Ғалымның ғұмырлық қазынасы
| ||
главная вернуться | ||
Ғалымның ғұмырлық қазынасы Академик З.Қожалымовтың "Өмірімнің тағдыры" атты кітабының тұсаукесерінде ғалымдардың білдірген пікірлері
Молдабеков Жақан философ.ғ.д., профессор: Осы сіздердің алдарыңызда тер төгіп жүрген, осы істің басы-қасында жүріп ұйымдастырып, алдымен сіздердің содан кейін халықтың көңілінен шықсам деп, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда шыж-быж болып жүрген Зядан замандасымның тағы да бір көркем туындысы менің қолыма тиді. Біріншіден Зәкеңнің ойы да жүйрік, қолы да жүйрік, осыған орай айтатын тілегім: «Бұл соңғы шығармасы емес, әлі де оқырманды қуанта беретін осындай тілі де, ойы да тартымды шығармалары болады деген сенімдемін. Солай болуына Зәкеңе тілектеспін». Бұл еңбекте Зәкең өзі туралы жазады, бірақ әңгімені осы қауымдастық туралы өрбітеді. Қауымдастықтың әрбір мүшесінің тағдырлары, табыстары, деңгейлері осы «Қазақстан халық емшілері қауымдастығымен» тағдырлас, түптес, тамырлас екендігін жақсы сезінсеңіздер осы ұйым қалай құрылды, басынан не өткізді, деген тақырыптың, оқиғаның төңірегінде Зядан қажы көркем тілмен, қысқа да нұсқа оқырманға түсінікті етіп жеткізген. Айтайын дегенім "емші болу – ол еріккеннің тірлігі емес" екенін жақсы білесіздер. Өзінің күрделі күйзеліске толы бірде жеңіске жеткізетін, бірде жанды қинайтын кезеңдер қабаттасып қатар жататын мұндай көңіл-күйді әркім жеңе алмайтын және әркім жоғарғы деңгейге жеткізе алмайтын өнерді жазу үшін батылдық, білгірлік, парасаттылық, өз ісіне деген жанашырлық тағы да басқа көптеген қасиеттер болу керек. Зәкеңнің бұрын шыққан «Орындалған аманат» еңбегіне «Орындалған аманат – ұрпаққа хат» деп пікірімді жазған едім. Енді мына еңбекті оқып «Орындалған аманат – талаптыға салауат» деген ойды өзіме жазып қойдым. Өйткені басы-қасында болып жүрген кісілер көп нәрсені еске алады, ескереді және оны жаңа деңгейде жаңартады деген ойдамын. Біріншіден жалпы емшілер қауымдастықтан өзін бөле жара қарамайды. Өйткені, емшілер – өзінің қауымдастығымен бірге есейіп, еңбектері еленуде. Өздері қауымдастықты таңып, қауымдастық емшілерді елге таңытып келе жатыр. Сол еңбектерінің нәтижесін көріп, марапатталып та жатыр. Марапатталған емшілерді осы жеткен табыстарымен құттықтаймын. Әлі де халыққа қызмет ете беретіндеріне кәміл сенемін. Осы орайда мына тұжырымды еске салғым келіп отыр. «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» қазақ елі тарихында дарынды, киелі, құпиялы тылсым күш иелерінің басын қосқан ұйым, тылсым сырлары мен халық емшілігін тұңғыш ғылыми айналымға енгізген бәйтерегі. Бұл еңбекте «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» емшілер арасында ақылы жетпегендерге – ақыл, қиналғанға – қамқор, әлсірегендерге – қуат, жолдан адасқандарға – жарқын жол, діннен безгендерге имандылық шуағын үйретудің, қисайғанға – сүйеу, құлап бара жатқанға тіреу болған дейді. Кейінгі ұрпақ осы дәстүрді кәсіби деңгейде жалғастырады деген сенімім мол, тілегім де сол. Емшінің тоғыз түрлі атауы беріліпті. Емші деп атағанмен өзінің кәсіби бағыттары бар екен. Атаулар осымен шектелмейтінін сіздер де, біздер де білеміз. Еліміз өсіп жатыр, халқымыздың саны көбейді, сонымен қатар аурудың түрі де көбейіп кетті. Ауырып жатқан адамдар да аз емес. Сырқат жандарды емдеу жолдары да көбеюде. Олай болса сіздерге көзге көрінетін, көзге көрінбейтін майданда қызмет етіп жүрген кісілерге түсетін салмақ бұрында көп еді, болашақта одан да жоғары болатынын еске саламын. Олай болса халқымыздың емшілерден күтетін үміті де мол, қоятын талаптары да зор. Емші мәдениетті, сауатты, иманды және қайырымды болу керек деген сөздің астарында үлкен және нақты мән жатыр. Емшілік туралы айтқан кезде бәсекелестік бар. Яғни, медицина мен халық емшілігінің арасында үлкен бәсекелестік болуы заңдылық. Медицина – ғылым, халық емшілігі ғылымға сүйенетін – өнер. Яғни, емшілік кәсіби тәжірибе, халықтық тәжірибе. Бірақ халықтық тәжірибе аумақты ұғым. Бір-бірімізден үйренетін, өз ортамыздан үйренетін мүмкіндік шексіз екендігін еске сала кетейік. Өсемін деген адамға, халыққа қызмет етемін деген адамға, сырқат жандардың көңілінен шығамын деген емшілерге осындай үлкен жүк бара екеніне көңіл бөлу керек. Кітапты оқығанда автордың батылдығы мен намысшылдығы көзге түседі. Қаншама қиыншылық болған кезде біреуге жалтақтап, анау не дейді, мынау не дейді, ертең не болады деп жарты жолда тоқырап қалса, бұл қажетті бастама бүгінгі деңгейге жетпеген болар еді. Сондықтан да батылдық, намысқойлық және еліне, кәсібіне деген сүйіспеншілік осындай бүкіл ел білетін нәрсені жеңіп шығу жарты жолда қалмаудың бірден-бір себебі осы ғой деймін. Осы кітаптан менің өзімнің білмейтін жақтарымды да аңғардым. Ол табиғи нәрсе. Өйткені, өмір алдымызға жаңа міндет, жаңа талаптар қойып жатыр оны шешудің әркім өзіндік тәсілдерін табады. Бұл кітапты ұққан, қабылдаған және мойындаған кісілер әділ бағасын береді деген ойдамын. Мен де сол бағаға қосыламын.
Керімбектің Ермаханы м.ғ.д., профессор: Әр нәрсенің тарихы болады дегенмен, сол тарихты мәңгілікке қалдыру үшін ғылыми тұрғыда арнайы еңбек етіп қалдыру, сол тарихи өзгерістерді жеке басынан өткізген азаматтың парызы болу керек. "Өмірімнің тағдыры" атты еңбектің авторы академик З.Қожалымовты ширек ғасырдан бері білетін ғалым ретінде, оның "Қазақстан халық емшілері қауымдастығын" құрудағы қиын жолдан өткені әлі көз алдымда. Осы тарихи кезеңдердің өтпелі жолдары еңбекте түсінікті, өткен қиын да күрделі кезеңдері нақты және әрі әділ баяндалған. Оның бір дәлелі кітаптың 1-тарауының басталарында автор былай дейді: "Емшілікке ширек ғасыр өмірімді арнадым, Адалдықты сақтадым, бағытымнан таймадым. Тәңірімнің тағдырының сынағында келемін, Сеземін, ауыр жүкті көтермесін басқаның". Бұл өмір шындығының айнасы. Кітап бес тараудан тұрады. Атап айтқанда: Республикалық емшілер бірлестігі қалай құрылды, түнгі ғажайып, ел ішіндегі естеліктер, пікірлер, жеке талғамдар мен ғалым-шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы туралы сахналық көріністің сценарийі. Бұл еңбектен көп нәрсені аңғаруға және білуге тұрарлық. Түнгі ғажайып тарауы бәрімізге жаңаша түсініксіз болғанымен, аңғарып қарасақ ғарыш пен адам байланысы арасындағы қатынастық байланысты дәлелдей түскендей. Кейінгі кездегі автордың қаламынан проза жанрындағы қысқа көлемді мақалалар мен драматургиялық шығармалары оқырмандарды қызықтыра түсуде. Автордың бұдан бұрынғы еңбектеріне де пікір жазған ғалымдардың тілектерінің кітапта көрініс беруі еңбектің құндылығын арттыра түспек. Халықаралық форум кезіңде ғалым-шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы туралы тұңғыш сахналық көрініс берілуі де қатысушыларды қатты қуантты. З.Қожалымовтың көңілінен шыққан түйінді ойларында: "Адам баласына қиындықсыз, күрессіз, жеңіс пен бақыт жоқ. Ол ізденіс пен шыдам, байыптылық пен парасаттылық арқылы келеді" – деген пәлсапалық ойы бүгінде оның өмірінде толық дәлелденгендей. Академик З.Қожалымовтың қиын кезеңдерінде және әр түрлі тақырыптағы жыл сайынғы еңбектерінің жарық көруіне рухани демеуші болған жұбайы Түймекүл Құлмаханқызына да мың рахмет. З.Қожалымовтың "Өмірімнің тағдыры" еңбегі терең сезіммен жазылғандықтан кітаптан алатын әсерлеріңіз мол болатынына сенімдімін. Бұл кітаптың авторы З.Қожалымов өз тағдырының биік шыңынан көріне білді деген осы деп білемін.
Ораз Қауғабай, жазушы, профессор: Құрметті жамағат, Зәкеңмен осы емшілер қауымдастығы алғаш құрылғаннан бастап шығармашылық байланыстамын. Алғаш танысқан жылдары Зәкең өзінің маған бір қолжазбасын көрсетті. Сен журналистсің ғой осыны көріп шықшы деді. Мен қолжазбаны қарадым. Сонда журналисттік стильде Зәкеңнің қаламының қарымдылығына қайран қалдым. Қазақ тілінің майын тамызып жазатынына таңқалдым. Бейнелі тіліне, оқиғаларды, деректерді керемет тізіп жазатынына риза болдым. Алла тағаланың өзі бойына жазушылықты құйып қойған қаламгер, талантты дарын иесі екенін байқадым. Ең бірінші бұл кісінің қаламгерлігі және Алла тағала берген бойыңдағы қасиет ерекше екен. Ақындық қасиеті де бар. Өлеңдері мен әндері радиодан жиі беріледі. Біріншіден, өздеріңіз білесіздер Зәкеңнің емшілік қасиетімен қатар ұйымдастырушылық қабілеті және ғалымдық ерекшелігі де өзінше бір төбе. Мәдениеттанушылық-зерттеушілік қасиеті ұшқыр ойлы, дара сезімді. Көптеген салиқалы ғылыми-танымдық еңбектерін өз оқырмандарына ұсынып келеді. Алла сыйлаған күш-құдірет бойындағы биоэнергиясы болмаса, емшілерге жетекші және ірі адал басшы бола алмайды ғой. Сондықтан да автордың "Өмірімнің тағдыры" атты еңбегі көп нәрсені қамтып қана қоймай оқырман қауымға арнайы арналған рухани танымдық еңбек екендігін мойындағанымыз жөн. «Шипагерлік баян», қраша 2013ж.
| ||