Шипагерлікке философиялық көзқарас

 главная                                        вернуться 


Жақан Молдабеков

философ.ғ.д., профессор

«Шипагерлік баян», шілде 2012ж.

    Егер ғылым жолымен тұжырымдасақ халық емшісі ел арасындағы ұстаздықтың, ұлағаттылықтың елшісі, еңсесі езілгендердің демеушісі, сүрінген жанның үлкен көмекшісі. Осы тұрғыдан алғанда, халық емшісі мен ұстаз-ғалымдар, халық емшісі мен кәсіби медиктер арасында ортақ міндеттер молшылық. Адам болмысының сыртқы көрінісіне назар аударатын ұстаздық оның жан дүниесін жаңартуға әлсіздеу келетіні хақ.

     Емшіліктің ұстаздық аяғына тұрмаған кәсіп. Халықтық емшілік тәжірибесі мен ғылыми-кәсіби медицинаның қызметін үйлестіру – күн тәртібіндегі өзекті мәселе.Халықтық емде еркіншілік мол, әзірге жүйелілік жетіспейді. Ал кәсіби медицина жүйелілікке сүйенеді, бірақ сала-салаға бөлініп, жіктеліп кеткен. Кәсіби медицина, иә жүректен шығатын шипагерлікке жетісе бермейді. Адам организмі болса, ол тұтас, жүйелі функционалдық ерекшелікке бөленген. Бүгінде адам организмін тоғыз деңгейге бөліп қарайтын теориялық және практикалық жұмыстар жүріп жатыр. Есітпеген елде де, ғылымда да көп. әйтседе, адам организмі қызметінің осы құрылымдылық деңгейлеріне ықпал ететін қандай әдістемелі, яғни емдік тәсіл-тәлімдер жинақталуда, олар сіздер мен біздерге мәлім бе? деген сауал ойға оралады. Емдіктің мұндай өзекті мәселелеріне кәсіптік және халықтық медицина бірігіп жауап беретін мүмкіндік ашылуда. Тек ол ыңғай толық қолдауын тапқан жоқ.

     Бұрын аяғымызға тұра алмай жатқан ортақ, маңызды бағдарламалы мәселелерді арнайы және кеңінен талқылауда мүмкіндік болмады, тәжірибе жетісе бермейді. Енді республикамыздағы халық емшілері қауымдастығының кәсіптік тәжірибесі он жылдық тәжірибемен өлшенеді. Қазір халық медицинасының тәсіл-тәжірибелерін жинақтайтын және кеңінен қолданатын кезек келді, оған қажеттілік артуда. Осыған орай бас өткір мәселеге назар аударғым келеді. Біріншіден, нағыз халық емшілері мен соған еліктеп, жақындап жүрген, бірақ кәсіби қабілеті жеткіліксіз әуезқойларды ажырата білуіміз керек. Ендігі емшілер саны жер-жерде көбеюде, яғни оларға деген жалпы сұраныс бар деген сөз. Ал емшілер кәсібінің немесе емшілік деңгейінің сапалық көрсеткіштері қандай деген сұраққа, шамасы бүгінде тиянақты жауап беру мүмкін емес сияқты. Емшілер бір-бірінен үйреніп шеберлігін арттырып жатса ол игілік. Ал білімнің жетістігіне тікелей сүйеніп жатса, ғалымдардың білімін іріктеп алып жатса, одан емшіліктің мәртебесі артпақ. Екіншіден, халықтық емшілік дегенде біз көбінесе халқымыздың тек өткен тәжірибесіне, онда да оның кейбір жетістігіне жүгінеміз. Сонымен халық емшілігінің тарихи тәжірибесін тереңінен, жан-жақты іздестіріп, жүйелі тұрғыдан игеретін кез келді. Халықтық емшіліктің қандай методикалық, әдістемелі шарттары мен жүйелері бар? Тіпті Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының кеңестерінің қанша бағыты және үлгісі? Оның қайсысы бүгінгі таңда толық қолдануға немесе жартылай қолдануға болады? Оған көңілден шығатын емдік тәжірибенің жүйелі жетістіктерін естіп жатқан жоқпыз. Шығыстағы, халқымыздағы емдеудің озық тәсілдерін бірлесе жинақтайтын, жалғастыратын әрекеттерді қолға алтын кез келді. Үшіншіден, халықтық медицина мен кәсіби медицина емшіліктің түптес екі түрі. «Біз емшілікке кездейсоқ келдік, Алла Тағала аяң берді» деген жауаптарды жиі естиміз. Бірақ адамды көп дерттен құтқаратын емдік тәжірибе бір сәтте өздігінен туа бермейтінін, жанды емдейтінін, рухты емдейтінін, әсті ажырата бермейтіндей. Ондай сұрықсыздықты қалай емдейді? екен деп сұрауға дәтің бармайды. Ал сол емшілердің арасынан, «аурудың бәрін де емдеймін» дейтін сөздерін есіткенде, тіпті қайран қаласың. Миға кіре бермейді. Сол емші бір аурудың қаншама жүздеген түрлері бар екендігін біледі ме екен? деген күдік ойыңды күрмеп те тастайды. Бұл мәселені қозғап отырғанның екінші жағы бар. Емшіліктің қандай түрін, тәсілін кім енгізіп жатыр, жаңа тәсілді қалай атауға болады немесе қалай аталынады? деген жаңа практикалық мәселеге әкеп тірейді. Емшілік практикасының тың жақтарын есітіп жатқан жоқпыз. Төртіншіден, халықтық медицина – тарихы тереңде жатқан, әлемдік кеңістікке таралған жетістік. Бұдан туындайтын, меніңше екі маңызды шарт бар. Халықтық медицина емшіліктің өткен тәжірибесіне ғана сүйенбейді. Ол бүгінгі жетістіктерді де іріктеуді және қолдануды қажет етеді. Олай болса халықтық емшіліктің ұлттық дәстүрін қалыптастыратын, осы бағытта іс-әрекетті жандандыратын кез келді. Сондай-ақ келешекте басқа елдердің емшілерімен қарым-қатынас пен серіктестікті орнықтыру мәселесі де – күн тәртібінде тұрғандай. Республикамыздың өсіп келе жатқан халықаралық беделін халық емшілері тәжірибесіне де тартатын кез келді. Одан үйренеріміз де, ұстарымыз да мол. Бесіншіден, нарықтық кезде емшіліктің әр жолы, әр жобасы өзара бәсекеге түсуде. Нарықтық қатынас кәсіби емге өзінің қатаң тәртібін енгізуде. Денсаулық аясындағы қызмет табыс көзіне айналып, ар-намыс этикасы аяқ асты болып бара жатқан жайсыздықты бастан кешірудеміз. Ойымыз емшілер өздерінің кім екенін сындарлы тұрғыдан саралауын ұмытпаса, сондай-ақ халықтық емшіліктің өзіндік тәсіл-тәжірибесін жинақтаудан тартынбаса деген ниетпен туындауда. Сонда ғана халық есінде: «нағыз емшіліктен артық нығмет бар ма?» деген сөз жаттанбақ. Байыбына барсақ, өзімізді де, кәсібімізді де жаңа жағдайға көтеруге демеулік ететін тетіктер мен ниеттер жетерлік. Жаңартып жетілмеген емші науқастанғанмен де, елмен де тілдесе алмай қалатыны хақ.

     Өйткені жаны қиналған мүгедекті, нені ашына және не себептен жиі айтатыны мәлім. Дертке ұшыраған ұрпақ, ауруға шалдыққан адам көп-ақ. Аурудың түрі алуан-алуан, өмірге күмәнмен, күдікпен қарайтындар да аз емес. Ал емшілерде қарым-қатынас мәдениеті жетісе береді ме? Бұның бәрі де көңілдің көлеңкесін, болмыстың сырқатын ұзартып, қысқасы адамның өзіне деген сенімді сұйықтатаны теріс жайлар. Адам өзін білмей үлкен әрекетке бара алмайды. «Өзіңді тани біл» көне заманнан келе жатқан ұстаным, әркімге қатысты тікелей талап. Бұл толассыз және шексіз процесс. Өзін дұрыс білмеген, кәсібін мекен игере алмас. Кісілік пен кәсіп қатар жетілер. Кешегі білмегенді бүгін түсіндіре білу – ғылымның үдесі, емшіліктің үрдісі. Олай болса, «қалай емшілікке келгенімді білмеймін» деген жауап, оның үстіне тіпті ағынан жарылып жиі айтушылық кәсіби мәртебені көтермейді, халық емшілерінің күштілігін емес, әлсіз жағын білдіреді. Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігі өзін сауаттымын деп есептейді, әйтседе жаны қиналғанда қайшылыққа толы түрлі мәліметтерге жүгінеді.

     Сондықтан халық емшілерінің тәсілдері мен тәжірибелері ғылыми талдауға мұқтаж. Олар енді ғана ғылыми талдаудың обьектісіне айналуы тиіс. Сіздер осы оң, жағымды, жүйелі бастаманың етек алуына үлес қосуларыңыз әбден орынды. Ол халық емшілігінің ертеңіне, ұрпақтың болашағына қызмет еткізетін қажетті қадамдарды тездетеді.

     Бүгінгі таңда емшілік қай мағынада қолданылады, қандай тәсілдерге жүгінеді. Емшілік дегеніміз білім мен білімгерлік, тәсіл мен тәжірибе, өнер мен өнеге, себептіліктің астары мен сырын ашу, құндылықтардың арақатынасын айқындау, құдіретті күш-қуатқа жүгіну. Даосизмде «халықты біліммен басқармаушылық елді бақытсыздыққа ұшыратады, білімнің көмегінсіз елді бақытқа жеткізуге болмайды» деген қағида бар.

     Емшінің көзі мен көңілі бір сезімге шоғырланған, қолы мен ойының қуаты бір дертке бағытталғанда, оның дауасы артатыны даусыз. Емшінің тынысы да, көзқарасының тұнығы да сырқатты жанның сырын ашуымен, соған жол табуымен құнды.

     Қимыл-әрекет жүйелері дұрыс пайымдаудан өтсе, онда алдымен өзіміздің таза да тұнық ақылымызды шындықты түсінуге және түсіндіруге бағыттаймыз; шындыққа сенген кезде ізденістегі тынымсыздықты баспаймыз; қуаныштың қуаты мен құдіретін іштей дәлірек, тереңірек сезінеміз; біз өзіміздегі біржақты денелік немесе құлқындық сезімнен босана білеміз, біртіндеп толық салмақтылық пен салиқалы күйге жетеміз.

     Мұның өзі – шипагерлік баяны, адамгершілік жолы. Ал емшілік еркіндік естілікке жол десек, сондай биік күйге жету немесе жақындау үшін, әрбір емші мынандай этикалық ережелерді ұстануы шарт: өзіңше ішкі тыныштық күйге жету; жетік өнегеге бет ұстау; бағытына сенімді болу; өзімшілдік пен пайдақорлықтан бас тарту. Осыдан адамды танып білудің, адамгершіліктің тәртібіне ерудің, рухани байлықпен жарасудың ғасырлық дәстүрлері өзіндік жалғасын табады. Берері мол айналымда адам болмысының заңын ұғыну және сол тәртіпке үйлесе білудің маңызы арта бермек. Сондықтан «халық біліп танитын билеуші ғана артық» деген ой-тоқтамның өмірлік өнімнің терең түсінетін, ұмытпайтын кез келді.

Емшілік дәстүрдің халықтық мәртебесі де, мұраты да осында шығар.

 

 

Алматы қаласы

 

 



вверх