ЕМШІЛЕР БІРЛЕСТІГІ ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ? | ||
главная вернуться | ||
Зядан қажы Қожалымов Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Албан шежіресі» авторларының бірегейі «Шипагерлік баян», мамыр 2013ж.
Емшілер қауымдастығын құруды қайтадан ұйымдастыру /басы өткен сандарда/
Мен Мәскеуге кеткен соң мына Алматыда не болғанын өзімде түсіне алмай әлек болудамын. Емшілер қауымдастығын құрудың құжаттарын қайтадан дайындау маған оңай болған жоқ. Жанашыр ғалымдар мен таза ниетті емшілерді тауып, олардың басын біріктіріп жиналыс өткізу ниетте болғаныммен, алда не күтіп тұрғанын болжау өте қиын еді. Мына Алматыдай астанада осы қоғамдық бірлестікті құруды қуаттап және оған қарсыластардың қаһарынан қорғай алатын білімді, абыройлы және өткір азаматтарды іздеп табуға тәуекел деп кірісіп кеттім. Өзім жалғызбын, мен сияқты емшілер баршылық болды. Солардың сенімдері маған ерекше күш беріп, осы бағытыңнан тайма дегендей әсер ете бастады. Алматы мемлекеттік медициналық институтының «Медицина тарихы» кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Шокин Әлихан Ризаұлына барып сәлем беріп, таныса келе Емшілер қауымдастығын құруға көмектесуін сұрадым. Әлихан Ризаұлы біраз ойланып: "Осы адамдар қызық, емшілер жөнінде маған келіп көп сұрау салады, мен емші емеспін ғой", – деп сөзін аяқтады. Мен: "Аға, сіз Ұлы отан соғысының ардагерісіз, өмірдің талай қиын жолдарынан өттіңіз және Қазақстанда Медицина тарихына басшылық жасайтын ірі ғалым сізсіз, мына Емшілер қауымдастығын құруға сіз көмектеспегенде кім көмектеседі", – дедім. Ақылды ардагер қарсылық көрсетпей: "Іс жоспарыңды жаса, Құрылтайдың күн тәртібін дайында, өткізетін күнін анықта", – деп маған тапсырма берді. Біз жұмысты бастап кеттік. Баспасөз беттерінде ғалым Тұрсын Бекеннің, журналист Бақтыбай Айнабековтің т.б. азаматтардың Халық емшілерінің Ассоциациясын құру қажеттілігі жөнінде мақалалары көптеп шыға бастады. Тәжірибенің аздығы, көмекшілердің сауатының жетіспеуі мен сенімсіздігі және Қауымдастықты құрғызбау, атын ататпау, жойып жіберудің идеясын ұстанған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы «Республикалық Халық медицинасы Орталығының» басшысы Ерасіл Әбілқасымов пен аталған министірліктегі Емдеу басқармасының бастығы Ерік Мағзымұлы Мусиннің салмағы ауыр және басқа мемлекеттік бақылау орындарында оларға көмектесетін таныстары көп болды. ҚР Денсаулық министрлігіндегілер жеке күштері мен қолдап қорғаушыларына сеніп, бізге жетім баланың күнін көрсетіп, қауымдастықты құрысуға ниет еткен медицина саласының мамандары мен емшілерді қудалап тыныштықтарын бұзғанын да ұмытуға болмайтыны тарихи шындықтың белгісі. Бұлар қысқасы, Кеңестік солақай саясаттың тізгінін ұстаған және қазақ елінің тәуелсіздігін мойындағысы келмейтін әрі ата-бабаның киелі тылсым күш қасиетін танығысы келмейтін, ұлттық тектік киелі өнерді өз басының пайдалары үшін пайдаланушылардың теріс пиғылды әрекеттері болатын. Сабырлықты сақтап, аңылған қазақтардан алшақ жүріп, жеті рет ойланып тек ғана бір рет шешім қабылдап, жаңадан қазақ елі тарихында тұңғыш рет құрылатын Халық емшілерінің қауымдастығының өткізілетін күнін белгілеп, республикалық беделді газеттер арқылы хабарлап та жібердік. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы өте батыл болғанымен, мені қолдаушы жаңа күштердің әлсіздігі көрініп тұрды. Мен осы олқылықтарға жол бермеу үшін, медицинаның ірі ғалымдары профессор Ә.Р.Шокин, медицина ғылымдарының кандидаты, сол кезде Республикалық Туберкулез институтының директорының бірінші орынбасары қызметіндегі, халық емшілігінің нағыз жанашыры Т.Бекенов т.б. білімділермен ақылдасып, жаныма ертіп қайткенде мақсатқа жетуге ниет еткенім өз мәресіне жеткен еді. Дайындық қызу жүргенімен ішіміздегі кейбір екі жүзді емшілер алғашында жабық, кейін ашық қарсылықтарын білдіре бастады. Олар: "З.Қожалымовты қауымдастықтың басшысына сайламаймыз, оны орынбасар етеміз, емдеу сеансынан түскен пайдаға қарық боламыз", – деп бөскен әйел емшілер қылығы ашылып, әшкере болды. Олар бірін-бірі ашық түрде масқаралады. Олардың аты-жөні менің «Шапағатты рух ордасы» атты еңбегімде толық айтылған болатын (Алматы, 2001 ж. 320 бет). Осы қиын кезеңде қарсыластарға қарсы шықпай, ақырын ғана абайлап сөйлеп, бәрінің басын қосып, сайлау кезінде бәрің де жоғары дәрежелі мансапқа сайланасыңдар деп, сол кездегі Целиноград (бүгінгі Астана) қаласына ем жасауға аттанып кеттім.
Целиноград қаласындағы емдік сеанс
Мен Целиноград қаласына келгенімде қыстың қақаған аязды кезі, 1991 жылдың желтоқсан айының 8-жұлдызы болатын. Тың өлкесінің ол кездегі қысының аязын көрмеген астаналық біздер үшін қызық және таңғаларлық болды. Менің жанымда Болат пен Тимур атты екі көмекші жігіттер және екінші қызым Гүлзатым мен кіші ұлым Аршатым да бірге болды. Біз сол кездегі облыстық әкімшілік жанындағы Москва қонақ үйіне жайғастық. Мен жөнінде теледидар мен радиодан және баспасөзде де хабарламалар беріле бастады. Ол кезде қаланың қары күрелмейтін, кім жаяу немесе көлікпен із салса сол ізбен жүрген халық та және көліктер де көше жолдарын таптап кеңейте беретін еді. Маған емдік сеанс өткізуге орталықтан алыстау, шеттеу орналасқан Темір жол мекемесінің Мәдениет үйін берді. Бұл жерге халық түгілі, көліктің де барып қайтуы қиын болатын. Мен бұл жерге ем жасаудан бас тарттым. Мен, өз жерімде және елімде халыққа ыңғайлы орын ала алмағаныма қатты қапаландым. Бұған себепкер сол қаланың Денсаулық сақтау басқармасының қарсылығы екенін кейін білдім. Түнгі сағат үштер шамасында аспанда прожектордың жарығындай сәулелі толқын пайда болып, қонақ үйде жатқандарды таза ұйқысынан оятты. Сол кездегі облыстағы үлкен алаң жап-жарық болып барып, біртіндеп жарығы азая берді. Келесі күні қонақ үйге қарама-қарсы тұрған он қабатты ғимаратқа көмекшілерім барғанда, оны жалға алушы ол кім дегенде, жігіттер менің кім екенім жөнінде визиткамды көрсеткенде әлгі азамат мені көрмесе де сырттай білетінін айтып, ол емші Одаққа әйгілі адам, ем жасауына жол ашық деп маған емдік сеанс өткізуге ғимараттың залын беріпті. Бұл азамат қазақ та орыс та емес, басқа ұлттың азаматы еді. Сонымен тоғызыншы желтоқсан күні түстен кейін емдік сеансымды бастап кеттім. Алғашқы күні адамдар аздау болғанымен, келесі күннен бастап бес жүз адамдық залда (бұл алғашқы ҚР Парламенті орналасқан ғимарат) емге келушілерге орын әрең жеткен-ді. Күніне екі сағаттай төрт рет сеанс жүргіземін. Жеке әңгіме өткізуге де уақыт табатынмын. Сеанс кезінде бұрын қайталанбаған емдік құбылыстар болып, әр түрлі сырқатты адамдар өздерінің ауруларынан оңала бастағанын күнде қысқаша баяндайтын. Бұл ғаламатқа осы сеанста отырғандардың тоқсан бес пайыздан астамы басқа ұлт өкілдері куә болса, қазақтардың (өте аз еді) жүздерінен мақтаныш сезімге бөленгендері көрініп тұратын. Осы емдік сеанста залда отырған бір орыс жігіті орнынан тұрып мені жақтырмаған, менсінбеген пішінмен: «Сен қандай әдіспен ем жасайсың? Каспировский ше ме немесе Руцкой ше ме?», – дегені. Бұл сөз маған өте ауыр тиді. Мен бірден: «Казакша, казакша» – дегенімде, ол: "Я не понимаю", – дегені. Мен орысшалап: "Сен түсінбесең түсінбе, мен емді қазақша бастаймын. Сенің атын атаған емшілеріңнен менің құдіретім бірнеше есе артық", – деп қатты айттым. "Саған қазақтың құрметі, байлығы, адал тамағы ұнай ма?", – деп едім, дәу орыс: "Конечно очень нравиться", – деп менің намысымды қозғап жіберді. Мен: "Қазақ елі енді тәуелсіз ел, сен енді қазақтың малын бақ та, басқадай жұмысын істе және қазаққа қарызыңды өте", – дедім. Тағы да бір сөзге керістікте мен: "Ей, орыстың ақымағы, орныңнан тұр да, тез залдан шық", – деп оны қуып шықтым. Ол кезде мен өте батыл әрі намысшыл болатынмын. Мен залда отырғандарға: «Переселенстер орындарыңнан тұрыңдар», – дегенімде, залда отырғандардың тоқсан бес пайыздан астамы орындарынан тұрып, маған солдаттар сияқты бас иіп тура қарап тұрды. Мен оларға: «Айтыңыздаршы шындықты, сендердің ата-бабаларыңның сүйегі қайда қалды? Оны сіздер білмейсіздер. Сіздерді ұрпақ етіп өсірген, ұлтыңды сақтатқан қазақ деген халықтың тілін қашан құрметтейсіздер. Сіздерге қазақтың "сәлеметсіз бе, рахмет, сау болыңыз" деген үш сөзін айту қиын ба?», – деп, емімді аяқтап залдың фойесіндегі есікпен шығып кеттім. Келесі күні таңертең сағат онда сеансты бастауға залдың фойесінен көрінгенімде, залдағы адамдардың бәрі орындарынан тұрып, маған қазақша «Сәлеметсіз бе!» – деп, сәлем бергені әлі көз алдымда сақтаулы. Сеанс аяқталғанда бәрі: «Рахмет. Сау болыңыз!» – деп, қоштасулары мен қайтқанша қайталанып еді. Басқа ұлт өкілдері: "Сіз дұрыс айтасыз, біз түсіндік енді, еміңіз өте дауалы екен, алдағы сайлауда жеңіске жетуіңізге тілектеспіз", – деген ықыласты сөздеріне мен де рахмет айтып, қоштасқан едім. Осы емдік сеанстың халыққа емдік ғана емес, рухани тәрбиелік жағынанда ерекше маңыздылығы туралы сол кездегі облыстық «Сарыарқа» газетіне, газеттің тілшісі Мақпал Ешентаева «Сөзі – дәрі, Емі – дом» атты мақаласын жазып шығарды. Тілшінің: «Халқы үшін, оның тілі, діні, мәдениеті үшін өзін де, өмірін де, бойындағы күш қуатын да сарп етіп, сарқа беріп жүрген қазақ азаматына сәттілік тілейік, ағайын! Ақ жол болсын Зия аға!» – деген ақ тілегі тілші арқылы жолданған халықтың тілегі еді. Бұған дейін қазақ емшілігі жөнінде оның ерекше құдіретін білмегендер білді, танымағандар таныды, сенбегендер сенді және мойындамағандар мойындады. Сол кезде менде емде болған қандастардың қуанышына ортақтасқаныма өзімді бүгінде бақытты санаймын. Алда Алматыда емшілер Құрылтайын өткізуге де аз уақыт қалған болатын. /жалғасы бар/
Алматы қаласы
| ||