Гүлбақтағы кездесу

  главная                                        вернуться  


 

Гүлбақтағы кездесу

Зядан Қожалымов

/басы өткен санда/

 

***

Үйдің баспалдағынан төмен қарай түсіп келе жатқан аяқтың дыбысын естіген сайын Қайрат тынымсыздан бастады. Көп қабатты үйдің сыртқы есігі ашылғанда аққұбаша келген әдемі қыз Гүлім көрінді. Гүлім де ерекше бір сезіммен:

– О, Қайрат аман-есен келдің бе? – деп қуанышын жасырмады. Гүлім:

– Мына ауладан алыс кетейік, мен үйдегілерге жатақханаға барамын деп шықтым, – дегенде, Қайрат та туыстарды алдау жолдарын жақсы біледі екенсің деп, Гүлімге риза болды. Екі жастың қызық әңгімелерін өздерінен басқа ешкім естір емес. Олар ауладағы үйден алыстаған сайын, бір-біріне жақындай түсіп, ішкі сырларын кезек-кезек айтып келеді. Гүлім бірден Қайратқа төте сұрауын қойып, менің суретім апаңа ұнады ма, деді. Әрине, менің апам бәрін біліп отырады. Апамның бірден сенің суретіңді көргендегі қуанышы мен ризалығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Моншақтап аққан жасқа толы көздері мен қуанышты бейнесі көз алдымнан кетер емес.

– Ия, Алла тағала Гүлімді жалғызыма адал, мейірімді жар ете көр, ұрпақты ете көр, еліне сыйлы ете көр деп, Жаратушыдан тіледі. Бұл көрініс маған оңай болған жоқ. Апамның ақ тілегін ақтауға менің Гүлімім көмектеседі деп, менде саған сенім арттым деген Қайратқа қарап, Гүлім ризалығын білдіргендей болды. Гүлім төтесінен:

– Ей, Қайратжан уақыт өткен сайын және сен оқуыңды бітіргелі бері менен тыныштық кетті, – деді.

***

Бұл 1969 жылдың маусым айының соңы болатын. Институтта әскери кафедра болғандықтан, әскерге жарамды ер студенттердің бәрі аталған кафедраның жоғары шенді офицерлерінен, төрт жылдай әскери дайындықтың әскери автокөлік мамандығы бойынша офицерлік дәреже алудың бағдармалық оқуын бітірген болатын. Офицерлік атақ алатын студенттерге дипломдық жұмыстарын қорғап бітісімен, екінші мамандық әскери офицерлік атақ алу үшін, Қырғызстанға екі айға баратындығы хабарланған-ды. Оқу бітірген студенттерге негізгі мамандықтың дипломын армиядан келген соң беретін болған-ды. Сонымен шілде айының басында офицерлік әскери тәжірибеден өткізу үшін, осы салаға жарамды студенттерді екі айға Қырғызстандағы арнайы әскери полкке Алматыдан аттандырғанда оның ішінде Қайрат та бар болатын. Аттану тез болғандықтан, жігіттерін шығарып салуға келген қыздардың ішінде Гүлімде бар еді. Екі жастың бірін-бірі қимай ауыр күрсініспен қоштасуы, олардың сүйіспеншілігінің айқын көрінісі еді. Қайрат ауыр күрсініп: "Гүлім амандықпен кездесейік, қос аққудай жұптасып мәңгі бірге жүрейік" деген тілегіміз қабыл болсын деп, қолынан ұстады да маңдайынан иіскеп қимай қоштасты.Гүлім де өзінің Қайратының аман оралуын және сапарының сәтті болуын шын жүрегімен тілеп, ақ жүрегінің пәктігін білдірді...

***

Бес жыл бірге оқып, бірге болған студенттердің бір-бірімен қоштасып жан-жаққа кетуіне де аз уақыт қалды. Әскери тәртіп бойынша студент-курсанттар автокөліктерге отырып, жылжығанда олармен қоштасқандардың қимастықпен мөлдіреген жанарлары әлі күнге дейін Қайраттың есінен кеткен емес. Шіркін, жастық шақ, небір қызықты күндер мен түндерді өткізді ғой. Мен үшін қуанышты да, тамаша күндерім Гүлімім екеуміз бірге жүрген уақыттарым еді. Сол күндердегі менің бақытты шақтарым мәңгілік махаббатқа ұласуы, тек қана Гүлімге байланысты екенін сезген Қайрат терең ойда жүрген. Әскери дайындыққа апаратын автокөліктер Қырғызстан бағытына қарай, Алматы-Ташкент тасжолымен жылжып келеді. Күн ыстық. Бүгін қырық градустан асып кеткен. Студент-курсанттарды бастап келе жатқан сары өңді майор жол бойы машиналарды тоқтатып, курсанттарға машинадан түсіңдер деп бұйрық берді. Машинадан түскен курсанттарға химиялық противогаздың кимін киіңдер деп бұйырды. Бұйрық орындалды. Курсанттар сапқа тұрыңдар деген майордың бұйрығы бойынша, сапқа тұрған курсанттар оның келесі бұйрығын күтуде. Жолдан алыс далада жүгіріңдер деп бұйырды. Курсанттар бір қалыпты жүгіруін бастағанда, сары майор тез-тез деп, айғайдың астына басты. Жүгіргендердің ішінде тынысы тарылған, қатты шөлдегендер мен мына противогазды бірінші пайдаланғандар шетінен топырлап құлай бастады. Тағы да сары майордың дауысы бұрынғыдан да қатты шығып, өңкей «Бараны» деп, тұра алмай жатқандарға тағы да тұрыңдар деп, оларды орнынан тұрғызуға әрекет еткенімен, одан ешқандай нәтиже шықпады. Курсанттар арасында сары майорға қарсы шыққандар көбейе бастады. Сары майордың алдыңғы әрекетін қайталауына жол бермеді. Әбден сілесі қатқан, жүруге шамалары қалмаған курсанттарды Шу өзені бойына келгенде, машинадан түсуге сары майор қатал бұйрық берді. Бұйрық орындалды. Өзен суына түсіп есін жиған курсанттарды түскі тамаққа отырғызды. Әскери тамақ қазанынан дайындалған тамақты қалайы табаққа құйып, үлестіре бастады. Бұндай ыдысты қолға алып ұстау өте қиын болды. Оның үстіне тамаққа берілген уақыт та аз болатын. Курсанттардың ішінде ыстық қалайы табақты ұстай алмағандар оны лақтырып жібергендері де кездесті. Сонымен әскери тәртіптің қатал тәртібі қазақтың жапан даласында осылай басталған болатын деп, Қайрат жарты ғасыр бұрынғы өмір жолдарын еске алды.

Курсанттарды кешке қарай, Фрунзе (қазіргі Бишкек) қаласына жақын Кант елдімекеніндегі арнайы мамандандырылған әскери полктің аймағына әкеліп, жатақханасына орналастырды. Курсанттарға қатаң тәртіп енгізе бастады. Таңғы алтыдан кеш батқанша жаттығу, уақытында демалу мен тұру және бастықтарға баяндау мен тапсырманы орындауда, әскери тәріп бойынша жауап беру, курсанттар үшін қатаң түрде басталған болатын. Әскери өмірдің қатал заңын көрмегендер, өздерінің отан алдындағы адал борыштық міндеттерін орындағанына, екінші мамандықтарының да тексеруінен аман өткеніне риза болды. Алматыдан шығып Фрунзеге келе жатқанда жол бойында сары майордың курсанттарды «Баран» деп, азаматтық арларын моралдық жағынан таптаған қылықтарын осы жолғы курсанттарды әскери сынақтан өткізетін әскери офицерлер құрамын басқарып барған полковник Орынбасаров та хабардар болған-ды.

Полковник Орынбасаровтың сары майорға қандай шара қолданғаны өзіне мәлім болып, сарыны қуып жібергенін курсанттар кейін білдік деп, Қайрат әңгімесін қысқа қайырды. Қатаң тәртіптің ауырлығына қарамастан, курсанттар өздерінің қыздарын ешқашан естерінен шығармады. Студенттердің көбі Қайрат сенің Гүліммен үйлену тойыңды көріп кетейік. Біраз уақыттан кейін, бәрімізде жан-жаққа кетеміз, біз білсек Гүлім сенің ұсынысыңа көнеді, жақсы, ұятты және білімді қыз деп, Қайратқа ұсыныстарын күнде айтатын болды. Көп ойланбастан Қайрат тәуекел деп, Түркістандағы Гүліміне өлеңдетіп хат жазды. Тынымсызданған Қайратт уақыт өте хат жәшігін жиі қарайтын болды. Оның арманы Гүлімінен жақсы хабар алу еді. Алматыға қайтуға аз уақыт қалғанда, Гүлімнің хаты Қайраттың қолына тиді. Жүрегі дүрсілдеп, қолы қалтырап барып Қайрат хатты ашты да, оқи бастады. Ол өз көзіне өзі сенер емес, нағыз таза махаббатқа тән екі жастың жүрегін жалғастыратын Гүлімнің сөздерінен кейін, Қайрат та қуанғанынан қалай босап кеткенін байқамай қалды. Хатын аяқтай келе Гүлім:

– Аман кездесейік, сен менің Қайратымсың, мен сенің Гүліңмін, –деп, хатын аяқтапты. Па, шіркін, қыздан бұдан артық жауаптың қажеті болмас. Осы хаттан кейін Қайраттың толқыған жүрегі де қалпына келгендей болды. Гүлім өз хатында Алматыға қашан келетінін жазған болатын. Қайрат болса Алматыға жетуге асығуда. Өзін сүйікті Гүлімі күтіп алатынына сенімді еді...

***

Курсанттар әскери тәжірибеден табысты өтіп, лейтенат әскери атағын алды. Сонымен, әскери курсант-офицерлер Фрунзеден Алматыға сапарға шықты. Бәрі қуанышты болғанымен бес жыл бірге оқыған, сырлас, мұңдас, дос болғандар енді бірін-бірі ұзақ уақыт көре алмайтын аймақтарға аттану күтіп тұрды. Осыны естеріне алған Қайраттың достары да, бір рет бастарын қосып қуанышты дастарқанда сырласуды армандады. Тағы да Қайратқа достары тойын жасауды өтінді. Қайрат өзінің Гүліміне сенді, бір-ақ той жөнінде шешім айту оған өте ауыр тиді. Барлығын шешетін қаражат болғандықтан, ол апасымен әлі сөйлесіп, бір шешімге келмеген болатын.

Қазақтың кең даласы өзінің ұрпақтарын таза ауасымен дем алдырып, құшағын жая қарсы алуда. Аман-есен елге оралған курсанттардың қуаныштарын толық суреттеп жеткізу, әрине, өте күрделі еді. Алматының күзгі салқын желі жүрегіңді елжіретіп, бетіңнен аймалауы курсанттарға шексіз бақыт сезімін сыйлағандай болды. Жеттік-ау, Алматымызға. Енді өмірді жаңадан бастаған, кешегі студент ал, бүгінгі инженер және әскери офицерлерді үлкен сынақ күтіп тұрды.

***

Қайрат өзінің сүйіктісі Гүлімімен қуанып, құшақ жая кездесті. Екі жас бірін-бірі қатты сағынғандарын жасырмады. Енді екеуара алдағы тойларын қалай және қашан өткізетіндері туралы сөйлесті.

***

Кеше ғана әскери курсант болып Алматыдан аттанғандар, екі айдан кейін Алматыға лейтенант шеніндегі әскери офицер болып оралды. Біраз уақыттан соң мамандық дипломы мен қызметтік жолдамасын алып, жан-жаққа тарайды.Қайран қызықты студенттік шақпен қоштасу да жақындаған болатын. Гүлім екеуміз де ержеттік деді Қайратына. Енді біреуге ақыл айтпасақ, басқадан ақыл сұрайтын уақыт өтті, сенің болашағымыз туралы ойлағаныңа мен қуаныштымын. Бірақ екеуміз үлкендердің рұқсатын алайық. Осы Алматыдағы жездем өте ақылды адам, сен сияқты жетім болып өскен, қиыншылықты да бір кісідей көрген, біздің елдікі аты Қарабек, Алматының Абай көшесіндегі ҚазССР жоспарлау комитетінің Экономика институтында бөлім бастығы болып қызмет атқарады. Өте жақыныңды ертіп барып сол жездемнің алдынан өт, қорықпа және уайымдама, үлкендердің алдынан өтіп батасын алу екеумізге де пайдасы зор, әке-шешемде осы күйеу баласының сөзін тыңдайды деді Қайратқа.

Қайрат үлкен қызмет атқаратын адамның алдынан қалай өтерін білмей, қатты қиналды. Бірақ уақыт өтіп барады. Қайрат жедел шешімге келіп, енді Гүлімімнен айырылып қалармын, нартәуекел жақын ағайым мен бір жақын студент досымды ертіп, Гүлімнің жездесінің алдынан өтуге тәуекел етті.

Сонымен Қайрат жақын ағайы мен студент досын ертіп Абай даңғылы мен Чапаев көшесінің қиылысындағы «Экономика институтына» келді де оның екінші қабатына көтеріледі. Гүлімнің айтуы бойынша осында жездесінің қарамағындағы азаматқа жолығып, келген жағдайды түсіндіріп, Қарабекпен кездестіруды өтінеді. Ол шеттегі бөлмеге кірді де тез шығып күтіңіздер, өзі келеді деп, өз бөлмесіне кіріп кетеді. Көп кешікпей, шеткі бөлме есігі ашылып одан орта бойлы, аққұбаша, бидай өңді, қою шашты, толықтау жасы отыздар шамасындағы көрікті жігіт сыпайы шығып, оларға жақын келіп сыпайы амандасып, сіздер ме маған келген деп сұрады.

Бірден топбасы Қайраттың жақын ағасы келген себептерін айтып, Қайратты таныстырды. Жалғыз жігіт, оқуында өзіне-өзі көмек етумен бітірді. Мамандығы инженер- электрик және жақында офицерлік әскери атағында алып келді. Жалғыз анасы бар, көмектесер ешкімі жоқ. Бір-ақ, той жасаймын деген ниеті бар, ал арнайы құдалық салтын жасауға мүмкіндігі жоқ деп, турасынан шындықты айтып салды. Қарабек дұрыс, дұрыс шындықты айтқан жақсы оның арты жақсылыққа апарады, менде Қайратпен тағдырласпын, өз күшіммен жоғарғы оқу орнын бітіріп, міне абыройлы қызметімді атқарудамын. Қайрат үндемей басын төмен салбыратып тыныш отырған болатын.

– Ей, Қайрат сендер өздерің танысқандарыңа қанша уақыт болды?! Шынымен Гүлім екеуің нақ шешімге келгендерің рас па дегенде, Қайратта мүдірместен танысқанымызға екі жылдан асты, нақ шешімді өзіміз қабылдадық, осында сізбен танысуға жібергенде Гүлімнің өзі деп, шындықты жайып салды. Қарабектің өңі өзгеріп барып, қайтадан жылы шырайға ене бастады. Ол ойлаған шығар осындай жігіт елден Гүлімге табылмады ма деп, мүмкін бажалық өрісінің өзгеріп кеңейгеніне қуанғаныма, өз құпиясы Гүлімнің жездесінің ішкі дүниесінде сақтаулы қала берді. Қарабек жақсы, білімді азамат екенін бірден байқатты.

– Мен екеуінің шешіміне қарсы емеспін. – Мен хабаршы ретінде Гүлімнің әкесі мен анасына барлық жағдайды жеткізуді өз міндетіме алайын, екеуінің бақытты болуына тілектеспін. Ал мен қызметте болғандықтан, сіздермен ұзақ әңгімелесе алмағаныма ренжімеңіздер, сау болыңыздар деді де, Қарабек жаңа меймандармен қоштасты.

***

Гүлімнің жездесімен танысуға барған топ жақсы көңіл күймен кері қайтты. Олар Қайратқа: – Мәселе оңынан шешілейін деді, енді қамыңды жаса деді. Қайраттың қуанышы қойнына сыймай, Гүліміне кездесудің нәтижелі болғанын жеткізу үшін, оның жатақханасынада қалай жетіп келгенін өзі де байқамай қалды.

Қайрат асыға сөйлеп, кездесудің жақсы өткенін әрі қуанышты болғанын, әңгімелері қалай басталып немен аяқталғанына дейін Гүліміне толық баяндап берді. Гүлім:

– Мен бәрі жақсылықпен болады деп күткенмін. Менің жездем өте ақылды адам ғой. Кешке үйге барғанда апайым не дер екен, мінезі қаталдау. Жездем бәрін өз жолына салатынына және ата-анамды да көндіретініне сенемін, – деп Қайратты бір қуантып тастады. Қайрат бір ұзақ қиялға кеткендей үндемей тұрып қалды.

– Иә Гүлімжаным, сенің жездеңнің ақылды, әрнәрсеге сақтықпен қарап әділ баға беретін білімді азамат екендігі өңінен де, сөзінен де білініп тұрды. Маған байқатып та және байқатпай да қарауы, маған жаман бажа болмассын деген ниетін сездіргендей болды.

– Гүлім енді екеуміз қаракетке көшейік. Хабарламаны қатырып бердік ғой. Енді сені тұрмысқа шығады екен, тойы болады екен, алысқа шет елге кетіпті деген, алып қашпа сөздер таныстардың арасында тарайтын болды. Бұл болса табиғат заңдылығы емес пе, бұған сенде және менде қуанайын, – деп сөзін доғарды Қайрат. Гүлім бірнәрсені ойына түсірді ме тоқтап барып:

– Мен кешке жездемдікіне барамын, апайым не дер екен, ұрысса ұрса берсін. Мен бойжеттім өз серігімді таптым. Әке-шешемнің барлық қыздарын оңтүстіктің азаматтарына тұрмысқа шығуды маңдайларына жазбаған шығар, енді екеуіміз бақытты болайық, – деп сөзін аяқтады.

Редакциядан: Газетіміздің алдыңғы сандарында жарияланған "Гүлбақтағы кездесу" хикаясының авторы Зейін Өсен деп көрсетілгенімен, негізгі авторы Зядан Қожалымов екенін жария етеміз. Хикая желісі автордың өзі мен жұбайы Түймекүл екеуінің өмірінен алынған.

 

/жалғасы бар/

Алматы қаласы

"Шипагерлік баян" газеті, қараша 2017

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 
 
В начало