"Шипагерлік баянның" ғылымдағы орны | ||
главная вернуться | ||
Зядан Қожалымов профессор, мәдениеттанушы-ғалым Шипагерлік Баян", қараша 2015 "Шипагерлік баянның" ғылымдағы орны З.Қожалымов – Өтейбойдақтанушы-ғалым «Адам – табиғаттың төл перзенті» дейміз ғой. Тіпті көңіл-күйіміз де күн райына қарай өзгеріп отырады. Ұлы шипагер бабамыз бұл қағиданы да терең зерттеген. Шипагер кейбір аурулардың, мысалы қан қысымының көтерілуі көктем мезгілінде жиі болатынын байқап: «Қан көтерілу ауруы көктемтегі су тасу райымен қатар болады. Оның негізгі емі – шеке тамырынан қан алу» деп көрсетуі бабамыздың философиялық ойлау дәрежесінің тым әріде жатқанын дәлелдейді. Сондай-ақ Өтекеңнің: «Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ. Бұл – соңғылықтар қадірін білсе, қанғысыз бұлақ, қадірін білмесе, отбасы аяқпен тозатын тулақ» – деген данышпандық болжамы «Шипагерлік баянының» – қанғысыз бұлақ екенің бүгінде анықталуы, шипагердің философиялық ой-толғамының тереңдігін айқындайды. «Адам баласының жасы – нәсіптік ризықтың қуатына сай әртүрлі өзек мүшелерге бөлінеді», – дей отырып оған: 25 жас, 37 жас, 49 жас, 61 жас, 73 жас сияқты бес мүшелді жатқызады. Шипагер: «Өзек мүшел делінбегі адам пендесінің өмірінің бұл кезеңінде қару-қайраты мол, ақыл-айласы толысқан, қандай харекетке де жеткілікті, сондықтан әр күні күнәға батуы ықтимал әрі қауіпті жас мөлшері, одан сақтану қажет» – дейді. Шипагер еркелік немесе сәбилік мүшелге 13 жас, 85 жас, 97 жас және 109 жастағыларды жатқызып, оларда күнәға бату болмайтынына тұжырым жасай отырып ислам қағидаларына байланысты заңдылықтарды шипагерлік, емдік дәстүрінде басшылыққа алады. Оның еңбегінде бұл ұстаным айқын аңғарылады. Мәселен, «Әжрианың 1062 жылы Шалкөде мен Жаркентте болған қырғын оба ауруынан бір тайпа елден мыңдаған адам қырылғанда, алды сексеннен асқан, арты жасқа толмаған еркегі бар, ұрғашысы бар отыз жеті адам ауырмай аман қалды. Мен «семізкөк» жеп жаным қалды... Бұл да Алланың құдіреті» – деп баяндай отырып, адам мүшелі жөнінде шипагер жыраулық жыр бойынша: «Мүшел тектен қашқан он екі жыл, Он үш жастық қосылғы мезеттік қыр. Мақұлұхат атауымен айтылғанмен, Түпкілігі пенделік мінездік сыр. Кейбіреулер шенеуді шелдей көріп, Елді арбап, кеудесін көрсетіп жүр. Миың болса басыңда, көзің жеткіз, Ата-баба атына келтірме кір» – деп толғайды. Енді бабамыздың ауруды анықтау сондай-ақ өзіндік емдеу тәсілі туралы баяндап өтейін. Осы жерде алдымен ұлы бабамыздың даналығы тұрғысында айта кетудің реті келіп тұр. Әркімнің сену, сенбеуі өз еркінде. Ғұлама шипагер: «Адамның денесінде сырқаттың, зақымдық науқас қондырым, құзғынтым, тудырым болатын құрттар бар» – деп, дерттің пайда болуын – денеге ауру тудыратын құрттардың енуімен түсіндіреді. Және ол құрттарды: көзге көрінетін және көзге көрінбейтін деп екіге ажыратқан. «Кез келген сырқат – көзге көрінбейтін құрт түріне байланысты әртүрлі болады. Себебі әр кеселдің белгісі әр түрлі. Құрт біреу болса, ауру түрі де біреу болып, емдеу әдісі де біреу болар еді», – дейді шипагер. Сену сенбеу өз еркіңізде дедім ғой, осыдан 550 жылдай бұрын ұлы шипагер бабамыз көзге көрінбейтін ауру тудырушы денелердің бар екенін көзбен көрмесе де сезіп білген. Бұл қазіргі тілмен айтсақ – «микроб». Бабаның бұл тұжырымы жөнінде медицина ғылымдарының кандидаты, туберкулез ауруы жөніндегі республикамыздағы ірі маман, ғалым Бекен Тұрсын: «Шипагер болжамындағы бүгінде микроскоптың көмегімен ғана көруге мүмкін болатын микробтар екенін қалай аңғарғаны таңғалдырады. Еуропа ғалымдары Р.Кох, Мендельштам тағы басқалары бабамыз ашқан бұл жаңалықты үш ғасырдан кейін жариялаған», – дейді. Шипагер аурудың пайда болуы денедегі сыртқы суықтық пен ішкі ыстықтықтан болады деп ұғындырады. Егер сырқатқа суық тигендігі анықталса ауруды жазудың негізі – оны терлету деп, шөп дәрілерін – апиынды, мияның тамырын және жалбызды беріп терлеткен. Терлеген ауруды қатал бақылаумен жылы жерде ұстаған. Ал өкпе мен көкжөтел ауруларына ұшырағандарға жас малдың еті мен сорпасынан жасалған күшті, қуатты тағамдар беріп, қымыз ішкізіп және жылқы мен борсықтың майын ішкізіп емдеген. Ғалым бабамыздың ғылыми еңбегін оқыған көптеген адамдардан: ««Шипагерлік баянның» тілі керемет бай», – деген пікірлер естиміз. Меніңше, бұл пікір өте дұрыс айтылған. Бір ғана мысал айтайын, бабамыз «Шипагерлік баянында» шипалық ем, дарым зәруаты үшін пайдаланатын: металл-металоидтардың 62 түрінің, шөп, ағаш, тамыр өскіндерінің – 540-тан аса түрінің, сонымен қатар жан-жануарлар мүшелерінің – 260-тан аса түрінің аттарының тізбесін жасап, ғылыми анықтама береді және дәрі-дәрмек жасаудың рецептерін баяндай отырып, дәрінің науқасқа берілетін өлшемдерін: «қызтойғы, уыстаулық, қырмаулық, сықпалық, кәдімгі уыс, шеңгелдік уыс, қысқыма, сығымдық уыс, қос уыс, шымшым, елулеулік, саусақтық, буындамалық және титтей, тырнақтай, көбе буындай, сүйемдей, сынық сүйемдей, қарыс, жыртақарыс, кереқарыс» – деп атайды. Көрдіңіз бе, елеусіздеу ғана көрінетін өлшем бірлігі атауларының өз қаншама. Бұл кітап тілінің бай екенін дәлелдесе керек. Көпшілікке белгілі орта ғасырларда ғылым мен білім және мәдениет орталықтары болған Отырар, Түркістан, Сайрам, Жент, Сауран, Сығанақ, Тараз, Меркі, т.б. қалалар Қазақ хандығы құрылғанға дейін біздің тайпалық руларымыздың ата қоныстары еді. Республикамыздың осы Оңтүстік өңірлерінде дүниеге келіп, ұшан-теңіз білімдерінің арқасында аттары Шығыс пен Орта Азияға және араб әлеміне әйгілі болған Қорқыт ата, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, ибн Сина, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Жүгінеки, т.б. ғұлама ойшылдардың ғылыми еңбектері араб, парсы және түркі тілдерінде жазылды. Осы жерде айта кетер жайт, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өзінен бұрынғы ғұламалардың еңбегіне аса құрметпен қараған, әрі олардың ілімін мойындаған. «Шипагерлік баянында» бұл тұрғыда: «Мейлі Әбунәсір болсын, Жүсіп Баласағұн болсын мейлі мен болайын, бір із, бір тілектерміз. Ол екеуінің менен артығы жырлауыл, сөйлеуіл шижалама да ғана. Сонымен қоса үшеуіміздің орта теңдік «Шопан үсті бозторғай ұяламдықтап жұмыртқаламдықты» таппақ. Әбунасыр жеті тіл сөйлемелігі айқын ұсыныс», – деп өзінің де, өзгенің де білімділігіне артық та әрі кем де емес, әділ бағасын беруі айқын дәлел. Ал енді осы жерде Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыздың жан дүниесі қандай адам болған екен деген сұраққа жауап берудің реті келіп тұр. Өзінің өсиетнамасында бабамыз: «Тапқысыз баға гауһардай асылдарға да, пысқақ, бықсыққан, жасықтарға да ем дарымдадым. Қол ласы дәулетке, лас нілі сәулетке де қызықпадым», – дейді. Бұдан шипагердің адал жүректі, қол кірі байлыққа қызықпайтын, өз көмегін адамның дәреже-мансабына, жасына, жынысына, байлығына қарамай көрсететін парасатты жан екені байқалады.
| ||