ЕМШІЛЕР  БІРЛЕСТІГІ ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?
 главная                                        вернуться 

 

 

«Шипагерлік баян», қаңтар 2013ж.

 

 

ЕМШІЛЕР  БІРЛЕСТІГІ ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?

 

Мен көп ойландым. Қазақстан халық емшілері қауымдастығын құру мен басқарудағы ұзақ жылғы өмірімнің өткен күндерін еске алып, көз алдымнан өткізіп шолып шыққандай  болдым. Уақытта ширек ғасырға қарай жылжып барады. Бүгінде дардай аты мен атағы да айтарлықтай таныла бастаған қауымдастықтың өткен жылдардағы тарихи кезеңдерінің басқа ұйымдарға ұқсастығы жоқ, өзіндік өсу мен даму жолдарын тарихта қалдыру болашақ ұрпақ үшін өте қажет сияқты сезіледі маған. Мен биыл қазақ тілді үлкен газеттен өте көлемді жазылған атақты жазушының мақаласын оқыдым. Жазушы Қабдещ Жұмаділов: « осы менің еңбегімді кім дұрыстап жазар екен деп, жарты ғасыр күттім. Шындықты бұрмалап барады. Менің көрші елден қазақтарды өз отанына келуіне ұйымдаструшы және басшы болғанымды ескермей, әлдебіреулер ие бола бастады. Енді өзім жазуға  тура келді деп», – мақаласында ашық ойын жазды.

Осы мақаланы бірнеше рет қарап шығып, мен де анау-мынау емес ұлтымыздың тылсым сырларының құпиясын ашқан, киелілердің басын біріктірген, бүгінде өзіндік орны бар және емшіліктің ғылыми  жағын ашып, ғылыми айналымға енгізіп қызмет ете бастаған  қауымдастықтың тарихи шежіресін жазуды өзім жазуға тәуекел еттім. Бұл ешкімде дауласа алмайтын менің өз жолым, тағдырым, өмірімнің іздерінің жолдары…

 

АЛМАТЫДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ФОРУМ

 

Мен жұбайым Түймекул Құлмаханқызы екеуміз 1991 жылдың қыркүйек айының басында Мәскеуге емшілер мектебіне білім алуға барғанбыз. Аз ұлттардан екеуміз ғана. Басқалардың бізді менсінбейтіні тағы бар. Психологияларын түсіне бермейтін, әр түрлі мамандықтың иелері осы емшілер мектебінде білім алуда. Ол кезде Мәскеуде неше алуан, көлемі де қомақты газеттер шығатын. Көбінесе емшілік пен ғарыштық беймәлім тәрелкелер мен тылсым құпия сырлары жөнінде жазылған мақалалар мені қатты қызықтыратын. Жазылғанның бәрін түсіне бермесемде оқыған газеттерімді жинап, елге алып кетуге дайындайтынмын.  Жұбайым күліп сен  бұны неменеге жаратасың десе, мен еңбек жазам және емшілердің  қауымдастығын құрамын деп қалжыңға басамын. Ол да сен қауымдастық құрмай-ақ, жөнді емші болып алшы деп қалжыңын шұбыртатын. Менде қалыспаймын. Мәскеудегі  Академия қонақ үйіндегі әңгімеміз осылай жалғасып, уақыт та өтіп жатты.  Біз Алматыдан Мәскеуге аттанарда Алматыда ай соңында Емшілердің Халықаралық  форумы өтеді екен деп естігенбіз. Мәскеуде біз оқуымызды  жалғастыра бердік. Алматымен де хабарымызды  үзбедік. Хабар алдық. Қыркүйектің 26-29 аралығында  форум   болады деп. Осы форумға қатысуға самолетке да билетімізді алып қойғанбыз. Шынымды айтсам мұндай ірі жиналысқа қатысуға алғаш рет ниет етуім болатын. Күтпеген жерден Мәскеуде  қатты нөсерлі жаңбыр жауып, бір аптаға созыла бастады. Мәскеудің аэропорты да самолеттарды қабылдауды сирете бастаған. Енді қиын болды-ау дегенде уақытта жақындап қалған еді. Алматыға баруға деп алған билетпен бір тәулікте самолетке отырмасақ,  ол жарамсыз болатыны анық еді. Мен түнде ұйықтап жатып түс көрдім. Ояна сала жұбайыма біз бүгін Алматыға кетеміз, ауа райы жақсарады,  самолет өз уағында ұшады, біздің даңқымыз әлемге әйгілі болады деп жұбайымды қуанттым. Айтқаным келді, аспан ашылды, бізде «Демодево» аэропортына келгенде  өз уағында кететінімізді білдік. Мәскеудің аспанына көтерілген ТУ-154 лайнері төрт  сағатқа жуық уақытта Алматыға келіп, дін аман қонды.

Алматыға келген соң форумның  өтетін  уақытын біліп дайындалдық. 26-қыркүйек күні таңертең Алматы Мемлекеттік медициналық институының (қазіргі ҚазҰМУ) жиналыс залына форумға қатысуға неше алуан тылсым күш иелері де келгені анық байқала бастады. Бұл Форумды ұйымдастырушы академик, Халықалалық қауымдастықтың президенті В.Ленский деген Алматылық, бірақ құрған қауымдастығы Мәскеуде тіркелген орта жастағы азамат екен. Байсалды сөйлейді, өте сақ әр қадамын ойлана жалғастыратын адам екені де оның іс әрекетінен байқалады. Форумға қатысушыларды тіркеген соң, зал орындығынан орын алып орналастық. Біз бақылап отыру үшін биіктеу орынға орналастық.  Форум да басталды. Байқаймын қазақ ұлтынан Төралқа құрамында ешкім болмады. Форум өзінің күн тәртібінің жоспары бойынша басталып одан ары жалғасып жатты. Форумның ашылуын құттықтаған жергілікті басқару орындарынан ешкім де болмады. Тіпті біздің елде өз ұлтымыздан бір атақты емші де жоқ екен.  Сондықтан да мына келімсектер өз білгендерін айтып, ойындағыларын мәднеиеттілікті сақтамай айтуда және де көрсетуде. Мен  бұндай әрекеттеріне риза болмасам да  сабырлық сақтап отырмын. Шіркін бүгін кешке сеансқа шықсам сендерге қазақ емшісі қалай екенін әлі-ақ, көрсетермін деп форумның өтуін бақылаудамын. Алғашқы күнгі форум жиналысы біткенін және кешке сағат жеті де емшілер сайысының шеберлік сеансы болатынын төраға хабарлады.

Кешкі астан кейін мен жұбайым Түймекүл екеуміз қайтадан кешкі сеансқа баруға келе жатқанбыз. Тура Сейфуллин мен Киров (бүгінде Бөгенбай батыр) көшесінің қилысында мына форумды ұйымдастырушы академик В.Ленскиймен бетпе-бет кездестік. Мен бірден оған жер, су, ауа да менің елімдікі, мен биыл өз қасиетімді Мәскеуде дәлелдегем, мені бүгін бірінші етіп шеберлік сеансына шығарыңыз дедім. Ол аз ойланып тұрып бізде тәртіп бойыша алдын ала іс жоспары жасалған, оның ішінде сіздің фамилияныз жоқ болса да,  сізге жол берйін, дайындал деді. Бізде келіп залдың сахнасының шымылдығының артына  келіп орналастық.

 

Алғашқы  айқас сеансы

 

Қазақ  халқының киелі қасиетін менсінбей оның атын да ататпаған Кеңестік солақай саясатты билегендердің ұрпақтары, мына менің отанымның Астанасы Алматымда өздерін Төренің тұқымындай көрсетіп немесе аспаннан екі аяғымен салбырап түскендей тайраңдаулары, менің жүрегіме ине қадалғандай  әсер етуде.  Осы бүгін біздің елдің емшілері неге үнсіз екеніне де таңғаламын. Әншейінде  баспасөз және бұқаралық ақпарат  құралдары салаларында аттары дардай, қасиеттері таудай емшілер неге сытылып шықпағандары қалай? Шынында бүгін Құдай жалғыз және мен жалғызға анық айналғандаймын. Нартәуекел деп, шеберлік сеансыма шығардың алдында ойымды бір арнаға жинап, ана залда осал қарсыластар жоқтығын тағы да ескеріп,  халық емшісі жұбайым Түймекуліме қарап мен дайынмын дедім. Екеуміздің бірге жүргізетін шеберлік сеанысымызды ұлттық ерекшелігінде сақтауды және де келісіп алдық. Ол кездегі шеберлік сеансына жарты сағат уақыт беретін. Шығатындардың шеберлік сеансы бірін-бірі қайталамауды қатты ескерткен болатын ұйымдастыру комитетінің басшылары. Дәл бүгін шеберлік сеансын қазақ емшісі бастайды деп форумға қатысушылар ойлаған да  емес. Себебі Қожалымовтардың аты жөні шеберлік сеансының тізімінде де жоқ болатын.

 

З.Қожалымов

/жалғасы бар/

 

 

 



вверх