ЕМШІЛЕР БІРЛЕСТІГІ ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ? | ||
главная вернуться | ||
Зядан қажы Қожалымов Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Албан шежіресі» авторларының бірегейі «Шипагерлік баян», маусым 2013ж.
/басы өткен сандарда/ Республика емшілерінің тұңғыш Құрылтайы
Целиноград қаласындағы көңілді кездесу мен нәтижелі сеанстан соң Алматыға қайтып оралдым. Бес күндей уақыт қалғанда тұңғыш рет өткізілетін республиканың емшілерінің Құрылтайына дайындықты бастап кеттік. Құрылтайды өткізу жөніндегі комиссия мүшелерінің бәрінің көңіл-күйі мен ішкі пиғылдары әр түрлі көрінді маған. Көзге біргеміз дегенімен шын мәнінде маған толық сенетіндері де сенбейтіндері де баршылық болатын. Кейбіреулері Құрылтай делегаттарын тіркеудің қажеті жоқ десе, тағы біреулері Қауымдастықтың президенттігіне сайлануға кандидат болуға ниет етушілердің өмірбаяны мен бағдарламасының қажеті жоқ деп бөскендері де болды. Мен: "Бұларың дұрыс емес, бұл тұңғыш Құрылтай болғандықтан өтетін жиналыс заң талабына сай болу керек", – деп, өзімнің жеке жоспарымды іске асыруға кірістім. Алғашқы Құрылтайды сол кездегі Алматы мемлекеттік медицина институтының жиналыс залында өткізуге келістік. Бір ай бұрын Алматы қаласында емшілер Құрылтайын 1991-жылдың 20-23 желтоқсанында өткізуді белгілген едік. Құрылтайға бір күн қалғанда дайындықты аяқтап, Қауымдастықтың президентіне кандидаттыққа өзімнің өмірбаяным мен бағдарламамды жаздыртып, оны өтетін күні жиналыс залына ілгіздім және жеке делагаттарға да тараттырып бердім. Ал делегаттарды әр облыс және Алматы қаласы бойынша жеке-жеке тізімге алғыздым. Кешегі бұның қажеті жоқ дегендер үнсіз қалды. Қысқасы, мұндай жауапты ұйымдастыру жұмысына әр облыстан келген бостандықты аңсап жүрген емшілер көмектескен болатын. Желтоқсанның 20 күні Құрылтайды мен аштым және одан ары жалғастырдық. Құрылтайға барлығы екі жүзден аса емшілер мен көп салалы мамандықтың өкілдері қатысты. Алғашқы баяндаманы өзім жасап, одан кейін жарыссөз бен кезекті баяндамаға шыққан шешендер де өз ойларын ашық білдіріп, қазақ елінде халық емшілерінің Қауымдастығын құру қажеттілігіне тоқталды. Осы қауымдастықтың құрылуына өз көмегін көрсеткен медицина ғылымдарының докторы, профессор Әлихан Ризаұлы Шокин сөз алып: "Біз Құрылтайды аштық, емшілердің қауымдастығы құрылатыны шындық. Біз әлі алда үш күн бойы Құрылтайды жалғастырамыз. Нені күтеміз, қауымдастықтың басшысын сайлап алайық. Бұл қызметке осы қауымдастықты құру идеясын жүзеге асырған, Одаққа белгілі халық емшісі және ұйымдастыру комитетінің төрағасы Қожалымов Зияданның кандидатурасын ұсынып, дауысқа саламын", – деді. Құрылтай делегаттары менің кандидатурамды қуаттап, көп дауыспен тұңғыш рет құрылған Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенттігіне сайлады. Залда тыныштық орнады. Менің денемнен бір ауыр жүк түскендей болды. Бұл мен үшін жеке тарихымдағы бақытты күн болатын. Мен ант қабылдадым. Қасиетті Құраннан тәу етіп тұрып, өз бағдарламама адал және орындалуына таза қызмет етемін деген арманым бүгінде толық орындалып келеді. Мен өзім сайланғаннан кейін бірден маған сенім білдірген Құрылтай делегаттарына рахметімді айттым. Одан кейін қауымдастықтың Жарғысына сәйкес қауымдастық Төралқа мүшелері тізімін хабарлап, оларды дауысқа салып делегаттарға бекіттірдім. Бұдан басшылық қызметтік орындарға Ә.Р.Шокиннің кандидатурасы қауымдастықтың бірінші вице-президенттігіне, журналист Бақтыбай Айнабековтің кандидатурасын вице-президенттікке ал, Тұрсын Бекеновтың кандидатурасын Бас директорлыққа Құрылтай делегаттары толық дауыс беріп сайлады. Осындай орыннан дәметкен теріс пиғылдылар өз мақсаттарына жете алмады. Қауымдастықтың құрылған күнін Құрылтай делегаттары 22-желтоқсан деп бекітті. Қауымдастықтың Жарғысы мен Ережесі бекітілді. Арнайы қаулы да қабылданды. Қауымдастықты ҚР Әділет министрлігінен тіркеуден өткізуді қауымдастықтың жаңа басшысына міндеттеді. Құрылтай аяқталып, делегат емшілері тарасқанда: «Өлгені тірілді, өшкен оты қайтадан жанды» деген осы шығар, киелі шаңырақ пәле жаладан аман болып, мәңгі ғұмыр сүргей, Алла жар болсын деп бірін-бірі қимай қоштасқан емшілер әлі күнге дейін көз алдымда. Өмірге қадам басқан ата-бабалардың тылсым күші құпияларының мұрагері, Республикалық қоғамдық бірлестігі «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» қиын уақытта осылай құрылған болатын... Қазақ мемлекетінде ел тәуелсіздігімен құрдас, қазақ елінің тарихында алғаш рет жаңадан құрылған халық емшілерінің қауымдастығының ғұмыры ұзақ, берері мол болғай.
Әділет министрлігіндегі тіркеу
Республикадағы емшілердің өкілдері қатысуымен оның Қауымдастығын құру туралы алғаш өткізілген, 1-Құрылтайының жиналысының Қаулысын сол кездегі ҚР Әділет министрлігінің қоғамдық ұйымдарды тіркеу басқармасына апарып тапсырдым. Ол уақытта машинкамен жазылған құжатты түзеу қиын еді. Жаңадан құрылған ұйымның жазу машинкасы түгілі әлі мекен-жайы да анықталмаған еді. Осындай ауыр жағдайда қол көмегін беретін адамды табу қиын болатын. Қауымдастықтың жаңадан сайланған Бас директоры Бекенов Тұрсын Балғынбекұлы өзінің Республикалық Туберкулез институтының директорының бірінші орынбасары қызметінде болатын. Қауымдастықтың Жарғысы мен құжаттарын Б.Балғынбекұлының кабинетінде жазып, сонда машинкаға бастырдық. Институттың басшысы өте қатал адам екен, бұл кім деп бірнеше рет Тұрсын ағаның кабинетіне келді. Тұрсын содан кейін қызмет кабинетін жауып тастап мені көрсетпейтін болды. Қысқасы, екеуміз ұры адамдардың тірлігін қайталап көздеген мақсаттарымызды жүзеге асырған едік. Адам баласына жақсылық бір күнде келмесі анық. Бұл да бір емшілер қауымдастығын құрудағы қиын кезеңдердің өзіндік тарихының тізбегі десек артық айтқандық бола қоймас. ҚР Әділет министрлігінің тіркеу басқармасындағы мамандар қауымдастық Жарғысы мен Ережесін шимайлай берді. Ал, біз түзей жүріп, әупіремдеп тіркеуден өткіздік. Біз қауымдастықтың Әділет министрлігінен тіркелген куәлігін алуды асыға күткен едік. Мен жанымдағы Оңтүстік Қазақстан облысынан келген келген және менің үйіме қонып шыққан Өмірзақ деген емшіге: "Мен түнде түс көрдім, 22-қаңтарда тіркелу куәлігін береді және қауымдастықтың тіркеуден өту куәлігінің нөмірі №80 болады", – деп айта салдым. Бұл 1992-жылдың қаңтар айы болатын. Министрліктен хабар жетті: "22-қаңтар күні келіңдер, қауымдастықтың тіркеуден өткен куәлігін береміз, келіңдер", – деді. Ол кезде тіркеу куәлігін тіркелгендерге арнайы қуанышты түрде министр немесе министрдің орынбасары беретін. Біз осы қуаныштың ортасында болдық. Біз Министрлік белгілеген орынға асыға, қуана жеттік. Қашан шақырады деп кезек күтудеміз. Өмірзақ тіркеу қағазын беретін қызметкерлерге жақындап барып байқаса, біздің қауымдастықққққа беретін тіркеу куәлігінің нөмірі №80 екен. Өмірзақ мына топ адамға мән бермей айғайлап көке, тіркеу куәлігінің нөмірі дәл сіз айтқан 80 дегені. Біраз адам Өмірзаққа қарап және маған қарап таңырқағандай болды, Дегенмен Өмірзақ тоқтар емес, бұл санды көкем түнде түсінде көрген деп соғып жатыр. Бізге де кезек келді, Әділет министрі М.Нұрбеков мырза маған Қауымдастықтың тіркеу куәлігін ұсынып тұрып құттықтап, қызметімізге табыс тіледі. Сондағы Қауымдастықтың тіркеу куәлігі №0080 берілген уақыты 22.01.1992 жыл деп толтырылған еді. Қысқасы 1991-жылдың 22-желтоқсанда құрылған қауымдастық шын мәнінде 1992-жылдың 22-қаңтарында ҚР Әділет министрлігінен заңды тұлға ретінде тіркелгендегі 22 санының ұқсастығы талайды таңғалдырды. Аянмен көрген санның тіршілікте шындыққа айналғаны әлі, тылсым құпия сырларының ашылмай жатқан құпияларының негізі шығар, сірә.
/жалғасы бар/
Алматы қаласы
| ||