Гүлбақтағы кездесу

  главная                                        вернуться  


 

Гүлбақтағы кездесу

Зядан Қожалымов

/басы өткен санда/

Мен түнімен ұйықтай алмай қатты ойландым. Ертеңінде мен екі ұйымның басшыларына барып: "Апам оқы деп жатыр, мені қызметімнен босатыңыздар", – деп арызымды ұсындым. Ауылдық Кеңес төрағасы сонау оңбаған отыз жетінші жылы Райкомде қызметте жүргенде, жазықсыз «Халық жауы» атанып, жиырма жылға жуық түрмеде отырған, кейін ақталған екен. Өте халықшыл, әрі білімді адам болатын. Маған қарап: "Шырағым қызметіңді сақтаймын, бағыңды сына ақ жол тілеймін. Сен қандай мамандыққа оқуға түспексің", – деді. Аға мен Ауылшаруашылығы институтының электрлендіру факультетіне құжат тапсырамын.

– Сен Владимир Ильчтың шамының маманы болады екенсің ғой. Партия коммунизм дегеніміз – Кеңес Үкіметін электрлендіру деген, сен елге коммунизмді баста, қуанып жақсы мамандықты таңдапсың, жолың болсын деді де жылы ықыласын білдірді. Маған қажетті құжаттарымды түгендеп қолыма берді.

 

Апам да қуанып жатыр. Апам балам жолың болады қорық па, оқуың орысша болады, тілді тез меңгересің, Алла сені өзі қорғайды, ата-бабаңның аруағы риза болсын деп қолын жайып ақ батасын берді де, орнынан тұрып маңдайымнан иіскеді. Апамның сол кездегі қуанышты көркем бейнесі көз алдымнан ешқашан кеткен емес және менің өміріммен мәңгі жалғасып келе жатыр. «Жалғыздың жары – Құдай», – демекші, мен жалғыз өзім Алматы қайдасың деп, бұрын келмеген Алматыға сол кездегі жиырма орындық автобусқа отырып, кешке қарай жеттім. Міне, содан бері төрт жыл өтті. Неше алуан қилы да бұралаң жолдардан өтіп келемін. Мен өмірімде бір адамға жаманшылық істемедім, барымды шашып жүремін жанымдағыларға. Байлардың байлығына да қызықпадым, қызғанбадым. Апамның айтқаны тура келіп, мен де қатарға қосылып, еліміздің белгілі азаматы болсам деп армандаймын. Бақ кімге қонарын өмір көрсетеді, Алла біледі деп барып, Қайрат сөзін аяқтады. Бір кездесуде бәрін баяндасам мынау мылжыңның өзі екен дерсің Гүлімжаным деп Қайрат әңгімесін аяқтап, бір жұмысты тындырғандай болды.

– О, дүние-ай, апамның бір арманы балам келін әкел, маған немере сүйгіз дегені есімнен кетпейді. Осы арманын апамның көзі тірісінде орындасам деген арманым бар.

– Бұған сен қалай қарайсың, сен осыны орындашы Гүлім деген жүрек сезімін Қайрат ақырын қана Гүліміне жеткізгендей болды. Гүлім үндемеді. Ол терең ойға кеткендей болды. Оның мінезінде қызға тән жеңілтектіктің белгісі жоқ болатын. Гүлім сыпайы әдемі даусымен аз сөйлеп, тек ғана басын изеп қоятын.

Қайрат сөзін қайта бастап, апамның келінім киелі жер мен инабатты жанұядан болады дегені, саған географиялық және өмірбаяндық жағы дәл келуде. Бұл қалай ұқсастық па әлде кездейсоқтық па, Гүлім жауап берші деді. Гүлім бүгін бәрін айтып қойсақ, бұдан кейін не айтамыз. Қайратжан сен фантазер романтик екенсің, даланың шешендеріне көп ұқсайсың, сендей жігітпен танысқаныма мен де өкінбеймін деп, уақытта кеш болып қалды, мені үйдегілер іздейді дегенде Қайрат та келіскен пішінін білдіріп, Гүлімнің жұмсақ қолынан ұстап автобус аялдамасына қарай қос аққудай жарасып жүріп келеді...

Уақыт өткенімен, екі жастың ыстық махаббатының оты лаулап жанып, тоқтар емес. Бірін-бірі көруге асығады, ұзақ арман жетегіне еніп, бейнелері көздеріне елестей беретін болды.

Кешегі гүлбақтағы екеуара қызық әңгімеден кейін Гүлімнің де Қайратқа деген көзқарасы өзгеріп, оған деген сүйішпеншілігі артып, шын ықыласы ауа бастады. Қыз баланың қашанда сабырлы әрі ішімдегі сырымды өзің тап дейтін қасиеті Гүлімненде сезілгендей. Осындай гүлбақтағы екеуара кездесуінің жалғасуы екі жасты болашақта мәңгілік махаббатқа апара жатқандай әсерге бөлеуде. Алматының әсем гүлбағының ішіндегі демалыс орындары да жеткілікті болатын.

Кезекті бір қыдырыста екеуі осы бақтың ішіндегі қайықпен серуендейтін шағын көлдің жағасына келді. Қайыққа отырып, көл ішіндегі қос аққудай жарасып, көл толқынымен бірге тербелуде. Екеуара қызықты әңгіме арасында Қайрат ақырын дауыспен тебіренте Шәмші Қалдаяқовтың «Қайықта» әнін айта бастады. Гүлім болса ризалығымен тыңдап, өзіне өте ұнағанын жасырмады.

– Қайрат, кәсіби әншілерден кем орындамайды екенсің, бұндай әсем даусыңмен маған дейін талай қыздарды таңғалдырған шығарсың, рас па, – деді Гүлім.

– Қайрат жо, жоқ таңғалту өзінше бір басқа, ал махаббат одан жоғары тұрмай ма, мен болсам басқаларға жүрек сезімімді айтпадым. Олардың көркіне де, сұлулығына да назар салмадым. Жас кезімнен-ақ, апамның маған айтқан қызын іздеп келемін. Сенсең сол қыз дәл сен екендігіне менің күмәнім жоқ. Гүлімжаным өзіңнің туған жерің мен шыққан ортаң да дәл келеді деді де, Қайрат Гүлімге қуанышты жүрек сезімін білдірді. Мен әндерді көбінесе өзімнің таныстарым мен бірге оқығандардың үйлену тойында айтамын. Менімен бірге оқитын Ақмолалық Амангелді үйленгенде Әсет Бейсеуовтың «Алтыным» әнін тойға келгендерге тамылжыта орындадым. Сөйтіп, бұл әнді бірінші рет жастарға естірткенмін. Композитор Әсет Бейсеуов «Алтыным» әнін Нарынколдың үлкен мәдениетті ауылы Сарыбастауға барып, алғаш рет орындапты.

Сондағы мектептің музыка пәнінің мұғалімі менің жақын ағам Қанағат Болатбаев үйреніп, қыста мен елге каникулға барғанда үйреткен еді. Содан бері әрі таныс және ел ішінде тарай қоймаған «Алтыным» әнін ұдайы айтудамын. Бұл әнді орындаған сайын өз алтынымның бейнесін көз алдыма елестетемін. Осы ән арқылы өз алтынымды іздеудемін. Сол алтыным сен сияқтысың Гүлім деп, Қайрат жымиып Гүлімге қарады.

Гүлім де сөзбен жеткізбесе де, жүрек сезімімен дәл жеткізгендей болды. Жарайсың Қайратым менің, сенің атың да Қайрат, сөзіңде қайратты екен, мен саған ризамын деді Гүлім. Қайыққа отырып судың салқын ауасында дем алған екеуі, су толқыны тербелген екеуі уақыттың қалай өткенін сезбей де қалды. Қайраттың әңгімелері де қызықты болды. Гүлім бүгінгі серуеннің қызықты да көңілді өткені үшін, Қайратқа ризалығы мен жылы лебізін білдірді. Ескерткіш болсын деп екеуі суретке де түсті. Бұл 1969 жылдың маусым айының орта кезі еді.

Қайрат осы айдың он бірінші маусымында «Текес ГЭС-ін «Алма-атаэнергомен» параллелді жүйеге қосуды автоматтандыру», – деген тақырыпта дипломдық жұмысын өте жақсы қорғап шықты. Гүлім де қуанышына ортақ болып гүлін сыйлап, қолын алып құттықтады. Бұдан кейін Гүлім мен Қайрат ұзақ ойға кеткендей болды. Қайрат мен болсам оқуды аяқтадым, енді нендей мақсатым қалғанын өзің білесің ғой ойланшы, енді апамның арманын орындауым керек. Апамның ақылы болмаса маған қайдағы оқу, сол ауылда салпақбайдың бірі болып жүрер едім. Өзіңдей сұлудың көлеңкесі де маған арман болар еді ғой шіркін...

Осындайда бір әңгімені айтуға тура келді. Сен ренжіме менің Гүлім. Қыс айы болатын, мен елге каникулға бардым. Сендердің Түркістаныңдай біздің ауылда қаптаған сауда орны да жоқ. Тек бір қана азық-түлік дүкені бар, содан халық өздеріне қажетін сатып алады. Апам да сол дүкенге барып нан сатып алып тұрып, сатушы әдемі жас келіншекке қайсы елдің қызысың деп сұраса, әлгі сатушы күліп тұра береді. Сатушыны білетін бір әйел апа бұл анау шүйке Құныпияның келіні, інісі өзі армияда болғанда, сол жердегі қалмақтың осы қызын әкелді дейді. Апам болса дүкендегі сатушы қазақ келіні болған қалмақ қызына қарап шіркін өзі де әдемі екен, менің де балам қай ұлттың қызы болса да, маған келін әкелсе арманым жоқ еді, – дейді, жанындағы әйелге.

Ол әйел сіздің бала ұлкен оқуда өзі ақылды, басқалардың балаларындай емес, ерте жетілді, халықтың алғысына бөленді, абыройлы қызмет жасады, аз уақыт ішінде өзінің қолынан іс келетін ер азамат екенін танытты елге, қайдағы қалмағыңды айтпаша апа, ұлың Құдай қаласа өзің ойлағандай атақты жер мен инабатты құдайшыл отбасының қызын сізге келін етеді деп, көңілін аулайды.

– Апам көңілі босап риза болып айтқаның келсін қарағым, алғашқы сүйіншіңді өзіңе беремін деп, жақсы сөзін айтқан әйелмен қоштасып үйге келеді. Маған қарап: "Әй, балам, елдің оқымаған және солдаттан келген ұлдары да ата-анасына келін әкелуде, сен не ойлап жүрсің", – дегені.

Апа, асықпаңыз қысқа жіп күрмеуге келмес демекші, бізде қайдағы байлық бар, қалыңмал алмайтын жердің білімді, инабатты қызын сізге шайыңызды қайнатып, тамағыңызды дайындап, келіндік құрметін көрсететін елдің қызымен танысқамын деп барып, Қайрат да әңгімесін аяқтады. Айналайын балам қуаныш ұзағынан болсын, жаңа ғана дүкенде көрші әйел де Алладан тіле апа, келінің жақсы жер мен елдің қызы болады деп еді, баламның айқанымен дәл келгені, тәубе, тәубе деп апам бетін сипады.

Бұнысын екеуміздің мәңгілік махаббатымыздың бастамасы болса екен деп ішімнен тіледім деген, Қайрат та Гүлімнен бір жақсы сөзді күткендей болды. Гүлім де Қайратқа қарап сенің айтпаған сырың қалмағандай болды. Мен екеуміз танысқалы бері сенің ақ көңіл, ашық жарқын, білімді азамат екеніне қанық болдым. Көп жігіттер қу болады, ішкі сырын аша бермейды, мен сенің адал, жүрегіңнің тазалығына сенемін. Сенің қолыңнан іс келеді, талантың да таудай. Сенің оқуың бітті. Менде өз анамның өзіңді сыйлайтын, адамгершілігі мол, оқыған теңіңді тап деген тілегін орындасам онда өзімді бақытты санаймын, сен маған бақыт сыйла, аман болайық деп Гүлім де сөзін аяқтады.

Тағы Гүлім, курстастарың осы айдың ақырына дейін дипломдарын қорғайды. Өзің қорғауына көмектесіп жүрген курстастарыңа келген соң көмек етерсің, апаңа барып кел, куант және анадағы біздің көл ішінде қайықта бірге түскен суретімізді ала бар, көрсет, мауқын бассын, бұдан былайғы өміріміздің мәңгі бірге болуына тілегімізді Алла қабыл етсін, менің Қайратым деген Гүлімнің нәзік даусын естігенде, Қайрат та денесін басқан ауыр темірдің салмағынан құтылғандай болды.

Қайрат іштей қуанғанымен, шынына келгенде ұзақ күткен арманының санаулы уақытта шешілгеніне іштей тәубе деді. Қайрат ойланып тұрып, ақылыңнан айналдым, мендей сүйеніші жоқ пендеге сендей ақылдының жаныма келгеніне ризамын, мен енді жалғыз емеспін деді де, Гүлімнің қолын қысып ұстап, иығына басын тақап, жаным уәде мәңгілік болсын деп, маңдайынан искеді...

***

Қайрат болса Гүлімінің ақылымен еліне барып апасын қуантып, туыстары мен достарының ыстық ықыласына бөленді. Ашығын айтпаса да, апа мына менің жанымдағы суреттегі қыз сізге ұнай ма? Не айтасыз, болашақ сіздің келініңіз, ата-анасы мен бірге туғандары баршылық, өзі қасиетті Түркістаннан, мамандығы дәрігер, Сізді емдейді деп, Қайрат апасына барлық жағдайды баяндап, енді тойға дайындалыңыздар деді де, сөзін тоқтатып апасына қарады. Апасы Гүлім мен ұлының суретіне қарап, суретті апарыып жүрегінің үстіне қойып, ыстық алақанымен Гүлімнің суретіндегі бетін сипалап оны сүйе бастады...

Апасы да балам, жалғызым менің арманым орындайын деген екенсің. Өзіме берілген аяндар мен киелілердің сен туралы айтқандары да тура келді. Енді екеуіңе Алла тағала ынтымақ пен ұзақ ғұмыр, бақыт пен ұрпақ берсін деген тілегінен кейін, апасы қуаныштың көз жасының етегіне моншақтап аққанын да байқамай қалды. Апасы тойыңа қаражат табылар балам, ел ішіндеміз ғой, болашақ келінім сені күтіп жүрген шығар, балам Алматыңа қайтып бітпеген жұмыстарың мен армияңды бітіріп кел, содан кейін тойың да болар, көрмесем де көргендей болған келініме менен сәлем айт деді де, Қайраттың апасы сөзін доғарды...

Осыдан кейін Қайрат ойланбастан Алматыға қайтуға жинала бастады. Онда мені асыға күтіп жүрген сүйіктім Гүлімім бар. Апамның аңсап жүрген болашақ келіні, жалғызының сүйген қызы деді де, жолға шығуға дайындалды.

***

Қайраттың көңіл күйі бүгін ерекше рахатқа бөленіп, Нарынқолдың Текесінен сол замандағы кішкене автобусқа отырып Алматы бағытына қарай жүріп келеді. Жол да қысқарар емес, Қайраттың арманы Алматыға барысымен сүйіктісі Гүліміне барып, оған жаңалықтарды жеткізу еді. Кешке қарай әрең дегенде Алматыға жеткен Қайрат өзінің саябақтағы жатақханасына барды да, біраз аялдап, сүйіктісі Гүліміне баруға жолға шықты. Терең ойға батқан Қайрат сүйіктісі Гүліммен кездесу үшін, ұзақ ойланды. Гүлім өткенде бір әңгімесінде мен демалыс күндері менің әпкем мен жездемнің үйінде боламын. Олар 8 ықшам ауданның 30 үйінің 61 пәтерінде дегені Қайраттың есінде болатын. Қайрат көп тоқтамастан Гүлімнің әпкесінің үйіне қарай қайдасың сегізінші ықшам ауданы деп, сол бағыттағы автобусқа отырып жүріп келеді. Гүлім айтқан аялдамадан Қайрат түсті де жан-жағына жалтақтап қарағанымен Гүлімі көрінбейді. Қап ең болмаса төртінші қабаттың қай подъездінен кіретінін сұрамағанына Қайрат қатты қапаланды. Ысқырайын десе батылы бармайды оның үстіне ысқырығы да нәзік, үні де баяу болатын. Қаншама мойнын созып жоғарғы қабатқа қарағанымен, одан ештеңе шығара алмаған Қайрат кездесе қалған қыздардан Гүлімді білесіз бе деп, сұрай бастады. Бәрі мойнын бір шұлғытып өтіп жатыр. Анадай жерден бір қыз бала өзі тұрған үйге қарай аяңдап келеді. Жақындаған сайын ол қыз тура өзінің аңсап келіп күтіп тұрған, Гүліміне ұқсап кетті. Қайрат нар тәуекел деді де, әлгі қызды тоқтатып, сіз осы үйде тұрасыз ба деп сұрады. Қыз бұл үйде менің әпкем мен жездем тұрады. Мен ЖенПИ-дің физика-математика факультетінде оқимын, өзім Түркістан қаласынанмын, атым Ұлбосын дегенде Қайраттың жүрегінде жылу оты жанғандай болды. Өткенде маған Гүлім тетелес сіңілім бар, ол ЖенПИ-де оқиды деп еді, мына қыз дәл сол болса екен деп іштей тілеуін тілеуде. Қайрат тоқтамастан қарындас осында медицина институтында оқитын әпкеңіз барма деді де, оның жауабын күтті. Ұлбосын бірнәрсені сезгендей, иә әпкем өзіңіз атаған институттың фармалогия факультетінде оқиды, аты Гүлім деді. Қайрат та кішпейілдік танытып кешіріңіз қарындас, мен сол өзің атаған Гүлімге келіп тұрмын, ренжімесең осы үйде болса шақырыып жіберші, жоқ болса хабарын айтарсың деп өтінді. Оңтүстіктегі халықтың заңы бойынша бұл жолы бейтаныс жігітке Ұлбосын қыз «Хабаршы» болды. Гүлім сені далада бір әдемі жігіт күтіп тұр депті. Гүлім де бұл кім екен деп үйдің балконына шығып, төмен қарағанда Қайратты көрді...

 

 

/жалғасы бар/

Алматы қаласы

"Шипагерлік баян" газеті, қазан 2017

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 
 
В начало