«ШИПАГЕРЛІК БАЯНДАҒЫ» ИМАНДЫЛЫҚ ПЕН ДАНАЛЫҚ СӨЗДЕР | ||
главная вернуться | ||
«ШИПАГЕРЛІК БАЯНДАҒЫ» ИМАНДЫЛЫҚ ПЕН ДАНАЛЫҚ СӨЗДЕРІ З.Қожалымов – профессор, Өтейбойдақтанушы ғалым
«Шипагерлік баян», қараша 2012ж.
Әрбір адам Алланың бұйырған несібесі мен ырызғысына ие. Бірдей өмір кезеңі болу мүмкін емес. Қазақ халқының басына қандай ауыр кезең туса да өзінің ұлттық ерекшелігі мен мұсылмандық парызын ешқашан өзгерткен емес. Халық өз бойында имандылықты, адалдықты, инабаттылықты сақтап, шариғат үкімдерін бұлжытпай орындады. Бұл үкімдердің бұдан кейін де орындала беретінін "Шипагерлік баянда" ғұлама ғалым Өтейбойдақ баба жазды. Алла тағала ислам діні бойынша халал мен харамды толық ажыратып берді. Сондықтан Ислам діні һарам саналатын 91 түрліні жеуге және 85 түрліні ішуге тыйым салады. Мұндай тізімде көрсетілгендерді жеп әрі ішпек түгілі қолға ұстауға да болмайтынын қатал ескертеді. Сондықтан Ислам дінінде мұсылмандарға тыйым салынған нәрселерді сатып ақша жасау да, оны тамақ етіп жеу мен ішу де арам болмақ. Алладан қорқып арам істерді істемеу өте сауап іс, ал істемеушілер күнаһар болып есептеледі. Арамды адал деп айтқан адам имансыз болатыны анық айтылады. Арам деп тек ішіп-жейтін нәрселерді ғана емес, адамға қарсы жат әрекеттік істерді істемеу де (аманатқа қиянат жасау, өлшегенде таразыдан алдап жеу, қабірді тінтіп қазу, адам өлтіру, өсек айту, т.с.с.) айтылады. Оларға адал тәрбиелік бағыт береді. Сонымен жеуге тыйым салынған 91 түрлі жеуге және 85 түрлі ішуге тыйым салынған қолжазба өртенгендіктен көрсете алмағанымызбен, бұл жөнінде һарамның қасиетті Құранның "Мәйда" сүресі. 3:90-93 аяттарында толық айтылады, әрі адамды харамдардан сақтандырады. Адам баласының 7-ге тиіспеуін және 41-ге жұғыспауын, бұл екі шартты бұзғандардың тағдыры ауыр болатынын баба қатал ескертеді. Басыңа қанша қиыншылық түссе де 12-ден айырылма - деп әрбір пенде істейтін пайдалы істі істе, пайдасызына жолама, "басыңа пәле болмақ" деп тыйым жасаған. "Басыңа күн туғанда он екіден айырылма", – деп ақыл айтуды ұмытпаған жөн деп баба өсиетін жазып қалдырды. Ұрпақты адалдыққа, туыс, дос-жаранын, жанұясын, елін, Отанын сүюге, қасықтай каны қалғанша дұшпанына берілмеуге үйрететін бүндай тәрбиелік сөздер кітапқа деген сүйіспеншілікті күшейтеді. Адам пендесі шыр етіп туылған соң оны Алла тағала 7 әулиенің қолдауына ие етеді. Жеті әулие қолдауында болу – парыз. Адам пендесінің несібелік және нәсіптік ырызғысы осы 7 әулие мен 41 ырысқа байланысты екен. Халқымыздың "Қырықтың бірі – қыдыр, жетінің бірі – әулие", – деген даналық сөзі осыған арналғандай. Ал ғұлама ғалым, қараүзген шипагер Өтейбойдақ баба осы 41 мен 7 санын пip тұтып, 41 өсімдіктің қоспасы мен 7 шөптің гүлі басынан дәрі-дәрмек жасапты. "Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер" – дегендей баба өз әкесі шипагер Тілеуқабылдың 8 жасынан бастап жанында жүріп, шипагерліктің сырын үйреніп, ержете өздігінен емдеу ісін айта келе әкені қадірлеу мен мақтан етуді де ескертеді. Осы 7 әулие мен 41 ырыстың қосындысы 48-ге тең. Бұл бір жылдағы демалыс күнімен бірдей. Осы есептік сандардың адам психологиясын, танымын, имандылығын, адалдығын, ынтымақтығын дамытуына зор маңызы барын білген. Бұл тектіліктің сипатын білдіреді. "Шипагерлік баянда" даналық сөздер мен мақал-мәтелдер және ғылыми тұжырымдар да көп пайдаланылған. Әз Жәнібек хан өзінің уәзірлеріне сұрақ қояды. Сонда сұрағына оң қол уәзірі Жиренше шешен (Ж.Ш.) дұрыс толық жауап береді. 1. Хан сұрағы: Дүниеде не өлмейді? Жиренше шешен жауабы: Әділдіктің заты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді. (38-бет). 2. Хан сұрағы: Не арсыз? Жиренше шешен жауабы: Ұйқы арсыз, тамақ арсыз, күлкі арсыз, талақ арсыз (37-бет). 3. Хан сұрағы: Не ғайып? Жиренше шешен жауабы: Ажал ғайып, несіп ғайып, неке ғайып, толғақ ғайып, қонақ ғайып. 4. Хан сұрағы: Сорлы, бейшара канша? (бейшара – жетім) Жиренше шешен жауабы: Бастаушы серкесі жоқ қой отары бейшара, түйіні жоқ ой бейшара, қара үзген шипагері жоқ ел бейшара, толықсып малы, толықсып елі жатпаған бел (жота, жазық) бейшара, өнерін елі қадірлемеген ер бейшара. Жиренше шешеннің жауабына риза болған Әз Жәнібек хан оған былай деп баға береді: "Жарайсың қарабас! "Басың нағыз алтын бас, тілің нағыз гауһар тас". Сол сөзді естіген Жиренше шешен бірден ханға карап: "Әкем менің атымды жағалап қойыпты, сіз бағалап қойдыңыз, жұрт ағалап айтатын шығар", – дейді. Тағы Жиренше шешен: тақсыр! Менің атым "Қарабас" емес, Жиренше. Азан айтып қойған аттан айырылып босқа күйгенше, басымды шауып тастаңыз, қара жерге кірейін, ғазиз басты игенше" дейді. 7. Не өлмейді дегенге екінші жауап: Жиренше шешен: "Қара жердің өлгені, үстін қардың басқаны, ағын судың өлгені, бетіне мұз қатқаны, күн көзінің өлгені, қызарып барып батқаны, аспанда бұлттың өлгені, көктің ашық болғаны" – деген екен. 8.Ажал келіп тиген оқ – Алланың көздеп атқаны, 9.«Сор түбі – бақ, бейнет түбі – алтын тақ». Өтейбойдақ. 10. Не тәтті? Жан тәтті. Не бал? Бала бал. Не ләззат? Құдай қосқан сүйген жар (қосақ) ләззат. 11. «Желсіз ағаш басы қимылдамас». 12. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге жетеді, соңғысына сан құбылып, аңыз болып жетеді», 13. «Тықырсыз дыбыс жоқ». 14. «Менің қолым емес, Лұхман хакімнің қолы де». 15. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады». 16. «Тіршілік көзі (ніл) – қан». 17. «Киімің сәнді болса, сөзің де мәнді болмақ». 18. «Шипагерлік те өнердің бір түрі». 19. «Емшімін деген ол ешкінің денесін көрмей, мүйізін көргенмен бірдей. 20. «Қалауын тапса қар да жанады». 21. «Көктем – жіңішкенің үзіліп, жуанның жіңішкерген кезі», Ұзын сары келгенде жеу несіп болады». 22. «Сырқаттың негізгі себептері, науқастандырушы - құрт/микроб». 23. Қой үстінде бозторғай ұя салған». 24. Дүние бір қисық жол бұрандаған, ,Бақ қайтса, басқа дәулет құралмаған. Басыңа таудай ауыр қайғы түссе, Несібі жазып қойған бір Алладан. (Халық әні). 25. «Жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады». 26. «Алла, ұшықтан, пәледен сақта». 27. «Шипагерлік пірі – без». 28. «Адамның аяғын жоғары көтергеннен өті аузына құйылмайды». 29. «Құзғындай кім бар екен мың жасаған». 30. «Алла маған жазбаған». Жалдаш шипагер. 31. «Теңін тапса тегін». «Шал қатын алмайды, мал алады». 32. «Қабанбай ата – қасиетті адам». Қабанбай – әулие ата Торғайда «Торғай қаққан тарыдай» қырылған елден жалғыз өзі тірі қалды. 33. «Түйе берсе, түймек те қысқарады». 34. «Біреуге шоқ, шоқ деме, басыңа келеді». 35. «Табалама – жолы тар, жайдақ деме – алда жар» «Күлген күле жетпек, екі балағын түре жетпек». 36. «Көз сұғы мен тіл сұғы өте қауіпті». 37. «Емшек сүті араласпаса болды» дейтіндердің ұрпағының қаны таза болмайды». 38. «Семіздікті қой көтереді, басқа көтере алмайды». 39. «Түйе бойына сеніп, жыл қайырудан қағылыпты». 40. «Қартайғанда бір балалық, туылғанда нақ балалық». 41. «Басқа тапшы, көңілі қараңғы». 42. «Арқа еті арса, борбай еті борша». 43. «Ми – меңгеруші мүше». 44. «Сенің миың жоқ па?». 45. «Етбауыры елжіреп кетті». 46. «Қайғысыз қара суға семіреді». «Жұмырға жұқ та болған жоқ». 47. «Зәр құйылды, запыран құстым». 48. «Жүрек қабы – меңгеруші мүше». 49. «Алғаның ас болғыр». 50. «Пенде көркі – киім жарастығы, ағаш көркі – жапырақтың тарамдығы». 51. «Дос құласаң сүйейді, дұшпан аяқтан шалады». 52. Жауын аяған жаралы, жалғыз қалып шеттелер». 53. «Бас жарылса бөрік жауып білінбес, қол сынса жең ішінде оңай тілге ілінбес». 54. «Жақсы сөз жанға шырай береді». 55. «Қара кісі терлегенше, сары кісі терге малынады». 56. «Өзіңнен жасы кіші шипагерді «Әкем», «Көкем», «Інішек», «Бауырым» – деп аялап ілтипат ет. Өзіңе жақын тарт. 57. «Ел – қашан да ел, ел – қашан да көл, бірі білмегенді бірі біледі». 58. «Тоқтай тұрыңыз, тамырыңды ұстағанымда көңілімді бөлме де». 59. Шипагер әрқашанда пайдақорлықтан аулақ болған жөн». 60. «Өзектік тіл – жалпы тілдің көрінісі». 61. «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл». 62. «Әке көрген оқ жонбақ, шеше көрген тон пішпек», 63. «Қырықтың бірі – қыдыр, жетінің бірі – әулие». 64. «Құдайдың басқа салғанына көндім». 65. «Ел айтса, екі айтпайды». 66. Ауру ханды да, қараны да танымайды». 67. «Еркекті оң жағынан, әйелді сол жағынан емде». 68. «Бабырдың бабын тапсаң жазылады, бабын таппасаң сағың сынады». 69. «Мейлі Әбунасыр болсын, мейлі Жүсіп сақ Баласағүн болсын, мейлі мен болайын, бір із, бір тілектестерміз». 70. «Ызғар түбірі – суықтық». 71. «Созғақ күнбиді өлтірген Қазғақ күнби болды. Қазғақ елі кейін «Қазақ» атанды. 72. Қырық арыс ұлы жиналысы «Алаш» делінді, той күнін ұлыстың ұлы күні деп атады. 73. «Қыз қуар» ойыны Қазғақ күнби Хас қызды қуып жетіп, оны жары еткен соң аталды. Қазғақ күнби ел атын «Алаш» деуге жарлық түсірді. Содан кейін «Алаш» азаматы деу күллі қазаққа ортақ атау болды. Құзорда – «Алашорда» атанды. Қазғақ күнби болғанына 50 жыл толғанда алжуға айналды. Қазғақ күнби болған ергеу (наурыз) айының 13-15 жанасының үш күнін «Наурыс меремесі» (Наурыз мейрамы) деп атауға жарлық түсірді. Елі Қазғақ күнбиді сырмаққа отырғызды. «Тағзым» етіп төбеге көтерді. Мәртебесі асты. Үй тастамай елі мерекені тойлап аралады. Бата берілді. Жеті дәм қосылды. Төрде көңілді отырған Қазғақ күнбиді тұтқиылдан бір көкбөрі жеуге ұмтылды. Арыс біткен көкбөріні қолға түсірді. Бұл көкбөрі қайдан келді? Жаратқан ием жібергені ме? Арыстар көкбөріні быт-шыт етіп тартып өлтірді. Көкбөрі тартуды көрген күнби Қазғақ қуанды. Оны жалғастыруға жарлық түсірді. Содан бастап «Көкпар» тарту пайда болды. Қазғақ күнби жауы үстінен жеңіске жеткен арыс руларын Бас бармағын көрсетіп: «Нақ ұлы жүзсіздер», орта қол арыстарын жеңісімен құттықтап: «Орта жүзсіздер» - деп мақтаныш етті. Кіші қол арыстарын әспеттеп: «Кіші жүзсіздер» деп жарлық түсірді. Ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз ошақтың үш бұтындай бірікті. Олар өз жауларын толық жеңіп, үстемдігін орнатты. Күнби Қазғақтың Хас жарынан туған Алаш деген ұлы 43 жасқа келді. Алаштан дұшпан шошыды. Қазғақ күнби орнына Алашты қойды. Бұны "Алаша хан деңдер", – деді. Үш ай шелектеп жауған жаңбырдан жер әлемді су басты. Үш жүз арыстары быт-шыт болып, тау-тасты жағалап, мал соңынан кетті. Бұлар аман қалды. Дүние бұзылды. Тасқа ойылған жазу қалды. Қазғақ күнби ес-түссіз жатып, о дүниеге аттанды. Бұл жаратқан иенің қаһары шығар? 74. Қазғақ күнби рулар шежіресін жазуға жарлық түсірді. «Итте ата жоқ, күйеуде бата жоқ». «Иттен туылып, іннен шықтық па»? Күнби: «Жол болсын!» – дегенде, шежіре жазушылар: «Әлей болсын!» – деп, 13 топ (екі мың адамдай) 13 жаққа шаба жөнелді. Екі жылда 1200 шежіре жазып ізденушілер күнби айтқан Шашыр сарайына келіп түсті. Қазғақ күнбиге үш жүзге ортақ 92 деректі ата шұбыртқысының тізімін ұсынды. Қазғақ күнби қайта қарауды тапсырды. Ізденушілер күнби айтқанын орындады. Бармақтарын тізімге басты. Тағзым етіп қайтадан Қазғақ күнбиге тізімді ұсынды. Қазғақ күнби шежірені көзімен көрді. «Жарайды» - деді. Жарлық түсірді. Оның жарлығы: «Ұрпақтарына ұмыт болған, дәлел болмаған межелі ата. Белгілі болған ата 92. Ал, Қазғақ күнбиге дейінгі ата – 60. (Созғақ күнбиден, Қазғақ күнбиге дейін). «Шипагерлік баян» кітабын оқыған сайын жаңа атау, жаңа ғылыми шешім, жаңа тарих, шежіре, жаңа емдік анықтама, емдік әдіс-тәсіл, дәрі-дәрмек түрлері, табиғаттың ғажайып сырлары, Ислам дінінің керемет құпиялары, т.б. ашыла береді. Адамның тәні тазарып, жаны рахаттанып, бір ғаламат кеңістік үстінде қалқып ұшып жүргендей сезінеді. Құпия кітаптың ашылмаған құпия сырын ашуға асығу халқымыздың көне тарихи өнерін, мұрасын қайта тірілту болмақ. Осындай шоқтығы биік тұрған, ішкі дүниесінен нұрын шашқан «Шипагерлік баян» нағыз имандылық кітабы екеніне күмән жок. Ханның емес, халықтың байлығы – халық емшілігінің негізін қалаған жиһангер ғұлама ғалым, қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян» кітабы арқылы XV ғасырдағы халқымыздың жалпы мәдени, рухани, шипагерлік, ғылыми жақтарын көрсетіп қана қоймай, одан арғы бірнеше ғасырлық ұлт тарихын да хабар етті. «Өткенсіз бүгін жоқ», «Өшкенім жанды, өлгенім тірілді», «Артында бар оңалар» деген шындық екен ғой, ағайын.
| ||