Ғұлама шипагер Өтейбойдақ  бабаның жұлдызнамасы

 главная                                        вернуться 

 

 

 

Зядан қажы Қожалымов

Өтейбойдақтанушы ғалым

«Шипагерлік баян», маусым-шілде 2013ж.

 

Ұлы ғұлама жұлдыздық –   көктегі мен жердегінің ұштаспалық өзегі және сыйласымдық жарасымы туралы баяндап көктегі жұлдыздар адам санымен тең дейді. Өйткені әрбір жұлдызда – әрбір адам өмірі жазылғаны дәлелденеді. Жұлдыз адамзаттың қолы жетіп ала алмайтын алтын кітабы іспеттес. Ол жылтырап көрініп, аспаннан өзіне жазылған адамды көріп, бақыламақ. Егер сол адамның қадір-қасиеті басым болса онда оның жұлдызы да жарқырап тұрмақ. Егер жұлдыз күнге шағылысқан гауһардай жалтылдаса, оның бақылаған адамының бағы артпақ. Осы тұжырымдамалар арқылы ғұлама бұл Алла Тағаланың өзінің сүйген құлдарына берген тағдырнамасы екеніне тоқталады. Жұлдыздық – адам жұлдызының белгілеудің негізгі мәні. Аспанда әр адамның жұлдызы және жұлдыздығы бар. Кейде жұлдыздықты жұлдызнама деп те атайды. Жұлдызнама – пенделік болжамдық тағдырнамасы. Сол үшін жұлдыздық пен жұлдызнаманың айырмашылығы болмақ. Сондықтан жұлдыздықты жұлдызнама арқылы болжайды. Осыдан келіп жұлдыз бен жұлдызнамалық тең мәнділікті ұғындырады. Ұлы шипагер өзінің "Шипагерлік баянын" жазу кезінде жұлдызнамалық жөнінде жазбауым Алла Тағала алдында күнә болар еді деп, анықтама береді. Ал бүгінде жұлдызнама жөнінде астролог "білгіштер" өз болжамдарын айтқанымен, оның шындыққа ұласқаны шамалы ғана. Шипагер дүниеге іңгәлап бір нәресте туылса, бір жұлдыз сол нәрестенің жұлдызы ретінде нәрестемен бір мезгілде, ұқсас уақытта жарқырап көктен туылады. Бір адам өлсе, оның жұлдызы жаны шығысымен тең ағып көкке бағытталады.

Жұлдыздың күндіз көрінбеуі жердегі адамның өңін жасырып, сездіргісі келмегендігінің айқын белгісі. Жұлдыздың түнде көрінуі "Бағың жанады, деміңді ал" деп дем бергендегі түсінім белгісі.

Жұлдыз бен адамдар арасындағы тіл алысу – пенденің оң-сол иығындағы өзара хабарласушы адамның жақсылығы мен күнәсін жазушы  періштелер – Кәлиман, Кәтиман арқылы жүзеге асырылады. Ұйықтағанда, жұлдызы қарсы немесе жұлдыздас,  адамдардың рухы да бір-бірімен хабарласады. Кәлиман періштесі оң иықта тұрып, адамның  бейкүнәлігін жазады да, араша түсіп, айтылғандардың бәрін түсі арқылы адамның өзіне аян етіп тұрады дей келе, шипагер пенделік тіршілік иесінің жұлдыздық жүйесін сегіз түрге бөледі. Атап айтқанда пенделік тіршілікті былай бөледі.

1. Оңдық жұлдыздылар. 2. Оң иық жұлдыздылар. 3. Артқы шүйде жұлдыздылар. 4. Сол иық жұлдыздылар. 5. Солдық жұлдыздылар. 6. Сол маңлай жұлдыздылар. 7. Қыбыла маңлай жұлдыздылар. 8. Оң маңлай жұлдыздылар.

Тақ жылдың тақ айының тақ күні туылғандар жұлдызы қыбылада – маңлай жұлдызды;

Жұп жылдың жұп айының жұп күні туылғандар жұлдызы артқы –шүйде жұлдызды;

Тумақ ай туғаннан он бесіне толғанға дейінгі жұп жыл, жұп ай, жұп күнде туылғандар жұлдызы – солдық немесе сол иық жұлдызды;

Тумақ айдың он бесіне толғанға дейінгі тақ жыл, тақ ай, тақ күні туылғандар жұлдызы – оңдық немесе оң иық жұлдызды;

Дөңгелек айдың кішіреюіне байланысты ай соңына дейін тақ жыл, тақ ай, тақ күні туылғандар жұлдызы – қыбылада немесе оң маңлай жұлдызды болмақ.

Оң маңлай жұлдызды оразды (мерейлі – З.Қ), жиырлы (бақытты – З.Қ) болмақ.

Тумақ айдың тақ жыл, тақ ай, тақ күні он бесіне толғанда туылғандар ең бақытты, дәулетті болып ел билемек. Артынша туылымдағылар ең сорлы болмақ.

Маңлай жұлдыздылыр мен шүйде жұлдыздылардың еркегі болсын, ұрғашысы болсын, еркегі мен еркегі болсын, ұрғашысы мен ұрғашысы болсын, үлкені мен кішісі болсын сыйласым, сыйласымдылық әдеп-ибаны қойып, жарасым таппай, бір-біріне өле-өлгенше өш, бір-біріне өзара қастас болмақ. Жарастыру үміті селге кетпек. Зоры өліспей бітіспеу болмақ. Кішкенесі сырттай тату болғанымен, ішкі кегі сүйегімен кетпек. Өштігі өз түбіне жетпек.

Шүйде жұлдыз бен оң иық жұлдыздылардың сыйласым, сырласымдылығы жақсы болса да, маңлай жұлдыз бен оң маңлай жұлдыздыларға жетіңкіремейді, жетпеуі нақ ұғыныс.

Оң жұлдыздылар мен сол жұлдыздылардың сырласым, сыйласымы жарастық таппайды. Кереге басы пәле болумен өмірлері өтпек. Бірақ бір-біріне қастық жасауы, жасамауы айқындығы тым аз.

Маңлай жұлдыздылар мен сол маңлай жұлдыздылардың сырласым, сыйластығы жақсы болса да, кикілжіңсіз өтпейтіні кемде-кем болмақ.

Шүйде жұлдыздылар мен сол иық жұлдыздылардың отасымы және отасымдылығы жақсы деуге ауыз бармайды.

Аралық жұлдыздылар отасымдылық, сырластық, сыйластық, шығысымдылық құбылмалылығы мол, арпалыстық бас қатырымдылығы өзгермелі, құйқылжымалы болмақ.

Әрбір жұлдыздылардағы ортақ ерекшелік, еркек-ұрғашылар, еркек пен еркектер, ұрғашы мен ұрғашылар, үлкендер мен кішілер тақылетті аралық салыстырымдылық, отасымдылық, отасымсыздық, сырластық, сырлассыздық, сыйласымдылық, сыйласымсызды, шығысымдылық, шығысымсыздық, берекелі-берекесіздік тағандығын бейнелеген екі босағалық болмағы шарт.

Міне, осыдан үнемі айтатын "Жұлдызымыз келіспейді" деген сөздің айқындылығы басым.

Оң жұлдызды адамдар бақытты болады. Барлық ісі оңға басып тұрады.

Маңлай жұлдыздылардың өзара ұштаспалылығы күшті, алдыңғы өмірі ойпыл-тойпыл, өмірінің соңғы кезінде, өте-мөте пайғамбар жасынан кейін бағы жанады.

Шүйде жұлдыздылар бейнетті де, азапты да көп тартады.

Сол иық жұлдыздылардың сорлауы да тез, бағы жануы да оңай, аумалы-төкпелі айқындылығы болмақ.

Күндіз дәл түсте туылған кімде-кім болса да ел билейді. Қара қылды қақ жаратын әділ болмақ. Майқы би осы уақытта туылыпты.

Нақ туылым уағын меңгерімділік әдіс: жазда, қыбылаға қарап тік тұрғанда, көлеңкесі табан айналасынан қарыстан аспаған болуы; қыста бітістік жарымынан, көктем мен күзде тұлғаның үштен бірінен аспаған болуы шарт. Егер де сиыр түс пен сәске түс дәл түспен шатастырылса, теңгерімдеулік Алла алдында күнә болмақ. Артық-ауыс кетпеуі үшін мұқият, сабырлы, толғамдылық болуы керек. Басқалардың саған сену-сенбеуі, илану-иланбауы жағында даңқыңа дақ түсіру, атыңа кір келтіру осы арадан шығатын шалағайлықтан туылмағы шарт.

Таңертең күнмен таласып туылса, ғұмыры ұзақ болмақ. Алла біледі. Намазшамнан бұрын туылса, жетімдік бейнетін көп тартады, опасыз, кекшіл болмақ.

Түн ортасынан аса туылса, ғұмыры қысқа болмақ.

Маңлай жұлдыздылар көбінесе ыстық қанды сырқат пен семіздік сырқаттық науқасына душар болмақ. Кіріптарлығы аз болмақ.

Шүйде жұлдыздылар ұстамалар мен жүрімдік сырқаттық науқастарға кіріптар болмақ. Кеудеден ауыр науқас жабыспақ. Бұл екеуі де сырқаттық бейнетке шыдамсыз, уайымшыл келмек.

Оң жұлдыздылар көбінесе іштектік бүрістірме, қазан толмастық жүрек сырқатына көбірек кіріптар болмақ.

Сол жұлдыздылар тоңғыш, мұздағыш, ұзын бойлы, тамақсау, сырқатқа шыдамды келеді, бірақ жансебілдікпен өзінің өлгенін жаны мұрнының ұшына келгенде сезбек. Соның үшін аңғарымдық аңыс аңдауда сырқаттық нақтамалылық тұжырымға зор септігін тигізбек.

Жұлдыздық тамырлық аңғақ соғымы аңғақтық соғымдық аңғарымнан айқындық ұғыныс бермек.

Қараүзген шипагерлер кешірмелік белгілігі бойынша тамыр ұстамай-ақ науқастық жұлдыздығын айтқанымен тең шығарғанда, "Қайтіп білді?", – деп аңырап қалғаныңызды өзіңіз де сезбей қаласыз.

Оң маңлай жұлдыздылар қызыл шырайлы, етжеңді келмек. Біздің "Сызданғыш, тәкаппар жан" дейтініміз міне, осындай жұлдыздылар болмақ.

 

 

/жалғасы бар/

 

Алматы қаласы

 

 

 



вверх