ОРЫНДАЛҒАН АМАНАТ - ҰРПАҚҚА ХАТ | ||
главная вернуться | ||
Жақан Молдабеков «Шипагерлік баян», қазан 2012ж. Зиядан Қожалымовтың «Орындалған аманаты» (Алматы, 2012,483 бет) – автордың жеке сөзі, киелі қасиетпен ағынан жарылуы, халық ықыласына бөленген емшілердің ерекше үні іспеттес. Он тараудан тұратын қомақты бұл еңбектің танымдық, тәрбиелік, қолданбалы маңызы зор. Кітаптың мазмұны мен құрылымына негіз болған: 1) автордың шығармашылығы, ұйымдастыру жұмыстары; 2) Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығы туралы, оның мүшелерінің өзара қатынасын сапалы дамыту туралы қағидалар; 3) емшілердің мәдениетін қалыптастыру және жасау туралы парапсихолог, қажы, қауымдастық төреағасы, ақын З. Қожалымовтың көзқарастары, тоқтам-түйіндері. Еліміз егемендігін алған жылдары емшілер еңсесін көтерді. Сол кезде инженерлік қызметтің әр деңгейінде жұмыс істеп жүрген Зиядан-екеңде ата-бабалардың ұмытылып, үзіліп бара жатқан осы дәстүрін жалғастыруға араласады. Талпынысқа өз тегінде, отбасында орын алған емшілік дәстүрі ұйытқылық етеді. Тарихымыздың күрделі өтпелі кезінде иманжүзді жан қажетті іске – халық емшілерінің қауымдастығын құруға атсалысты, күш-қуатын аянбай тырысты. Ол кезде тыңнан түрен салу – жеңіл шаруа емес еді. Автор емшіліктің күрделі де құбылмалы қыр-сырын үнемі, 20 жылдан бері үзбей жазып келеді. Ол халық емшілерінің көне дәстүрін әлеуметтік қозғалыс деңгейіне көтерді. 1994 жылы алғаш 4 аймақта халық емшілері ассоциациясын құрды. Қауымдастық бүгінде емшілерді бір-бірімен, халықпен таныстыратын, қоғаммен табыстыратын беделді ұйымға айналды. Ұжым ендігі ынтымағы мен бірлігі берік, тәуелсіздікпен тете қауымдастыққа айналды. Бірақта қарулы да қайырымды қауымдастықтың қалыптасу және жетілу жолдары жеңіл, тура, даңғыл болды деу әбестік. Оның жетілу кезеңдеріне әркімнің көңілі тоқ бола бермеуі де күтерлік жай. Қазақстан халық емшілер қауымдастығы осы аралықта 7 халықаралық деңгейде симпозиум өткізді. Әр симпозиумда 400-500-дей өз өңіріне танымал қазақстандық және шетелдік емшілер тәжірибе алмасып, өз деңгейлерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Пайдалы дәстүрдің бүгінде жалғасын табуы З. Қожалымов мырғаға тікелей қатысты. Халық емшілері кімдер, елімізде емшіліктің халықтық сипаты неге қолдау табуда? Халық емшілері күшті биоөріс пен биоэнергиялық қорғанысқа сүйенетін ерен қасиет пен дарындылық, инабаттылық, адалдық, ізгілік іспетті ұлағатты қасиеттерге, ұлттық салт-дәстүрге негізделетін көзқарас пен әдет-ғұрып; жақсылық тілейтін үлкен жүректілікті бойға сіңіретін, ойға дарытатын қабілет көріністері. Қазірде халықтық емдеудің 70 түрі қолданыс табуда. Халық арасындағы емшілік - жан мен тәннің тазалығын талап ететін ерен еңбек, нағыз адамгершілік ісі. Халық емшілеріне, әмісе, жоғары сезімталдыққа ие көріпкелділерді, жұлдызшыларды, сынықшыларды, тәуіптерді, бақсыларды жатқызады. Әрқайсысы тура, дұрыс, әділ, сенімді әрекеті арқылы халық арасында өзіндік тұлғалық бейнесін қалыптастырды. Оларда киелі қасиеттер қосақтасып, қабаттасып жатады. Көпшілікке танымал, бірақ олардың құпиялы қасиеттерін көптің бірі мойындайтын, бірі оған күмәндана қарайтын жайлар қатар өрбіп жатары хақ. Оған себеп, емшілерге бұрын-соңды моральдық, психологиялық қысымдар аз жасалған жоқ, сондай-ақ емшілердің адамгершілік және кәсіби деңгейі біртұтас бола бермеді. Емшілерде адами келбеттің өлшемі және танымдық-тәрбиелік білімділіктің негізгі қайнар көзі болатын мәдениеттілік те жетісе бермеді. Ең бастысы, адамның құпиялы табиғатына сиқырлы күш қуатын қолдана білу өнері дейгейінің кенже қалуы – түсінікке де, тәжірибеге де кедергісін тигізді. Автордың халық емшілерінің жағымды жақтарын өрбіте, жағымсыз, беймәлім әсерлерін талдап қазбалауы тегін емес. Сондағы діттегені – халық емінің қадірін қашырмау, оның қиыншылығын жасырмау, емшілерге деген халық сеніміне селкеу түсірмеу, адам жанын зиянды әдеттерден тазарту, тарих тұнығында қалыптасқан шипагерлік мұраны халық игілігіне жарату, халық емінің ғылыми медицинамен байланысын нығайту. Кітаптың басты кейіпкері – халық өкілдері. Халық – емшіліктің көнеден келе жатқан иегері. Емшілік халықтың мұрасы, әрі тектілігінің бір айғағы деп тегін айтылмаған. Қазақ халқы өзінің бұрынғы саламаттану өткелін білген сайын, оның үлгі-өрнектерін іріктеген сайын, емшілер жүріс-тұрысын жеңілдетті, емдеу қабілеті мен салт-дәстүрін жандандырды. Халық емшілері тамыр ұстау, ауырған адамның өңін байқау, сөзіне, тұлғалық көрінісіне және жүрісіне қарап, денені сипау мен өзінен сұрау арқылы сырқат белгілерін анықтайтын тәжірибесін жетілдірді әрі сол жүйемен сырқаттанғандарды емдеді. Киелі күштің тылсым сырларын елеушілік емшілердің де, ел арасында да артуда. Ал тәуелсіздік тұсында оның сыры кеңінен және қарқынды ашылуда. Емші жұртқа жақындаған сайын, оның мінез-құлқына жасандылық жараспайтынын автор мысалдармен түйіндеп береді. Бойындағы құпиялы қуатты адалдық жолына жұмсап, қара терімен, ыстық көңілімен дертті асқындатпай, қайта жан тауқыметін жеңілдеткен емшілер бүгінде халық құрметіне бөленуде. Автор ынталы емші өзі ісіне, әрекетіне сеніммен қарайтынын, сырқатқа ұшыраған жан-тәннің күйін жеңілдететінін, сүйтіп көп көңілінен шығатынын тәптіштеп жеткізеді. Шипагерлік – халыққа жақын үғым, ежелгі дәстүрлі ілім. Нағыз емшінің көп алдындағы еңбегі еленуде. Адал жүрек, ақ жарқын емшіде іске сындарлы көзқараспен, имандылық пен адалдыққа жүгіне қарайтын дағды тән. Оның шипасы - қайырлыққа жақын текшілдік пен кәсіби деңгейде, атаққұмарлыққа бой ұрғызбайтын рухани байлықта. Емшілік – пендешіліктен жоғары тұрған қасиет. Ол рухани санамызды аздырмайтын дәстүрлі ұлттық мәдениеттанудың саласына жатады. Автор: емшілік өнері – біреулердің тірі тауары емес, ол таңдаулы іздемпаз бен халықтың рухани байлығы. Емшілік – намысын қолдан бермейтін арлының ісі, тектіліктің табандылығы, Алланың аманаты, деген қағиданы мекем ұстайды. Сырқатқа шипа болар сөз, көзқарас, ынталы ықылас бабалық дәстүрде молынан табылады. Солардың бірегейі - Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1388-1483). Ұрпаққа қызмет ету – бабамыз үшін үлкен бақыт болған. Оның елім деп жұрт пен жер кезген тынымсыз еңбегі бойда бұла күшті ағындатты. З.Қожалымов қазақ хандығының қараүзген шипагері, шығыстың «екінші» Ибн Синасы - Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мұрасын насихаттауға өзіндік ерекше үлесін қосып келе жатқан жанашыр іздемпаз, ғалым. Бас шипагердің тәлім-тәрбие аларлық қасиеттерін, жамағатқа өсиет ретінде уәждейді. Авторлық түйіннің мән-мағынасы неде? Емшілік қасиет пен адамгершілік қасиет бірін-бірі толықтырса, сонда киелілік «семізкөк» болып бойға да, ойға да жұғады. Іште тұныққан білімділік емдеу шеберлігін арттырады. Емшілік сезімталдыққа, білгірлікке, имандылыққа, төзімділікке негізделеді, киелі қасиеттерді ұштайды, үйлестіреді. Елдің ынтасын оятқан емші құрметті де көрікті. Шын емші ауру қоспайды. Емшінің өнегелі ісі оңға, өрге бастайды, өмірді ұзартады. Сырқат құпиясын сабырлы, ізденімпаз, білімді адамдар, ақ ниетпен Алла жолына түскен емшілер адаса бермей ашты. Жақсылық ойлаған емшілер құлқын жарында құламады. Оның қызметі мен мақсаты адалдық жолында анықталды, қомақтануда. Қолында құраны, аузында иманы, әрекетінде түйіп жиғаны тоғысқан емшіні халық құрметтейді, оның мәртебесін көтеруде. Емдеймін деп жалған әрекетті қалқан тұтатындар арсыз келеді, сырқатты емдей бермейді, қандасын құтқаруға тырыспайды. Орасан ойын меңгере немесе жүзеге асыра алмаған адам ұрыншақ, әбестікке ұрынады. Ұрыншақтық жарға жығатын – жалғандық пен жасандылықтың, ағаттық пен асығыстықтың ұйытқысы. Жалған әулиелер қашанда жарға ұрынды. Асығыстықтағы ағаттық пен көзжұмбайлық дертті емдемейді, қайта қоздырады. Рухани жағынан жүдеу – алауыздық пен атаққұмарлықты үрлеу. Әлеуметтік қауіп көзі - жасанды ақылгөйлікте, адам қуатын сорып жаншитын апай-топай ішкі дүлейде. Жалғандықтың жолы қысқа. Неге? Адамның азғындауы, бір-біріне қатыгездік көрсетуі – дағдарыстың қауіпті түрі, жұқпалы көрінісі. Дағдарыс іштен шалатын, адамды азғындыққа итермелейтін қауіп-қатер. Дағдарыс сауатсыздық пен үрейді қатар үрлейді. Сауатсыздықта алданған азап шегеді, алдаушы әлсіздікті егеді. Таршылық жанды қинайды, жақсылыққа симайды. Жігерліге жасандылық жараспайды. Жақсылыққа көре алмаушылық жасау – надандық. Надандық – таршылықтың, тұлдану мен бұлданудың, қысқасы, жетесіздіктің түбірі. Жетесіздің айыбы - атаққұмарды қалқан қылмақ, алға тартпай, керағарлыққа ұрындырар қыңырлықта. Жалған жағаластың жолы қысқа. Емшілер қатарының азаюы да осы жетесіздік пен қыңырлықта. Қыңырлық дүмпуі – мәдениетсіздік пен құдайсыздықта. Мәдениетсіздік – тұлғалықтың тұрақтауына керағар күш, зиянды ағым. «Құдайсызға» тұнық әлем тар келеді, оған құдайдың жазасы бар. Қажы З. Қожалымов Құран аяттарынан емшілік мәдениетін құрайтын тұжырымдарды тізіп береді, сол уәждерге табынады. Дін рухымызды күшейтеді, санамызды тазартады. «Білімі болғанмен, ішкі мәдениеті, жүрегінде имандылық кілті жоқ адамның ісі алға баспайды» дей отырып, «өз құдіретіңді өзің игер, иемден. Оның тұғырығы – рухани бірлік пен келісімде» дейді автор. Тағы бірде «Емшілікте не істемелік, ұрлыққа ұрынбалық, киелі бабалар рухының қарғысына қалмайық!», деген ойын ортаға жаяды. Ақын З. Қожалымов: «Тани білсең бойындағы қасиетіңді, Жаратушы да сәулесін төгіп жатыр» деп ойын пайымдайды. Кітап емдік сауаттылық пен сырлы сыйластыққа үйретеді, ұлтжанды болып, мемлекет шаңырағын сақтап қалу – азаматтыққа сын, босаңдыққа мін екенін ескертеді. Онда қиындықты жеңгені туралы әңгімеге, атаққұмарға ұрынбау ескертпелеріне көп орын беріледі. Шым-шытырық қайталанып жатқан оқиғалар. Үндес оқиғалардың үйлестігін анықтау баз бір оқырманға жеңіл шаруа болмас. Оқиғалардың басы-қасында автордың өзі жүргендіктен, автор өзі туралы түрлі мәліметтерді қатар, қайталай беріпті. Оның ішінде елдің түкпір-түкпірінен келген «Арнаулар» көп. Мұны оқырман авторды мадақтау деп немесе оның еңбегін мойындау деп түсіне ме, оны әркім өзі шешсін. Өйткені қайталаушылық ойды кейде мүдіртуі де мүмкін. Әйтседе, автор сол түрлі делебелілердің жетегінде кетпейді, оларды қайсарлықпен икемдей, жеңе білді. Құптарлық ұстаным, осында. Шипагерліктің шапағатты рухы туралы ойлап, бойлап, таразылап жазған Зядан Қожалымовтың жүрекжарды қомақты бұл еңбегі - шаралы әрекет, рухани байлық мәлімдемесі. Тартымлы тоқтам-түйіннің жасампаздық пен жақсылық нышанын көре білейік, дұрыс бағалайық. Мен үшін «Орындалған аманат» - ұрпаққа арналған ашық хат сияқты көрінеді, солай қабылдадым да.
| ||