«Халық емшілігі – Алланың сыйы, Ұлт мұрасы, халық қазынасы» | ||
главная вернуться | ||
Құрбанқожа САНСЫЗБАЙ Академик, профессор, п.ғ.к. Ой санамыздың күш жігерін емшілер мәселесін толғауға арнауымыздың үлкен мәні де бар. Толғанарлық пайым-тұжырымдарымыз бар болған соң ортаға салу, ой елегінен өткізуге оқырман назарына ұсыну парызымыз. Алла Тағала ерекше жаратылыс етіп жаратқан Адамына үлкен құпия сырлы қабілет дарытқан. Бүгінгі ғылым мен техниканың күш қуатымен сол құпия сыйдың жасырын тұстарына ой жүгіртіп, оны тани түсуге әрекет ету ғалым атаулыға тән қасиет. Зерттеу мен зерделеу нәтижелері Адамзатқа Алланың өзі дарытқан қасиеттерін танып біліп, қажетіне жарата білуге жетелейді. «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» көптеген іс-шаралар өткізудің басы-қасында ұйытқысы болып келеді. Оған қоса, олардың ғылыми-әдістемелік мақалалар жинағын топтастыруы, газеттер (үнпарақтар) шығаруы мен кітапшаларды баспалардан шығаруға жетекші болуы осы салаға қосқан қомақты үлесі болып отыр. Оның үстіне «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» қолдауымен арнайы бейнетаспалар түсіріліп, теледидар арқылы дәрістер жүргізіліп келеді. Бұлардың негізгі мақсат-міндеттері халық емшілігінің тылсым сыр-құпияларын ашуға ғылыми жүйе қалыптастыру. Сонда ғана бұлар халыққа толық өз қызметтерін көрсете алады. Бұл іс-шараларды озық ғылым жетістіктерімен, соның ішінде бүгінгі медицина жетістіктерімен байланыстыра жүргізу басты назарда. Сонымен, ең бірінші болып әлемдегі екінші ұстаз атанған Әл-Фарабиді айтып өтуге болады. Әрине, бұған дейін де Түркі халықтарының Алладан келген ата жазуы «Руна» жазуында да көптеген мәліметтер берілген. Бұл жазу бүгінгі таңда «Орхон-Енисей» тас жазуы деп аталады. Қазіргі кезде бұларды оқып қолданыс айналымына ендіру қолға алынуда. Мұнымен қатар Қорқыт ата жайлы көптеген мәліметтер бар. Қорқыт атаның жалпы Түркі халқы бақсылықтың және қобыздың негізін қалағандығын мойындайды. Қорқыт ата өзінің қобызы арқылы ем жүргізетін болған. Яғни, қобыздың үні арқылы Адам баласының денесіндегі тылсым күштерді қозғауға болатындығын білген және сол арқылы сырқаттан айықтыратын болған. Міне осы дәстүрлер бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Бұл дәстүр жайлы жазба түрінде мәлімет өте аз болғанымен, ауыз әдебиеті арқылы кең тараған. Халықтың тілі аман болса ұлтымыздың дәстүрі де жоғалмақ емес. Осы дәстүрді жалғастыру, оны жандандыру және қағаз бетіне түсіру біздің үлесімізге дөп келіп отыр. Сондықтан, осы уақытқа дейін желісін үзбей жалағасып келе жатқан киелі де қасиетті дәстүрді келешек ұрпаққа сол қалпында аздырмай жеткізейік. Әлемде теңдесі жоқ болып танылған «Құтты білік» атты еңбекті Баласағұн қаласынан шыққан Ж.Баласағұни жазып шыққан. Ол еңбекте елді қалай билеуге болады, парасатты халықты қалай тәрбиелеуге болады мәселелері қарастырылып, өлең оралымдарымен әдемі өрнектеліп жазылған. Бұл еңбекті ол кісі ханға тарту етіп, «Хас-Хаджип» атанған. Ұлы ғұламалардың қатарында «Лұғат-ұл-Түрік» атты еңбек жазған М. Қашқариді де атап өту ләзім. Ол түркі тіліндегі ең алғашқы сөздікті жазумен қатар, халықтың өз заманындағы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары туралы мол мағлұматтардың бізге жоғалмай жетуіне себепкер болды. Өз еңбектерінің нәтижесінде барша түркі тектес халықтардың тіл түбірінің бір екендігін айшықтай түскен. Өткен шақтың терең мәнді еңбегінің бірі деп танылған «Ақиқаттың сыйы», Түркістан өңірінен шыққан Ахмет Жүйнеки тарапынан жазылды. Мұхаммад (с.ғ.с.) пайғамбарымыздан кейін Аллалық ілімнің Түркі әлеміне және дүние жүзіне таралуына себепші болған, Сайрамда дүниеге келіп, Бұхарада білім алып Түркістанда дүние салған Құл Қожа Ахмет Йассауйдің еңбегіне терең тоқталып өткен жөн. Құл Қожа Ахмет Йассауй өз ілімін Арыстан баб арқылы алған. Йассауйдің бірінші ұзстаздары ата-анасы болса, онан кейінгісі Ақ-ата. Түркістан өңіріндегі басты ұстазы Арыстан баб болған. Йассауй Бұхараға барып Хамаданиден білім алып, оның төрт халифтерінің бірі болған. Қожа Ахмет Йассауй білімін толықтырған соң Түркістанға келіп, өз мектебін ашты. Ол мектеп «Йассауйиа» деп аталған. Оның басқа мектептерден басты ерекшелігінің бірі барша дәрістердің түркі тілінде жүргізілетінінде еді. Ал, Йассауйдің өзі барлық еңбектерін де түркі тілінде жазған. Атап айтар болсақ, «Хикмет», «Пақырнама», «Мүнажатнама», «Мират-ул-Қулуб» (Көңілдің айнасы), «Шежірелер», «Насабнамалар», «Силсилалары» болса, әрі бұлармен қатар «Сопылық ілімінің теориялары» да бүгінгі таңда тәржімаланып халық назарына ұсынылған. Қожа Ахмет Йассауй еңбектері мен оның өміріне баға беріп зерттеу жасап жүрген бірқатар ғалымдардың еңбектері бүгінгі таңда оқырман арасында кең таралып келеді. Ол Йассауйді халық арасында терең ұғындырып, танытуға ықпал етіп отыр. Осы мақсатта жарық көрген «Йассауйтану», «Йассауй тағылымы – тәлім-тәрбие ғибраты», «Йассауй кереметтері», «Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар аманаты», «Йассауй ілімін үздіксіз білім беру жүйесіне ендіру», «Дұға күшінің физикалық негіздері», «Дәрісіз емдеу жолдары» атты еңбектері де халық емшілері арасында да кеңінен насихатталып, оқытылуға тұрарлық үлкен дүние болып табылады. Жоғарыда тізбектеліп аталған ғұлама-ғалымдардан өзге көптеген әйгілі тұлғалар шыққан. Солардың бірі 15-ғасырда өмір сүрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы еді. Ол әлемге өзінің «Шипагерлік баян» атты еңбегімен әйгілі. Онда емнің неше бір түрлері айтылып өткен. Кейінгі тізбек Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиевтер арқылы жалғасын тауып отырды. Кейін Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев т.б. көптеген мезгілсіз дүниеден өткен Алаштың ардақтылары жалғастырып бізге жеткізді. Енді біз осыны өркендетуге үлес қосайық! Түркістан қаласы
| ||