ЖАН, ТӘН ЖӘНЕ РУХ

 

 главная                                        вернуться 



Зядан Қожалымов

профессор, мәдениеттанушы-ғалым

Шипагерлік Баян", шілде 2016

 

ЖАН, ТӘН ЖӘНЕ РУХ

 

/басы өткен санда/

 

ӨЛГЕНДЕРДІҢ ӨМІРГЕ ҚАЙТА КЕЛУІ

 

Өлген адам тіріліпті деген шындық пен аңыз аралас, сене қоймайтын қияли әңгімелер бұрын да және қазір де естіліп жүр. Осы бір құпия жөнінде әркімнің ойланатыны шындық. Дегенмен тіпті осыдан жарты ғасыр бұрын, алдын ала келісіммен өзінің денелерін өлген соң арнайы тоңазытқышқа сақтап, белгілі уақыттарда кайта тірілтуге келіскендер АҚШ-пен басқа дамыған елдерде бар екен. Егер басылымдар хабарына сенсек, сондайдың бірі АҚШ-та "мұз бесігінен" тірілсе керек. Бірақ есі әлі дұрыс емес, өзі өмір сүрген кездегі АҚШ-тың Президентін еске алады екен.

Мұхит пен алып теңіз жағалауларында мұздардан табылған адамнын 70-80 жылдық уақыттан соң қайта тірілгенін жазғанын да оқығанбыз. Бұл биологиялық заңдылықтың салаларына жатса, ал ауруханаларда клиникалық (19-27 минут аралығы) өлімнен соң өмірге кері қайтқандарды да естідік, баспасөз беттерінен оқыдық. Бұл жүректің жұмысының қысқа мерзімді тоқтауы ма, әлде Алла тағаланың пендесіне о дүниенің не екенін таныту үшін оның жанын пәни дүниеге апарып, өзінің шын құдірет иесі екенін сол ұшқан жаны арқылы таныту ма, бұл әлі шешілмеген құпия.

Жанның рухқа, одан аруаққа (Менталды дене – нәзік) айналуы, жан денедегі бөлек тұлға ол шын тіршілік иесі, ол денеден бұрын болған және мәңгі өлмейтін, бір денеден екінші денеге ене алатын қуат көзі екені бұрын да және қазір де болжаммен тұжырым жасалуда.

Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің "Үш анық" кітабында жанның өлмейтінін растайды. Жан энергия көзі болғандықтан, тіршіліктің кілті жанның қолында екені рас. Жан малдың қай мүшесіне  орналасқан екенін болжауда XV ғасырдың ғұлама, қара үзген шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өзінің "Шипагерлік баян" кітабында шынында жан мида ма, жоқ жүректе ме деп ұмтылыс жасауы шипагердің жан куат көзі, пенделік тұлғаны ұстап тұрушы, біріктірушы, ұстап тұрушы құдірет иесі екенін нақты дәлелдеуінің алғашқы болжамы еді.

Қазақ сахарасында өмір сүрген біздің бұрынғы бабаларымыздың жан (рух, аруақ) жөніндегі ізденісі бізді ойландырады, жаңа ғылыми көзқарасқа жол сілтегендей әсер етеді.

Адамның дене құрылымы молекулалардан, атомнан және атом ядросының протондары мен электрон бөлшектерінен тұратыны мәлім. Сондықтан болар, тіршіліктің жалғасуы ғарышпен байланысты. Қысқасы жан (рух) дегеніміз нұр сәулесі, оның биоэнергетикалық зарядты электр өрісі бар екеніне күмәндануға болмайды.

Сонда өлдіге толық санап жерленгендер мен жерлеуге жақындағанда, тіпті бұрын өліп, оның өлігін екінші жерге апарғанда тірілгендер де бар екен. Немесе мынаған көңіл бөлейік. АҚШ-тың Аризона штатында бес жасар баланы автокөлік қағып, ауруханада екі ай ес-түссіз жатады. Дәрігерлер өледі деген Эрнест бала қайта тіріледі. Бала есін жиған соң жағдайды былай баяндайды: "Ұзыншолақ үңгір жолда келе жатыр екенмін. Үңгірден шығар жерде ашық аспан көрінді. Айналада шіркеудегі сияқты жағымды музыка әуені. Бір уақытта қайдан шыққанын білмеймін қасыма атам мен әжем келді. Кейін үшеуміз бірге ойнадық. Аспанда тоты құстар ұшып жүрді. Айнала толы хош иісті гүлдер, құлпырып тұр. Бірақ атам мен әжем: "Әке-шешең қатты қайғырып отыр. Сол үшін сен қайтуың керек", – деп менің сонда қалуыма қарсы болды.

Өзі анық танымайтын атасы мен әжесін Эрнест о дүниеде қалай таныды, Алланың құдіретіне шек жоқ деген осы  шығар сірә?

Грек ғалымы Платон т.б жан жөнінде ірі зерттеулер жасап, философиялық тұжырымдар айтқан. Платон өз қолжазбасында, соғыста қаза болған жауынгерлер денесін он күннен соң жинап, жерлеуге туыстарына бергенін айтады. Сонда Кіші Азияның бір мекеніне жеткізілген өлік тіріліп кетті дейді. Он күн қан жоса болған өлік қалай тамақсыз тірілді? Мүмкін, оның денесі жеткізілген Кіші Азия жері, ерекше энергетикалық қуатқа ие қасиетті, киелі жер ме, біздің елде де киелі жерлердің көбін ескерсек, бұл ойланатын жайт сияқты.

Ресейлік дәрігер Виктор Скидинов былай дейді. "Волга автомобиль зауыты (ВАЗ) ауруханасына реанимация бөліміне Терехина деген келіншек түсті. Өлім алдында жатты. Туыстары бір қасиетті су әкелді. Олардың тілегі бойынша медбикелер ауруға бүркіп отырды. Жүрекке жасанды дем алдыру жасалынды. Ауру есін жиды" – дейді. Келіншек есіне келген соң: «Ертеректе бір ғажап жерде ойнақ сап жүр екенмін. Айналамның бәрі шіркеулер, қоңыраудың даңғыры, шоқынған діншіл-дердің әуені», – деп өз өңіндегіні көргендей айтады. Жоғарыдағы АҚШ-тағы Эрнест бала мен ресейлік келіншектің дін жөніндегі көргендері ұқсастығы (Шіркеу, коңырау, әуен т.б.) бізге бір жұмбақтың ашылмаған сыры барын елестетеді.

Сол сияқты елу жастағы Юрий Патаповтың да жүрегі операция кезінде тоқтайды. Ол да өткен өмірін және кино сериясындай көргенін айтады. Бұл біз бұрын да болғанымызды және өліп қайта тіріліп, өмірге қайтадан  келетінімізді  сездіретіндей.

Бермуд аралындағы "Атлантика тозағы" атанған үшбұрыш – оның үстінен ұшатын ұшақтар және жақындаған кемелер зым-зия жоғалып кететін жер. Осы жерде бір балық аулау кемесінің шкипері Барни Спунер қазаға ұшырайды. Заңдары бойынша оның өлі денесі суға тасталып "жерленеді". Кенеттен бір ғаламат күш оны тірілтіп, мәйіті 72 сағат суға батпай мұхитта қалқып жүрген. 65 жастағы шалды Бермуд үшбұрышындағы жағаға шығарып тастайды. Сонда шкипер "Мен оның бәрін көрдім. Жоғалған ұшақтар да, кемелер де, тіпті фантомдар да қимылсыз тұр", – дейді. Мен олардан қорықпадым. Өйткені олардың бәрі өлген. Мен өзімнің де өлгенімді сезіндім. Өз денемді көрдім. Менің үстімнен "Матильда" кемесі жүзіп өтті". Спунер "Албастылар үшбұрышында" бәрін де көрген. Ол оралған көрпеше ішінен қалай аман шешіліп шықты? Кім оның байлауын шешті? Бұдан ғаламның әлі ашылмаған құпиясының біз білетіндерден де әлде қайда көп екенін білдіргендей.

Көріп отырғандай, бұл жұмбақ үшбұрыш жүздеген ұшақ пен кемелер ғана емес, мыңдаған адамдар да қаза болған жер.

Ертеде "Әлемде талай қызық бар" кітабынан, осы Бермуд аралы жөнінде оқығаным есіме түсті. Онда ғалымдар осы тектес бір су асты жалмауызы бар жер Жапонияға жақын арада да барын жазған болатын.

Онда ғалымдар бұндай ұшақ, кеме теңізде болатын психикалық өрістің әсері деп дін жағына жолатпап еді. Бұл жер жұтқыш "Албастылар үшбұрышы" екен ғой. Құдайдың құдіретіне қалай сенбессің.

Британ елінде де өліп қалған адам өлікті жерлер алдында тірілгені жөнінде VIII ғасырда "Ағылшын шіркеуінің және халқының тарихы" кітабында жазылыпты.

Кейбір деректер бойынша табыттағы тірілген өліктер (көмілген) жанталасып, табыт ішін қып-қызыл қан еткен уақыт та болыпты. Осындай жайға орыстың ұлы жазушысы Гогольдің мәйітін уақыт өте ашқанда куә болған. Гоголь өзін бірден жерге жерлемеу және белгілі уақыт күту жөнінде хат қалдырған. Оны тыңдамай қайтыс болысымен бірден жерлеген. Кейін хат бойынша оны ашып көрсе, табытта мәйіт бүктеліп қалған. Табытта оның тырнағының іздері қалған. Италияның ұлы ақыны Петрарка жерлер алдында "қайта тірілсе", одан кейін 30 жыл өмір сүрген. XVI ғасырда емші Андрей Везали деген қайтыс болған адамның денесін жарып жатқанда тіріліп кетіп, өзі өлім жазасына кесілген. Ал, 1964 жылы Нью-Йорк мәйітханасында өлік денесін ашып жатқанда тіріліп кетіп, патолог-анатом дәрігердің жағасынан ала түскен. Дәрігер тілге келмей өліп кеткен.

Алманиядағы бір бейітте ызалы шу шығады. Бейітті ашқанда табыт ішінен шығуға жанталасқан өліктің ақыры ауа жетпей өлгенін анықтайды.

Кейінгі кезде дамыған елдерде қайтыс болғандарды толық ғылыми тексеруден өткізетін болған. Адам өлсе айна арқылы да анықтауға болады екен. Айнаның беті буланбаса, өлгені дейді. Дегенмен, адамның өліп тірілуін Австралиядағы жартылай жабайы тайпалар да біледі екен. Бұлардың ішінде өлгенді тірілтетін әулиесі бар екен. Бір ғажабы тірілген адам үш күннен артық өмір сүрмейді екен. Олар тамақ ішпейді. Тек суықтықты сезінген. Ал Қытай медицинасы өлген кісіні тірілтуді осыдан бес мың жыл бұрын білген. Қытайлар жүйке нүктелерін тірілту арқылы тірілтіп отырған. Айта берсек, Жер шарындағы әр елдің өлгенді тірілтудің өзіндік әдіс тәсілдері болған. Мысалы, Гайтиде әкелінген құлдарға у беріп, күштеп өлтіріп жерлеп, одан кейін біраз күн өткен соң жерден қазып алып, қайта тірілткенімен естері дұрыс болмаған.

Америкалық үндістердің бақсылары да, Тибет монахтары да өлгенді тірілтудің көп әдісін білген. Бұндай құбылысты ғылым әлі түсіндірген жоқ. Әйтеуір, бір құдіреттің бізге өзінің каһары мен мейірмандылығын, танытып тұрғаны ғана анық.

 

ӨЛІП ТІРІЛІП,

ҚАЙТА ӨЛГЕНДЕР

 

Өліп, тіріліп, қайта өлгендердің де барына күмән келтіруге болмайды. Философиялық ой тұжырымның шебері Платон (428-348) б.э.д. Афинада тұрғанда өзінің ұстазы Сократтың еңбектері негізінде, өз ойы бойынша 22 философиялық танымдық еңбегін жазып қалдырады. Платон бұл дүние мен о дүние арасындағы адам өмірі өзгерісін дәл тапқан философ, әрі ойшыл. Платон бізге өмір мен мәңгілік өмір арасына жол салды. Осы Платон ашқан жаңалықтарға кейбір нақты дәлел келтіруге болатындай. 1973 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданы ауруханасында ауыр халдегі азамат Уәлихан Ермағамбетовтің бауырына ота (операция) жасалады. Бірнеше күннен кейін Уәлихан қайтыс болады. Марқұмды аурухананың мәйітханасынан алып шыққанда, туыстары табыттан дыбыс шыққанын аңғарады. Табытты ашса Уәлихан тіріліп, сөйлейді де: "Қорықпаңдар... мен мәңгіге көз жұмғанша әйелдердің жылаған даусын есіттірмеңдер", – дейді. Бұдан кейін үш сағаттан соң, марқұм Уәлихан қайта көз жұмады. Өлген адамның жаны шыққанда, белгісіз басқа адамдардың рухымен кездесіп, тілдесіп, кейін уақтылы өмірге қайта оралып, ол жақтан сәлемін жеткізіп, қайта көз жұмады дегеннің бір  шындығы бар сияқты.

Қытайда бір қасиетті өсімдік бар екен. Оны қытайлар көбінесе кездейсоқ, күдікпен қайтыс болғандар мен әр түрлі апаттан қайтыс болғандардың өзінен тікелей анықтама алу үшін, өлі денеге укол етіп егетін көрінеді. Адам қандай ауыр жағдайда қайтыс болса да, оның тәніне жан бітіп, сұраққа толықтай болмаса да, жауап беретін сияқты. Бұл қылмысты тез ашуға көмек еткенімен, тірілген адам бір тәуліктен кейін мәңгілік өмірге аттанады екен.

Алматы облысының Еңбекші ауданы, Жанашар мекенінің тұрғыны еңбек ардагері, екінші топтағы мүгедек Рахым Оспанов зейнеткерлікке шыққан соң, ауыр науқасқа душар болады. Бір күні мен кетіп барамын деп, қырық жыл отасқан жұбайын үш рет дауыстап шақырады. Артынан дәрігерлер қайтыс болды деп шешім береді. Ел жиналып, ертеңінде жұбайы марқұм Рахымның бетін ашса, беті жыбырлап, кенеттен әйелін құшақтай алады. Ел аң-таң. Сонда марқұм Рахым: "Әкем мен шешемді кезіктірдім. Әкем: "Ерте келдің кейін қайт",  – деді. Мен немерелерімді қимадым. Бұдан соң қайтыс болған нағашы және құдаларын кездестіріп, әңгімелескенін айтады. Ол шай ішеді. Сыртқа шығады. Бұрын сырқат-танған адамға мүлде ұқсамайды. Рахым түстен кейін төсекке қисайып ұйықтай беріп, ыдыс-аяқ сылдырынан оянып кетеді де,  "Бұл не сылдыр, аманшылық па?", – деп ұйықтап кетеді. Сөйтіп Рахым он екі сағаттан соң мәңгілік  о дүниелік болады. Ойлап қарасаң, қорқынышты әрі таңқаларлық. Өзінің әкесі марқұм өзіне айтқандай, шынында да Рахым көретін жарық дүниесінен ерте кетті ме, әлде айта алмай кеткен бір аманатын айтқызуға тілегін қабыл етті ме, өскен жерінің табиғатының таза ауасын сағынып, бір аймалағысы келді ме ғарыштық, біз білмейтін бір құпия бары рас. Алла тағала Лұхман Хакімге де мың жас сыйлағандай, мұндай марқұм болғандарға қайта өмір сыйлау Құдайдың құдіретімен ғана болды дей аламыз. Ал ғылым өзінің салалары бойынша шешімін бере жатар.

1992 жылы мамыр айында Шымкентте Қауымдастық жұмысымен бір айдай болдым. "Шымкент келбеті" газетіне шыкқан бір мақаланы оқыдым. Мақалада Пернебек деген бір қойшы қайтыс болады. Әрине кездейсоқтықтан болса керек. Жерленеді. Пернебек тіріліп кетіпті кебінін киіп, бір матаға оранған жас сәбиді көтеріп алыпты деген алып-қашпа сөздер ел арасында тез тарайды. Пернебекті анда-мұнда көрдік, жоламайды, матаға оранған сәбиін тастамай, тауға қарай кетті дегендер де кездеседі. Бір күні тау шатқалымен Пернебекті тірі кезінде газетке жазған журналист атпен келе жатады. Кенет ат құлағын еліртіп, осқырып алға жүрмей кейін шегіншектейді. Журналист тау жақтағы ағаш арасынан, бір адам бейнелі үстіне тулақ жамылған пендені көреді. Бір уакытта бетін байқап қалса, көне танысы сияқты. Иә, әлгі жұрт гуілдетіп жүрген Пернебек сияқты. Арқан тастам жерден журналист дауыстап: «Ей, Пернебек, Пернебек... мен сені газетке жазған журналиспін, тоқта», – дейді. Әлгі пенде де тоқтап тура қарап тұрып: "Мен де сені танып тұрмын", – дейді. Журналист мән-жайды сұрай бастайды. Пернебек былай дейді: «Мені жерлеген соң, өңі суық, қолдарында қауіпті құралдары бар, ешқандай сөйлеспейтін екі дәу қара мені соттау сотына әкелді.

/жалғасы бар

 Алматы қаласы

 

 

 
 
В начало