2013 жылдың 22 желтоқсанында «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы»

құрылғанына 22 жылдығын оның филиалдары атап өтті

 

 

 главная                                        вернуться 

 

Зядан қажы Қожалымов

профессор, мәдениеттанушы-ғылым

 

 

Қаншама ғасырлар атаусыз келген, ұмытылып, түп-тамырмен жойылуға әзер қалған әр халықтың көне тектік мұраларының бірі – құпиялы тылсым құдіретті күш иелерінің өз ордасы құрылғанына да биыл 22 жыл толып отыр.

Иә, қарап отырсақ уақыт шіркін зымырап өтуде. Қауымдастық алғаш құрылған кезінде ҚР Денсаулық  сақтау министрлігіндегі белгілі басшылардың тағы басқа да лауазым иелерінің іштарлықпен бұл емшілер қауымдастығының жұмыс жасауына қарсы болғанын бәрімізде ақпарат беттерінен білеміз.

Мұндай киелі құпия қасиетке ие ұлттық құрамы әртүрлі, жасы мен жынысы, білімі мен танымы, талғамы, моральдық кісілік тұлғасы әр қилы жандарды бір ортаға жинап, бір ұйым арқылы басқару, ақыл кеңес беру оны құрушыларға оңай болмағаны айтпаса да түсінікті.

 

pic

 

«Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» РҚБ республикамыздың барлық облыстарындағы емшілерінің өкілдері мен жанашырларының 1991 жылдың 20-23 желтоқсанында Алматы қаласында өткен тұңғыш I-Құрылтайында құрылды. Одан кейін әр облыстарда өз бөлімшелерін аша бастаған. "Халық емшілері қауымдастығының" үшінші филиалы Атырау облысында ашылған. Облыстық емшілердің тұңғыш конференциясында филиалдың директорлығына халық емшілері қауымдастығының мүшесі, танымал халық емшісі – Ермұханова Гүлпара Әбсаттарқызы сайланған.

Қазақ елі тәуелсіздік алысымен тылсым күштің құпия қасиеті қонғандардың аттары аталып, олардың бойындағы ерекшеліктеріне құрмет пен сенім және ғылыми анықтамалар мен тұжырымдар әділ жасалуда. Бұл ел басшысы, президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендік саясаты мен Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының бір саласы халықтық шипагерлік өнеріне көрсеткен жақсылығының белгісі деп білеміз.

Қазақтың жақсы мақалдарының бірі: «Түйенің үлкені көпірден өткенде таяқ жейді», – деген. Сол біздің үлкеніміз, 22 жыл бойы ащы мен тәттіні қатар татқан, қызығы мен шыжығын өз көзімен көріп, қолымен ұстап, бар күшімен көтерген Зядан қажы Қожалымов. Ол кісінің сіңірген еңбегін, жасаған жұмысын мақтанышпен айта аламыз. Қазақстан халық емшілер қауымдастығының осы күнге дейін тарап кетпей жұмыс жасауы, Зядан ағаның арқасы деп білеміз.

Зядан Қожалымов ағамызға үлкен рахмет!

Қазақстанның барлық облыстарындағы шашырап жүрген емшілердің басын біріктіріп, жыл сайын әр қалада ғылыми конференция, форумдар ұйымдастыруда.

Ғасырлар бойы тарихы жазылмаған, ғылыми жүйеге енгізілмеген қазақтың халықтық емшілік саласы қауымдастықтың басшысы Зядан ағаның және ғалымдардың ғылыми ізденістерінің нәтижесінде нағыз ғылыми жүйеге енді. Алғашқыда қауымдастық жұмысына сенімсіз теріс көзбен қараған медицина, философия, психология, педагогика, биология, өнер тағы басқа ғылым салаларының ғалымдарының халық емшілеріне деген көзқарастары өзгеріп, оны қуаттай бастады.

Қауымдастықтың ғылыми жұмысының ең басты саласының бірі қазақ топырағында дүниеге келген XV ғасырдың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегінің ғылыми айналымға енгізіліп, кеңінен таратылуы, рухани тәрбиелік құралға айналуы.

Қауымдастықтың жетістігі мен жұмысының ілгері жылжуында орны бөлек, арқа сүйер басшымыз – Зядан қажы ағамызды, қауымдастықтың мүшелерін және барлық облыс филиалдарындағы халық емшілерін қауымдастықтың 22 жылдық мерекесімен құттықтаймыз.

Барлықтарыңызға денсаулық, отбастарыңызға амандық, еңбектеріңізге сәттілік тілейміз!

 

Қауымдастықтың Атырау облыстық филиалының ұжымы

 

 

Емшілер мерекесі оңтүстікте де аталып өтті

 

Оңтүстік Қазақстан облысындағы қуаымдастықтың мүшелері мен емшілері өздерінің ұйымының 22 жылдық мерекесін Сарыағаш қаласындағы «Қазақстан» тойханасында атап өтті. Мерекені ОҚО аймақтық филиалының директоры Туребеков Бахтыбай мырза ашып, қауымдастықтың өткен жолдарындағы қиындықтарын еске ала отырып, оның бүгінгі жетістіктеріне ризашылығын білдіріп, қуанышты мерекеге келушілерді құттықтады. Дастархан басында аруақтарға арнап Талипов Амангелді қажы құран оқыды. ОҚО аймақтық филиалының директорының I-орынбасары Анарбаев Талғат мырза, халық емшілері Тәжібаева Ғазиза, Бекетаева Қалбибі тағы басқа да  емшілер өз қуаныштарын ортаға салды. Б.Туребеков мырза емшілердің білімін көтеруді және 2014 жылы Алматы қаласында өтетін форумға толық қатысуды және «Шипагерлік баян» газетіне жазылуды жалғастыруды ескертті. Мерекелі кеште емші Сәрсенбекова Минавар тамылжыта салған әніменен және емші Омарова Феруза мен Шаназарова Дариғаның билеген билері отырыстың көңілін түрлендіріп, ажарын аша түсті.

Бұл отырысқа 40-тан аса емшілер қатысып:

Заманның қиынына қарамастан,

Жақсы ғой, сыйластықпен араласқан.

Ән айтып, биді билеп, сұхбаттасып,

Бәріміз қайттық әсем, Сары-ағаштан, – деп мерекені ән мен жырға бөлеп көңілдерін көтеріп қайтты.

 

ҚХЕҚ-ның Құрметті мүшесі,

Сейтқұл Жұманов, өз тілшіміз

 

 

емшілер мерекесі

баршамыздың қуанышымыз

2013 жылдың желтоқсан айының 22-жұлдызында "Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығы" құрылғанына 22 жыл толуына орай,  республикамыздың барлық облыстық филиалдарының басшылығымен: Алматы (Ж.Сәрсенбай), Астана (Қ.Кумаров), Ақтөбе (Қ.Құттыбаева), Атырау (Г.Ермуханова), Қостанай (Б.Нисамбаева), Қарағанды (Д.Шакиржан), ОҚО (Б.Туребеков), Ақмола (А.Тусупбаев), Манғыстау (Б.Сералиев), Жезқазған (А.Бұзауова), Орал (А.Каракушов), ШҚО (С.Цоберг), Тараз (С.Қалдыбаев)  қалаларында аталып өтті. Бұл қауымдастықтың мүшелері мен емшілерінің бірлігін, ынтымағын, имандылығын және өз ұйымдарын сақтаудағы ерекше адалдықтарын білдіреді. Қуаныш қуанышқа жалғаса берсін. Қауымдастықтың ғұмыры ұзақ, қызметі адал әрі табысты болуына Жаратуышымыз қорған болғай!

(Өз тілшімізден)

«Шипагерлік баян», қаңтар 2014ж.



вверх