"Шипагерлік баянның" рухани тәрбиелік мәні | ||
главная вернуться | ||
Зядан Қожалымов – Өтейбойдақтанушы ғалым, профессор «Шипагерлік баян», қыркүйек 2012ж. XV-ғасырдың жаһангер данасы, ғұлама ғалым-шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» шығармасы, қазақ халқының ғылымы үшін теңдесі жоқ ырызғы мен несібесіне айналды. Ұлтымыз үшін басына қонған бақ болды. Қазақ даласы ғана емес, бүкіл әлем еліне нұры жететін жарық жұлдыздай болған «Шипагерлік баян» ұлттық ғылымымызды бірнеше ғасыр алға жылжытты. Өзінің бастапқы «Шипагерлік құлып» деген құпия атпен аталған бабаның қолжазбасының кейін «Шипагерлік баян» аталуында бір әдептілік пен құпиялық шешімнің сыры жатқандай. «Сауатсыз» деген ұлтымызды иманжүзді, сауатты етіп, білімсіз, ғылымсыз деген елімізді ғылымды ел етіп көрсетті. Бабамыз өзінің қолжазбасын жазарда б.э.д. көне ведалық діни ұғым, астрология, ведалық медицина, ведалық философия, т.б. ғылымдардың ұйғарымына және шығыс әдеби философиясына, медицинасына сүйенген және әр сөйлемін қасиетті Құранның аяттарын басшылыққа алып бастап, әрі аятпен аяқтаған сияқты. Қысқасы, «Шипагерлік ба-янның» әр тарауының, әр бөлімінің өзіндік құпия құлыбы, оны ашатын кілті және кілтті табатын құпия аяты бары ғажап емес. Бұрынғы ғұламалар IX-XI ғасырда-ақ бүгінгі күні дәлелденіп жатқан Құран аяттарының кереметтерінің талайын анықтаған. Бұған Құранның «Ықылас» сүресінің 73 түрлі, «Фатиха» сүресінің 62 түрлі, «Қимани саадат» сүресінің 36 түрлі, т.б. аяттарының, дұғаларының кереметтік қасиеттері дәлел. XV ғасырдан бұрын да ата-бабаларымыз бұл құпиялықтың білімді үлкен маманы екенін мойындаған жөн. Халық шипагерлігі халықтың байлығы, оның қожасы да, иесі де халық екенін түсінген баба, халық емшілігіне халықтық тұрғыдан қарады. Ол өз халқының діни танымы мен рухани түсінігінің өлшемі негізін қатал сақтай білді. Сондықтан да болар өз ырзығы мен несібесін бес ғасыр өткенде алған «Шипагерлік баянның» мәңгілік рухани азығымызға айналуы. Шипагер баба ислам дінінің қасиетті «Құран Кәріміне» үлкен құрметпен қарады. Алла: «Сақтансаң сақтаймын» – деп адамзатты жаманшылықтан қор-ғайтын, ал жақсылыққа бастайтын Құран Кәрімді өз елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға періштелері арқылы түсіргенін ескертеді. Алла Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға сахабалардың және күллі муһминдердің бітістік мінсіздігін сақтауды тапсырған деп, баба Құран Кәрім Алланың өз сөзі екеніне жаратушы Аллаға елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға, Алланың періштелеріне, жақ-сылық пен жамандыққа және өмір мен өлімге иман келтіруге халқын үгіттейді. Алла Тағала жақсылығын пендесінен аяған емес. Алла мың жасатқан шипагерлердің пірі Лұхман хакім болмағы белгілі. Біз «Бисмилла» деп тамыр ұстар алдында: «Менің қолым емес, Лұхман Хакімнің қолы», – деуіміз әне сондықтан деп баба ұрпағын имандылыққа, инабаттылыққа, кішіпейілділікке үйретеді. Діни танымдық жолдарды баба қуаттай келе, Алла Тағала он сегіз мың ғаламды алты-ақ күнде жаратқан. Жұма мереке /демалыс/. Баба: «Бір Алла алдымен нұр жаратқан: Нұр дәрия түбінде мың жыл жатты», – дей келе, су ішінде нұр болып жатқан күн мен айды Алла көкке шығарды, содан кейін әлемге тіршілік әкелді. Бұл құпия Алланың періштелері жазып, сонда құпиялы сақталған «Михраж» кітабында бар деуі, ғұламаның ғарыштық байланысы күшті, әрі тіршілік иелерінен тыс ілімдерден де хабары барын дәлелдейді. Алланың құдіретінің күш-тілігін, ол билеуші әрі басқарып бақылаушы, әрі бұйырып орындатушы ең жоғарғы РУХ екенін баба былай түсіндіреді. «Жаратқан Алла адамды көріп тұру үшін, сол кезде айды жаратқан. Сондықтан тумақ айдың әр айда толысып, он бесіне толған күні адамзат ата-анасы Адам ата мен Хауа ана атын, жан енгізген мерейлі түн болып саналады» – дейді баба. Алла өзінің қаһарын Адам ата мен Хауа анаға таныту үшін жылдың төрт мезгілін «жаз, күз, қыс және көктемді жаратты». Тоңбау үшін ырызғы етіп Ұлпа /киім-кешек/ және тамақтану үшін әртүрлі тағамдар, жеміс-жидектер мен жан-жануарларды Адам ата мен Хауа анаға және олардың ұрпағына нәсіп етті деуі, бабаның пенденің ырызғысы мен несібесі жаратылғанға /туғанға/ дейін, бір Алла тарапынан бөлініп, оның пешенесіне арнағанын дәледегендігі болмақ. Баба: «Дүние күндес қатын сияқты. Алла адамзаттың ақыл парасатының шынайы не шынайы еместігін сынамақ үшін, пендемен қоса қатар адам іспепті дию, ергежейлі, жезтырнақты жаратты», – деуі ақылы аз, күші мықты, жыртқыштығы басым осындай қара күштерді де ата-бабаларымыз жеңгеннің дәлелдеу екені рас. Баба не тәтті? Жан тәтті. Не мерей? Бала мерей. Не ләззәт? Құдай қосқан қосақ ләззәт деп, ата-бабаларымыз осы үшеуінің амандығы үшін Алла берген ақыл-парасаттылық арқасында мойымай, у ішсе де жасымай қарсыластарын жеңгенін дәлелдейді. Халқымыз «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», дегендей, адам қаншалықты ақыл-парасат пен үлкен қасиетке ие болғанымен күнәға бата беретінін баба анық сипаттап берді. Сондай күнәһәрдің бірі – менмін деп өз күнәсін Алла алдында мойындайды баба. Келешек ұрпақты адалдыққа, отанын сүюге, туыс, дос-жаранмен сыйластыққа, қысқа ғұмырда дүниеқоңыздыққа бармауға, қасықтай қаны қалғанша дұшпанына берілмеуге, азаматтық таза ары, жанұя бүтіндігі және жақсылық жолы ғана мақсатқа жеткізетіні жөніндегі бабаның рухани тәрбиесі, халқымыздың ғасырларды жалғастыратын ұлттық рухани қазынасы болып жалғаса береді. Адамдардың бірін бірі әрқашанда «Әкем», «Көкем», «Інішек», «Бауырым», т.б. деп атауы сыйласымдық белгісі, бір-біріне құрметі, имандылығы деп баба ұрпағын кішіпейілділікке, бірлікке баулиды. Ғалым - шипагер Алланың құдіретімен адам баласының несібелік және несіптік ризғысы 7 әулие мен 41 ырысқа бөлінеді деп тұжырымдайды. Сондықтан адам /баласы/ пендесі 7 әулие 41 ырыспен төтелей немес жинаса жүріп адам баласына несіптік ризық тапқызып, несібелік өзекті қамтамасыз етеді, – дейді баба. Осылай даналықпен ғұлама Өтейбойдақ әрнәрсенің себеп-салдары болатыны, адам баласына істеген жақсылығын, білімділігін, әділдігін, сыйласымдылығын, ерлік пен батылдығын, байсалдылығын, ұстамдылығын, ақылдылығы мен көрегендігін, инабаттылығын т.б. жақсы қасиеттерін, өзіне абырой, баға жетпес құрмет, ырыс, береке, бақыт әкелетінін ұлттық рухани, психологиялық танымда дәлелдеп берді. «Шипагерлік баянда» басынан аяқталғанына дейін рухани тәрбиелік сипаты зор мақал-мәтелдер мен ғылыми тұжырымдамалардың 70-тен аса атаулары кездеседі. Мәселен, «Бейнет түбі алтын тақ», «Сынықтан басқаның бәрі жұғады», «Шипагерлік те өнердің бір түрі», «Жүйелі қарғыс, жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады», «Емшек сүті араласпаса болды» дегендерде ұрпағы, қаны таза болмайды. Жеті атаға толыспай қыз алыспа!, «Ми меңгеруші мүше», «Құдайдың басқа салғанына көндім», «Еркекті оң жағынан, әйелді сол жағынан бастап емде!», «Ызғар түбі-суықтық», «Итте ата жоқ, күйеуде бата жоқ», «Жол болсын! Әлей болсын!» Қазақ күнби/ т.с.с. даналық сөздер жетерлік. «Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ». XV ғасырдың үздік шығармасы – дала дарабозы, ғұлама ғалым-шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянын» тану, халқымыздың рухани-ғылыми салада одан бұрын жетістігі мол, мәдениеті дамығандығын мойындатады. Жаһангер дарабоз, ғұлама Өтейбойдақтың білімділігі мен рухани иманының биіктігін бағалау, оның рухы мәңгілікке өшпес рух екенін халқына таныстырып ұлт тарихының мәңгілік мақтанышы етіп қалдыру халқымыздың ұлт өнеріне жанашыр ұрпақтарының иманжүзділігінің белгісі. Тума талант иесі, XV ғасырдың жарық жұлдызы Өтейбойдақ бабаның ғылыми және рухани тәрбиелік өсиеттері халқына ғұмырлық өшпес шашуын шашқан нұр болып қала береді.
Шілдедегі ФОРУМНАН көріністер Қауымдастықтың ОҚО Қауымдастықтың басшыларының құрамы
| ||