қабылдау керек», – деген философиялық ой-толғауын қалдырған. Шипагер баба емшілерді: емі қонымды шипагер (теңдеусіз шипагер, қара үзген шипагер, нағыз шипагер, шипагер, емші, емкөс, жарғышы, қараемші, қаншы, тамыршы, сынықшы, орташы, іш сипағыш, көз қарақшы) және болжама шипагер (әулие, әмбие, аяншы, балгер, бақсы, жауырыншы, болжағыш, құмалақшы, құшнаш, ішірткіш) деп 24 түрге бөлген. Сонымен қатар, ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы төмендегі өзінің емдік жүйесін атап айтқанда: бұлау әдістері (борсыма, бу, су, құрғақ, түйіндеп, тас) және терлету (шыпылдап шығатын тер, қарақшы тер, қалтыратпалы тер, шып-шып шығатын тер, бастан ғана шығатын тер, ауыспалы тер, алақан табаннан шығатын тер, жылымашы тер, майлы тер), әр түрлі емдік өсімдіктерді пайдалану, үзу түрлерін (әуелгі, түйіндеме, ендігі, батырма, дөңгелендіргі, ысқылау, сыдырғылау, жылтыртқы, мыту, шапалақтау, шымшып тарту, қос алақанмен, бүру), сондай-ақ қымыз, айран, түйе сүті және жан-жануарлардың мүшелері мен т.б. емдік әдіс-тәсілдерді ұсынады. Осы айтылған Өтейбойдақ бабаның емдік әдіс-тәсілдерін және халықтық емдеу жүйесін өркендету үшін бұдан былай облыс орталықтарында, филиал директорларының ұйымдастыруымен тұрақты білім көтеру мектебі жұмыс істейтін болады. Барлық емшілер хабарландыру берілгеннен кейін, ешқандай себеп сылтаусыз оқуға қатысу міндеті екендігін білген жөн.

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Халық емшілерінің жеке тәртібі олардың адами қасиетіне байланысты болмақ. Халық емшілігінің өркендеуі қауымдастықтың емшілерінің білімділігі мен мәдениеттілігіне және жеке тәртіптік жауапкершіліктеріне байланысты болмақ. Әрбір жеке емші қауымдастық Жарғысындағы оның мүшелерінің міндеттері мен құқын білу оның адамгершілігінің өлшемі. Жеке міндеті мен жеке құқын білмеген емшінің өмірі де қысқа болатынын бүгінгі статистикалық мәліметтер айқындап беруде.

Сондықтан, «Жүздің жүйрігі мен мыңның тұлпары» да толық анықталуына жақындады. Алты мыңнан аса қауымдастықтың мүшелерінен бүгінде қауымдастықпен тікелей байланыста бір мың үш жүзден аса емшілердің қалуы осы айтқандарымызға дәлел бола алады. Осыған байланысты қауымдастықтың мүшелерінің сапалы жағын арттырып, сандық жағын қысқартуымыз басты міндетімізге айналуда.

Басқа ұйымдар Түркияға, Англияға және Қырғызстанға т.б. елдерде өтетін ешқандай пайдасы жоқ форумдарға қатысуға шақырғанда алды артына қарамай, ірі көлемдегі шығының ескермей, өз жағдайларына мән бермейтін емшілер де кездесуде. Ал, өз елі Қазақстанда өтетін конференцияларға қатысуға әр түрлі сылтаулар айтып, өзіне жұмыс берген, құқын қорғаған, еңбек стажын сақтаған, тарих беттерінде мәңгі қалатын еңбектерге аттарын енгізген, өзінің киелі шаңырағы қауымдастықты менсінбейтіндер де барын жасыра алмаймын. Осындай өз міндеті мен мақсатын түсінбейтіндерден 350-ден астамы өткен жылы қауымдастықтың 25 жылдығында Құрылтай шешімімен құрамнан шығарылғаны бәріңізге мәлім.

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Филиал директорлары болған Сералиев Балабек (Манғыстау) пен Дәуір Шәкіржан (Қарағанды) өз қызметтеріне жауапкерсіздікпен қарап, қауымдастықпен байланысын үзгендігі үшін қызметтерінен босатылды. Ал, Дәуір Шәкіржан болса, қауымдастықтың мөрін және барлық құжаттарын қолдан жасап, қауымдастықтың басшысының қолын қойып, Әзербайжан, Украина, Армения т.б. елдердің азаматшаларына құжат таратқан. Қылмысты іс анықталып, заң орындарына берілді. Бүгінде шетел асып кеткен Д.Шәкіржанға іздеу салынуда. Мен филиал директорларына жеке жауапкершіліктерін арттыруды сұраймын. Ал, заңға қайшы әрекет еткендер жауапқа тартылмай қалмайтынын ескертемін.

25 жыл қауымдастық мүшелері мен емшілерін тәрбиеледік. Білім бердік, жарқын жолдарын көрсеттік, қисайғанда сүйеу болдық, құлағанда тіреу болдық. Бүгінгі халық пен болашақ ұрпақ алдыңда тарихта мәңгілік адал киелі қасиет иелері екендіктері жөнінде мәңгілік тарихи еңбектерге аттарын енгіздік. «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмайды», – дегендей енді кейбір емшілердің дандайсуына, еркелеуіне, жауапкерсіздігіне, емделушілерге зиян келтіруіне, сауатсыздықтарына қауымдастықтың басшылары жол бермейді.

Қауымдастықтың басшылары мен филиал басшыларына байланыста жауап бермейтін және келісім шарттық жарнасын төлемейтін тараздық Еспотаева Роза, қызылордалықтар Мыгымбаева Слушара мен төлеген жарнасын даулайтын Тогузбаев Кенжебай, ақмолалық Сыздыкова Бағдагүл, астаналықтар Манханова Амангүл, Әскержан Мәрия, Алматы облысынан Марқай Көпей, Сырлыбаев Бекмұрат, Сырлыбаева Замзагүл, дін маманы бола тұра бірде бақсы, бірде емші бола беретін, емделушілердің наразылығына ұшыраған Елемесов Убайдулла қажы, Әлімжан Әріпжан, Сұлтанқожа Нұрданқожа, Алтай Ерлан, алматылықтар Муратова Жанылсын, Айкимбекова Рахима, Бақыт Нақысбек, манғыстаулық Чекешова Амангүл, оралдық Куспанова Алия т.б. әрекеттері әдепсіздік пен жауапкерсіздік екендігін көрсетеді.

Қауымдастықта ешқандай тіркелмеген жасы 67-дегі Оңтүстік Қазақстан облысының, Сарыағаш ауданының тұрғыны Егизбаева Құлқаныс болса, қолымыз әрең жеткен қауымдастықтың 25 жылдық торқалы тойында, медаль алмадым деп, ғимаратты басына көтеріп, өте жақыны қайтыс болғандай ойбайлап аттандап жылауын қалай түсінуге болады? ОҚО филиалының директоры Туребеков Бахтыбай мырза кімді алдап жүр? Психологиялық жақтан жүйкесінде ауытқуы барларын мүшелікке қабылдамайтынымызды неге түсінбейді. Бұл өте ұятсыз адамдардың қылығы деп білемін.

Қауымдастық туралы тарихи монографиялық еңбектердің бірнешеуіне өмірбаяндық мәліметтерімен және жақсылық жақтарымен ширек ғасыр бойы тарихта аттары қалған, қауымдастықтың мүшесі қызылордалық Айжамал Серікбаева мен байқоңырлық Сағира Жалмаханованың көзімізше қолдаушы болып, ал шын мәнінде басқалардың мүддесі үшін мәліметтер тасушылар екендігі толық анықталды (бейнетаспа мен таспаға сөздері жазылған).

Әулиелерге зиярат етіп барғандардың ішінде атыраулықтар Қалиева Жамила мен Мирманова Маржан т.б. осы қауымдастықтың кейбір мүшелері де қауымдастық пен оның басшылары жөнінде ұятты әңгімелерін таратуда. Бұлар да ширек ғасыр бойы қауымдастықтың алдында жақсы көрініп, шын мәнінде «сатқындық», «хабар тасушылық» әрекетпен шұғылданғандығы анықталды (сөздері таспаға жазылған). Аты аталғандар өздерінің Жарғылық міндеттері мен құқыларын орындамағандығы үшін ұятсыздық екенін енді түсінуі тиіс. Қауымдастықтың Төралқасы бұл аты аталғандармен бұдан былай байланыста бола алмайтындығын ескертеді. Қысқасы, құрамнан шығарылады.

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Биылғы 2017 жыл қазақ елі үшін табысты болып, еліміз халықаралық және мемлекеттік жетістіктер жағынан өте жақсы нәтижелерге жетуде. Бірнеше миллиондаған шетелдің азаматтары қазақ жеріне табан басып, ЭКСПО мен қатар барлық облыстарды аралап, ізгі ниеттерін білдіруде. Ғылым өркендеді. Мәдениетіміз дамып келеді. Ұлттық дәстүріміз бен салт-санамыз жаңғыруда. Ал, емшілер де көштен қалмай өз қоғамының дамуына үлес қосуымыз керек. Біз де қауымдастықтың жоспары бойынша ғылыми, рухани, емдік шипагерлік жүйемізді дамытып, жеке емшілердің мәдениетті жауапкершілігі мен тәртібін орнатуымыз керек. Бұл осы конференцияға қатысушы емшілермен қатар әр түрлі себептермен қатыса алмаған емшілермен бірлесе барлық іс-жоспарларымыз орындалатынына қауымдастықтың Төралқасымен мен де зор сенім білдіремін. Сапарларыңыз сәтті болсын! Алла тағаланың рақымына бөленіңіздер!

 

Тыңдағандарыңызға рақмет!

 

 

 

 
 
В начало