Халық медицинасының жанашыры
| ||
главная вернуться | ||
Халық медицинасының жанашыры Философия ғылымдарының докторы, профессор Молдабеков Жақан Жамбылұлы – 70 жаста! Жақан Жамбылұлы, 1943 жылы 6 қарашада, Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Қостұра ауылында туылған. Бұл күндегі ғылыми жетістіктері философия ғылымдарының докторы (1992), профессор (1994). ҚР Әлеуметтік ғылымы (1995), Орта Азия және Қазақстандағы Халық медицинасы (2006) академияларының академигі атақтарына қол жеткізді. Бұған дейін де ол Мәскеу мемлекеттік университетін (1970) және аспирантурасын (1973) бітірген. ҚазМУ-да (қазіргі Қазақ ұлттық университеті) аға оқытушы, доцент (1973–85), Алматы зоотехника-малдәрігерлік институтында (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) кафедра меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер (1985–95), ҚазМУ-да декан (1995–97) қызметтерін атқарған. 1997 жылдан бастап ҚазМУ-дің мәдени антропология кафедрасының профессоры болып шәкірттеріне дәріс беріп келеді. 500-ге жуық ғылыми жарияланымның, 15 монографиялық еңбектің және бірнеше оқу-құралдардың авторы. Ақындық жолында "Бір атаның баласы", "Ой сазы, көңіл назы", "Әз ұлыстың ұлдары", "Жаратқан - жансерігім, жанашырым" атты жыр жинақтары жарық көрген. Сондай-ақ, Қазақстандағы ақпарат құралдарының бірнеше мерзімді басылымдарында оның ішінде "Шипагерлік баян" газетінің де ақылдастар алқасының мүшесі. Көп жылдан бері халық медицинасының ғылыми жүйеде өріс алып дамуына мол еңбек сіңіріп келеді. "Қазақстан халық емшілері қауымдастығы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің он жылдан аса уақыт өткізген әр жылдардағы конгрестер мен форумдарында және конференцияларында тұрақты қатысушы ретінде баяндамалар жасап, халық емшілігі туралы өткір ойларын ортаға салған ғалым. XV ғасырдың ұлы қара үзген шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының "Шипагерлік баян" атты еңбегінің ғылымда орын алуына да жетекшілік жасап, оны әлемдік деңгейде танылуына және "Екінші ибн Сина" атануына мол үлес қосқан зор тұлға. Қазақ халқы үшін шаршамай, талмай қызмет етіп жүрген, қазақтың біртуар азаматы, ғалым Жақан Жамбылұлының 70 жылдық мерейтойы баянды болғай Құттықтаймыз! Қазақстан халық емшілері қауымдастығының Төралқасы мен филиалдарының ұжымы және "Шипагерлік баян" газетінің ұжымы философия ғылымдарының докторы, профессор Молдабеков Жақан Жамбылұлын 70 жасқа толған торқалы мерейтойымен құттықтайды. Жетпіске де жеттіңіз мәуелі зәулім бәйтерек, Ғылымға еңбек еттіңіз арманыңызға қол сермеп. Арманыңызға да жеттіңіз ақын болып та еркелеп, Тұлға болып өстіңіз айналаңызды көркемдеп. Құтты болсын тойыңыз 70-ке келген жасыңыз, 70 жас қалып, болашақта жүз жастан да асыңыз. Ғылыммен өскен ой-өрісіңіз дами берсін. Әр уақытта да домалай берсін өрге тасыңыз – дей келе отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, істеріңізге береке, қызметінізге шығармашылық табыс, парасаттылық, ұзақ ғұмыр тілейміз! ҚХЕҚ-ның Төралқасы мен филиалдарының ұжымы және "Шипагерлік баян" гезетінің ұжымы Толғаудан туған сөз Жақан Молдабековтың көңілінен шыққан мәйекті тоқтамдары "Ой сазы – көңіл назы" кітабынан Сезім нөсер, Ойда өсер. *** Сөзін саптаған, Ақиқат ақтаған. *** Асқарын діттеген, Амалын іріктеген. *** Қанағатты ізде, Күдеріңді үзбе. *** Аталы сөз – естелік, Айдарласаң ескеріп. *** Адал ниет, бас иетін, Құт әкелер қасиетің. *** Мәртебе алма-кезек, Мейірді елеп жүрсек. *** Ілекер не өндірер, Іңкәрлігін өсірер. *** Текті кісі – үңілер, Телмірген – түңілер. *** Ойсырамай тоқта, Ой-жүйеңді оқта. *** Тәні сау тарықпас, Тізелескен қалыптас. *** Қаймыққан сиынар, Құлазып не алар? *** Желіккен шаңлап кетер, Ентігіп неге жетер? *** Байпаңды аңдытқан, Бас – көзсіз жаңылтқан. *** Іштен туса сұраным, Сертке бекем тұрамын. *** Қиындықта ұйысқан, Күш – қуат құрысқан. *** Қозғай білген тереңді, Қасиеттер кемелді. *** Байлығың – өнеріңде, Білгенің төлеміңде. *** Не өшті санамызда, Іздеусіз қаламыз ба?! *** Арқа қызар күніңде, Көңіл көтер тіріде. *** Сөзін білгін кісінің, Сенімін ұқ ісінің. *** Ұрыссаң тұрыспа, Шамаңды дұрыста. *** Ілтипатым көңілде, Іңкәрлігім өңімде. *** Ойсыз пенде тозады, Ояу көңіл озады. *** Қаймыжық сермер, Көгенделсе тергер. *** Ұнаса егер нәсібің, Алшы тұрар асығың. *** Жүрегімде тазалық, Жұртты қайтем наза қып. *** Өрле, өңде, өсіп-өн, Өзіңе келер несібең. *** Нұрлы көңіл тазарар, Нығметтіні кім аздырар. *** Бағытынан ауытқымау, Ақталар жолдан таймау. ***
| ||