ЖАН, ТӘН ЖӘНЕ РУХ
| ||
главная вернуться | ||
Зядан Қожалымов профессор, мәдениеттанушы-ғалым Шипагерлік Баян", қараша 2016
ЖАН, ТӘН ЖӘНЕ РУХ /басы өткен санда/ ҮРЕЙЛІ ӘСЕРЛЕР НЕДЕН БОЛАДЫ? Кейбір адамдар өте ырымшыл, сенгіш, қорқақ, талғамы нашар болғандықтан, әлде бір нәрселерден секем алып, көрген түсінен көңілі қайғылы мұңға батады. Оның жан жағында бір қауіпті күш, үрейлік сезім күші пайда болады. Бұл үрейлік күш адамның миының дұрыс болжап жұмыс істеуін торлап, сананы баяулатып, денеде әлсіздік туғызып, адам ұйқысыздықтың қалпына ене бастайды. Әрине, өз уағында ұйықтап дем алғандардың денсаулығын, жайсыз-дықтарымен салыстыруға мүлде мүмкін де емес. Ғұлама ғалым, қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өзінің "Шипагерлік баян" кітабында, жұлдыздас, тіпті тілектес адамдардың жұлдыздары тату болады, адамның жақсы түс көруі осыдан десе, жаман түс көруі қарсылас жұлдыздардың әсерінен деп түсіндіруі де ойланарлық (107-б). Дегенмен, ең қажеттісі адамға ұйқы екені рас. Адам баласы екі айға тамақтанбай аш жүре алғанымен, екі аптадан артық ұйқысыз өмір кеше алмайды. Күніне ересектер 7-8 сағат, сәбилер мен балалар 9-10 сағаттай ұйықтағаны жөн. Ой еңбегімен шұғылданғандар дене физиологиялық жақтан екі түрлі болады екен. 1. Баяу. 2. Шапшаң. Ұйқының 75-80 пайызы баяу, ал қалған 20-25 пайызы шапшаң ұйқы екен. Өйткені ұйқы кезінде адамның күні бойы денесіндегі биоқуаттарын жұмсауынан кейін, оның үлкен миында уақтылы тынығып тежеулік пайда болады. Ұйқы арқылы түс көру ежелден жалғасып келеді. Түс көргенде адам миында тербелісі жоғары жиілікті толқындар пайда болады. Тіпті, өте жоғары сезімдік түстерде жан денені (тәнді) тастап, әлемді шарлай жөнеледі. Небір қуанышты, рахатты жайларды бастан кешіруі мүмкін. Кейде қорқынышты болатыны да кездеседі. Осыған байланысты көрген түсті жоруды ертеден-ақ әдетке айналдырған. Жақсы түс көрсе басыңа жақсылық келеді деп, түс көрушіні қуантса, ал жаман түс көрсе "Түс түлкінің боғы" деп бірін-бірі жұбатып, қатты үрейленуден қорғап, сабырлық сақтауға үйреткен. Сондықтан да болар, түсті кез келгенге жорытпаған. Ырым етіп ауызы дуалы, қасиетті жасы үлкендерге болжатқан. Адамның түс көруі кейде өзі де жайлы не жайсыз жерге және өзінің ыңғайсыз жатуынан дейді. Кейде адамның жұмысына, дәрежесіне, көңіл күйіне, тамақтануына, мінез-құлқына және тұрмысы мен жанұясы-ның жағдайына да байланысты сияқты. Түсті көбінесе сарыуайымшылдар мен күйгелек, аурушаң, қайғы-қасірет шеккендер, жастар көбірек көреді. Олардың жалпы материалдық әлсіздіктері де көбірек түс көруге әсер ететіндей. Жақсылық түстерді жақсылыққа жорып, "Түс оңалмай – іс оңалмайды", – дейді халқымыз даналығы. Бұл жөнінде көптеген адамдардың түстерінің дәл келгені жөнінде аз жазылып жатқан жоқ. Түске кірген нәрселердің түрі, түсі, тұлғасы, аталымы әр түрлі болуында бір құдіретті құпиялықтардың терең сыры жатқандай. Дегенмен, осы құпияны әр ұлт өздерінің ұлттық стиліне, сеніміне, тарихына, танымына қарай болжап келгендіктен, ұлттардың болжамдарының ұқсас болмауы дұрыс та шығар демекпіз. Әлі нақты түс жөнінде дәлдікті білдіретін, тізбелі, кестелі, әлемдік ғажайыпты шешетін не діни, не ғылыми еңбек те жоқ. Алла тағала әр адамның маңдайына жазған үш әрпіне сай өмірлік тағдырының бір бөлшегі түс болғандықтан, әркім өз тағдырына байланыс-ты түс көруі де бір Жаратушының әмірінен демеске лажымыз жоқ. Адамға өңінде де түсіндей болып елес арқылы хабар беру де болып жатады. Бұлар жөнінде баспа беттерінде аз жазы-лып жатқан жоқ. Деген-мен, мен өзімнің тәжірибелерімді ұсынуды жөн кордім. Мен түсті өте жас кезімде көре бастадым. Жасым 5-тер шамасы болуы керек. Мені ағам марқұм Дайырман Сәркеұлы: "Ертең сені тауға ертіп барамын, қарағай дайындаймыз" - деді. Мен қуандым. Қыс айы еді. Қар қалың. Таулы аймақ. Сонымен ұйқыға ертерек жаттық. Ерте тұру керек. Таң ағара атқа мініп, отынды сүйрейтін өгізді алып тауға қарай беттедік. Жол ұзақ. Екі-үш сағаттан аса жүріп, биік таудың орта беліне келіп, топ қарағайға ендік. Ат байланды. Ағам марқүм қарағайды 4-5 метрден кесіп, ат пен өгіз сүйреуге ыңғайлап жатыр. Орманның таза ауасында дем алып, секіріп ойнап жүргенде түндегі көрген түсім есіме түсіп, денем бір нәрседен секем ала бастады. Ол түсімді апама айтсам жібермейтіні рас. Өйткені апам Сыбанбекқызы Өзипаны елі қасиетті, киелі "Ақ апа" деп өте құрметтейтін. Апам марқұм бәрін біліп қоятын. Неге екені, бүгін мен жолға шығарда "сапарларың сәтті болсын" деп, қабағымнан бір иіскеп тұрып, бетіме көзін қадап ұзақ қарады. Мен түндегі түсімді білмесе екен деп, сыр білдірмеуге тырыстым. Апам дұғасын оқыды ма, біз ұзап кеткенше бізге қарап, тілеу тілеп тұрғанын денем сезгендей болды. Ағам дайын болған қарағайды мойнына қамыт салынған үлкен өгіздің арқанына байлап, "маған өзім мініп келген атқа мін де, мына өгізді қамшымен жоталатып ұр, ұрмасаң өгіз қарағайды жөнді тартпайды"- деді. Жарайды деп, ат үстінен өгізге бір-екі қамшы салдым. Өгіз алға ұмтылып, қарағайды орнынан жылжытып, қалың қар бетімен жоғарыға келген жаққа қарай тарта бастады. Қарағайды өгіз ышқынып барып орнынан он метрдей қозғағанда, астымдағы мінген атым аяғы тайып, бір жамбастап төмен қарай қалың қарлы көшкінмен бірге жылжып кетті. Мен ат үстінде, аға марқұм өгізді тастап, көшкін қармен бірге келеді. Мен атпен бірге биік тастан ұштым. Кішкене ғана жазықта (тоқым көлеміндей) мен қалып қалдым. Одан ары білмеймін... Дін аманмын. Ешқандай жерім зақымданып ауырмаған. Ағам мені қар ішінен аршып тауып алды. Біссімілләсін айтып, Аллалап жүр. Мені көтеріп алған ағам, басқа көліктермен үйге әкелді. Кейін ол жерге астымдағы атты іздеуге көп адам барды. Ол биік шың құзға құлап кетіпті. Адам басып бара алмастай. Менің аман қалғаныма қуанып, құдайы тамақ та беріліп, аруаққа дұғалар оқылды. Апам менен түс көрдің бе, балам деп сұрады. Иә дедім. Айта ғой дегендей икем білдірді. "Апа, мен түнде Көксу өзенінен торы атпен өтіп келеді екенмін. Жағаға шыға бере ат жығылып, оны су ағызып кетті, мені бір ақ көбікті нәрсе су шетіне шығарып тастады", – дедім. Апам: "Е, балам, түсің дәл келді. Астыңдағы атың суға кетсе, күндіз құзға кетті, өзіңді ақ түсті көбік шетке шығарса, таудың ақ қары мамық болып сені қорғады. Періштең қорғаған екен. Мал бастың садағасы. Қорықпа", – деді. Бұл қазақ-қырғыз аралас жататын жер Көктеректің тауында осыдан елу жылдан аса бұрын көрген түсім мен трагедиялық оқиға еді. Адамның өмірінде түзу басып өтетін жолы жоқ сияқты. Небір қызыққа да, қиыншылыққа да бөлене, ұрына жүріп, акыры жол сапарымыздың ғұмырының біткенін де сезбей қаламыз. Қырықтың ортасынан асып, енді ағалық, одан аталық сатыға қарай үміт ұрғанымда, бір-ақ түнде, шілде айында өз үйімде сегіз сағаттай белгісіз әрі түсініксіз, өте қорқынышты елестің үрейлі бейнелердің торына ілініп, солардың тәжірибелік зертханасының тірі жәндігіне айналғанымда, алғаш шоши бастасам, кейін ойлана келе олар нұсқаған бағдарламаны жүзеге асыра жүріп, уақыт өткен сайын шындықтың нақ беліне шығып келе жатқаныма тәубе деймін. Киелі қасиет жолы – ауыр жол. Көп киелі замандастарым өзінің ақ жолынан адасты. Біреуді алдады, өзі арбалды. От болып жарқырап, шоқ болып өшіп, күлге айналып, одан тозаң боп тірлігінде аттарын жойғандар да баршылық. Ең жаманы, өзін надандық жолынан адалдық жолға салған ұстаз басшысын ғана емес, киелі орданы құлатуға әрекет еткен "емшісымақтар" аз болмады. Олардың табысынан өз үлесін алып тұратын, әншейінде көзіңше біз сіздік дейтін, ал бетін бұрып сені құртпасқа, сен құрған қауымдастықты жоймасқа ұмтылғандар өз көмекшілерім ішінен де табылды. Бірақ, бұлардың бәрін белгілі уақыт өткенде, өз алдыма күнәсін көрсетіп әкелген, құдірет күшінің де құпиялы сыры аз болмады. Осындай ауыр күнде ішкі емес, сыртқы қарсыластар да аз емес еді. Осы кезде мынандай түс көріппін. 28.IX.1995. Түн. Сағат екі мен үш арасы. Мені бір дыбыс әсерімен бір күш оятып жіберді. Көзім ашық, төбеме қарап жатырмын. Үйдің есік жағынан енген төбедегі қара қошқыл толқын алғаш қоюлана келе, кейін біртіндеп ыдырап күн шығысқа қарай бағыт алып барады. Бұның артындағы жұлдыздар жанды. Аспан бейнесі толық жасалды. Таң тамаша дәл күндізгідей, аспан әлемі менің үйімнің үлкен бөлмесіне сыйып кеткендей. Бұл қалай? Бір күш көзімді еріксіз жұмғызды. Денемді ақыры сипалап өткен жылы толқын мені еріксіз ұйқыға жібергендей әсер етті. Бұл кезде менің денемді бір құдіретті күш билеп, басқарып тұрғандай маған сезім берді. Тағы да қысылып ояндым. Сағат төрттер шамасы. Тағы да бөлменің төбесінде осыдан жарты жыл бұрын келіп көрінген алтын, күміс, ақ, сарғыш ақшыл түсті толқынды бейнелі тамғалар, кілей сияқты төбемде іркіліп түр. Бұл аспан әлемі Галактикасы дегендей сездірді. Әр түрлі астрологиялық белгі, қолдың бес саусағы ұқсас бейне және бөлек-бөлек ғалам, сатылы-сатылы әлем, қабат-қабат жұлдыздар мен шетсіз, шексіз ғаламдық әлемді көрсетті. Сен осыны біл, халқыңа түсіндір дегендей әсер болды. Әр жерде Мешітте намазға жығылғандар, артынан аспан аппақ болып ашылып, ғаламат күші барлық бағытқа тарай бастады. Менің көзімді құдірет күші қайта жұмғызды. Бәріміз де Жаратушының сынағындамыз. Күрессіз жеңіс жоқ. Ол тағдырың! Осы түстен кейін карсы күштер бәсеңдеп, өзін-өзі жойғандай, қалтырап әрең жүргендей болды. Киелі шаңырақ киелігін сақтауда. Бүгінде әлем алдында интернет арқылы қызметінің жақсы жақтарымен «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» көрінгеніне де бес жылдан асты (www. anck. кz). Қарсы ұжымдық күштерде өз-өзінен әлсіреп қалмастан, абыройлары төмендеді. Қысқасы, бүгінде бізге жиырма бес жыл қарсы болған №1 «қарсылас», атауын бес рет ауыстырған, осыған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауында болған ШЖС «Халық медицинасы Орталығы» аяқ астынан тас-талқаны шығып тарап кетті (03. 2010). Міне, бұлда Алла тағаланың оларға жасаған сынағының жазалауы дейміз, ол жағын оқырман қауым өзі бағасын берері анық. Еліміздің халқы, оның ішінде қазақ ұлты Аллаға иман келтіріп, имандылық-тың шапағатты жолына түсті. Ақ жолға түсушілер көбеюде. Әрине, он жылдан аса жазылған күнделік ішінен түс жөнінде, көп ғаламатты кездестіруге болады. Бұл шындық. Мен аспай-саспай байыппен бақылап, енді халқыма жария етуге қуат берген корғаушы Алла тағалаға ризамын. Ұлы мемлекет басшысының да мына көрген түсінің дәл келгеніне қалай қараймыз. Америка Президенті Линкольн өзі қайтыс болардан біраз күн бұрын түсінде Ақ үйді және ақ киімге оралған табытты көреді. Линкольн табытты күзетіп тұрған қарауылдан: "Өлген кім?" де сұрайды. Қарауыл: "Президент. Оны театрда өлтіріп кеткен", – дейді. Он күннен кейін Президент Линкольнді театрда атып өлтіреді. Осындай қауіпті түстердің адамның жүйкесін тоздырып, өзіне-өзі қорқыныш туғызары анық. Бұған ұқсас т.б. түстерді жақсылыққа жору оң нәтижесін береді. Мұсылмандық жолмен жаман түс көргендер Құдай жолына қан шығарып мал сойып, жеті шелпегін пісіріп дастархан жайып, ата-бабасы аруағына дұға оқытып жатады. Кейде қайыр садаға береді. Бұл да өте дұрыс шешім шығар. "Құдай ұрған оңалар, аруақ ұрған оңалмас" дегендей, Құдай тағала кешіргенімен аруақтар кешірмесін білген жөн. Өзіннің ата, нағашы және қайын жұртыңның о дүниелік әруағын әрқашан еске алып, дұға бағыштау оң нәтиже бермек. Жасанды әулие, ана т.б. аруағына табынуды тоқтатпағандар өз аруағының назасына қалады. Алла осы аруақ назасынан сақтасын. "Сақтансаң Құдай да сақтайды" – демекші, сақтықпен салмақтай баға беруде, көрген түс пен елесі оң бағытқа бұрмақ, ағайын. Құдіретті түстің берген аяны бақ болып келуі әр кімнің өзіне байланысты. Пайғамбарлар да, хакімдер де, әулиелер де көбінесе түсіндегі аян бойынша, өз істерін алға дамытып отырған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өңінде Жәбірейіл періштенің көрініп, Құран аяттарын жаздыруы күндізгі елес болса, ол түсінде аян болып белгі берген. Түсі мен өңіндегі әрекеті ұқсас келген. Сондықтан түске қалай болса солай қарауға болмайды. Ол сіздің тағдырыңыздың жалғасы. Өз құпиясын өзіне сақтаған құбылыс, ғаламның әлі ашылмаған сыры. Кейде түсті теріс жорудан елес, үрей, қорқыныш, денеде шошу, әлдебір нәрсе келе жатқандай сезіну, әсіресе, ауру жандар мен сенгіштер арасында көп кездеседі. Десе де, түс пен аянды ажырату әлі ашылмаған. Пайғамбарларымызға келген аян сияқты көптеген аты әлемге машһүр Платон мен Альберт Эйнштейн т.б. оқымыстылар түсіндегі аян арқылы ғылыми жаңалықтар ашқан. Мысалы, А.Эйнштейн тастай қатып тәулігіне он екі сағаттан ұйықтап, түсінде аян арқылы көптеген теориялық ғылыми жаңалығын ашыпты. А.Эйнштейн белгілі салыстырмалы теориясын түсінде аян арқылы ойлап тауыпты. Түс сиқырлықтың белгісі емес. Адамның негізгі жұмыс істейтін мидың талшықтарының демалуымен, оның ашылмаған күндіз демалыстағы талшықтарының құдіреттің әсерімен оянып, іске қосылуы сияқты. Кейде аяқ астынан қалғып кетіп түс немесе елес көру де негізгі ми талшығының уақтылы тұйықталып, тоқтап барып іске қосылуы немесе сол әсері арқылы тыныш жатқан ми талшығы тетігіне қоздырғыш күш беріп, оны оятуға ұқсайды. Бұлай болмағанда өзгеше құбылыс сезілмеген болар еді. Қаншалықты адамға, қоғамға жақсылық істегеніңмен, сол ортада саған қарсы бір топтық немесе жекелей күш иесі бары рас. /жалғасы бар
| ||